«Үлкен үйдің» жаңалығы

«Асыл арна» телеарнасы­ түсірген «Үлкен үй» телехикаясының 5–6 маусымы ашылып, 9 қыркүйектен көрерменге жол тартпақ. Телехикаяның қысқартылған нұсқасының тұсаукесері өтіп, салтанатты жиынға ақын Темірғали Көпбаев, бокс­тан Олимпиада және әлем чемпионы, спортшы Ермахан Ыбырайымов бастаған өнер, мәдениет және спорт саласының белгілі қайраткерлері, арна басшылығы мен қызметкерлері, актерлер құрамы және журналистер қатысты. 

Тұсаукесер рәсімінде «Асыл арнаның» Бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Мұхамеджан Тазабек сөз алып, арнаның телехикаяны түсірудегі мақсаттарымен қысқаша таныстырып өтті:
«Асыл арна» – ең алдымен ұлттық құндылықтарды, қазақы дәстүрдің жай-күйін көрсетуге ұмтылады. Дінді үйренгісі келген жанға медресе, мешіт, университет бар. Ал біз, халықтың арнасы болған соң, халық қарап отырған соң, дін мен дәстүр бір-бірімен қабысып, сіңісіп кеткен қоғамда діннің негіздері мен ұлттық құндылықтардың сабақтас екеніне мән береміз. Осы мақсат жолында әр маусым ­басталарда көрерменімізді жақсы жаңалықтармен қуантқымыз келеді. «Үлкен үй» телехикаясының осы кезге дейін төрт маусымын көрерменге ұсындық. Көрермен көңілінен шыққаны сол, отандық өзге арналар арқылы да көрсетіле бастады. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, үлкен жетістік.
Бұл фильм қазақы қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өңірінде түсірілгенімен ерекшеленеді. Отбасындағы дәстүрді сақтауымен, отбасындағы бала санының көбімен ерекшеленген өңірдің бел ортасынан шығып, сол өлкеде еңбек етіп жүрген актерлер ойнағаннан кейін бе, фильмдегі оқиғалар жасандылықтан ада, нанымды шығып жатқандай».
«Үлкен үйдің» идея авторы – Мұхамеджан ­Тазабек. Арнаның Бас продюсері – Ерлан Әбдірұлы, сценарийін Мұрат Есжан жазған. Комедиялық телефильм «Асыл арна» телеарнасының өндірісі, режиссер Мақсат Оспановтың жетекшілігімен түсірілген. ­Телехикаяда қазақы тұрмыс-тіршілік, бүгінгі күннің бары мен жоғы, тәлім-тәрбиесі түрлі оқиғалар желісінде өрбиді. Комедия жанрында түсірілгенімен, әр оқиғаның, әр серияның астарында айтар ойы, қазақы таным-түсінігі бар. Бүгінгі қазақ өмірінің боямасыз келбетін, ауыл тұрғынының жаңа заманға трансформациялануға талпынысын, бүгінгі күннің қарапайым да ортақ кейіпкерінің бейнесін осы хикаядан табасыз. Нендей оқиғада да біржақты өсиет әңгімемен шектеліп қалмай, әзіл-қалжың, ащы мысқылды да сәтті ұштастыра алған.
«Арнамызда діни бағдарламалар да, балаларға арналған мультфильмдер топтамасы да, деректі фильмдер де, сериалдар мен көркем фильмдер де бар. «Асыл арнаның» соңғы жылдардағы миссиясы – діни ағартушылықтан гөрі, ұлттық құндылықтарға көбірек мән беретін бағытқа өту. Құдайға шүкір, ұлтымыздың бойын­да баба қанымен сіңген жақсы мінез жетіп артылады. Соны түртіп оятып жіберсе болғаны. Сол мінездерді, қасиеттерді кино, мультфильм, бағдарлама арқылы насихаттағымыз келеді. Сондықтан біздің арнаны тек діни бағыттағы емес, отбасылық арна деп те қарастыру ­керек» деп сөзін түйіндеген Мұхамеджан Оразбайұлы телехикая көрермен көңілінен шығып жатса, алдағы уақытта да жалғасатынын айтып өтті.

Қ.Серікқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.