Татулыққа ұйытқы

Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Аналар кеңесінің бүгінгі күні маңызы зор. Олар түрлі шараларды ұйымдастырып қана қоймай, қоғамымызда береке мен бірліктің сақталуына өз үлесін қосуда. Осы орайда, жақында Алматы­ облысы Талғар қаласында ақ жаулықты аналардың басқосуы өтті. Үй мен түздің тізгінін тең ұстап, қазанын қайната, баласын ойната жүріп, еңбектің бел ортасынан табылатын әйелдердің тындырымды іс-әрекеттері көпке үлгі. Бұл басқосуды ұйымдастыруға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесі мұрындық болды. Форумға барлық аудандардың Аналар кеңесі мүшелері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, «Жас Отан» жастар қанатының қызметкерлері қатысып, мазмұны терең әңгіме өрбітті.

Форум жұмысының модераторы, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймәдиева күн тәртібінде қаралатын негізгі тақырыптарды тарқата келіп, әйелдердің еңбекқорлығы, ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны жайлы пікір алмасуға шақырды. Түгін тартса майы шығатын Талғар ауданында тіршілік жасап отырған аналардың істері ілгері басып, ел экономикасының өрлеуіне өзіндік үлесін қосып отырғандығын айрықша атап өтті.
Жиында аудандық әйелдер көшбас­шысы мектебінің жетекшісі Нәйля Үмбетованың «Гендерлік саясатты іске асыру бағытындағы әйелдердің бизнес­те алар орны» тақырыбында жасаған баяндамасы көптің қызығушылығын тудырды. Бұдан кейін аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Мәрия Сихымбаева «Достықтың алтын тамыры – халықтар бірлігінде» атты тақырыпта сөз сөйлеп, татулық, келісім, бірлік аясында әңгіме өрбітті.
Аналар кеңесі қазақстандық патрио­тизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтау міндетін мақсат тұтты. Бұл күнде аудан халқының 51 пайызын­ әйелдер құрайды. Талғар қаласы мен 10-ауылдық округте Аналар кеңесі құрылып, 50-ге тарта мүшесі айтылған мәселелер төңірегінде жұмыс жүргізіп келеді.
Аудандарда демографиялық өсімге атсалысып отырған алтын құрсақты аналар аз емес. Оған аудан бойынша­ 66 «Алтын алқа», 225 «Күміс алқа» иегерлерінің бары дәлел. Форум жұмысын қорытындылаған Жамал Қасымбекқызы Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті бір Жолдауында: «Қоғамның өркениетті деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді» деп тұжырымдауында үлкен мән жатқандығын жеткізді. Ақ жаулықты аналар басқосуында Талғар аудандық этномәдени бірлестіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Соны­мен қатар «Достық блогы» атты театр­ландырылған көрініс те форумға қатысушы аналардың көңілін серпілтті. Жиын соңы концерттік іс-шараға жалғасты.

Е.ЕРКЕНҰР

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.