БІЛІМГЕ БАСТАР ЖОЛ ҰЗАҚ

Қазақ даласында мектеп ашқандардың жұлдызы әркез биік болған. Жәңгір ханның оқу ордасының жасы екі ғасырға жуықтап қалды. Күллі елге ұстаз атанған Алтынсаринның тағылымын әлі үлгі етіп келеміз. Мамания мектебінің де тәлімі жеке әңгіме. Иә, ол заманда дәл 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын аттау міндет болмаған да шығар. Бірақ ғасырдан аса уақыт өтсе де қазақтың білім алуға деген мінезі өзгермеді деп үміт етеміз. Бүгінгі Білім күніне орайы келген тұста айтарымыз, қазақ пен қазақтың арасын жалғаған осы бір мектептерде ұлттың тағдырын өзгерткен, ұлт тағдырына ықпал еткен шәкірттер өсіп жетілген еді. Сол мектептерден түлеп ұшқан оқушылар көшінің ұзын-сонар легінде күллі қазақ жұртының әр саласында кірпіш болып қаланғандардың, қазақ болашағы үшін жанын құрбан еткендердің шоғыры сап түзейді.

Иә, бүгінгі қазақ мектебінде де ертеңгі ұлттың тағдырын өзгертетіндер тәлім алып жүр. Жанын құрбан еткізіп, зиялының бәрін қидай сыпырып әкеткен баяғы замана қасіреті өзімен кетсін ­десек те, бүгінгі оқушының да ертеңгі ел тағдырына жауапкер тұлғаға айналатынын ешкім жоққа шығармақ емес…
Сонымен, ертеңгі ел тағдырын сеніп тапсырар қанша шәкірт бүгінгі күні мектеп партасында отыр? Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл мектеп табалдырығын 400 мыңнан аса оқушы аттағанын айтты. Министр келтірген тағы бір дерек, жаңа 2019-2020 оқу жылында еліміздегі жеті мыңнан аса мемлекеттік мектепте 3 миллионнан аса оқушы білім алып жүр. Күллі Қазақстан азаматы 18,5 миллионнан көп. Пайыздық көрсеткішке шақсақ, бүгінгі күні еліміздің шамамен 20%-ға жуық азаматы – мектеп оқушысы.
Ендеше, бүгінгі әңгіме осы 20 пайызға жуық болашақтың төңірегінде және сол болашаққа білім нәрін ұсынып жүрген, білімге бастар ұзын жолды көрсеткен ұстаз төңірегінде өрбімек.
Мектеп дегенде, ең алдымен еске түсетін сөз – сауаттылық, білім. Тағы да Білім және ғылым министрінің сөзіне жүгінейік, Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілетті жаһандық индексінің алғашқы бестігіне Қазақстанды алғашқы бестікке көтерген көрсеткіш – сауаттылық деңгейі екен. «Халқымыздың түгелге жуығы сауатты. Балалардың 100%-ға жуығы мектепке барады. Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілетті жаһандық индексінде бастауыш білім беру ісіндегі балаларды қамту көрсеткіші бойынша Қазақстан 130 елдің ішінде төртінші орында» деген еді А.Аймағамбетов.
Демек, жиырма пайыздың түгелге жуығы бастауыш білімді алып шығады екен.
Осындайда, әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі еске түседі. Біздің сөз емес, бірақ посткеңестік елдердің педагогикасы мен білім беру ісін сын садағына алғандар – мектептің бала тәрбиесіне тым көп араласуының зиян екенін көп айтады. Иә, сынып жетекшісі деген ұғымды дүниежүзінің көп мемлекеттері білмейтіні, бала мен мұғалім арасын жалғау үшін сынып жетекшісі көп рөл атқармайтыны, ал ата-ана мен мектеп арасындағы көпірдің міндетін тағы да сынып жетекшісі емес, мектеп директорының өзі-ақ атқара беретіні бүгінгі жаһанданған әлемде ешкімге де таңсық емес. Жаһанданған деген сөзге екпін беруіміздің себебі – әлемдегі мектептердің бары мен жоғын білгісі келген кез келген жан қазір оның жай-жапсарын ғаламтордан оп-оңай-ақ ­тауып алатынын айтқымыз келгендіктен еді.
Енді осы кезде сұрақ туады: бүгінгі сынып жетекшісінің ортақ портреті қандай? Жасы, жынысы, білімі, білігі, тәжірибесі, арманы, мақсаты не? Ал жаңа заман ұстазының бейнесі ше? Оны қандай арман-талаптарға сай жасап, белгілей аламыз?
Өкінішке қарай, мұндай әлеуметтік портретті жасап шығу әзірге қолдан келмей тұр. Себебі мектеп туралы мәліметтерде жалпы ұстаздардың рөлі, орны туралы деректерді алуға мүмкіндік болғанымен, дәл осы сынып жетекшілеріне қатысты мәліметтер мардымсыз. Сынып жетекшісі дегенде бәріміздің есімізге Рахман ағай немесе Майқанова сынды қайшылықты, бірақ ортақ бейнелердің түсетіні рас. Бірақ, байыптап ойлансақ, ол екеуінің бірдей сынып жетекшісі болмағаны тағы бар.
Хош, кезіндегі тоталитарлық режим отбасы институтына сенім артпаған екен, сондықтан отбасы екінші кезекке ысырылып қалып, бала тәрбиесінде мектептегі мұғалімдер көбірек жауапты болыпты дейік. Мұндай көзқарастың бары рас. «Отан от басынан басталады»­ деген сөзді емес, «Бірінші ­кезекте – Отан, одан кейін – отбасы» ұранын ұстанғандар, дәл осы отбасы институтын әлсірету мақсатында мектеп пен балабақшада күрделі тәрбие беру құрылымдарын ойлап тапса керек. Тіпті солай болған күннің өзінде, бүгінгі күні әлі де сол құрылымдарға арқа сүйеген екенбіз, олардың мақсат-мүддесін, ұстанымын өзгертуді ойладық па? Әлде ХХІ ғасыр тәрбиешісі мен сынып жетекшісінің рөлі бәз-баяғы қалпында ма? Жалпы сұрақты төтесінен қойсақ, қазір бала тәрбиесіне кім жауапты? Мектеп пе, мұғалім бе, ұстаз ба? Әрбір мектеп оқушысы, орта есеппен алғанда, жылына 365 күн бар десек, соның жартысына жуығын мектепте өткізеді. Демек, біздің болашағымыздың арманы, аңсары, талабы, тілегі, мақсаты белгілі бір дәрежеде мектеп деп аталатын құрылымға тәуелді. Енді осы жерде білімге бастар ұзақ жолдың жыры басталады:
Біріншіден, бала мектепте өткізген осыншама уақытының барлығын білім алуға жұмсай ма? Бүгінгі таңда мектеп – жаңалық ашатын да жер емес, білім нәрінің бастауы екеніне ешкім күмән келтірмейді, алайда­ білімді толықтыратын қосымша институттардың бары анық. Музей аралау,­ үйдегі кітапханадағы оқулықтар мен танымдық кітаптарды оқу, өзгелермен пікірталастыру, тіпті саяхаттаудан да санасында саңылауы бар жан білім жинайды.
Демек, қазіргі мектеп пен ұстаздың рөлі басқарақ. Бүгінгі мектеп – балаға білім беріп қана қоймай, сол білімге бастап апаратын жолдардың бірнеше сүрлеуін көрсететін жолбасшы рөліне де ие. Сынып жетекшісі мен ұстаздың бір бейнесін осыдан келіп шығаруға болады. Демек, бүгінгі ұстаз – баланың тәлімгері ғана емес, оның сырласы, досы екен. Ендеше, еліміздегі он мыңнан аса мектептердің жаңа заманға лайықталған, дәстүр мен жаңашылдықтың арасын жалғаған, бұрынғы мен бүгінгінің ­жымын білдірместен бүтіндеп берер қуаты бар ма? Бұл сұраққа біз жауап бере алмаймыз. Жауап – министрліктің есебінен.
Кешегі министр Ерлан Сағадиевтің Үкіметке 2018 жылы берген есебінен ­мынандай деректерді қалқып алдық:
4 мбит/секунд жылдамдықпен ­хабар алғызатын кең жолақты интернет желісіне Қазақстан мектептерінің тек 62%-ы қосылған. Ал, жалпы мектептердің 100%-да интернет бар. 2500 мектепте ғана Wi-Fi-ға қосыла аласың. Орташа есеппен алғанда, әрбір 11 оқушыға бір компьютерден келеді.
Бұл деректер қазіргі таңда көп өзгере қоймаған болар деп ойлаймыз.
Енді заңды сұрақ туады: мектептерде әрбір он бір бала бір компьютерге иек артып отырған кезде балаға жаңа білім көзін ұсына алдық дей аламыз ба? Әрине, жаңа білім қайнарының компьютерге тіреліп қалған түгі жоқ. Алайда күн санап емес, сағат санап өзгере бастаған әлемде жаңашылдық, жаңа білім қуаты – көп дүние жаңа заманның құрылғыларында байлаулы тұр. Ендеше, оқушы мен ұстаз портретін жасауға ұмтылғанда олардың негізгі де басты көмекшілері, қосалқы білім қайнарларын ұсынатын осындай жаңа заман құрылғыларын да қаперден шығарып алмасақ деген ой бар.
Америкалық антрополог Маргарет Мид өткен ғасыр басында біздің бүгініміз туралы жорамал жасап, ХХІ ғасыр адамы­ мүлде басқа дәуірде күн кешетінін айтып­ кеткен болатын. Дәстүрлі білім қандай еді: өмір көрген, түйген, баққаны мол жан жастарға білім нәрін беретін. Заманалардан жеткен, дәстүрлі қоғамдардан қалған естелік, яғни ұлы ұстаздың бейнесі мынандай: шашын ақ қырау шалған, жүзін әжім торлаған, ақылман қарт – мықты ұстаз. Байырғы ойшылдардың бейнесінде ұстаздықтың бір реңкі сақталғаны сондықтан. Одан кейін жаңа тенденция пайда болып, жас­тар да, үлкендер де аралас білім алды. Өткен ғасыр басындағы «Қызыл отау­ларда» жасы мен кәртамысының бірге сауат ашып отырған сәтін бейнелейтін әдеби шығармалар да, құжатты деректер де баршылық. Бұл кездегі ұстаз бейнесі біраз жасарды. Шашын ақ қырау шалмаса да, ұстаз атын білімді, жоғарғы оқу орнын бітірген, жинақы киінген, тәртіпті де қатал, талапшыл да мейірімді бір бейне басты. Қазір ше? Жоқ, өз түсінігімізді қоя тұрып, сөзін мысал еткен­ антрополог Маргарет Мидтің пайы­мына жүгінейік. Ол ХХ ғасырда «Енді бір ғасырдан соң жастар егделерге сабақ өте бастайды» деген екен. Мысалды алыс­тан іздемей-ақ қоялық, ең қарапайым дүние – қазір жастар үлкен кісілерге телефонды қалай пайдалану керегін үйретіп жүрген жоқ па? Ал бұл ұстаздық па? Бір мысалда Қазақстанда әрбір он бір бала бір компьютерді пайдаланатынын айттық. Жаңа заман құралының аздығы оқушыға ғана емес, мұғалімге де орасан зор зиянын тигізеді. Бүгін жаңа технологияға қолы жетпеген ұстаз, ертеңгі күні шәкіртіне сол технология арқылы білім нәрін қалай үйретпек?
Біз қаласақ та, қаламасақ та, ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Ақпараттар тасқынында ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін мектеп оқушысы ғана емес, үлкендердің өзі дұрыс ажырата алмай қалатын тұстар бар. Енді осы ақпараттанған заманда мектеп мұғалімі шәкіртінен озық тұрмаса, Маргарет Мидтің болжамы келіп, шәкірті ұстазына жөн сілтер күн жетіп келмесін деңіз. ­Демек, жаңа заман ұстазының бір келбеті – жаңа технологияларды, сол технологияларды қажет ететін жаңашылдықтардың бәрін: әлеуметтік желісі болсын, интернет болсын, жаңа инновациялық құралдар болсын, жетік білетін жан екен. Ал мұндай бесаспап ұстаздың мерейі артық болғаны өз алдында, құрметі мен қошеметі де айырықша болмағы маңызды.
Орайы келіп тұрғанда екінші бір деректі келтіріп алып, сөзімізді жалғасақ. Баланың қалыптасуында мұғалімнің рөлі әлі де зор деп санайтын болсақ, олардың маңдай ақысының мөлшерін де білудің кемдігі жоқ қой. Посткеңестік елдерді мысалға алып бастаған соң, сол аумақтан шыға қоймайық деп, посткеңестік елдердегі мұғалімдердің жалақысына назар аударғанды жөн санадық. Бұл статистикада Эстония алдыңғы орында. Эстон еліндегі мұғалімнің орташа табысы­ – 1,5 мың доллар. Литва мен Латвия мемлекеттерінің ұстаздары орташа есеппен 1000 доллардың айналасында айлық алады. Ресей мұғалімдері осының жартысынан көбірек айлыққа еңбек етеді. Қазақстан бұл көшке көп ілеспегенімен, Орталық Азиядағы елдердің легін бастап тұр. Ұстаздардың Тамыз конференция­сында ел Президенті Қазақстандағы ұстаздардың айлығын көтеру мәселесін тілге тиек етті. Демек, балаға білім беруде ұстаздың рөлін елеп-ескерер болсақ, оның еңбегінің де өтеуі көңілге қонымды болғаны дұрыс шығар.
Ұстаз келбеті мен мәртебесі туралы сөзімізді мына мысалмен түйіндеуге ­болатын шығар: Финляндияда жасы 27-ге толмағандарды мектепке мұғалім қылып алмайды екен. Магистрлік деңгейің болмаса, мектептерде сабақ та бере алмайсың. Мұғалім болу үшін бір орынға 12 адамнан таласады…
Демек, жаңа заман ұстазының келбеті – жоғары білімдінің ішінде жүзден жүйрік шыққандар екен. Дүниежүзінің дүрбісімен қарасақ, жаңа заман ұстазының портретін осылай көреміз. Ал Қазақстанның аясындағы ұстаз бейнесі бәрібір өзімізге аяулы, біз үшін қастерлі. Себебі олар күні ертең қазақтың тағдырын жасайтын, болашағын құрайтын жандардың білімін толықтырып, көкжиегін кеңейтіп жүр. Бүгін мектеп партасында отырған үш миллион болашақ білімге бастар ұзақ жолдың бойында сап түзеп кетіп барады. Бір замандардағы Жәңгір ханның мектебінің дәстүрін жұққызған, Алтынсарин тағылымының қасиеті бар, Маман байдың мектебінің тәлімі сіңген… айта берсек, таусылмас қыры мол қазақты мектептің барына да, жоғына да – ең алдымен біз, осы елдің азаматтары ­жауаптымыз. Қазақты білім көзі қандай болады, оның жаһан көшінде алар орны мен салмағы қалай – мұның бәрін біз өзіміз елеп, өзіміз екшейміз.

P.S.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Домбыра күніне қатысқан іс-шарада мектептерде домбыра сабағын (әркімнің ерік қалауы бойынша) өткізу бастамасын қолдайтынын айтты. Жаңа мектеп пен қазіргі ұстаздың тағы бір бейнесі осыдан келіп шығады екен: бүгінгі ұстаз – жаңашыл ғана емес, ұлт тамырынан ажырамаған қастерлі бейне…

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ана тілі»

Азаматтың суреті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.