Шыңдалу жолындағы қадам

Қазақ халқының бағына біткен батыр апа-аналарымыз көп. Олар ел басына күн туғанда қолына қару алып, ер жігіттей ерлік көрсете білді. Даудың түйінін айтып, күрмеуін шешкен шешен де ақылды әйелдер тарих беттерінде қалды. Бүгінгі күні жаһандану дәуірінде бұл сипаттың басқаша көрініс тапқаны рас.

Білім мен ғылымның шарықтау заманында өз біліктіліктерін көрсетіп, түрлі салаларда қызмет етіп жүрген қыз-келіншектердің есімдері де ел арасында айтылып жүр. Оның ішінде нәзік жандылар тәуекел ете бермейтін Ішкі істер саласында қызмет ететін арулар да уақыт өткен сайын көбейе түсуде. Бұл қызметті ерлерге ғана тән деп елестететін ел бұл жандардың да рухы мықты, жігерлі екендігіне куә бола бастады. Сондай аруларымыздың бірі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы полиция бөлімінің Штаб-тобы есепке алу тіркеу тәртібін бақылау инспекторы, капитан Айнұр Мэлсқызы. Небәрі жиырма жасында тәртібі мен талабы қатал мекеменің табалдырығын именбей аттаған Айнұр алғашқы қызметін Бейнеу ауданы Ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі мектеп инспекторы қызметінен бастайды. Балалықтың бесігінен кеше ғана шыққан Айнұрға бұл қызмет жеңіл тимесе де, жасөспірімдердің жай-күйін ұға білді. Мектеп жасында кездесетін түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға, оқушылардың қысылмай-қымтырылмай өзімен еркін сөйлесуіне, психологиялық көмекке жүгінуге мұқтаждарға көмектесе білді. Отбасында көпшіл болып өскен Айнұрға бұл қызмет қиын да болса көп нәрсенің байыбына баруды үйретті.
– Бала кезімнен әкем мен анам бізді шыншылдыққа, нақтылықққа үйретті. Әрине, алғашында мектеп оқушыларымен қарым-қатынас жасап, олардың ұсақ-түйектен басталатын қылмысы ертеңгі күні, өкінішті жайттарға әкелетінін түсіндіре білу оңай болмады. Әр баланың мінез-құлқы түрліше келеді. Көбісі отбасылық ахуалдан, жанындағы достарының көзқарасымен тікелей байланысты. Әкем мен анам мені бала кезімде домбыра үйірмесіне қатыстырды. Қазір де қолым қалт еткенде қолымнан домбырам түскен емес. Әдеби кітап оқуға әуеспін. Содан ба, маған адам жанын түсіну, нәзіктікпен тікелей байланыс­ты болып көрінеді. Домбыра пернесін шерткенде ерекше тұңғиық, шексіздікке жол тартасың. Бала жаны да, адам жаны сол іспеттес. Біз әр шалыс басқан кісінің тағдырына жауапты болғандықтан, шешім шығармас үшін ол кісінің тағдырына да, ойына да алаңдаймыз. Полиция қызметкері десе, қатыгез бейне елестейді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді. Біз тәртіп бұзылмаса, қуанамыз. Тыныштықты кім сүймейді? Дәрігер науқасты емдесе, ұстаз шәкірт тәрбиелейді, біз де өз міндетімізге адал болуға тырысамыз, – дейді Айнұр. Жөн сөз, есті сөз.
Еңбек ескерусіз қалмайды. Жауапкершілікпен атқарылған жұмысың жауапсыз қалмақ емес. 2014 жылы Бейнеу ауданы ІІБ бастығының «Алғыс хатымен», 2017 жылы Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті бастығының «Алғыс хатымен», 2018 жылы ҚР ІІМ Қ.Қасымовтың «Алғыс хатымен», ІІ-сынып маман дәрежесіндегі төсбелгісімен марапатталған. Бұл жиырма алты жастағы Айнұрдың жетістігі. Алты жылдан аса қызмет етіп келе жатқан бойжеткеннің мақсаты айқын, болашағына сенімді. Ең бастысы, тәртіпсіздіктің алдын алуға өз үлесімді қоссам деген арманы бар. Жас болса да шыңдалу жолында аянбай қызмет етіп жүрген Айнұрға сағың сынбасын, еңбек жолында жетістігің көп болсын деген тілек айтамыз.

Динара Мәлік

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.