Сынақ жұмысының айғағы

Жаңа әліпбиді меңгертуде ақпарат технологияларының (IT) мүмкіндігі орасан зор. Тілдер мерекесі қарсаңында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының 15 компьютеріне латын графикасымен белгіленген қазақ әліпбиінің пернетақтасы орнатылды. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің тапсырмасына сәйкес, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары аясында латын графикасында әзірленген клавиатураларды апробациядан өткізу жұмыстарын бастады. Бұл шараға түрлі сала ұйымдарының қызметкерлерінен (білім беру, мемлекеттік қызмет, ішкі істер, медицина және т.б.) 500-ден астам адам қамтылады деп ­жоспарлануда.

Ауылшаруашылығы, ветеринария, дін істері, дене шынықтыру және спорт, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының қызметкерлері латын графикалы қазақ әліпбиінде әзірленген клавиатураның алғашқы қолданушылары болды. Олар мәтінді латыннегізді әліпбиде теріп, ­сауалнама толтырып, жаңа клавиатураның тиімділігі мен қолайсыз тұстары туралы өз ұсыныстарын білдірді.
Латын графикасындағы қазақ әліпбиі орналасқан клавиатураны пайдаланудың ыңғайлылығын анықтауға арналған сауал­нама қорытындысы бойынша көпшілік «ұсыныс жоқ», «пернетақта ыңғайлы» деп жауап берді. Десе де, өз ұсыныстарын айтып, пікір қалдырғандар да бар.
«Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының құқықтық қамтасыз ету басқармасының жетекші сарапшысы Гүлсана Мешелева: ­«Латын графикасымен белгіленген қазақ әліпбиінің пернетақтасы бойынша диктант жазу – мен үшін қиын соққан жоқ. Әрине, бұл әріптерді күнделікті қолданып жүрмегендіктен, жазу дағдымыз қалыптаспағандықтан жазу қарқыны баяу болды. Әйтсе де, пернетақтада әріптердің орналасуы ыңғайлы» дейді. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының HR басқармасының HR менеджері Назугум Ибрагимова болса: «Мұндай пернетақтамен жұмыс ­жасау, яғни жазу мен үшін қолайлы болды. Мәтін теруді күнделікті жұмыста пайдаланамыз, бірақ біз кирилл графикасымен белгіленген пернетақтамен жұмыс ­жасаймыз. Сондықтан, латын графикасына көз үйрету керек екен. Бір сөзбен айтқанда, маған ұнады.Үйренуге болады» дегенді ­айтады. 21751 әскери бөлімінің мемлекеттік тілге жауапты маманы Гүлзайра Алханова: «Бүгінгі латыннегізді әліпбиде диктант жазу мен үшін қиындық тудырды деп айта алмаймын. Өйткені осы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында латыннегізді әліпби бойынша курсқа қатысып жүрмін. Десек те, тәжірибеміз әлі де болса жетіспейтін сияқты. Мем­лекеттік бағдарлама бойынша курс оқып, әскери қызметкерлерге түсіндіру менің міндетім. Сондықтан барлық сабақтарды мұқият тыңдап, латыннегізді әліпбидің емле ережелерін толық меңгеріп алуға тырысып жүрмін» десе, Цифрлық технологиялар басқармасы мемелекеттік мекемесінің қызметшісі Ербол Қылышбаев: «І (і) және и, й әріптері өте ұқсас, осыған байланысты аталған әріптердің басқаша таңбалануын қарастырса дұрыс болар еді. Ы және у әріптері кириллицада ұқсас емес, ал латын әліпбиінде ұқсас болғандықтан, пайдалану қиындық туғызады. Сол себепті мәтінді тергенде аздап қиындықтар болды» дейді.Цифрлық технологиялар басқармасының қызметшісі Жандос Ақыл: «Нүкте мен үтірді бұрынғыдай 6 және 7 сандары орналасқан батырмаларға қою қажет деп санаймын. Бас әріптегі «і» мен «и» әріптері клавиатурада бірдей І деп тұр. Кіші «и» әрпі, керісінше, клавиатурада «і» деп тұр, ал «і» әрпі «І» деп тұр, орындарын ауыстыру қажет» дейді. Еңбек испекция­сы басқармасының қызметшісі Анель Сауранбаева: «Қазаққа тән әріптерді пернетақтаның жоғарғы тұсына орналастыруды ұсы­намын» десе, Талдау және болжау орталығының қызметкері Аяулым Шөлбаева: «Ұқсас әріптерді қатар қойса ыңғайлы болар еді. Ң, у, і, қ әріптері көзге көрінетін жерде орналасса жақсы» дейді.

Әйгерім ИЕБЕКОВА,
Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың баспасөз хатшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.