Алматының алмасы…

Алматы қаласында «Алматы – алма орталығы: экономикалық, экологиялық және мәдени келешегі» атты халықаралық форум өтті. Іс-шараны Қазақстанның табиғатты сақтау жөніндегі эко-қозғалысының белсендісі Ажар Жандосова ұйымдастырды.
Форум «ALMA – Apple» қалалық қоғамдық бастамасы аясында өтті. Оның идеясы – Алма қаласына, Алмаға және Алма ағашына арналған бүкіл қалалық іс-шаралар мен жобаларды бірыңғай бағдарлама және бірыңғай ақпараттық кеңістік аясында біріктіру.

«Біздің қаламыз әрдайым алмамен байланыстырылып келді. Форум Алматының алма қаласы ретіндегі бұрынғы даңқын дәріптеп, қайта жандандыру мақсатында өткізіліп жатыр. Форумда біз жұртшылықтың назарын аударып қана қоймай, ғылым мен өндірісшілерді бір кеңістік аясында біріктіруді көздейміз» деп атап өтті Ажар Жандосова.
Бастама аясында алматылықтарға алма қаланың даңқын қайта жандандыруға белсенді түрде қатысу ұсынылып отыр. «Әрбір адам өз тарапынан алманы дәріптей алады. Адамдарда әртүрлі бастамалар пайда болып жатыр, бір адамдар алма бағын отырғызғысы келсе, кейбіреулер алмамен би өткізуге дайын. Біз Алматыда тұратын және Алматыға келетін адамдар алманың дәмін сезініп көрсе екен дейміз. Яғни алмадан жасалған тағамды дайындайтын әрбір мейрамхананың орнын көрсететін және қала қонақтарына оның дәмін татып көруге мүмкіндік беретін алмалы орындар картасын жасап шығару туралы идея туындады. Негізінде алма таусылмас тақырыптардың бірі екені сөзсіз» деп, өз ойымен бөлісті форум ұйымдастырушысы.
Форум аясында ғалым, бизнесмен, қоғамдық және мәдени қайраткерлер Сиверс алмасынан бастап, Қазақстандағы және әлемдегі алма шаруашылығының даму беталысы сынды кең мәселелер шеңбері аясында сөз сөйледі. Шараға ұштастырылған көрмеде қалаған адам алманың жергілікті сұрыптарының, соның ішінде атақты апорттың дәмін татып көре алды. Іс-шара аясында плакаттар көрмесі өтті. ­Сонымен қатар іс-шара қатысушылары алдында «Алма манифесі» оқылып, оның аясында форум қатысушылары бүкіл әлем бойынша алманы және алма ағаштарын сақтап, кеңінен таратуға үндеді. Манифест мақсаты – жер бетіндегі әрбір адамға шаққанда бір-бір жеміс ағашын, яғни бүкіл әлем бойынша 8 миллиард жеміс ағашын отырғызуға үндеу.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.