Ынта нәтижеге қол жеткізеді

Бұрынырақта адамдар арасындағы «қарым-қатынас құралы» ретінде танылған тіл қазіргі кезде ұлтаралық, мемлекетаралық, халықаралық қатынастардың негізгі құралына айналды. Әсіресе, дүниежүзі бойынша экономикасы жоғары деңгейде дамыған 50 елдің қатарына ену мақсат етіп қойылған бүгінгі таңда қоғамның салалық білімі терең мамандарға деген сұранысы олардың тілдік біліктілігі мәселесімен де ұштастырылып отыр. Атап айтқанда, қазақстандық жас маман мемлекеттік тілмен қатар шетелдермен жасалатын экономикалық, әлеуметтік, мәдени және саяси басылымдардың нығаюындағы негізгі тетік – ағылшын тілін жетік меңгеру талап етілуде. Осыған байланысты филологиялық жоғары оқу орындарында үштұғырлы тіл жобасын оқу үрдісіне енгізу қажеттілігі туындаған болатын.

Қоғамның әрбір мүшесі тіл­ді өз хал-қадерінше мең­геретіні белгілі. Мектеп қабырғасында жүргізілетін сабақтар тақырыбының ортақтығына, материал көлемінің бірдей екендігіне қарамастан, әр оқушының тілді білу, меңгеру және қолдану деңгейі әртүрлі болатыны да мәлім жайт. Осыдан келіп жоғары немесе арнаулы оқу орындарына қабылданған шәкірттерге тілді деңгейлеп оқыту қажеттілігі туындайды. Мұнда мектеп қабырғасында алынған базалық білім қоры жоға­ры оқу орнына түскенде жаңалық ретінде ұсынылмай, талапкердің жаңа басқышқа көтерілуіне негіз болады. Бұл тұста материалдың сонылығы, тақырыптың жаңалығы тіл үйренушінің қызығушылығын оятып, ынтасын арттырады. Бұл оқытудың мотивациялық жағы екендігі белгілі. Ал ынта бар жерде қай істе де нәтижеге қол жеткізілетіні аян.
Сонымен Қазақстан Республикасында тіл саясаты шеңберінде қолға алынған «үштұғырлы тіл» ұлттық жобасы бүгінде білім беру саласында айрықша маңызға ие болып отыр. Себебі бүгінгі студент ертеңгі сала қызметкері болғандықтан, оның күнделікті кәсіби қызметінде мемлекеттік тілдің алар орны ерекше болмақ. Әсіресе, мемлекеттік басқару органдарында, заң, сот ісі, іс жүргізу, мәдениет, саясат және халықаралық қатынастар салалары үшін үш тілді жетік меңгерген мамандар ауадай қажет. Осы тұста өзіндік жүйесі қалыптасқан шет тілдерін оқыту үрдісінің озық тәжірибесі­мен алмасу керек-ақ болатын. Осыған орай Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде дайындалған аталмыш жобаны жүзеге асыруға байланысты концепцияның бірқатар артықшылықтарына арнайы тоқтал­ғанымыз жөн:
Біріншіден, тілдік білім берудің ұлттық стандарты үштұғырлы тіл жобасының шеңберінде білім беру­дің бірыңғай лингво-социомәдени ке­ңістігін қалыптастыруға мүмкін­дік береді. Сондай-ақ барлық тілдер бо­йынша білім беру ісін ортақтан­дырылған жүйе арқылы басқаруға жол ашады. Түптеп келгенде, мемлекеттік тілге басымдық беріліп, басты назар аударылуы тиіс. Таратып айтар болсақ, қазақ тілін терең меңгеру үшін білім беру саласына оқытудың бірнеше деңгейден тұратын жүйесін енгізу қажет. Осымен байланысты білім беру саласына шәкірттердің өзіне тән білімін алғаш басқыш деп алып, оны қоғамдағы күнделікті қарым-қатынасқа сай толықтыру, яғни мемлекеттік тілдің әлеуметтік функциясына бағыттау керек;
Екіншіден, қазақ тілін барлық кәсіби салалар бойынша еркін қолдана білетін мамандарды даярлау. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару органдарына, іс жүргізу саласына, заңнама саласына, сот ісіне, ресми, халықаралық, ғылыми, қоғамдық, кәсіби-салалық, т.б. қызмет салаларында мемлекеттік тілдің функциясын күшейту үшін, оны жетік меңгерген кадрлармен қамтамасыз ету басты мақсат болып отыр. Осымен сабақтас үшінші мәселе, қазақ тілін оқыту әдістемесін интерактивті-коммуникативтік бағытқа бейімдеу, қазақ тілі оқулықтары мен оқу құралдарын тілді меңгерудің деңгейлік және жеделдету кешендерінің моделі бойынша қайта құрастыру;
Келесі үлкен мәселе – мемлекеттік тілді дамытуға байланысты кезек күттірмейтін мынадай проблемалардан тұрады: Қазақ тілін оқытатын педагогтар мен білікті аудармашылар­дың жетіспеушілігі. Қазіргі кезде, әсіресе, ілеспе аударма, яғни синхронды аударма жасайтын мамандардың тап­шы екені аян. Сондықтан синхро­нист-аудармашыларды даярлауға қатысты іргелі жоба қолға алынуы қажет-ақ және ол мақсатқа оқу орнына жаңа түскен шәкірттермен қатар бұрыннан келе жатқан қазақ тілі мамандарын қайта даярлау арқылы қол жеткізуге болады деп ойлаймыз.
Сондай-ақ шәкірттердің мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі олардың болашақ мамандығына сай кәсіби салаларда орын алып отырған қажеттіліктерін ескере отырып біріздендірілуі тиіс. Яғни маманның мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі оның кәсіби қажеттілігіне сай анықталып, міндеттелуі тиіс.
Осыған орай университет ректоры, профессор С.Құнанбаеваның басшылығымен дайындалып, оқу үрдісіне енгізілген Қазақстан Респуб­ли­касындағы «тілдер үштұғыры» ұлт­тық жобасын жүзеге асыруға бай­ланысты концепциясы жоғарыда са­намаланған қажеттіліктерді то­лық ескерген, мемлекеттік тілді дамытудың бүгінгі таңдағы қар­қынына сай жасалған жоба деуге болады. Себебі ол концепцияда тілдік білім үздіксіз сабақтасып жататын және өзара байланысты жүйе ретінде танылып, республикада тілдік білім берудің жалпы концептуалдық базисін жасауға бағытталады. Мұнда тілдік білім берудің жалпыға бірдей міндетті мемлекеттік стандарттарында мынадай әдіснамалық принциптер басшылыққа алынады:
* тілдік білім беру ісін түпкі нәтиженің сапасына орайластыру. Бұл оқытудың мақсатына орай түрленіп отырады.
* тілді коммуникативті-функ­цио­налды бағытта меңгерту, яғни тіл ұстанушының күнделікті қарым-қа­тынасқа сай қажеттіліктерін ескеру;
* пән мазмұнының деңгейлер бо­йынша сараланып ұсынылуы, яғни қарапайымнан біртіндеп күрделенетін материалды игеру;
* тілдік білім беру барысында әрбір деңгейдің мазмұндық шекарасы мен нормалық шегі айқын белгіленуі тиіс;
* білім берудің бастапқы, негізгі, салалық, жоғары оқу орнындағы және жоғарыдан кейінгі сатыларына сәйкес ұлттық жүйені үздіксіз және өзара сабақтастықта болатын құрылым ретінде орнықтыру;
* оқыту бағдарламасы жүйесін көзделетін мақсатқа сәйкес өзгермелі сипатта жасау;
* болашақ маманның тілді меңгеру деңгейіне қойылатын талаптарды сапалық жағынан біріздендіру;
* шәкірттің тілдік құзыретін бағамдау межелеуіштерін айқындап, оны біртұтас бақылау тетігі ретінде қалыптастыру;
* әрбір деңгейге сәйкес оқу әдістемелік және оқыту материалдары кешендерінің болуы;
Осымен байланысты қазақ тілін орыс аудиториясында оқыту дең­гей­лік, коммуникативті-бағдарлы оқы­ту әдістемесіне негізделген. Атап айт­қанда, тілдерді меңгертудің ха­лықаралық стандартында көрсе­тіл­ген деңгейлер басшылыққа алынған. Оларды былайша сипаттауға болады: негізгі деңгей, кәсіби бағдарлы дең­гей, мамандық тілі деңгейі.
Қазақ филологиясы кафедрасында шәкірттердің қазақ тілі білім дәрежесі анықталған соң оқыту ісі аталмыш деңгейлердің бірі бойынша жүргізіледі. Мұнда әрбір студенттің өзі бастаған деңгейден сатылай отырып келесі деңгейге ауысуы басты мақсат етіп қойылады. Оқытушылар аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатымен бірқатар шараларды жүзеге асырды деуге болады.
Ең бастысы, студенттің университетке келіп түскен кездегі тілді білу дәрежесі мен аяқталған кездегі тілді меңгеру дәрежесінің арасындағы едәуір айырмашылықтың болуы С.Құ­нанбаеваның бастамасымен жаса­лып, оқу үрдісіне енгізілген концеп­ция бағытының оң нәтижелі екенді­гін іс жүзінде дәлелдейді.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде жетік меңгертуді басты мақсат еткен оқытушылар ұжымы тиімділігін мойындаған және іс жүзінде дәлелдеген аталмыш концепция ғасырға жуық тарихы бар білім ордасында жемісті түрде қолданылып келе жатқандықтан өзге де жоғары оқу орындарында оқу үрдісіне енгізуге лайық деп санаймыз. Бұған Абылай хан атында­ғы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті білім ошағынан тәлім алған шәкірттердің республикамыздың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүргендігін қос­сақ, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспеттес болып шығады. Осы тұста деңгейлеп оқыту әдістемесін еліміздегі білім беру жүйесіне енгізіп, оның қанат жаюына зор ықпалын тигізген профессор С.Құнанбаеваның еңбегі зор екенін баса айтқан жөн. Ғалымның ізденімпаздығы, жаңалыққа ұмтылған бастамашыл болмысының арқасында отандық білім беру ісінде елеулі өзгерістер енгізгені белгілі. Яғни бастаған ісін соңына дейін апаратын табандылығы әдіскер-ғалым Сәлима Сағиқызын іскер де білікті басшы ретінде тануымызға негіз болады. Бастаманы көтеру бар да, оны жаңалық етіп іс жүзіне асыру бар, яғни қай істің аяқсыз қалмауын жіті қадағалауды әдетке айналдырған профессор С.Құнанбаеваның басқару мәнері өзгелерге үлгі боларлық жақсы қасиет десек, артық болмас.
Осыған орай Абылай хан атында­ғы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде өткі­зіл­ген тілдерді оқытудың деңгейлік моделіне көшу мәселесіне арналған республикалық семинарда аталмыш концепция жан-жақты талқыланды. Сөйтіп, республикамыздың білікті ма­­мандары тарапынан жоғары ба­ға­ланды. Атап айтқанда, тілдерді оқы­тудың деңгейлік моделіне көшудің тиімді жолдары сөз болып, қажеттілігі негізделді.
Мемлекеттік тілдің тамыр соғысын дөп басқан аталмыш жобаның жүзеге асырылуы кезек күттірмейтін мәселе деп тануға болады.

Қалдыгүл Есенова,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі,
филология ғылымдарының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.