Бірлік түбі – береке

Облыс әкімі өкілдігінің мәжіліс залында «Жібек жолы Жетісудан басталады» атты конференция өтті. Аталған ­шараны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» ұйымдастырды.
«Ұлы Жібек жолындағы сұхбат» халықаралық мәдени жобасы аясында өткен жиынға белгілі қоғам қайраткерлері, қоғамдық келісім мен этномәдени бірлестік өкілдері және «Жаңғыру жолы» жастар штабының мүшелері қатысты. Конференцияны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай ашып, жүргізіп отырды.

Ұлы Жібек жолының адамзат өркениетінде алатын орны ерекше. Ол кезінде Азия мен Еуропаны жалғастырған алтын көпірге айналған. Жібек жолы арқылы халықтар арасындағы экономикалық және рухани байланыстар нығайып, әлемдегі саяси тұрақтылықтың сақталуына зор ықпал етті. Бүгінгі таңда да сол сабақтастық жібі үзілген жоқ. Ары қарай қанатын кеңге жайып келеді. Жібек жолы бойында орналасқан мемлекеттер ортақ тарихын бірге зерттеп, зерделеуге күш салуда. Оның астарына үңілген сайын өзара ықпалдастық пен сенім күшейе түсіп, дамудың даңғыл жолына нық қадамдар жасалуда. Міне, осындай ортақ іске өз септігін тигізіп келе жатқан «Ұлы Жібек жолындағы сұхбат» халықаралық мәдени жобасын айтуға болады.
– Бұл жобаның жұмыс істеп жатқанына он шақты жылдың жүзі болды. Оған Орталық Азия ғалымдары да атсалысып келеді. Бірлесіп жұмыс істеудің арқасында тарихты зерттеу жаңа арнаға бұрылды. Облыста да осы жоба аясында игілікті іс-шаралар өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналды. Биыл – Жастар жылы. Сондықтан әр ауданнан топтасқан жас мамандарды, география мен тарих пәні мұғалімдерін осындай ізгілікті шараға қатыстырып отырмыз. Жетісудың киелі жерлері мен тарихи ескерткіштерін араладық. Аталған конференция сол сапарымыздың қорытындысы. Жібек жолы тарихында Жетісудың алатын орны ерекше. Бүгінгі жиында айтылатын пікірлер, оқылатын баяндамалар жас ұрпақтың зердесін ашып, танымын тереңдетеді деп ойлаймын, – деді Ғабит Тұрсынбайұлы.
Бұдан кейін сөз алған белгілі қоғам қайраткері, тарих ғылымының докторы, профессор Георгий Кан Ұлы Жібек жолының өркендеуіне түрік мемлекеттерінің ықпалы туралы кеңінен әңгімеледі.
– Біз кезінде Түрік тарихының картасын әзірлеу жұмыстарына қатыстық. Сонда Моңғолия мен Кавказға дейінгі аралықтағы түріктердің ел басқару нышандарын жіті зерттедік. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде белгілердің басым бөлігі Жетісу жерінен табылғанына көзіміз анық жетті. Киелі Жетісуды түріктердің түп-тамыры дейтініміз сондықтан. Ұлы Жібек жолының өркендеуі Түрік қағанаттарының дәуірлеу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Олар жолдың қауіпсіздігіне кепіл болды. Сол арқылы тек сауда-саттық қана емес, өнер мен мәдениет, ғылым мен әдебиет қатар дамыды. Өркениетке кең жол ашылды. Уақыт өткен сайын Жібек жолының тарихы да тереңдей түсуде. Біз бір нәрсені анық түсінуіміз керек, тарих жауласу үшін емес, халықтардың бір-бірімен жақындасуы үшін керек. Ұлы Жібек жолының тарихы жас ұрпақты ынтымаққа бастайды, – деді Георгий Кан.
Конференцияда Шымкент қалалық ғылыми сараптамалық тобының мүшесі, тарих ғылымының кандидаты Қайрат Анарбаев, Жамбыл облыстық ғылыми сараптамалық қолдау бөлімінің бас сарапшысы Альбина Тапаева, Түрікстан облысынан келген заң ғылымының кандидаты Асхат Есеналиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Любовь Ни, «Достық» газетінің бас редакторы Зейнегүл Сейсеновалар баяндама жасап, ойларын ортаға салды. Конференция соңында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін нығайтуда атқарып жатқан жұмысына тоқталып, «Бірлік түбі – тірлік» екенін қатысушылардың тағы бір есіне салды.

Б.МӘЖИТ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.