Қармақшыдағы жыр мерекесі

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында Тұрмағамбет ауылының 60 жылдығы мен Жиенбай жырау Дүзбенбетұлының туғанына 155 жыл толуына орай «Сүлейлер өсіп-өнген қара шаңырақ» атты ғылыми-танымдық конференция, «Жыр жампозы – Жиенбай» атты жыр фестивалі және спорттық ойындар ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараға белгілі жыраулар Бидас Рүстембеков, Алмас Алматов, Жұмабек Аққұлов, Арнұр Көшенеев пен осы ауылда туып-өскен қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері және ауыл тұрғындары қатысты.

«Жыр елі» атанған қасиетті Сыр бойын жайлаған іргелі елді мекендердің бірі Тұрмағамбет ауылының құрыл­ғанына биыл – 60 жыл. Бұл ауылдан Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова, ақындар Құланбай Көпішов, Әбдікәрім Ахметов, Мағираш Сәрікова, жазушылар Нәсреддин
Сералиев, Адам Мекебаев, Раушанбек Бектібаев, журналист Шәкизада Құттаяқов шыққан. «Жүз жыраудың Отаны» атанған елде жыраулық дәстүр ерекше дамыған. Ауданда атақты жырау Көшеней Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйі» жұмыс істейді. Бүгінде Дүзбенбетұлы Жиенбай жыраудың немересі Бидас Рүстембеков, шөбересі Арнұр Көшенеев атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі өнерді лайықты дәріптеп жүр.
Конференция барысында Ж.Аққұлов «Жыр дүлдүлі – Жиенбай жырау», А.Алматов «Жыршы-жырауларды республиканың жоғары оқу орындарында кәсіби маман ретінде дайындау мәселесі», З.Тасымова «Тұрмағамбет ауылы – шайырлар мекені» тақырыбында баяндама жасады. Мерекелік шара аясында Алматы, Тараз және облыстың барлық аудандарынан арнайы келген ақындардың қатысуымен республикалық мүшайра өтті. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Шиелі ауданынан келген Ержігіт Бекжан, екінші орынды қызылордалық Тұрар Бекмұрзаев, үшінші орынды Тұрмағамбет ауылының тұрғыны Гүлжанат Қадырбекова иеленді.
Мерейтойға орай, ақын ауылында саябақ және «Сүлейлер аллеясы» ашылды. Мұнда Сыр бойын­да өмір сүрген атақты жыраулардың есімдері тасқа қашалып жазылған. Сондай-ақ Тұрмағамбет ауылының құрылғанына 60 жыл толуына орай «Жүз жырауды тербеткен алтын бесік» атты кітап­тың тұсауы кесілді. Бұдан кейін Жиенбай жыраудың ұрпақтары ата-баба рухына арнап ас берді.
Екі күн бойы өткен өнер мерекесіне кішкене баласынан ақ сақалды қа­риясына дейін жырға құмар ауыл тұрғындары ерекше ықылас танытты. Дүбірлі той жеңімпаздарды марапаттаумен және мерекелік гала-концертпен аяқталды.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.