«Жаңылтпаш» жарнамалар

Бұл туралы мен бұған дейін де ­басылым беттерінде мәселе көтерген едім. Бірақ нәтижесі жоқ. Баяғы жартас – сол жартас. Сондықтан осы тақырыпқа тағы бір рет оралуды жөн көрдім.
Әңгіме – мемлекеттік тіл туралы. Қазақстан Республикасының
Конс­ти­туциясында тәуелсіз елімізде қазақ тілі – мемлекеттік тіл екендігі тайға таңба басқандай айқын жазылған. Бірақ күнделікті өмірде осыны ескере бермейтініміз өкінішті. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтудің орнына, тұқыртып бара жатырмыз. Басқа басқа, дәл Елорда­да мемлекеттік тіл мен мұндалап тұруы тиіс емес пе?
Латынға әлі толық көшкен жоқпыз. Бірақ, соған қарамастан, маңдайша жазуларын жапа-тармағай латынша жазып жатқан мекемелер жетерлік. «Ерте ме, кеш пе, бәрібір көшеміз ғой» деген қарекет шығар, бәлкім. Болсын! Бұрын қазақ тілінде шаласауатты жазуларды көргенде көңіл күйіміз бұзылатын еді, енді латынша да солай болып тұр. Мүмкін, «Көш жүре түзелер». Бірақ көштің алғашқы күннен түзу болғаны дұрыс емес пе?

Қазақстан астанасына Қытай радиосының қазақ редакциясында қызмет істейтін әріптесім келді. Сырт көз – сыншы. Көбіміз күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп әсте елей бермейтін, көңілге кірбің түсіретін «әттеген-айды» Елордаға келімді-кетімді қонақтар бірден байқауы әбден мүмкін. Сол әріптесіміз айтады:
– Мен қай елге келдім, өзі?
– Қазақстанға келдің.
– Қазақстанға келгенімді сезініп тұрған жоқпын ғой.
– Неге?
– Қазақша жарнамалар жаңылтпаш сияқты бірдеңе… Сырт жерде жүрген біздер Қазақстанға келгенде жан-жағымызға жалтақтап, өз тілі­міздегі жазу-таңбаларды іздейтініміз бар…
Әріптесімнің меңзеп тұрғаны мемлекеттік тіл болып шықты. Ойланып қалдым. Алыс-жақыннан ағылған, Нұр-Сұлтан қаласын көруге асыққан туристердің Елордаға қадам басқан сәттен бастап қай елге келгені «атойлап», тілмашсыз-ақ түсінікті болып тұруы керек-ау, шынында.
Келімді-кетімді қонақтар Қазақстанға табан тірегенін алғашқы секундтардан бастап сезінуі тиіс қой. Қытайға барсаңыз, жан-жағыңыздағы жарнамалардың бәрі қытайша. Түсінбесең де қытай тілінде екенін іштей түйсінесің. Жүздеген телерадиоарналар қытайша «сайрап» тұр. Жан-жағыңдағы адамдардың өзара тіл қатысуы – қытайша. Бір сөзбен айтқанда, Қытай елінде жүргеніңді айқын ұғасың.
Осыдан біраз уақыт бұрын Украинаға барғанымыз бар еді. Сол кездің өзінде бұл мемлекетте бәрі өз тілінде болатын. Қонақүйге барсаң да, көрікті жерлерін араласаң да, сауда орындарына бас сұқсаң да, қызмет түрлері де – бәрі-бәрі өз тілінде.
Балтық жағалауы елдерінде де солай.
Ал Қазақстанда ше? Қонақтарды былай қойғанда, жергілікті қазақтардың өзі бір-бірімен қазақ тілінде жарытымды тіл қатыса алмайды. Жастардың басым бөлігі өзара басқа тілде сөйлеседі. Қоғамдық орындарда, сауда-демалыс орындарында мемлекеттік тілде сөйлесіп бара жатқан жандарды кездестіруіңіз некен-саяқ.
Елбасымыз «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деді. Еңсемізді тіктеп, күмпиіп қалдық. «Мемлекеттік тілдің мәртебесі енді өсетін шығар» деп, қуанышымыз қойнымызға сыймады. Бірақ сәл-пәл серпіліс болғанымен, жағдай өзгере қойған жоқ.
Телерадиоарналардың дені орыс тілінде хабар таратады. «Қазақ тіліне көшсе рейтинг төмендейді» дегендей түсінік бар. Бұл – қате пікір. Егер мемлекеттік тілде көрермен тұшынып көретіндей хабарлар беріліп жатса, сөз жоқ, көпшілік «көк жәшікке» телмірер еді.

Оны айтасыз, Ата Заңымызда «мем­лекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылғанды көзге ілмей, алдымен орыс тілінде, сонан кейін ғана қазақ тілінде хабар беретін телеарналар бар. Мәселен, ­
«31 арна». Бұл телеарнаның жаңалық­тары алдымен орыс тілінде, жалғасы – қазақ тілінде. Сонда бұл қай елдің телеарнасы болғаны? Тиісті заңдарымыз қайда қалды? Оның орындалуын бақылауға тиісті мекемелер қайда?
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтермек түгілі, табанға салып таптап отырғанда қайнай ма қаның, қайнамай ма? Қайнайды, әрине. Қазақ тілін өзіміз керек етпесек, басқалардан несін сұрайсыз? Оларға қандай уәж айтарсың?
Нұр-Сұлтан қаласына алыс-жақыннан ағылып жатқан турист көп. Келсін. Қонақжай қазақпыз, құшақ жая қарсы аламыз, әрине. Олардың сәулетті де дәулетті Елорданы тамсана тамашалайтыны анық. Бірақ қытайлық әріптесіміз әңгіме өзегі еткен мәселені сол миллиондаған туристердің бірі болмаса бірі қозғап, «Біз қай елге келдік?» демесіне кім кепіл?! Ойланатын мәселе.
Өткен жылдары Қазақстанның астанасы мен қалаларында көзге бірден түсетін орындарда биіктігі мен ені әжептәуір имидж тұғырлар орнатылды. Әлі күнге дейін «тапжылмай» тұрғандары бар. Ондағы жазу мен кескін мынадай: «Я, жүректің суреті, Астану». «Я люблю Астану» дегені ғой. Дизайны мен көрінісі керемет. Талғамға сай. Дау жоқ. Бірақ осыны қазақ тілінде келтіруге болмай ма? Бәрі орысша немесе ағылшын тілінде. Қазақ тілінде дайындалғанын кездестірмедік.
Бұл Қазақстан көлемінде жұмыс жүргізіп отырған жарнама агенттігінің тірлігі болса керек. Болсын. Қарсылық жоқ. Бірақ осыны мемлекеттік тілде дайындаса болмай ма? Оған кім кедергі? Әлде бұл мемлекеттік тілді менсінбеу ме? Солай демеске лаж жоқ.
Жарнама жасаушылардың таппайтыны жоқ. Бүкіл әлеуметтік желіні шулатқан, үлкен сауда орталығын армансыз аралаған «жартылай жалаңаш жарнама жасаушылар» жұрттың жағасын ұстатқаны есіңізде шығар?! Осы бейәдеп көрініс үшін қасындағы немерелерінен, өткен-кеткен адамдардан қысылып-қымтырылған ақ жаулықты аналар мен асқар тау әкелеріміз төмен қарап, бетін басты. Ал жастар жағы «жартылай жалаңаш жарнама жаңалыққа» жапа-тармағай тесіле, сүзіле қарады…
– Мұндай келеңсіз көрініс мәңгі ел болуға ұмтылған қазақ еліне тән емес қой. Бұл – елдігімізге сын. Еліктегеннің жөні осы екен деп, еліре бергеніміз болмас. Өзімізге де, сырттан келген қонақтарға да өзіндік болмыс-бітімі мен ерекшелігі, асқақ мұраты бар қазақ елі мәңгі ел екені айқын байқалып тұруы тиіс, – дейді «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана­ Иманқұлова.
Бұл сөзге алып-қосарымыз жоқ.

Ғалым ОМАРХАН

Нұр-Сұлтан

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.