Ғибратты ғұмыр

«Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек –
Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол». Ұлт ойшылы Шәкәрімнің шын адам болмысын танытқан пәлсапа танымы өмірді ар тұтқан әр адамзат баласының өлшем-белгісі болса керек. Ғұмырлық қағидатында аталмыш төрттіктің үдесінен бірдей шығатындар да, не бірін кем, бірін артық ұстар жандардың да қатар кездесетіндігі ақиқат. Өмір философиясында «бұл төртеуін қатар қылушылар» қоғамды алға сүйреп (мәдениеттілікті үйретіп, қанағат-ынсапқа шақырып, жадыға адал еңбек етуді тоқытып), өзінің артында өшпес із қалдырары тағы ақиқат. Өмір сабағына үңіле бойласақ, осы қасиеттерді бір бойына сіңіре алған тұлға – белгілі лингвист ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Ғабдолла Қалиұлы Қалиев феномені арқылы тануға болары әбден хақ екенін аңдаймыз.

29 қыркүйек – қазақ ғылымында аза­маттық формуласы ғибратты өмір мек­тебіндей болған, абыройлы ақсақал­дықтың символдық үлгісін көрсетіп өткен ғалым, ардақты ұстазым Ғабдолла аға Қалиевтың туған күні. Ел азаматы Ғабдолла аға арамызда болса, бұл күндері ұстазымды 90 жылдығымен құттықтар едім. Қазақ ғылымына адал еңбек еткен ғалымның қолынан «қызыма достық көңілден» деп сыйға ұсынған кезекті ­кі­табын алып бір қуанар едім. Иә, аға мені үнемі «қызым» деуші еді, мен ағаны әр істің басында әкеме ұқсатып, «сіз менің әкеме ұқсайсыз» деуші едім.
Ғабдолла Қалиев феноменін зерделеу­де ғалымның ғалымдық, қайраткерлік, ұстаздық деп аталатын үш өмірлік даңғыл жолы ерекше мен мұндалап тұратыны айқын.
Профессор Ғабдолла Қалиев – қазақ тіл білімі ғылымында өзіндік ізі бар тұлға. Ғалымның ғылыми бағыты жалпы­ тіл білімі мәселелерін, қазақ тілінің диалектологиясы, лексикологиясы, лексикографиясы, әдістемесі мәселелерін зерттеуге арналды. Бұл бағыттардың ішінде жалпы тіл білімінің ғылыми-теориялық шешімдерін талдап, қазақ лексикографиялық қорын толықтырып, жаңартудағы еңбегі өз алдына бір төбе. Ғалымның ғылыми ұстанымы (мейірі) жас маман мен шәкірт баланың ­жанын жазбай аңдайтындығында еді. Өзі ұзақ жылдар бойы дәріс жүргізген «Жалпы­ тіл білімі» курсының оқулығын толықтырып, өңдеп, жаңғыртып, ­баспадан қайта шығаруы білімгерлер үшін оқулық тапшылығының азаюына көп көмектесті. Бұл ғалымның жас ұрпақтың, студенттер мен жас мамандардың қамын жегендік екендігі анық. Ғ.Қалиевтың «бүкіл тіл ғылымына бағыт-бағдар сілтейтін жетекші, бағдарлағыш ғылым деп есептелетін» «Жалпы тіл білімі» (2001) пәні бойынша шығарған көмекші оқу құралы қолымыздан түспейтін еді. Теориялық қағидаттарға құрылған бұл курстың практикалық сабақтарында түрлі әдіс-тәсілдерді туындатудың өзі күрделі де қиын екені белгілі. Білім алушылардың дәрісте алған білім базасын саралап талдауға, қорытындылап, жинақтауға арналған практикалық ­семинар сабақтарында осы көмекші оқу-әдістемелік кешенінің таптырмас құнды құрал екенін әр жас маман жақсы біледі. Әсіресе ғылыми-теориялық курстардан тест тапсырмаларын жасаудың технологиясын, өзіне тән спецификациясын алғаш аталмыш әдістемелік кешеннен үйренгеніміз анық.
Профессор Ғ.Қалиевтың ғалымдық жолының жарқын да жемісті саласының бірі – қазақ лексикографиясы ғылымына қосқан мол үлесі деп білеміз. Жауапкершілігі де, пайдасы да ұшан-теңіз бұл салаға ғалым өткен ғасырдың 60-жылдары ден қойып, нәтижесінде ғылыми орта мен жалпы көпшілік үшін аса құнды дүниелердің жарияланым табуына тікелей мұрындық болды. Бұл бағытта «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігін» (1969), «Қазақ тілінің аймақтық сөздігін» (2005), ҚР ҰҒА Тіл білімі институтының шақыруымен «Орысша-қазақша сөздікті» (2005, ІІІ басылымы) және «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша дайындалған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» (2004-2010) құрастыру жұмыстары мен редколлегиялық мүшелігіне белсене қатысқанын атап өткен орынды. Терең танымдық түйсік пен телегей теңіз білімді, аса ыждағаттылықты талап ететін лексикография саласынан жинаған бай ғылыми-әдістемелік тәжірибесінің беделді де маңызды бір сатысы – ғалымның «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі» атты еңбегі. 2005 жылы «Сөздік-Словарь» баспасынан басылып шыққан бұл сөздік жоғары оқу орындарының ауди­торияларына бірден жол тартты деуге болады. Филология, оның ішінде тіл бі­лімі ғылымының қай саласы болса да, аталмыш сөздік білімгерлерге бірінші ұсынылатын әдебиеттер тізімінен орын алып үлгерді.
Елі үшін туған ерек ерлер істің қай басында болса да, із қалдырары ақиқат. Қоғам – білім – ғылым – мәдениет – тәрбие жүйесінде қызмет еткен Ғабдолла Қалиевтың қайраткерлігі айтулы азаматтың жүріп өткен өнегелі өмір ­жолын анық бағдарлатады. Ғұмырының ширек бөлігін (1954 жылдан өмірінің соңына дейін) Абай атындағы Ұлттық университетке арнаған ғалым-қайраткер қазіргі қазақ тілі кафедрасының (1971-1976), жалпы тіл білімі және қазақ тілі тарихы кафедрасының (1993-2003) меңгерушісі, филология факультетінің деканы (1981), оқу-әдістемелік бірлестігі жөніндегі проректор (1993-1998) сынды­ баспалдақтардан аттап, туған ұлты үшін аянбай еңбек етті. Ғ.Қалиев бұл істің қай-қайсысында да көшбасшылық қырынан танылып, «қоғамның үлкен интеллектуалдық күшін өзімен бірге» (А.Сейдімбек) ертіп, қазақ елінің пассионарлы ұлт деңгейіне көтерілу жолында мол үлесін қосты деуге болады. Яғни профессор Ғабдолла Қалиевтың жүріп өткен ғылыми-ұстаздық, қайраткерлік жолы – қоғам қажеттіліктерін өтей алған үлгі-бағдар болғаны анық.
Ғалым-қайраткер Ғ.Қалиев өмір баспалдақтарының қай сатысында да республикалық Оқу (білім) министр­лігімен тығыз байланыста болды. 1958-1987 жылдар аралығында министрлік жанындағы оқу-әдістемелік кеңестің қазақ тілі секциясының мүшесі, төрағасының орынбасары, 1987-1991 жылдары төрағасы болып қызмет атқарған уақытта жоғары оқу орындары үшін қазақ тілінің типтік бағдарламаларын, оқулықтарын жасауға белсене атсалысты. Бұл жауапты істі Абай университетінде оқу-әдістемелік бірлестігі жөніндегі проректор (1993-1998) болып тұрған кезінде аса іскерлікпен жалғастырды. Тәуелсіздік алған алғашқы өтпелі кезеңнің қиындығына қарамастан, қайраткер бар күшін еліміздің ертеңіне аямай жұмсады. Орталықтан (Мәскеуден) келетін типтік оқу бағдарламаларын күтіп отырмай, түгелдей қайтадан жаңа нұсқада жасауға мүмкіндік туған асыл уақытты орынды пайдаланып, еліміздің жоғары білім мектептері үшін жаңа бағдарламалар әзірлеуге (ұйымдастыруға) кірісті. Нәтижесінде бұрынғы бар мамандықтармен қатар, жаңадан ашылған «Қазақ-ағылшын», «Түрік-ағылшын», «Аударма-референт», т.с.с. мамандықтардың оқу-әдістемелік құжаттары (білім берудің мемлекеттік стандарттары, типтік оқу жоспарлары, әдістемелік нұсқаулықтар, әдебиеттер, т.б.) әзірленіп, республика бойынша көптеген жоғары оқу орындарының пайдалануына ұсынылды. Аталмыш­ оқу-әдістемелік құжаттардың Қазақстан Республикасының тұтас білім беру жүйесінде алар орны ерекше­ болды деу ләзім, себебі осы бекітілген құжаттардың негізінде мемлекетіміздің барлық дерлік педагогикалық оқу орындары білім беріп, мамандар легін даярлауда.
Ғалымның ғылыми-шығар­машылық және қоғам алдындағы қайраткерлік істерінің өтеуі, әрине, әлеумет тарапынан өтеліп, түрлі марапаттарға ие болды. Ғылым кандидаты (1954), доцент (1961), ғылым докторы (1990), профессор (1992), Әлеуметтік ғылымдар академиясының ака­демигі (1996) ғылыми атақ-дәрежелеріне ие болған ғалым-ұстаз «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен (1970), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуда сіңірген еңбегі үшін» белгісімен (2003), Отан соғысы кезінде еңбек майданында істеген қызметі үшін «Жеңістің 50 жылдығы», «Жеңістің 60 жылдығы» ­медальдарымен, «КСРО және ҚазКСР оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері», «Еңбек ардагері» белгілерімен (1986) марапатталып, еңбегі жанды. 2005 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жетекші ғалымы атағы берілді, ал 2010 жылы ­Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Ерен Еңбегі үшін» белгісін алды.
Профессор Ғ.Қалиев, ең алдымен, нағыз ұстаз бола білді. Ең алдымен дейтін себебіміз – өзінің ғалымдық, қайраткерлік жолдарының ешқайсысында да ол білім аудиториясын тастамаған, шәкірт алдын ұмытпаған шынайы ұстаз. Өмірінің ширек ғасырын дәріс оқып, білім беруге арнаған ғалым «ұстаздықтың – ұлы құрмет» екенін, «себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейтіндігін, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіретінін» (Б. Момышұлы) жазбай ­таныды. Сөйтіп, бүкіл саналы ғұмыр жолын адам тәрбиелеуге жұмсады. Ол ұстаздық жолы – кім-кім болса да үлгі тұтар есті, ­абыройлы жол. Ол жол – «мейірімге, ынсапқа, ақ пейілге, адал еңбекке» (Шәкәрім) құрылған ерек, даңғыл, әділ жол.
Профессор Ғ.Қалиев әр ісінің нәтижесін нақты көрсетіп отыратын ерекше тұлға еді. Өзі дәріс жүргізген қай-қай пәннің болсын, бәрінің де дерлік (мәселен, «Жалпы тіл білімі», «Тіл біліміне кіріспе», «Қазақ диалектологиясы», «Қазақ тілінің лексикологиясы», «Қазақ әдеби тілінің тарихы») оқу-әдістемелік кешенін (Типтік оқу жоспарын, оқулығын, оқу-әдістемелік құралын, сөздігін, практикумын) толыққанды дайындап, тиянақтап ұсынып отырды. Бұл ұстаз-ғалымның өз ісіне деген жауапкершілігін, адалдығын, шәкіртке деген мейірімділігін танытса керек.
Ұстаз-ғалым жас мамандарға, шәкірт-ізденушілеріне кеңес беруден жалықпайтын. Талқылау, пікір алысу­ отырыстарын жиі ұйымдастырып, ғылымды әрдайым қадағалап отыратын. Осындай жұмысты талқылау, есеп беру кездерінде ол кісінің алдына барып сөйлеу алғашқы кезде жас шәкірттері үшін қиын соқпақтай сезілетін. Себебі Ғабдолла ағаның сыртқы тұлғасы сұсты, айтатын ойыңды тыңдамай, не сөзіңді бөліп тастайтындай көрінетін. Кейін ағамен бір ұжымда қызмет істеп, ортақ мәселе төңірегінде жүргенде бұл ойымыздың жалғандығынан өзімізге өзіміз қарсы шықтық. Керісінше, ол кісінің айналасына деген шынайы сыйластығына, кішіге деген қамқорлығына тәнті болып, көп нәрсе үйрендік. Сыртқы болмысы қандай «қатал» болса, ішкі жан дүниесі сондай таза, адал, кіршіксіз еді. Ұстаз барды бетке тайсақтамай айтатын, қандай істі болса да «сиыр құйымшақтатпай», күңгірттен­дірмей, шешімін тез табатын іскер ұйымдастырушы еді. Біреуді көзге мақтап, сыртынан даттамайтын. Айналасындағылардан да (ұжымынан, шәкірттерінен) соны талап ететін. Еш нәрсеге аспайтын, еш нәрседен ­саспайтын ерекше болмысты тұлға еді. Ғалымның ғалымдық-педагогтік келбеті оның бойындағы азаматтық-адами биік парасатымен әдемі үйлесімділік тауып отыратын еді. Ұстаз-ғалымның жұрт сүйсінерлік кісілік қасиеті баршаға, әсіресе жас буын өкілдеріне үлгі-өнеге боларлықтай. Ол – үлкенге құрмет, кішіге ізет дегенді ұмытпаған асыл жан еді. Өзінің ғылымдағы ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі – Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы және тарихының мәселелері» еңбегін қазақ тіліне аударды (2004). Бұл, бір жағынан, ұстазына деген құрмет болса, екіншіден, әрине, қазақ тіл білімі ғылымына деген асқан қамқорлығы еді.
Сондықтан да болар, барша қауым: қазақ ғылымы, ортасы, шәкірттері Ғабдолла Қалиевты өмірін өнегелі өрнекпен өрнектеген ұстаз-ғалым деп ардақ тұ­тады. Сондықтан да болар, профессор Ғабдолла Қалиевқа деген үлкен-кішінің – баршаның ақеділ ақ пейілі, ықылас-құрметі, шынайы адами махаббаты өзгеше биік еді. Бұған біз профессордың өзі басқарып отырған кафедрасын жиып, өзінің зейнеткерлікке шығып, орнына жас басшыны ұсынғандығын жеткізгенде, бүкіл ұжымы (жалпы тіл білімі және қазақ тілі тарихы кафедрасы, 2003 жылы) қатар тұрып көз жастарына ерік беріп, ұстаз-ғалымның еліне, қоғамға, ғылымға берер ордалы қазынасының таусылмайтындығын айтып, қызметін жалғастыруын өтіне сұрағандарын толық куә болады деп білеміз. Мысалымыздың себебін ғалым, қайраткер, ұстаздың өмір сүру қағидатындағы мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек ұстанымдарынан іздейміз. Ізденіс түйінінде Ғабдолла Қалиев феноменінің құпиясын Шәкәрім танып берген осы төрт ұлы қасиеттің бір өзінің бойынан табылып және оларды ғұмырлық жолында таразы басында тең ұстаған шын адам атты тұғырлы болмысынан анық табамыз.

Жанар Қоңыратбаева,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.