ПАРАСАТ

Парасаттылық деп адамгершілікті, қарапайымдылықты, мәдениеттілікті, білімділікті, қорытып айтқанда, кісілікті айтады. Біздің қоғамымызда әу бастан бұл қасиет адамгершілік пен өнегелілік тұрғысынан жоғары бағаланып келеді. Оның жастардан гөрі, жігіт ағаларына, ақыл тоқтатқан, халқына пайдасы тиіп келе жатқан тұлғаларға қолданылатыны белгілі жайт.

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын!» демекші, ел мүддесі үшін аянбай қызмет етіп, халқының ықыласына бөленіп келе жатқан азаматтардың еңбегін ескеріп отыру парыз. Ол елге – мерей, азаматқа – мәртебе, ұрпаққа – өнеге.
Қасиетті Маңғыстауға талай азамат­ келіп, алғыс алып кетіп жатыр. Солардың арасында еңбектері елдің жадында қалып, есімдері құрметпен аталатын азаматтар баршылық. Облыс халқы олардың өңірімізді өркендетудегі еңбектерін әркез еске алып, есімдерін ұлықтап отырады. Олар қай жерде жүрсе де, Маңғыстаудың да бір перзенті ретінде байланысын үзбей, өлке дамуына қолдан келгенше үлес қосып отырады. Ғылым мен ұстаздықтың қос тізгінін бекем ұстап, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, еңбегінің жемісін көріп, Маңғыстау өлкесінің құрметіне бөленіп келе жатқан сондай жандардың бірі – техника ғылымының докторы, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаров.
Қырғызстанның Ош облысының шалғайындағы ауылда дүниеге келген Әбдімүтәліп Әбжаппаров отбасындағы жеті баланың тұңғышы екен. Тұңғыштың аты – тұңғыш, қазақы ырым бойынша жас шарананы әжесі Анар Пәрімбетқызының бауырына салады. Әжесінің туған ағасы Әбен қожа оңтүстік аймаққа белгілі, діни білімі терең, елді иманға ұйытуға көп еңбек сіңірген, қашан да алды босамайтын зайырлы адам болыпты. Әкесі Әбжаппар да діни сауаты бар, «бісмілләсі» аузынан түспеген кісі екен. Оның үстіне көзі қарақты, қолының ұсынығы бар, қалада ұстаханасы болған, ағаштан түйін түйген шебер адам еді дейді. Тұла бойы тұңғышы дүниеге келгенде, Аллаға шүкірлік етіп, молдаға азан шақыртып, баласына Әбдімүтәліп деп қасиетті Құрандағы сахабалардың бірінің есімін беріпті.
Тоқсанға келіп қайтыс болған, діни сауаты мол әжесі ғұмыр бойы балалары мен немерелеріне дін тағылымын үйретуден жалықпай, Құран аяттары мен хадистерін құлақтарына құйып өткен. Отбасы тәрбиесінен бүкіл тірлігіне тірек болған имандылықты сіңіруімен қатар, Әбекеңнің ілім-білім, ғылымға құштарлығына, бәлкім, сол бесіктен көкірегіне құйылған дін тәлімінің де әсері болған шығар.
Тарихтан белгілі Созақ көтерілісінен кейінгі қуғыншылықтың әсерінен, қонысынан ауған елмен бірге мекен ­ауыстырып, амалсыздан қырғыз жерінен қоныс тапқан Әбжаппар әулеті бертін келе, заман түзелгесін ата қонысқа бет түзеп, қасиетті Түркістан жеріне табан тірейтін 1954 жылы Әбдімүтәліп бала 4 жаста болатын. Әбдімүтәліп Түркістан қаласындағы №386 мектепке оқуға барады. Бұл – сол жылдары республикадағы ең мықты мектептердің бірі болатын. Мектептің жақсы болуы ұстазынан екені белгілі. Өзіне білім берген мұғалімдерін Әбекең әлі күнге дейін ерекше құрметпен еске алып отырады.
Мектепте ұйымдастырылып жататын түрлі мәдени шаралар мен жарыс-байқаулар талапты жастың өресін биіктетіп, өнер мен білімге деген құштарлығын арттыра түседі. Ғылыми пәндерге ынталы болумен қатар, Әбекең өзге тілдерді үйренуге де ерекше мән беріп, орыс, неміс тілдерін жақсы үйреніп, мықты іргетас қалап алады.
Оның пайдасын кейін көрді. ­Германияда оқып, ілім-білімнің айдынына алаңсыз да еркін құлаш ұруы, неміс тілінде ғылыми еңбек қорғауы да соның арқасы. Кейін басшылық қызметке келгенде, шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарының басшыларымен келіссөздер жүргізгенде көлденең тілмаштың көмегінсіз-ақ, неміс тілінде еркін сөйлей алуымен әріптестерін таңғалдыратын болды.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» немесе «Жеті тілді білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деп ата-бабаларымыз текке айтпаған ғой. Көп тіл білудің қажеттілігін, қаншама тіл білген сайын адамның ой-өрісі соншалықты кеңи түсуімен қатар, дүниеге тек бір ұлттың өкілі ретінде ғана қарамай, ғаламдық ­масштабта, ауқымды өремен ойланып, дүние сырларын, халықаралық қатынастар сипатын, ұлт менталитеті мен мәдениетінің қалтарыс-қатпарларын салыстыру арқылы ұғынуға болатынына көзі жете түсті. Қазір қазақ, орыс, неміс тілдерін жетік білетін Әбекең – заман талабына сай Тұлға, өскелең талаптарға лайық Азамат!
Сөйтіп, Әбекең орта мектепті күміс ­медальмен бітіріп шығады. Республиканың жаңадан дамып келе жатқан өндірісін дамытуға үлес қоссам, инженер-химик болсам деген таудай талап Әбекеңді Қазақстандағы техникалық жоғары білімнің қара шаңырағы – В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетіне оқуға алып келеді. Қабылдау емтихандарынан қиналмай өткен жас алғашқы ­семестр басталысымен-ақ бар ынта-жігерін оқуға салып, ілім-білімнен мейлінше кең қарпып қалуға жұмсайды.
Талантты шәкірттің талабын танып, ынтасын байқаған ұстаздары оны алғашқы курстан-ақ ғылымға ­баули бастайды. Үшінші курстан бастап институттағы Студенттердің ғылыми қоғамына мүше ­болып, ғылыми зертхана­сында тәжірибелер жасауға қатысады. Ғылыми зерттеулердің дәмін ерте татқан ол ұқыптылыққа, жауапкершілікке, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын табандылыққа дендей береді. Институттың қоғамдық жұмыстарына да белсене араласып, комсомол комитетінің түрлі шараларын ұйымдастыруға атсалысады. Әбекеңнің көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілеті де осы кезде шыңдала түседі.
Институтты үздік бітірген жас маманның алдында сан тарау жол тұрды. Ғылым жолын таңдаған ол институтта қалдырылып, ғылыми-зерттеу зертханасында инженер, кейін аға инженер жұмыстарын атқарады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, талдамалар ­жасап, нәтижелерінен бірнеше ғылыми мақалалар жариялайды.
Институттың ғылыми кеңесі Ә.Әбжаппаровтың ізденістеріне үміт артып, соның шешімімен 1975-1978 жылдары ҚазПТИ және Ленинград тау-кен институтының аспирантурасында оқиды. Осында жүріп, металлургия саласының майталманы, профессор Н.Ереминнің жетекшілігімен «Исследование технологии спекания красного шлама с беещелочными алюмосиликатами» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған 29 жасар жас ғалым өзі білім алған қара шаңырақ – ҚазПТИ-ге келіп, ғылым мен жоғары білім саласындағы ұзақ та жемісті еңбегіне араласады. Болашақ өмірін біржолата ғылым мен жоғары білім саласына арнаған ғалым 1979-1981 жылдары екі жылдың ішінде кіші ғылыми қызметкерден салалық ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушілігіне дейін жоғарылап, металлургиялық үдерістерді физика-химиялық зерттеу кафедрасының аға оқытушысы, металлургия факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, металлургиялық үдерістерді физика-химиялық зерттеу кафедрасының доценті қызметтерін атқарады.
Ғалымның зерттеу жұмыстары негізінен Қазақстандағы төменгі сапалы сазтопырақты шикізатты кешенді өңдеу технологиясы мен физика-химиялық негізде жүйелі зерттеуге арналды. Бұл зерттеулер өз жемісін беріп, нәтижелері технологиялық үдерістердің тиімді режимдік жағдайларын ғылыми талдауға жол ашты. Ғылыми зерттеулерінің негізінде гидрохимиялық өңдеу кезінде қайталама шығынды төмендетуге арналған технологиялық тәртіп ұсынды.
Әбдімүтәліп Әбжаппарұлының ғылыми зерттеулері соны сипатымен, тың тұжырымдарымен ғылыми ­ортаны елең еткізіп, тек Қазақстан мен ТМД елдері ғалымдарының ғана емес, шетелдік әріптестерінің де назарын­ ­аудара білді. 1988-1989 жылдары ­Германия Федеративтік республикасының екі бірдей жоғары оқу орнында – Клаус­таль техникалық университеті мен Ахен қаласындағы Рейн-Вестфаль техникалық мектебінде машықтанудан өтіп, шетелдік әріптестерімен ғылыми тәжірибе алмасты. 1994-1995 жылдары Целли қаласындағы Төменгі Саксон Басқару академиясында білімін жетілдірді, басқару саласынан «Білім беру саласында персоналмен жұмыс жасау» тақырыбында диплом жұмысын неміс тілінде қорғап шықты.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында ұлт зиялыларының алдында шешуші міндеттер тұрды. Ғасырлар бойы армандаған теңдікке жеткенде, енді ­аянып қалмай, ұрымтал сәтті пайдаланып, ұлтқа шын беріле қызмет ететін кез келген еді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен әркім өз саласында тиімді қызмет етсе, алынбайтын асу болмайтынын ұққан қайраткер қауым аянып та қалған жоқ. Сол бір елеулі кезеңде Әбекең де тәуелсіздікке бір кісідей қызмет етіп, өз білімі мен іскерлігін тәуелсіз елдің жоғары білім беру саласындағы жаңа құжатнамаларын қалыптастыруға жұмсауға білек түре кіріседі.
Әбекең 1993-1995 жылдар аралы­ғында Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Жоғары білім және ғылым Бас басқармасының техникалық және технологиялық білім бөлімінің бастығы, 1996 жылдан 1997 жылға дейін Мемлекеттік стандарт және білім беру бағдарламасы бөлімінің бастығы, кейін Бас басқарма бастығының орынбасары­ ­болып қызмет істеді. Сол жылдары тәуелсіз Қазақстандағы жоғарғы білім берудің нормативтік-әдістемелік базасын жасақтау ісіне қатысты. 1992 жылғы «Білім туралы», 1993 жылғы «Жоғарғы білім туралы», 1999 жылғы «Білім туралы» заңдардың жасақталуына тікелей атсалысты.
Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарынан ­бастап, он жылдың үстінде Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Министрлер кабинеті жүйесінде басшы қызметтерде болып, білім мен ғылым саласындағы ұйымдастыру жұмыстарының ішкі процедураларына, нормативтік-құжаттық қамтамасыз етілуінің сырларына қанықты, «ұңғыл-шұңғылдарын» зерделей алды. Бұл қызметтер, шын мәнінде, басшы-қайраткердің болашақ қызметіне ­ауадай қажетті алуан түрлі мәселелерді жете зерделетіп, көзбен көріп, көңіліне тоқытты, жоғары білімді басқарудың құжаттамалық негіздерін терең меңгертіп, тәжірибесін толықтырды.
Ә.Әбжаппаров қызметінің елеулі ­саласы – оның Қазақстанда университеттік білімді дамыту жолындағы еңбегі. Ол 2001-2005 жылдары С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін басқарып, оқу орнының өркендеуіне елеулі үлес қосты.
2005-2013 жылдар аралығында Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы ­Каспий мемлекеттік технологиялар және ­инжиниринг университетін басқарды. Университеттің бет-бейнесін тұтастай өзгерткен оның еңбегі жұртшылықтың қолдауы мен марапатына ие болып, лайықты бағасын алды. Аймағымыздағы маңдайалды жоғары оқу орнының бет-бейнесі мен мән-мазмұнының адам танымастай өзгеруі мен әлемдік университеттік білім кеңістігіне батыл қадам басуындағы Әбекеңнің еңбегін бүкіл облыс жұртшылығы жақсы біледі әрі мақтаныш етеді.
Әбекең басқарған жылдар – қазіргі Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті тарихындағы жаңа кезең болды. Бұл жылдары оқу ордасының материалдық-техникалық базасы нығайды, оқу-әдістемелік тұрғыда жаңғырды, құрылымдық жағынан тиімді өзгерістерді басынан өткерді. Университеттің ғылыми әлеуеті артып, профессор-оқытушылар құрамының әлеуметтік-материалдық жағдайы жақсарды. Ең бастысы – Әбекеңнің күш салуының арқасында сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен университет кампусы үшін ұлан-ғайыр алаң бөлініп, жаңа оқу ғимаратының салынуы болды. Жаңа типтегі студенттер жатақханасы мен заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Алыстан көз тартып, Ақтаудың көркіне көрік қосып тұрған бұл еңселі ғимарат, облысымыздағы жоғары білім мен ғылымның орталығына айналды. Еліміздің экономикасы мен әлеуметтік салалары үшін жан-жақты мамандар даярлап келе жатқан бұл жоғары оқу орны қазір еліміздегі таңдаулы оқу орындарының бірі саналады. Қазір университетімізді Берік Ахметов секілді жігерлі жас, білікті басшы азаматтың заманаға сай басқарып отырғанын мақтаныш етеміз.
Зейнеткерлік жасқа толуына байланысты басқа қызметке ауысқан Әбекең кейін біраз жыл Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ректор болды. Қайда жүрсе де ­абыройлы еңбегімен халқының құрметіне бөленген азамат қазір де өзінің білімі мен тәжірибесін жастарға үйретуден жалықпауда.
Әбекең Ақтауда тұрып, өлкедегі іргелі мемлекеттік университетті басқарған жылдары онымен қызметтес болған, жақын араласқан, сыйластық қатынаста болғандар ғана емес, қызметінің жемістерін сырттай бақылап, нәтижесін көрген барша маңғыстаулықтар үшін есімі ерекше қадірлі десек, қателесе қоймаспыз. Оның бір дәлелі – облыс жұртшылығының талап-тілектері ескеріліп, Әбекең Маңғыстаудан кеткеннен кейін арада бірнеше жыл өткеннен соң – 2017 жылы «Маңғыстау облысының Құрметті азаматы»­ атағына ие болуы. Ерен еңбектің ешқашан ізсіз қалмай, қайта уақыт өткен сайын жаңғырып, жақсы ұлын халқының көкке көтере ұлықтауының жарқын бір үлгісі осы емес пе!?
Ойға алған істерін тындырған сайын жаңа идеялармен қаруланып, келешек шаруалардың көкжиегін кеңітіп отыру – Әбекеңнің болмысына тән қасиет. Яғни ол – өміршең идея, тынымсыз еңбектің адамы. Бұл – жасампаздықпен дамудың заңдылығы, толағай табыстың кепілі, еңбекқорлықтың үлесі. Ол қайда жүрсе де көпшіл, ортаның адамы: ұжымға сенім артып, ел азаматтарымен ақылдасып, іскер де білімді адамдарды бағалап отырады. Іскер тұлғаның істің бәрін ақылмен парықтап, жан-жақты жоспарлап, іскерлікпен ұйымдастырып, сеніммен алып шығатынының бір сыры осында жатса керек.
«Бір сөз – бір сөздің қуғыншысы» деген бар. Әбдімүтәліп туралы әңгіме қозғалғасын Қазақстанның Халық ­жазушысы, Еңбек Ері, академик Әбіш Кекілбайұлының бір әңгімесі ойыма келіп отыр. Ұмытпасам, 2010 жылы болуы керек. Өзінің туған елі Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен жүрген кезінде Ш.Есенов атындағы университетте болып, студенттермен кездесіп, жиын өткізіп, Әбдімүтәліппен бір күндей бірге болғанын әңгімелей келіп:
– Бектұр, университеттеріңізге дұрыс азамат келген екен, құтты болсын! – деді.
– Иә. Бұл кісі өте қарапайым және бауырмал адам сияқты, – дегенімде, Әбіш:
– Білесің бе, Бектұр? Бауырмалдық деген – адамдардың бойындағы барлық қатынасқа деген адалдықты білдіретін ұғым. Бауырмалдықты тек туыстық негізде болатын қасиет десек қателесеміз. Жақсыда жаттық болмайды. Адамды тани білу, оны бауырына тарта білу, адамдарды жақын санап, қамқор болу сияқты кісілік белгілері адамдар арасындағы өзара сыйластықты, бірін-бірі құрметтеу, жақын тұту сезімдерін қалыптастырады. Алыс-жақындығы, үлкен-кішілігіне қарамастан, кез келген жағдайда оларға көмектесуге дайын тұру, қол ұшын беру қасиеті де бауырмалдықтың белгісі. Міне, осындай қасиеттердің ректор Әбжаппаровтың бойын­да бар екеніне менің көзім жетті, – деді.
Әбіштің Әбдімүтәліпке берген осы бағасы менің есімде сақталып қалыпты.
Әбдімүтәліп қазірде көсегесі көгерген, шаңырағы шалқақ, керегесі кең, немере-шөбере сүйіп отырған ғалымдарымыздың бірі. Әбекеңнің бәйбішесі Алтынай, балаларының қызығына бөленіп отырған ардақты әжелердің қатарындағы құрметті ана.
Әбдімүтәліптің үлкен ұлы Алмас экономика ғылымының кандидаты. Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі болып қызмет атқарады. Одан кейінгі Қаламқас педагогика ғылымының кандидаты. Алматы қаласында жауапты қызметте. Ең кішісі Айгүл философия ғылымының докторы. КазҰУ-да кафедра меңгерушісінің орынбасары.
Әбдімүтәліптің еңбектері еленбей қалған жоқ. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Маңғыстау облысы мен Түркістан қаласының «Құрметті ­азаматы». ­
Ел ардақтаған азаматқа зор ден­саулық пен әулетінің амандығын тілейміз! Әбдімүтәліп жасы 70-ке келгенмен, әлі де егемендік алған еліне пайдалы қызмет атқарып, білім саласының ­дамуына өз үлесін қосатынына сеніміміз мол. Осы кезге дейін иеленіп келген биік абыройыңызды сақтай отырып, халқыңыздың бағына жасай беріңіз, Әбеке!

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,
Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы,
Маңғыстау облысының
Құрметті азаматы

Әділет ҚАБЫЛОВ,
филология ғылымының кандидаты,
Yessenov University профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.