«Өзі де, сөзі де Айқын еді»

«Сыншы, ең алдымен, халықтың мүддесін, ой-тілегін білдіруші, қалың көпшілік пікірінің өкілі. …Сыншы­ –­ әдеби туындының төрешісі ғана емес, сонымен бірге оның жанашыр тілеушісі, ақылшысы да» деп ой түйген белгілі ғалым, қазақтың ойшыл сыншысы­ Айқын Нұрқатов жайында замандастары мен қатарластарының, қазақтың белгілі ғалымдары, қаламгерлері мен мәдениет-өнер өкілдерінің естеліктері топтастырылған еңбек жарыққа шықты. «Ана тілі» баспасынан оқырманына жол тартқан «Өзі де, сөзі де Айқын еді» атты жинаққа ғалым туралы естеліктер, мақалалар, арнаулар топтастырылған.

Кітапты құрастырып, алғы сөзін жазған Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, профессор Серік ­Негимов 1959 жылы Қазақстан жазушыларының IV съезі қарсаңында «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Өсуден өскен талап» атты мақаласында келтірілген жоғарыдағы үзіндіге тоқталып, расында да «өткір тіл өрт сөндіреді» дегендей, ойы дәйекті, тұжырымы тастүйін сыншы Айқын Нұрқатовты азулы жазушыларымыз мойындағанын атап өтеді.
«ХХ ғасыр ішіндегі қазақтың сыншылық өнері тарихында, абайтану, әуезовтану ілімдерінің өсу, өркендеу жолында ерекше еңбек сіңірген, сонымен қатар суреткер шеберханасы мен психологиясы, әдеби сынның шығармашылық, публицистикалық, философиялық және ғылыми сипаты, әдеби тіл мен сөйлеу тілінің ерекшеліктерін саралау, көркемдік құбылыстардың ішкі мазмұнын көрсету, ұлттық ойлау жүйесі, шығарманы өңдеу және жазылу тарихы, талдау методологиясының әдіс-тәсілдері, әдеби дәстүр мен жалғастық жайында кесек ой-тұжырымдар қалдырған әдебиет тарихшысы һәм сыншысы Айқын Нұрқатов еді. …Әдебиет сыны көркем, шебер жазылуы керек. Бұл ретте білімді, ойшыл, талғамы биік, парасатты Айқын Нұрқатовтың: «М.Әуезовтен кең тұрғыдағы әдеби салыстыруларға икемділікті, С.Мұқановтан әдеби фактілерді мол қамтушылықты, Ғ.Мүсіреповтен логикалық тұтастық пен пікір айқындығын, М.Қаратаевтан стиль сындарлығы мен шабыттылықты, Е.Ысмайыловтан қызу темперамент пен айқындықты үйренер едік» дейтін ғылыми-теориялық тұжырымынан оның әдебиеттанушылық зор қабілетін көруге болады» делінген кітаптың алғы сөзінде.
А.Нұрқатов әлем әдебиетінің сөз зергерлері Жоржи Амаду, Низами, А.Пушкин, М.Лермонтов, Л.Толстой, А.Толстой, Н.Чернышевский, Н.Гоголь, Т.Шевченко, М.Горький, Ғафур Ғулам, В.Маяковский жөнінде қалам тербеді. Шоқан, Абай, Ақан сері, М.Әуезов, Б.Майлин, С.Дөнентаев, С.Торайғыров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин хақындағы ­кесек еңбектерін, бұған қоса 1948-1965 жылдары проза, поэзия, драма­тургия, әдебиеттану, көркемөнер бойынша­ жарық көрген жүздеген шығармаларға сыни пікір, рецензия, мақала жаза отырып, аударма саласымен де айналысқан. Н.Венгров пен М.Эфростың «Дмитрий Фурманов» романын, Лениндік сыйлықтың лауреаты­ Ш.Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повесі мен «Сыпайшы» әңгімесін қазақ тіліне тәржімалаған.
Бұл жинаққа небәрі отыз жеті жыл ғұмыр кешіп, артында өшпес мұра қалдырған, өнімді еңбегімен қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан, филология ғылымының кандидаты Айқын Нұрқатовтың өз мақалалары да енгізілген. Сонымен қатар С.Қирабаев, Н.Ғабдуллин, М.Базарбаев, Б.Сахариев, М.Атымов, К.Ілиястегі, Т.Кәкішұлы, Р.Нұрғалиев, Д.Досжан, С.Досанов, Р.Тұрысбек, Б.Омарұлы және т.б. қаламгерлер ғалымның шығармашылығы хақында ой өрбітіп, естеліктерімен бөліседі.
Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.