Атажұртқа оралу

Талдықорған қаласындағы Достық үйінде «Қазақтану» жобасы аясында­ «Атажұртты аңсау» тақырыбында кездесу өтті. Келелі басқосуға Достық үйі ­директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, облыстық Ассамблеяның хатшылығы, этномәдени бірлестік басшылары мен белсенділері және «Жаңғыру жолы» жастар штабының өкілдері қатысты. 

Сөз кезегін алған республикалық «Қазақ қауымдастығы» орталық ақпа­раттық бөлімінің меңгерушісі Серікхан Ахметов:
– «Оралман» сөзін кемсіту ретінде санамауымыз керек. Өйткені ата-­бабаларымыз өмірге келген ұлдарына Оралған, Оралбек деген мәнді де мағыналы есім берген. Ұрпағы ұрыс даласына шыққанда сол жерден аман-есен оралсын деген мақсатта болған. Ал бүгінгі біздің тілге тиек етіп отырған «оралман» сөзі қандастарымыздың елге аман-есен оралуы. Ел басына қиын-қыстау күн туғанда ол кісілер ұрпақты аман сақтап қалу үшін бас сауғалап, көрші мемлекеттен пана тапты. Сол мемлекетте қазақ деген қасиетті халықтың ұрпағын жалғастырды. Тәуелсіздігімізді алып, шекарамызды шегендеген соң, көрші мемлекеттерден қазақ азаматтарын елге оралтуды Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қолға алды. Міне, біздің ең басты жетістігіміз бен шыққан биігіміз осы деуге ­болады. Соның арқасында қаншама қандас ­бауырларымыз елге оралды. «Оралман» мәртебесін алып, кейін Қазақстан Республикасының азаматы атағын да иеленді. Сол үшін бұл сөздің астарында ешқандай да өзге ой жоқ екенін біз көпшілікке кеңінен айтып насихаттауымыз керек. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ұранды ешқашан естен шығармасақ деймін, – дей келе, құжат рәсімдеу мәселесіне кеңінен тоқталды.
Жиын барысында оралман мәртебесін алудың заңдылығы жан-жақты түбегейлі талқыланды. Бүгінде оралман мәртебесін өз еркімен ел аумағына келген және республика аумағынан тыс жерде тұратын жандар да ала алады. Мәртебені алу үшін алдымен жергілікті әкімшілік мекемеге өтініш жазады. Содан кейін ғана республика аумағында тұрақты тұруға рұқсат алып, соңынан куәлігін алады. Барлық талапты заң негізінде рәсімдеген этникалық қазақтардың жәрдемақы, өтемақы және басқа да көмек түрлерін алуына мүмкіндігі бар.

Эмиль КУРБАНОВ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.