«Дала күні» диқандарға ой салды

Соңғы жылдары әлемдегі су жетіспеушілігінің өршуіне байланысты мемлекеттерді тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелері ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қарастырылып жүр. Мұның себебі көп.  Ең бастысы, болжамдарға сәйкес, 2025 жылға қарай әлем халқының саны – 8,3 млрд, ал 2050 жылы, шамамен, 10-12 млрд-қа дейін жетпек.

Қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, алдағы 50 жылда су жетіс­пеушілігі немесе су көздерінің ластануымен байланысты мәселелер ғаламшардың әр мемлекетіне түрлі дәрежеде әсерін тигізетіні күтілуде. Бұл ретте жаһандық су жетіспеушілігінің өршуі әлемнің көптеген елдерін азық-түлікпен қам­тамасыз ету және экологиялық қауіп­сіздік жай-күйіне жоғары дәрежеде әсер етеді. Бұл мәселе біздің елде де жылдан-жылға өршіп келеді. Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұ­лақ» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Ал ­суармалы егін шаруашылығын сумен қамту да өзекті мәселелердің бірі. Себебі кеңестік кезеңдегі каналдардың көбі істен шыққан. Тамшылатып және жаң­бырлатып суғару технологиясы шаруалар үшін қымбатқа түседі. Арық, тоған арқылы суғару жерді құнарсыздануға ұрындырады. Сондықтан да Ө.Оспанов атындағы Қазақ Топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары соңғы 5-6 жылдың көле­мінде суды көп керек ететін күрішті алқаптарда Қытай технологиясы бойынша тамшылатып суғару әдісін диқандар тәжірибесіне енгізуде. Осы тәжірибелерінің нәтижесін институт ғалымдары жақында «Дала күні» шарасында еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар мен диқандарына Бақанастағы күріш алқабының басында нақты дәлелдермен көрсетті. Бұл жөнінде институт директоры, ауылшаруашылығы ғылымының докторы Абдолла Сапаров былай дейді:
– Күрішті тамшылытып суғару озық технологиясын Қазақстанның тұзданған топырақтардағы суармалы алқаптарында бейімдеу үшін далалық ғылыми-өндірістік жұмыстар жүргізіп келеміз. Осының нәтижесінде күріш өндірудегі 1 гектарға кететін судың көлемін 2,5 есеге, күріш тұқымының көлемін 14 есеге азайтуға болатынын, сонымен қатар күрішке қажетті ­минералды элементтерді су арқылы тамырына беру мүмкіндігін дәлелдедік. Соның нәтиесінде өнім көлемі де 2-3 есеге өсті.
Шара барысында диқандар мен ғалымдар дәстүрлі және тамшылатып суғару технологиясымен өсіп тұрған күріш алқабындағы өнімді салыстыра зерттеді. Нәтижесінде тамшылатып суғару технологиясымен өсіп, піскен күріштің тамыры үлкен, сабағы ұзын және ондағы күріш дәндерінің ірі екендігіне көз жеткізді. Бұл тамшылатып суғару технологиясына Үкіметтен субсидия бөлінетіні де айтылды. «Дала күні» шарасынан диқандар көп жағдайға көз жеткізіп қайтты.

Нұрболат Абайұлы,
журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.