Күміс жөнінде не білеміз?

Күміс – Аg элементтерінің периодтық жүйесінің І тобындағы химиялық элемент болып саналады.
Табиғатта тұрақты екі изотопы бар. Күміс өте ерте заманнан бастап адам тұрмысында пайдаланылып келеді. Мысалы, Мысыр перғауыны – Менес заманында (б.з.б. 3600 ж.) күміс алтыннан 2,5 есе қымбат болған. Одан күміс теңгелер, зергерлік бұйымдар жасалған. Күміс XVI ғасырдан ХІХ ғасырдың аяғына дейін Еуропа елдерінің ақша айналымында болған. ХІХ ғасырдың аяғында елдердің көпшілігі алтынға ауысты. Күміс валютасы Қытайда, Иранда, Ауғанстанда ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін сақталды.
Күміс қорғасын-мырышты, мыс, алтын-күмісті кентастардан алынады. Оның басқа металдармен қорытпасы зергерлік бұйымдар жасауда, медицинада күміс қосындылары, кино және фотоөнеркәсіптерінде, химия, электртехникалық және электрондық өнеркәсіптерінде қолданылады. Аg+ иондары суды жақсы тазартады. Қазақстанда күміс Бозшакөл, Қоңырат, Ақтоғай, Айдарлы, Бақыршық кен орындарында кездеседі.

***

Көп тілді мемлекет

Әлемдегі ең көп тілді мемлекет – Папуа Жаңа Гвинея. Өзі шағын ел бол­ғанына қарамастан, папуалықтардың қолданысында 820 тіл бар екен.
Қолданыстағы тілдердің көбі, тіпті бір топтағы туыс тілдерге жатпайды. Бұл көрсеткіш әлемдегі тілдердің 12 пайызын құрайды. Дегенмен, аталған сан әрдайым өзгеріп тұрады. Себебі кейбір тілдер жоғалып кетсе, кейде, керісінше, жаңадан қосылып жатады. Оның себебі ежелден жергілікті тұрғындардың ел ішіндегі араластығы төменгі деңгейде болған. Шағын ауылдардың өзі орман-тоғайлардың қалың болу есебінен екінші ауыл адамдарымен араласа алмайтын болған. Аталған елде үш мемлекеттік тіл бар: ток-писин, хири-мотуа және ағылшын тілі. Іс жүзінде халықтың 2 пайызы ғана ағылшын тілін біледі. Түрлі ауылдар мен аймақтардың тұрғындары өзара бір тілде сөйлессе, өзге аймақтармен араласу үшін мемлекеттік тілдердің бірін меңгеру керек.

***

Ең танымал сайт

Уикипедия – дүниежүзіндегі ең ірі әрі танымал веб-сайт­тардың бірі. Оған күніне 550 миллионнан астам адам кіреді.
Уикипедияда әртүрлі тілдегі 25 миллионнан астам мақала бар. Оның 4 миллионы – ағылшын тілінде. Олардың барлығын дерлік сол тілдердің дамуына мүдделі жанашыр жеке адамдар жазып отыр. Оларды бір ауыз сөзбен уикипедияшылар деп атауға болады.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, қазақша Уикипедия мақалалардың саны жөнінен түркітілдес Уикипедиялардың арасында екінші орынға көтерілді. Бірінші орын түріктерге тиесілі. Қазақ уикипедиясындағы белсенді (ерікті) редакторлардың саны – 328-ге жетті.

Раушангүл тұқымдасы қос жарнақ­тыларға жататын бұта, ағаш тәріздес бір не екі жылдық өсімдіктер. Жер шарында кең таралған, негізінен, қоңыржай аймақта өседі.
Оның 100-ден аса туысы, 3 мыңнан астам түрі белгілі. Қазақстанның барлық жерінде кездесетін 36 туысы, 200-ден артық түрі бар, оның 12-сі өте сирек кез­десетін өсімдіктер, сондық­тан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Раушангүл тұқымдасына жататын өсімдік­тердің жапырақтары күрделі, кезектесіп орналасады, бүтін жиекті, қосалқы жапырақшалары болады. Гүл кестесі бесеу, ата­лығы мен аналығы көп, гүлқоршауы көбіне екі қатарлы болып келеді. Бұл тұқымдасқа жататын өсімдіктер арқылы тозаңданады.

Әзірлеген Нұрлан ҚҰМАР 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.