Білім – өмір шырағы

Адам қанша биік белеске жетсе де, түрлі қиындықтарға кезігіп, жоқшылықта жүрсе де білімге деген құштарлығы мен ізденімпаздығын жоғалтпауы керек. Асыл дініміз исламда да қасиетті Құранның бірінші аяты «Оқы» деп түсуі кездейсоқтық емес. Бір Аллаға мінәжат етіп, құлшылық қылу үшін, яғни намаз оқу үшін де білім алуға мұқтажбыз, тіпті мұқтаж жандарға өзімізден артылған зекетті таратып, тазару үшін де дүниемізден нақты қанша беруіміздің міндет екенін анықтау үшін де бізге білім керек. Құран Кәрімде Алла Тағала: «…Білгендер мен білмегендер тең бола ма? – де. Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт ала алады» (Зүмар сүресі, 9-аят)» деп, ғылым үйренген адам мен ғылым үйренбеген адамның айырмашылығы үлкен екенін айтып кетеді.

Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ­ойшыл Абай да «Ғылым таппай мақтанба» деп, ғылым, білімнің адам өмірінде маңызды екенін айтқан. Адам баласы кейінгі ұрпаққа ғылым арқылы өсиет айта алады. ХХІ ғасырдың «ғылыми технология ғасыры» атануы да бекер емес. Себебі ғылым күн өткен сайын қарыштап дамуда. Ендеше, осы ғылыми технологияны басып озу үшін міндетті түрде ғылым үйрену өте маңызды. Ал білім мен ғылымның негізгі құралының бірі – кітап. Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинаған ақыл мен ойының нәтижесі, тағылымы мен тарихының жинақталған бірі қоры іспеттес. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деп, Ғабит Мүсірепов текке айтпаған. Кітапты танып оқып, түсіне алған әсерді өз өміріне пайдалана білу кез келген кісінің білімін, пайымын және парасатын көрсетеді.
Адам баласы көрген-түйгені, жетістіктері, тіпті қателіктерінің арқасында шыңдалып, жеке тұлға ­болып қалыптасады. Ендеше, бұл дүниедегі ғылым мен білімнің төресі – ол адамның тәрбиесі екен. Өскелең ұрпақтың кім болып жетілетіні, қоғамға қандай пайда беретіні, қай сипаттағы тұлға болатыны оның алған тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Әлемнің екінші ұстазы болып танылған, ұлы ойшыл Әл-Фараби ­бабамыз да: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп баяндап кетуі тәрбиенің өте маңызды екенін көрсетеді. Демек, балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында тәрбиеге көп көңіл бөлуіміз керек. Білім біздің қарапайым көзбен қарағанда ақпараттардың жиынтығына ұқсайды, бірақ білім ой-санаға еніп, адамның тұла бойын қамтығанда ғана білім бола алады.
Адам мен жануардың негізгі айырмашылығы, әрине, ақылында. Алла адамзатты ақылымен жаратқан. Білім адамзатты қараңғылықтан нұрға жетелейтін бірден-бір құрал.

Лесбай Ыбырайымұлы,
Әуезов аудандық «Ақсай» мешітінің бас имамы

Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.