Ұстаз. Қаламгер. Азамат

Осындай қазадан кейін әлдеқандай мұңды ой жаныңды жегідей жеп, көңіліңді қаузайды. Қандай, қандай бір адам өмірден өткені де ауыр. Оның үстіне, ол ұстазың болса ше? Онда, тіпті, қиын. Міне, сондай ұстаздарымыздың бірі әрі бірегейі, қазіргі қазақ журналистерінің көбісінің ұстазы – Әбілфайыз ағай Ыдырысов өмірден өтті.

Ол кісі жай ұстаз ғана емес, аты-жөні үлкен әріппен жазылатын адами-азаматтық тұлғасы биік те жан еді. Біздер, студенттер ол кісінің мейірім-шапағатын жақсылығын көрумен бірге, кейбір тұстағы әкенің балаға деген қаталдығындай мінезін де көріп өстік. Яғни алақан болып сипаған қол, жұдырық болып сес көрсете алатынын да сол ұстазымызға қарап, ұғып, түсінген болатынбыз. О да бір ғұмыр, қайталанбас өмір.
Біз оқып жүрген жылдары қазіргі Ұлттық университет Бас поштаның қасында болатын. Кеше әлдеқандай бір себептермен сонда барғанда, осыдан 2-3 күн ғана бұрын өмірден өткен ұстазым Әбілфайыз Ыдырысов­ есіме түсті. Бір жолы сол кездегі студенттердің кейбіреулеріне тән қылықпенен ерекшелеу көзге түсіп, оқыс іс-әрекеттерге барған кезімде, мәселем сол кездегі студенттер тілімен айтқанда «ісім майшаммен» қаралып, алдымда оқудан шығу мәселесі тұрды. Сонда, Әбілфайыз ағай, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» демей ме, атамыз қазақ. Бұл баланы бір жолға кешірейік. Қайталана қалған жағдайда, аяушылық болмасын. Оған, ол үшін мен куәгер боламын» деген сөздері әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұр. Аяулы ұстаз мен сияқты қаншама студентке қамқор болып, өзінің жан жылуын­ берді десеңізші. Біз сол кездегі студенттердің көбісі – Әбілфайыз ағайдан адами қарым-қатынасты ғана үйреніп шыққан жоқпыз, сонымен бірге жан-жақты да білім алдық десем, артық айтқандық емес. Сосын, бір жылдары «Заң газеті» басылымында қызмет етіп жүргенімде ағайдың тамаша бір «Таң шолпан» атты романынан үзінді жариялаған едік. Романдағы лиризм, махаббат жырының озық үлгісіндей көрінген, сонда маған. Ағай – ұстазымыз тек қана журналист емес, сонымен бірге жазушы да еді. Кезінде «Лениншіл жас» газетінде (қазір «Жас Алаш» газеті) қызмет етіп, атақты Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» шығармасын да жастар газетіне жариялауға ықпал еткен жандардың бірі. Ағайдың жаны қашанда да жақсылыққа толы, мейірімге мол еді. Біз соны сезініп, біліп өстік. Үлкен өмірге қадам бастық. Бұл күнде оны өз басым мақтаныш етемін.
Е, өмір деген осы. Өмір ұзақ – ғұмыр қысқа. Өмір – шексіздік, ғұмыр ең қызық жерінде үзілген кино-шығармадай десек, онда Әбілфайыз ағай Ыдырысовтың өмірі мен ғұмыры сол жоғарыдағы біз тілге тиек еткен құбылысқа сайма-сай келеді. Яғни ұстазымыздың артында мәңгілік өмірге жалғасқан шығармасы қалса, ал, мағыналы да мәнді ғұмырына куә артында шәкірттері, біз қалдық. Сол шәкірттерінің қай-қайсысы да ұстазымызды ерекше бір ілтипат әрі құрметпен еске алатыны да шындық. Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз ­жаннатта болсын, ардақты ұстаз, қарымды қаламгер, аяулы азамат. Сіздің адами-азаматтық тұлғаңыз біздің жадымызда қашанда да жаңғырып, өзіңіз болмасаңыз да көзіңіздей болып тұратыны анық.

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.