«Мен жастарға сенемін»

Жапон елінде жүргенімде Мағжан атамыздың «Мен жастарға сенемін» деп, қазақ жастарының өмірден ойып орын аларын біліп айтқан екен ғой деген ойға келдім. 

ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» білім жетілдіру Ұлттық орталығының ұйымдастыруымен ҚР ЖОО-ның бірқатар оқытушыларына Жапон еліндегі Цукуба университетіне тағылымдамадан өтуге жол түсті. Жапон­ елі шалғайда орналасқандықтан Абу-­Дабиде 12 сағат аялдауға тура келді. Бұл тұста араб елінің мәдениетін, адамдарының қарым-қатынасын біршама бақылауға мүмкіндік туды. Өз дәстүрлерін берік ұстанғандары, қызмет орындарында өздерінің ұлттық киімдерінде жүргендері көңілге жылылық ұялатты. Ол жерде тілден қиыншылық болмады. Қызмет көрсетіп тұрған қазақша сөйлейтін өзбек ағайындар, орыс ұлтының өкілдері ­табыла кетті.
Абу-Дабиде транзиттік жолмен­ өте көп елдерден жолаушылар тоқтайды екен және олардың біршамасымен сөйлесіп, өз еліміз жайлы таныстыруға қолымыздан келгенше тырысып бақтық. Осылай Жапония еліне ұшатын уақыт та келіп жетті. Абу-­Дабиден ­Нарита халықаралық әуежайына дейін он сағат ұшып, ­жапон елінің сағаты бойынша түскі сағат бірде күншығыс еліне де жеттік. 27 сағат жол жүріп жетсек те еш қиналмадық. Жапон жеріне аяғымыз тиген тұстан ­бастап жапон өркениеті халықтың әр қимылынан көзге көрініп тұрды. Аз ғана уақыттың ішінде Араб және жапон өркениеттерімен танысуға және оны өз елімізбен салыстыруға мүмкіндік алдық. Екі елдің де өз салт-дәстүрлеріне берік екендігі, ана тілдеріне деген ерекше­ назарларына бас июден басқа шара қалмады. Наритада бізді осы елде оқып жүрген магистранттар қарсы алды. Сонау күншығыс елінде жүріп, ана тілімізде сөйлейтін жастарды көргенде төбеміз көкке жеткендей болды. Наритадан Цукубаға дейін көлікке отырып орналасатын жерімізге де жеттік.
Цукуба университетінің Орта Азиямен айналысатын бөлімі арнайы­ қонақасы ұйымдастырып, ­танысу кешімен жалғасты. Бізге арналған бағдарлама қолымызға тиіп, ертеңіне тағылымдамаға байланысты дәрістеріміз басталып кетті. Дәрістермен қатар, Цукуба қаласымен танысу бірге жүрді. Осылай­ мектепке­ жолымыз түсіп жапон елінің оқушыларымен де танысудың сәті түсті. Алайда олар біздің елімізді білмейтін болып шықты. Жапон елі нағыз шығысқа тән ерекшеліктердің барлығын дерлік өз бойларына­ сіңірген ба дейсің, «олар тұйық халық, ашылып­ сөйлей бермейді» деп түсіндірді аудар­машы болып жүрген Арна есімді қазақ қызы. «Шығыс – құпияға толы ел»
деген бар емес пе. Жапон елінде оқу жылы сәуір айында басталады екен. Осы тұста екінші курс магистранттарының диплом алу рәсіміне де қатысу бізге бұйырыпты. Орта Азиядан келген тәлімгерлердің ішінде саны жағынан көбі де қазақтар болды, үш тәлімгер дипломдарын қолға алған тұста ата дәстүрмен көрімдік беру де ұмыт қалмады. Сонымен қатар қазақ елінен барып, өз білімдерін жапон елінде жалғастырып жүрген магистрлер өз ғылыми жұмыстарымен таныстыру мақсатында дөңгелек үстел өткізді. Осы тұста кең байтақ Қазақстанның әр өлкесінен келген қазақтың жастары бірінен соң бірі сөз алғанда, Мағжан атамыздың сөзі тағы да еріксіз ойға оралды.
Сенбі күні жапон халқы үшін қасиетті саналатын Тайота қорғанына жол тарттық (ескеретін жайт, бұның әйгілі Тойота көлігіне қатысы жоқ). Бұл «бай өлкесінен» деген мағынаны береді екен.Одан соң, Ибараки табиғат мұражайына жол түсті. Ол жерде әртүрлі аңдармен қатар ашық аспан астындағы табиғатқа арналған мұражай орналасқан екен. Осылай Ушука қаласына жол тарттық, ол жерде Буддаға арналған ең үлкен храм бар екен. Биіктігі 135 метр жүрек тұсына дейін, яғни 95 метр биіктікке көтеріліп, айналаға көз тастауға мүмкіндік алдық.
Біздің жолымыз Жапония астанасы Токиоға түсті. Жапонияда 120 млн халық тұрса, осы халықтың он пайызы­ яғни он екі млн-ға жуық халқы ел астанасында тұрады екен. Күн жұмыс күні болмағандықтан ба, көп халық көзімізге түспеді. Жапонияның Асакуса­ алаңында ежелгі Будда храмдары орналасқан және осы жерге халық мінәжат етуге келеді (біздің А.Ясауи, Арыстанбаб секілді). Осы жерде салт-дәстүрін, мәдениетін жаңашылдықпен қатар алып келе жатқан жапон халқын көріп қайран қалып әрі қызығып та, қызғана қарап тұрдым. Жапон халқының қоғамдық орындарды ұлттық музыкалары естіліп тұратындығы, мәдениеттілігі, өз ұлтын, елін шексіз сүйетіндігі, бір-біріне деген кішіпейілдігі, табиғатқа деген құрметі мені еріксіз таңғалдырды. Менде осы қасиеттерді әр қазақтың бойында қалыптастырсам деген арман ой туды. Қазақ жастарының көп адамның аяғы тие бермейтін күншығыс елінде әр салада бірнеше тілді меңгерген (бұл жердегі жастардың барлығы дерлік қазақ тілінде жақсы сөйлейді), ­сонымен қатар Абай ақын айтып кеткен ғылыммен айналысып, одан нәтиже шығарып жатқанын көргенде, Мағжан атамыз осы күннің туарын біліп айтып кеткен екен ғой деген ой түйдім.

Э.ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.