Дамудың тың серпіні

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылдың 2 қыркүйегіндегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында қоғам өмірінің аса маңызды өзекті мәселелері қамтылған. Сондай-ақ еліміздің жеткен жетістіктері мен халықаралық саяси-экономикалық аре­надағы орны және жаңа жаһандық дәуірде атқарылуы тиіс маңызды мәсе­лелер айқындалған. Аталған Жолдау тың бастамалар мен серпілістерге толы деп есептейміз. Өйткені еліміздің даму мүмкіншіліктері мен әлемдегі саяси-экономикалық жағдай соны талап етіп отыр. Сонымен қатар «Алдағы уақыттағы жолымыз қандай? Мемлекетіміздің басты құндылығының тағдыры не болмақ?» және т.б.  халық көкейіндегі сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, олардың шешілу жолдарының айқындалуы және ахуалды жақ­сарту үшін жасалған іс-қимыл жоспары күдікті сейілтіп, болашаққа деген сенімді тұрақтандырды.

Жолдауда мемлекетіміздің эконо­микалық әлеуетін арттыру мен қоғамдық-саяси реформалар аясын­дағы шаралармен қатар, әлеуметтік сала­ның өзекті мәселелері де назардан тыс қалмаған. Әсіресе, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін жаңа сапалық деңгейге көтеруде басты орын алатын білім беру мен ғылым жайы ерекше­ көрініс тапқан. Ғылым саласында нәтижелі зерттеулердің жүргізілуі мен олардың тәжірибелік тұрғыда табысты қолданылу қажеттілігіне басымдық берілген. Өйткені білім мен ғылымның сабақтастық негіздегі ­сапалы жетістігі елімізді жаңа тарихи кезеңде маңызды белеске жеткізуде әрі ұлттық бірегейлікті сақтау жолында атқаратын рөлі зор екендігі сөзсіз. Осы орайда, ҚР БҒМ Ғылым Комитетіне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы ­Тарих және этнология институтында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Өйткені тарих – қоғамды бір мақсатқа жұмылдырып, бір ұлтты ғана емес, түрлі этнос өкілдерін топтастыра алатын идеологияның басты құралы десек, қате болмас. Тәуелсіздігіміздің отыз жылға жуық мерзімінде жүргізіліп келе жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары бүгінде қызу жалғасуда. Ұлттық тарихымызға деген сұраныстың артуын алдымен еліміздің егемендігімен байланыстырсақ, екіншіден Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдау танытуы нәтижесінде ұлттық тарихымыздың қайта жазылып, насихатталуына тың серпін бергені рас. Бүгінде, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының ­басым бағыттары мен оның заңды жалғасы болып табылатын «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жүктелген міндеттер біздің кәсіби жұмысымыздың басты бағытына айналды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда алдағы уақытта ұлт игілігі аясындағы бастамалар сабақтастық негізде өз жалғасын табатындығын жеткізді. Сондықтан бірлігі бекем, даму қарқыны алға арындаған институт ұжымы Президент Жолдауын бар ықыласымен қолдайды. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында бүгінде бірқатар ғылыми жобалар орындалуда. Атап айтсақ, «Ұлы даланың ­тарихы мен мәдениеті» атты ғылыми жоба негізінде «Қазақcтандағы ұлт-азаттық қозғалыстар ұлттық бірегейлікті сақтау мен нығайту контексінде» бағыты іске асырылуда. Зерттеу жұмысы аясында патша өкіметінің отарлық саясаты кезеңіндегі қазақ мемлекеттілігін және ұлттық болмысын сақтау жолындағы бабаларымыздың қайсарлығы, ер­лікке толы күрес жолы тың деректер негізінде айқындалмақ. Сондай-ақ «Архив – 2025», «Қазақстан халқы ­ғы­лыми интерактивті тарихи картасын аналитикалық зерттеу, өзектендіру және ақпараттық қолдау», «Ұлы даланың Ұлы есімдері» және т.б. ғылыми ­Жобалар орындалуда. Отан тарихындағы елеулі оқиғалар аясындағы зерттеу жұмысының нәтижелері жас буынды нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге, тарихи сананы қалыптастыруға жол ашатыны анық. Қазіргі таңда еліміз қарқынды дамудың үлгісін көрсетіп келеді, халық­аралық аренада болашағы баянды, мақсаты айқын, бағыты белгілі ел ретінде танылды. Еліміздің сыртқы саясаты белсенділігімен, тепе-теңдік сақтауға ұмтылысымен, прагматизмдігімен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен және көп жақты ынтымақтастыққа бағытталғандығымен ерекшеленеді. Бағындырған белестерімізден гөрі алар асуымыз әлі алда екендігін әлемге ісімізбен дәлелдеген мемлекетпіз. ­Демек, Отанымыздың қарыштап ­дамуына әрқайсымыздың өзіндік қосар үлесіміздің болуы да шарт. Осыған орай, Президент Қ.Тоқаевтың еліміздің болашағы мен егемендігінің баяндылығы мәселесі қозғалған халыққа үндеуінің тарихи маңыздылығы мен жүктелген салмағын сезініп, осыған сай әрекет ете отырып, қолдау көрсету баршамыздың мін­детіміз деп санаймыз. Институт ұжымы Президент ұсынған жарқын ­бо­лашақ жолында абыройлы міндеттерді жұмыла көтереріне кәміл сенеміз.

Айнагүл ҚАЙЫПБЕКОВА,
Ш.Уәлиханов атындағыТарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.