Музыка адамның көзіне әсер етеді

Қарашық көзге түскен жарық ағынының мөлшерімен кеңейе, тарыла отырып, ­жа­рықты оған енгізіп, адамға қоршаған ортаны көруіне жәрдем ететіні баяғыда дәлелденген.
Бірақ қарашық көлемінің өзгеруінің физикалық қана емес, сезім арқылы да жүзеге асатын түрі бар. Түрлі жағдайда алған эмоциялар да көзге ықпал етеді. Қарашық көлемі ой әрекеті ауысқан кезде өзгереді. Алайда Вена университеті мен Инсбрук Университетінің өкілдері жүргізген эксперимент барысында қарашыққа музыка әсер ететіні анықталды. Әннің тыңдаушыға эмоциялық әсер ететіні белгілі. Зерттеу барысында, еріктілерге біраз музыкалық туындыларды тыңдау ұсынылды. Ғалымдар болжағандай, даңғаза әуендерді тыңдағанда қарашық кеңейген, ал баяу әуен еш реакция бермеген. Адам өз өміріндегі маңызды оқиғаларына байланысты әуен үзіндісін тыңдаған сәтте қарашықтың серпіні күшейген. Зерттеу нәтижелерінің дәйектілігі үшін эксперимент уақытында музыканың эмоциялық жүктемесі талқыланды. Ал кейіннен қатысушылар композиция үзінділерін тыңдаған, сол уақытта олардың қарашықтарының мөлшері өлшенді.

***

Бейсбол ойыны туралы не білеміз?

Бейсбол бүгінде әлемдегі ең танымал ойындардың қатарына еніп үлгерген. Ағылшын тілінен аударғанда «негізгі доп» деген мағынаны білдіретін спорттың бұл түрі біздің елде аса дамымағанымен, дүниежүзіндегі, әсіресе Солтүстік Америка мен Еуропада және Шығыс Азия елдерінде жоғары сұранысқа ие.
Америкалықтар бұл ойынды АҚШ-та пайда болды деп есептейді. Оған «Никербокер» клубының негізін қалаушы Александр Картройттың Нью-Йорктың тумасы болуы себеп. Ол ойын ережелерін құрастырып, бейсбол әрқайсысы 18 адамнан тұратын 2 команда арасында өтуі керек деп шешкен. Осылайша, 1846 жылы «Нью-Йорк Найн» мен «Никербокер» клубтары арасында бірінші рет ресми кездесу ұйымдастырылды. Бейсболдан ерлер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты 1938 жылы өткізілген. Әйелдер арасындағы чемпионат тек 2004 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ал 1986 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті Олимпиада ойындарының қатарына қосқанымен, танымалдылығы жеткіліксіз деген себеппен 2005 жылы төртжылдықтың басты додасының бағдарламасынан алынып тасталды.
Бейсболдан келіп түсетін жыл сайынғы табыс көлемі, шамамен, 900 миллион долларды құрайды. Ал кәсіпқой ойыншының орташа жалақысы жылына 550 мың доллар төңірегінде. Қазіргі таңда АҚШ-та 30-ға жуық бейсбол стадионы бар. Әр алаң 40 мыңнан астам көрерменді сыйдыра алады екен.

***

Шаш неге түседі?

Шаштың жағдайы жас ұлғайған сайын нашарлай береді. Он сегіз жастан бастап-ақ шаш фолликулдарының саны азаяды.
Қазіргі балалар тез жетіледі, сол себепті шаштың түсуі де ерте жастан байқалуда. Шаштың түскіштігінің 75 пайыз жағдайы әке жағынан беріледі. Жуырда ғалымдар «таздану генін» тапты. Бірақ оның қандай жағдайда белсенділікке ие болатындығы белгісіз. Тек белгілі бір жасқа келгенде тестостеронның шаш фолликулаларына теріс әсер ете бастайтындығы ғана белгілі. Осыдан келе шаштың өсуі бұзылып, жұқарады, бірте-бірте мамыққа айналады да мүлде жоғалады. Бұл көбіне 45-55 жастағы әйелдер мен ерлерде байқалады. Бұл «андрогенді алопеция» деп аталады және емі ұзақ әрі күрделі. Сондықтан белгілері байқалған бойда дәрігерге көрінген жөн.

***

Пирамидалар қалай салынды?

Ең әуелі пирамидалардың өте дәлдікпен салынғаны таңғалдырады. Соншама көп тастардың қандай жолмен өңделіп, қалай жеткізіліп, қалайша қаланғаны да жұмбақ.
Геометриялық орналасуы да ғажап. Бұл пирамиданың төрт жағы дүниенің төрт бұрышына бағытталған, бар-жоғы 8 минуттық ауытқу байқалады (20 сантиметр). Ал Хеопске көрші 143,5 метрлік биік Хафр пирамидасы, келесі 65 метрлік Менкаур пирамидасы үшеуі биіктен қарағанда, батысқа қарай дәл өлшеммен шұбырта бағытталып салынған. Хеопс пен Менкаур пирамидаларына қатарласа қаз-қатар үш-үш кіші пирамидалар орналасқан. Ол перғауындардың әйелдері мен апа-қарындастарына арналған молалар болған. Олардың да өзара өлшем ұқсастықтары егіз тамшыдай.

Әзірлеген Нұрлан ҚҰМАР 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.