Дін және жастар

Көзі ашық зиялы буынның жастарға айтар ақыл-кеңесі таусылмақ емес. Неге? Себебі оларға төнген қауіп-қатерді күні бұрын екшеп, електен өткізіп, жақсысын ұсынып, жаманын ысыруды өздеріне мақсат тұтады. Жастарды ұлт болашағы ретінде танып, олардың рухани санасын ояту өзекті мәселелердің бірі екендігін жете түсінеді. Әсіресе, ол мәселе тіл мен дінге келіп тірелгенде, жайбарақаттылыққа салынуға болмасын жақсы біледі. Міне, осы қағидаттарды ұстанған бір топ білікті маман Талғар медициналық колледжінде мәнді кездесудің өтуіне ұйытқы болды. 

Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іс жүзіне асыруға бағытталған кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімі «ҚР Лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қорымен бірлесе ұйымдастырды. 2012 жылы құрылып, осы уақыт аралығына дейін лаңкестік пен экстремизм мәселелері бойынша өткен іс-шаралардың басында жүрген бұл ұйым, әсіресе, көшпелі мәжіліс өткізуді құп көреді. Бұл жолы да сондай форматта өткен жиынға колледждің мұғалімдері толығымен қатысып, қоғамдық қордың басшысы, заң ғылымының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Кәкімжан Бишмановтың тұщымды әңгімесін зор ынтамен тыңдады.
– Қазақ ежелден Ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдап қойған. Біз енді сол Исламды бабалар ұстанған кейпінде қайта жаңғыртып, халықтың сауатын қайта қалыптастыру жұмыстарын қатайтуымыз керек. Бұл шаруа мемлекеттің, дін істері жөніндегі басқарманың, зиялы қауымның ғана емес, өздеріңіз сияқты ұстаздардың да мойнына жүктелетін жауапкершілік, – деп, көп нәрсенің білімсіздіктен туатынын баса айтқан профессор шет жаққа оқуға кеткен жастардың да дені сол елдің идеологиясын алға тартып, адасып жүргенін жеткізді.
Расында да, қазіргі таңда халықтың, соның ішінде жастардың рухани-танымдық тәжірибесін арттыру маңыздылығы күн тәртібінде бірінші тұр. Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы жастардың болмысы мен ­санасына, мәдени дамуына, білім деңгейіне байланысты қарастырылатындықтан, жас буынның адасуының арты жақсылыққа әкелмейді. Осы мәселені тарқата түскен Кәкімжан Мұратжанұлы терроризмнің төңкеріс жасап халықтың үрейін ұшыру, ел басындағы азаматтарды отставкаға жіберу, түрмеде отырған сыбайластарын шығарып алу және қаржы талап ету сынды­ «орасан» мақсаттары бар екендігін жіліктеп айтып берді. Шииттердің сүнниттерден айырмашылығын ашып, мәселенің түп-төркініне шолу жасады.­ Сириядағы «қасиетті соғыстың» қасиетсіз екендігін алға тартты. «Радикализм» ұғымына кеңінен тоқталып, одан бөлініп шығатын терроризм, экстремизм, ­фашизм, нацизм сияқты атаулардың да қоғамға қауіптілігін сөз етті.
Кездесуге қатысқан орталық маманы,­ теолог Нұрлан Орынбеков болса қолданыста жүрген «жиһад» ұғымын жан-жақты ұғындырды.
– Бүгінгі таңда теріс бағыттағы ақпарат салдарынан көптеген адамдар жиһадты «қару алып соғысу» деп біржақты түсінеді. Әрине, мұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде айтылғанымен, төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келтірілген. Құранда соғыс ұғымы «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитал» терминдерімен білдірілген. Бірақ, жиһад сөзі соғысты да қамтығандықтан, көпшілік жиһад делінген кезде тікелей соғысты түсінеді. Жиһад – ең әуелі өзіңді түзету. Ішкі дүниеңді, жүрегіңді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтыру.­ Қысқасы, нәпсіңмен әрдайым үздіксіз күрес. Себебі әуелі өз басын түзете алмаған адам, нәпсісін жеңіп, кәміл адам болу жолына түспеген жан өзгені қалай түзетіп, тура жолға қалай шақырмақ? – деді тыңдаушылардың ­сауатын толықтырған теолог.
Ал сәләфизм идеясының зияны мен залалына тоқталған орталық әдіскері, ҚазҰУ магистранты Сәмет Байжұма бұл идеологияның жастар ішінде тым белең алғанын баса назарға алды. Әуелгі сәләфилер шынайы Ислам жолын ұстанушылар болса, қазіргі уақытта өзін солай атаушылардың бағыты, шын мәнінде, олай емес екендігін нақты мысалдармен айтып берді. Бұл тұрғыда кітап таңдаудың да маңыздылығы зор екендігін, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының сараптамасынан өткен кітаптарды ғана оқу керектігін ескертті.
Мамандардың сөзінен соң, мұғалім­дер хиджаб мәселесін, сондай-ақ жұма күні студенттердің жұма ­намазды желеу етіп сабақты тастап кетіп қалатындықтары қаншалықты дұрыс екендігін сұрады. Толыққанды
жауап берген дінтанушылар барлығының тәрбиеге келіп тірелетіндігін жеткізді. Осылайша, діни сауаттылықты арттыруды көздеген кездесуден үлкен де, кіші де лаңкестіктің тамырына балта шабу үшін оған нәр беріп отырған өзегінен айыру керек екендігін түсініп, күш біріктірген кезде ғана қауіптің алдын алуға болатынын ұғынып тарасты.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.