Текті сөздің төресі – терме

Талдықорғанда Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Текті сөздің төресі – терме» атты жыршы-термешілер байқауы өтті. Аталған іс-шара Сүгір Бегендікұлының 125 жылдық мерейтойына арналды.

Сүгір Мұрын, Қашаған, Сәттіғұл жыраулармен дәмдес болған, олардың үлгі-кеңестерін алған. Өзінен бұрын өткен ақын-жыраулардың шығармаларымен бірге, өзі шығарған терме, толғауларын да халық арасына тынбай насихаттап өткен. Сүгір жырау Абылдың, Ақтанның, Нұрым мен Қашағанның, Әбубәкір мен Сәттіғұлдың және т.б. ақын-жыраулардың шығармаларын елге таныстырумен қатар, оларды өз шығармаларында мадақтап жырға қосқан. Сондай-ақ «Сүгірдің термесі», «Сүгірдің әні», «Сүгірдің жыр-сазы» тәрізді әуендері ел арасына кең тараған. Ол бір шығарманың өзін, өзі шығарған бірнеше әуенмен құбылта орындап, тыңдаушыны баурап алатын қасиетке ие болған, жыршылық, ақындығымен қоса композиторлық дәрежеге көтерілген дарынды өнер иесі.
Сөздің маржанын сазбен жеткізетін нағыз дала өнерпаздарын анықтайтын бәйгеге келсек, қалалық-аудандық іріктеуден алдына жан салмай, оза шапқан 16 өнерпаз қатысып, бес аталым бойынша бағаланды. Әділ қазылар орындаушының таңдаған туындысының өзектілігі мен мазмұнына, тіл тазалығы мен сахна мәдениетіне баса мән берді.
Байқау қорытындысы бойынша, жүлделі бірінші орынды Талғар ауданынан Ермек Рахымбай иеленді. Екінші орынды Іле ауданынан Айзада Қазыбекова, Алакөл ауданынан Айдос Тұрар алды. Үшінші орынға Текелі қаласынан Арғын Нұрдана, Талдықорған қаласынан Бақтияр Ұлжан, Ұйғыр ауданынан Мұхамжан Берікбол лайық деп танылды.
Енді республикалық сайыста бақ сынайтын байқаудың жеңімпазы Ермек Рахымбай «Жетісу жыр мектебінің мақам саздарын, әуендік құрылымын жеткізуге тырыстық. Келешекте жыршылардың жыр-дастандарын республика көлемінде танытуға бар күш-жігерімізді саламыз» деп, ойымен бөлісті.
Ал Алматы облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев алдағы жоспарларын ортаға салып, атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі қарсаңында он түрлі шара жоспарланыпты. «Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі қарсаңында біз он түрлі шара жоспарлаған болатынбыз. Соның аясында он түрлі шара өтеді. Оның ең негізгісі
Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін «Ақ қауырсын» жүлдесі жарияланған, бұның басты тақырыбы
жастар жылына қатысты болғаннан кейін «Жырлайды
жастар» деп алдық. Осы байқау тілдер күні қарсаңында қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталады» деді А.Башбаев.

Б.Мұратқызы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.