Дін – діңгек

Соңғы кездері қоғамда дәстүрлі дін, дәстүрлі ислам деген түсінік жиі айтылады. Бірақ оны әркім әрқалай түсінеді. Мәселен, қазақ халқы үшін дәстүрлі дін – ол ислам діні, ал дәстүрлі ислам – ол ханафи мазһабы мен матуриди сенімі. Осы фикһ пен сенім мектебі қазақ даласында ислам діні таралғаннан бері дәстүрлі ислам ретінде жергілікті халықтың санасына сіңді.

Орта ғасырларда исламды ғылыми тұрғыда зерттеп, оны мәдени тенденция ретінде қарастырып, араб тілімен қатар парсы және шағатай тілдерінде ғылыми, әдеби бағыттағы шығармаларды жаза бастаған түркі қауымы әлемдік мәдениеттің ­дамуына орасан зор үлес қосты. Діни білім беретін медреселер, ғылыммен айналысуға арналған кітапханалар сол замандағы меценаттар мен ғалымдар тарапынан қолдау көрсетілу арқылы ашыла бастады. Уақыт өте келе түрлі саяси идеологияның әсерінен қоғамдық сана, діни көзқарастар өзгере бастады. Кеңес үкіметі тұсында медреселер мен мешіттер жабылып, діни қызметке тыйым салынды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Кеңес үкіметінің дінге деген көзқарасы өзгере бастайды. Дін бұрынғы заманның сарқыншағы ретінде сипатталып, атеистік таным үстемдікке ие болады. «Дін – апиын» деген ұранмен дін қараланады. Қазақ интеллигенциясы өкілдерінің барлығы дерлік әуелі ауыл молдасынан сауат ашқан. Содан соң барып қана білімге шақырып, оқу-ағартумен айналысып, ғылым қуған. Сонымен қатар олардың өмір сүру әдебі заманауи түрде көрініс тапты. Себебі олардың дәстүрлі діні зайырлы болуға, заманнан қалмауға, үнемі ізденісте болып, ғалым болуды мақсат тұтуға үйретті. Ендігі бір мәселе сауат ашу мен білім берудің қалай жүргізілгені туралы болса, жоғарыда айтқанымыздай мешіт, медреселерде ұстаздық еткен Орта Азия, Түркия, Ауғанстан, Мысыр, Үнді т.б. елдерде оқыған, жоғары дәрежедегі білім алған ишандар мен ахундарға қайта ораламыз. Бұлар сөз жоқ – қоғамдағы діни-ағартушылық ағымның өкілдері болды. Соңғы уақыттары айтылып, жазылып жүргеніндей қазақ мұсылмандығын қалыптастыруға, бекітуге қызмет еткен діни-ағартушылардың дүниетанымдық тұғырнамасы, ұстанған бағыт-бағдары сопылық философияға негізделген еді. Жалпы қазақ, түрік мұсылмандығы жөнінде айтқанда ұлы бабамыз Ясауидың «Менің Хикметтерім Құран мәні» деп ғұмыр кешкен, түркілік дүниетанымда мұсылмандықтың жаңа, жасампаз үлгісін қалыптастырған, әдебиет пен өнерде сопылық поэзияның негізін қалаған данышпандық жолын біліп қана қоймай, басшылыққа алып ойлануымыз қажет-ақ.
Діннің әлеуметтік мәні зор. Әрбір қоғам отбасынан, отбасы жеке адамдардан тұратын болса, солардың әрбірі жеке ожданы, өзіне, әлемге, мемлекетке тағы сол сияқты Жаратушыға қатысты жауапкершілігі бар тіршілік иесі. Оған қоса дін қоғамдық тәртіп пен жүйеге, жеке адамға, қауымдасып жасайтын амалдар бұйырады. Ал діндар тұлға үшін діннің бұйрықтарын орындау, тыйымдарынан қашу, құлшылық пен мінажаттарын жүзеге асыру ожданының тілегі, жауапкершілігі болып табылады.
Ал енді зайырлылық ұстанымы бар, бірақ оны негізге алмайтын мемлекеттерде діни фанатизм немесе­ ­саяси лаңкестік билікке үстемдік етеді. Діни фанатизм надан діндардың өзінің діни ақидаларын абсолюттік ақиқат ретінде қабылдап, басқа діни танымдағылардың жолына «ширк» ретінде үкім шығарып, саяси билікті өз ықпалына алып күн көрсетпейтін нағыз дін дұшпаны, мазхаб ерекшеліктерін құрметтемейтін, Алланың атынан сөйлеуге бейім, қағидашыл, қауға сақал бүгінгінің салафилері сияқты болады. Ал саяси фанатизм белгілі бір тұлғаның саясат, қоғам туралы өзінің жеке көзқарасы мен ойларын абсолюттік ақиқат деп басқаларды көзге ілмейтін надандықтың дұшпандығы. Сондықтан дін еркіндігін діни және саяси фанатизмге қарсы қорғаудың бірден бір жолы зайырлылық ұстанымы және оның көпқырлы функциялары болу керек деп ойлаймын. Зайырлылық негізінен өлшем, тепе-теңдік жүйесі.
Жаһандану жағдайында, электронды ақпарат алмасу қарқынды түрде жүзеге асып, дамыған және дамушы­ елдерде әлеуметтік желілердің үлесі артып жатқанда зайырлылықты сақтап қалу қиынға соғуы мүмкін. Себебі ­радикалды діни топтар ғаламтор арқылы психологиялық манипуляцияға оңай берілетін адамдарды қашықтықтан басқарып, олардың психикасы мен діни көзқарастарын догматикалық қағидаттармен өзгертеді. Соның нәтижесінде қоғамның біртұтастығы мен зайырлылығына қауіп төндіреді. Осы секілді мәселелер туындамас үшін діни жоралғыларға қатысты құбылыстың барлығы заң аясында жүзеге асып, сол бойынша реттеліп отыру бүгінгі замандағы зайырлы қоғамының басты талаптарының бірі.
Ислам діні көпшілікті жақсылық жасауға, береке-бірлікке, ағайындыққа шақыратынын жақсы білеміз. Қазақтың қанына сіңген бұл қасиеттер тұрғанда ислам діні де, қазақы ұлттық кодымыз да мәңгі сақталады деп нық айтуға ­болады.

Ерлан МАТАЕВ,
Алматы облысы дін істері басқармасы «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының»
маманы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.