Етекте жаз, ұшар баста ақпан бар…

«ШАЛ МЕН ТЕҢІЗ».
СЫР БОЙЫ

Толқиды,
Сыр бояу ағыспен жиекке жайылса,
Қайырлап қалған бір сазандай шоршиды.
Ызыңдап шығады дыбысы мол шидің.

Кеш жетті,
Жарықты жасырып түнекке,
Толқынды тілгілеп сілтеймін ескекті,
Алайда еңбегім еш кетті.

Арада
Көп уақыт өтпей-ақ,
Көз тіктім қаушиған қараға,
Жетсем деп тырыстым жағаға.

Түнерді,
Сұр аспан көзіне іркілген моншақты,
Жаңбыр ғып жіберді,
Адасқан қайығым жарға кеп тірелді.

Жел тынды,
Үміті үзілді толқынның.
Жанары жап-жарық,
Жұлдызы мол түннің!

КЕЛІНШЕКТАУ,
ҚЫЗЕМШЕКТАУ,
КӨП ТАУЛАР…

Келіншектау,
Қыземшектау,
көп таулар
Етекте жаз,
ұшар баста ақпан бар.
Жүйрік пойыз зымырайды
алға ұшып,
Қалбаң қағып қалып жатыр шоқ талдар.
Иек артқан бір сілемге бір сілем,
Сен не деген ұзақ едің,
сыршыл ең.
Сәукелесі түсіп қалған
сол тауда,
Келіншекті ойлаймын да
күрсінем.

Келіншектау,
Қыземшектау – егіз мұң,
Егіз мұңға қарап тұрып
егілдім.
Қатал жаудан қашып шыққан
хас ару,
Қай жақпардан пана тауып
көз ілдің.

Қыз бейнелі, құпиялы
көп таулар,
Сол тауларда «Елім-ай» бар,
жоқтау бар.
Келіншек боп,
Қыз боп, тағы-тағы боп,
Қайда кетіп барасыңдар, тоқтаңдар!..

ШАҢЫРАҚ

Көкем кеп шаңырақ ұстады,
Анам жүр уық шанышып.
Керегені шимен тыстады,
Інімнің қолы қарысып.

Қарындастарым байлады,
Қызылды-жасыл желбауын.
Қалаға кетіп қайдағы,
Орашолақтау болғаным.

Босаға берік болсын деп,
Тартқан ем қысып белдеуді.
– Маған бер, – деді жеңгем кеп,
– Шаршама, қайным, – деп енді.

Күлкілі болды, дегенмен,
Іліндім солай әзілге.
Бір отау тігіп өлеңнен,
Ұстармын шаңырақ өзім де.

МЕМЛЕКЕТТІК
ТІЛ ЖӘНЕ БАСАРАБА

Бір сөзді айту керек
осы арада,
Шындықтан адам, сірә,
қаша ала ма?
Тіл, тіл деп арза айттық
хатқа салып,
Хатыңнан жүйрік болды
Басараба.
Өзінше көсем сөйлеп,
кемеңгер боп,
– Не бітірдің, қазағым? –
дегендер көп.
Жүргенде сөйтіп, бір күн
сең қозғалды,
Келгенде бізге Брюс
менеджер боп.

Тіл дерті еңсемізді
жатыр басып,
Оны айтсақ, сөз сөйлейміз
жапырласып.
«Қазақ тілі» қоғамына
қаржы бөлді ол,
Төраға Кеңесбаймен
ақылдасып.

– Өрістет
мемлекеттік өз тіліңді,
– Әкелдім
Алматыдан сөздігіңді.
– Тағы да қандай шара
қажет? – деді,
– Бұл жайлы жөндеу үшін
өз мініңді.
Пенденің кейі пақыр,
кейі дана,
Келмес бұл біреулердің
ойына да.
Брюске жыр кітабын
тарту етіп,
Басын қосты көп жұрттың
Сейіл аға.
Бәрі де бас изесті,
мақұл десті,
Алдымызда зор міндет
жатыр десті.
– Мұнайшылар өзгеге
үлгі болсын, –
Деп қорытты тіл жайлы
ақын кешті.
Тағы да кідіреміз
осы арада,
Ей, досым, жарықты
әсте тасалама.
Жанашыр боп тіліме
жайдары жан,
Жасай бер жақсылықты,
Басараба!

Ғалым Әріпке!

Бір жақтарға шығардың асығуды,
Күн де тұман, білмейді ашылуды.
Сенің ізің алыста бір көшеде,
Бұрышына үйлердің жасырынды.

Күз де салқын мінезін танытты ойлы,
Дымқыл ауа барады қарып бойды.
Жалқын кештің үзілген сәулесіндей,
Сенің күлкің бөлмеде қалып қойды.

Жанымызға шуақты күй қосып ек,
Қалыпсың көңілімнің қимасы боп.
Сені тауып алатын Алматыда,
Әзірге анықтама бюросы жоқ.

Сен болмасаң, сырымды кімге ашамын,
Жалғыз қалам, өзіммен мұңдасамын.
Сенің қара көзіңнің оттарындай,
Тауға қарай жүгірді түнде сағым.

Уақыт бірде ертегі, бірде аңыз,
Уақытты бақыт деп жырлағамыз.
Кештеу келіп жатасың бөлмеге сен,
Сәлем айтып жатыр деп бір қара қыз.

Екеумізге бақыт көп жерде бізге,
Бүгін жарқын әңгіме бөлмемізде.
Асығатын жағыңды білемін ғой,
Барсаң сәлем айта бар жеңгемізге!

ТАРҒЫЛ МЫСЫҚ
ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

(Элегия)
Алатаудың басында ұшпа бөрік,
Үйіміздің жылуы қыста кеміп.
Пеш түбінде жататын тарғыл мысық,
Қызылсырап, түсіне тышқан еніп.

Бойын жазып арқасын құрыстаған,
Түнгі азығын іздейтін қуыстардан.
Қуыстардан түк таппай шаршаған-ау,
Тарғыл мысық жоқ бүгін. Бір іс болған.

Тарғыл мысық қылығы өзгеше еді,
Бәлкім оны иесі сезбес еді.
Көздері оның тұратын ойға батып,
Ойшыл мысық сиректеу кездеседі.

Тұрмаған соң адамның тынышын алып,
Жатқан шығар көзінде бір сыр анық.
– Ас-су бермей ыза ғып, ойнаған ем,
– Оңдырмады-ау қолымды қыршып алып.

– Жазасын ап кетті, – деп күлді шалың,
– Жоламайды ол енді – сынды сағы.
Дегеннен соң қар еріп жатқан кезде,
Келді мысық жамылып түн құшағын.

– Түсінді-ау – деп, – тарғылым өз айыбын,
Аң-таң болды, ал бұған қожайыны.
Ыза буып, қалтырап саусақтары:
– Өңменіңнен өтердей көзі-ай мұның.

– Деп, – қиналып, ішінен күбірледі,
– Жалғыз қалған тағдырым қыңыр ма еді.
– Жұбанышым болатын осы мысық,
– Жалғызсың, – деп, аяды-ау бүгін мені.

– Төрт қабырға, тілсіз күй жан мұздаған,
– Жалғыз емен. Мен неге жалғыз болам?
– Күндіз жадау жаныма серіктер көп,
– Түнде ойдан шошимын аңдыздаған…

Тарғыл мысық жатады пеш түбінде,
Сәл-сәл мызғып жалғайды кешті түнге.
Ұрсып-зекіп қуатын иесінің,
Сағынышы тым алыс, ескі мүлде.

Сол сағыныш – бақытты кезі болған,
Ақыреттік кемпірдің сөзі де арман.
Тарғыл мысық бәрін де салады еске,
Кемпірі жоқ, бұл – соның көзі қалған.

Тарғыл мысық пырылдап сүйкенеді,
Қажыған шал көзіне ұйқы енеді.
Түсінде өз мысығын иттер талап,
Ара түссе, бір ит кеп итереді.

– Игі түс, – деп, шал іштей сенімді еді,
Кірбің бұлты арылып көңілдегі…
Мияулады, иесін қия алмады,
Тарғыл мысық содан соң көрінбеді.

ЖОЛДА

Жалқын да жалқын кеш еді,
Келемін ағып пойызбен.
Қайыңдар батпақ кешеді,
Күйсеген күйлі өгізбен.

Бекеттер тойлы, базарлы,
Соққанмен күздің дауылы.
Саудагер алар мазаны,
Тықпалап сарғыш қауынын.

Вагоннан жұрт та азайды,
Тауысып күрең сырасын.
Есіңе алып не жайды,
Дөңбекшіп ояу шығасың.

Өкпем жоқ менің ақ жолға,
Жетермін аман бір басым.
Сарғайған сары үй вокзалда,
Сары бала жүр-ау құрдасым…

ІҢІРДЕ. КЕШКІ АУЫЛДА

Бұрқырап иісі жиденің,
Жусанды сайдың бойында.
Ағыттым-дағы түймені,
Толтырып самал қойынға.

Келемін жалғыз сүрлеумен,
Ауылдан шығып оңаша.
Жаяулап асып құм белден,
Жүгірем кейде балаша.

Тарқамай қойды құмарым,
Толғанбай қайтем мен енді.
Жұлдыздар жағып шырағын,
Аспан да шымқай көгерді.

Келемін үнсіз жақ ашпай,
Ойымды көк қып боядым.
Іңірде көзім адаспай,
Апарар үйге аяғым.

Бақытжан АБЫЗОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.