Жақсылық жаршысы

Еркін Құрманбековпен алғаш рет кездесіп, танысқалы қырық жылдан асқан екен. 1977 жылдың қыркүйек айында Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылында халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің ескерткіші ашылуы­на­ орай облыстық ақындар айтысы­ ұйымдастырылды. Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакциясында жауапты хатшымын. Өзіміздің аудан атынан жыр додасына қатысатын Данабек Қалмұратовқа жолбасшы­ болып бару міндеті жүктелді. Қарауылкелдіге аудандардан жиналған топтың соңы біз екенбіз. Қырсық қылғанда қонақүйде тәуір дайындалған ақыным аяқ астынан қатты ауырып қалды. Ертең айтыс шымылдығын ашатын шалқарлықтар мен көрші Ырғыз ауданының өкілдері. Қатты састым. «Жедел жәрдем» шақырып, дәрігерге Данабек ағамды көрсеттім.

Бөлмеде абыржып отыр едім, екі азамат кіріп келді. Егделеуі бұрыннан білетін ақын ағам Мұхтар Құрманалин, жанындағы көркем жүзді, сыпайы жігіт облыстық комсомол комитетінің хатшысы Еркін Құрманбеков болып шықты. Болған жағдайды сұрастырып, жылы сөздерін айтып жатыр. Ақыным ақыры сахнада көріне алмады, жиналған жұрт алдына менің шығуыма тура келді. Екі күнге созылған айтыс соңында шаршы топта Құрманбеков маған облыстық комсомол комитетінің Құрмет грамотасын тапсырғаны бар.
Сонан бергі кезеңде арамызда ағалы-інілі қатынас қалыптасты. Ол облыстық партия комитетінде нұсқаушы, консультант, партия архивінің меңгерушісі болды. Төрт жыл облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары қызметінде өзін жақсы жағынан көрсетті. 1995-2003 жылдар аралығында осы басқармаға тікелей жетекшілік етіп, аймақтағы алуан бағытты тірліктің басы-қасында жүрді.
Ақтөбе өңірінің үлкен-кішісі Еркін Жолмырзаұлын игі шаралардың жаршысы ретінде таныды. Облыстық тарихи-өлкетану музейін жеті жыл басқарғанда Елбасы ­бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша маңызды іс-шараларға тікелей ұйытқы болды. Оның тынымсыз еңбегі лайықты бағаланып, мемлекеттік ­медальдармен, Президенттің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағын иеленді.
Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының құрметті профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Е.Құрманбеков зейнет демалысына шықса да, қарап отыруды жөн көрмей, облыстағы қоғамдық-саяси шаралардың бел ортасында баяғы белсенділігімен көрініп келеді. Соңғы бірнеше жыл бойына Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің жетекшісі, Әйтеке би қайырымдылық қорының төрағасы.
Еліміздің басқа өңірлеріндегідей, Ақтөбе қалалық мәдениет үйі жанында әжелердің «Асылым» ансамблі жұмыс істегелі біраз уақыт болды. Халықаралық дәрежедегі мәдениет майталманы Қарагөз Сағынованың басқаруында бұл өнер ұжымы үлкен беделге ие. Дәрігер Гүлімхан Алдашева, тігінші Сымбат Тақрепова және басқалары зейнетке шықса да әншілік өнерімен танылды. Қашанда сергек, ізденісте жүретін кейіпкеріміз Еркін Жолмырзаұлын «Неге аталар ансамблін құрмасқа?» деген ой мазалады. Ақырында идея сәтімен жүзеге асты. Бір жылдан асты – зейнет демалысындағы қарттардың «Атамекен»­ ансамблі – облыс тұрғындарының асыға күтетін қонағы.
Шаруаны ойлау бар, ал оны қолға алып, ­баянды етудің мехнаты да жетерлік. Ұзақ жылдар партия-кеңес органдарында, мәдениет ­саласында қызмет атқарып, тәжірибе жинақтаған Құрманбеков бұл қиындықтарды жеңе білді. Іс басындағы таныс іні-қарындастары азаматтың өтінішін жерге тастамай, бірі көлік жөнінен жәрдем берсе, екіншісі екі ансамбльдің бірігіп өнер көрсететін ғимаратын дайындайды. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшылығы мектептерде оқушылармен, ұстаздармен кездесуін ұйымдастырады. Аудан әкімдері егде жастағы өнерпаздарды ықыласпен қарсы алып, қоналқы орнымен, шай-суымен қамтамасыз етеді. Бастапқыда ансамбльдің әр мүшесі сахнада киер ұлттық киімін өз қаржысына тіктірген еді, кейін концерттерге қызығушылықпен кіргендер билетінен түскен қаражат сол шығынды қайтаруға мүмкіндік берді.
Игі бастама нәтижесінде ансамбль мүшелері бұрын өздері болмаған өңірлерді көріп, әдемі әсер алғанын жасырмай айтады. «Атамекеннің» ең қарт мүшесі Камалхан Қуан – білім беру ісінің ардагері, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, 84 жаста. Сондай-ақ теміржолда ұзақ жыл жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққаннан кейін, отбасымен облыс орталығына көшіп келіп қоныстанған Қабақ Науанов, Шыңғыс Боранқұлов, орманшы Хамза Қуанов, салық қызметінің ардагері Имұханбет қажы Рсалиев және басқалары арнайы кесте бойынша өткізілетін репетициядан қалмай, кезекті концертте құлшына өнер көрсетеді. Осылайша, «Асылым» және «Атамекен» ансамбльдері биыл Алға, Қобда, Ойыл, Мұғалжар, Хромтау, Қарғалы аудандарын аралап, әсем әнмен, күмбірлеген күймен тұрғындар көңілін көтерді. Репертуарда Латиф Хамидидің «Отан», Ілия Жақановтың «Асылым», Шәмші Қалдаяқовтың «Құстар әні», басқа да жауһар туындылар бар.
Таяуда біз тағы бір тамаша көріністің куәгері болдық. Еркін Жолмырзаұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуы қарсаңында қала ортасында Абай даңғылы бойында орналасқан «Жастық» мейрамханасында «Анаға тағзым» шарасын ұйымдастырып өткізді. Ұлттық мақтанышымыздың, әлем мойындаған данышпанның анасы Ұлжанның үлкейтілген портреті биік тұғырға қойылды, екі жағындағы сөрелерде – шараға қатысушылар аналарының фотосуреттері. Ақтөбе облысының Құрметті азаматы, Кеңес Одағы тұсында облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы болған ардагер Сапар Сағынтаев, облыстың бірнеше ауданын басқарған ардагер Есімхан Есенбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова тебіреніспен ой толғады. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, виртуоз күйші Жайлау Асылханов Құрманғазының «Қайран шешем» күйін төгілтсе, жоғарыда біз әңгімелеген «Асылым» және «Атамекен» ансамбльдері Абайдың әндерін тамылжыта шырқады. Қатысушыларға ерекше әсер сыйлаған жайт – «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмшінің қарындасы Раушаннан туған апалы-сіңлілі төрт қыздың арнайы қатысуы болды.
Еркін Жолмырзаұлының ізденісінен туындаған бұл шара үлкенге де, кішіге де Ананың мәртебелі болмысы жайында ой салғаны анық. Отағасының әрбір шаруасына қолдау жасап, жанында жүретін зайыбы, Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі Зоя Өтешқызының адал пейілін айта кеткен жөн болар.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.