Шоқайдың қазасы хақында

Адамзат тарихында халқының асыл арманы, ұлттық мұраты мәңгілік серік болған, өзінің адамгершілік қырлары айқын, саналы жан иесінің іс‑әрекеті өз кезіндегі билік жүйесінің сипатымен сәйкес келмей, шын күреске ұласып, оның ажалмен айқасатын сәттері аз болмаған. Бұған бүкіл түркі жұртының ардақты перзенті Мұстафа Шоқайдың айырықша өмірі, ерекше тағдыры дәлел.
Петербор университетіндегі оқуын аяқтап, 1916 жылдың қарашасынан Мемлекеттік Думаның мұсылмандар бюросының хатшысы қызметінде жүрген Мұстафа Шоқай 1917 жылғы наурыздың соңғы күндерінде Ташкентке шақырған жеделхат алады. Содан пойызға мініп, жолда екі күн Ақмешітте (Қызылорда) аялдайды. Мұнда көптеген таныстарына жолығып, қаладағы, төңіректегі жағдайдан толық дерлік хабар алады. Әсіресе, теміржол торабында Кеңес өкіметі белең ала бастағанын «Орыс революцияшыл демократиясы» ұйымының жұмысшы-солдат депутаттары кеңесімен алғаш рет кездескенде байқайды.
Мұстафа Шоқай Петерборда оқып жүрген кезінде бірнеше рет Ақмешітке келіп, Үкіметтің қоныс аудару мәселелеріне қатысты материал жинап, талай мәрте отаршылдық саясаттың озбырлығына душар болған жергілікті халық өкілдерінің жері мен суын жаңа қоныстанушылар шеңгелінен құтқарып қалған болатын. Мұны жақсы білетін қала тұрғындары Мұстафаны алда Ташкентте ашылатын Түркістан өлкелік атқару комитетінің І-құрылтайына делегат етіп сайлаған еді. Бұл жолғы соғуының себебі – халықпен кездесу, риза көңілін, алға қойған мақсатын білдіру болатын.

Жиналыс теміржол клубын­да­ кешке басталады. ­Кезек өзіне келгенде Мұстафа Шоқай қазіргі Уақытша үкімет ­ұс­танымы, оның халыққа, елге тиімді жақтарын түсіндіре сөйлегенде клуб ішіндегі гу‑гу басылып, Мұстафа идея­сын қолдаушылар біліне бастайды. Сөзге шешен, көпшілікті баурай алатын ерекше қасиет иесі Мұстафаға көпшілік құрмет көрсетіп, қол шапалақтайды. Ал өздерін революционер-пролетариат санаған, негізінен теміржолшы орыс ұлтының өкілдері күбірлеп, көпшіліктің қолдауын ұнатпай, айқайлап, ауыр-ауыр сөздер айтып, тіпті «Мұстафа Шоқай ұсталсын» деген қаулы оқылады. Артынша электр жарығы сөніп, көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнайды. Шамалы уақыттан соң, жарық қайта жанғанда Мұстафаны ұстауға даяр тұрған милиционер­лер мен теміржолшы орыс­тар оның орнын сипап қалады. Жалғыз есікте тұрған екі орыс қарауыл тек ­Жорабек Есеновтің (ол қалалық ­милиция бастығы, академик Шахмарданның әкесі – Ә.Б.) жалғыз өзінің ғана кіріп-шыққанын айтады. Жорабек Есенов жиналыстың аяғы насырға шабатынын алдын ала біліп, оның амалын да жоспарлаған екен. Жиналыстың шешімін естісімен жарықты уақытша сөндіртіп, денесі шағын Мұстафаны қойнына алып, иық-мойнынан мықтап ұстатып, шинелін қаусырып, зор кеуделі әрі ұзын бойлы Жөкең оны сыртқа шығарып жіберіпті. Осы оқиғаға қатысты Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбегінде мынандай жолдар бар: «Мен бір сөйлеген сөзімде (осы жиналыстағы сөзі – Ә.Б.) революция (Ақпан революциясын айтып отыр – Ә.Б.) арқылы қандай құқыққа қолымыз жеткенін айтқанымда, жиналған солдаттар мен жұмысшылар: «Бізге Петербург ­адвокаты (заң қызметкері болғанымен ешқашан адвокат­ болмаған – Ә.Б.) ­керек емес, Үкімет біздің, солдаттардың, жұмысшылардың Үкіметі!» деп шуласып, тіпті: «Оны өлтіру керек!» деп, тап берді».
1917 жылдың мамыр айының аяғында тағы бір жағдай болады. Түркістанда құрыла бастаған жұмысшы‑солдат ­депутаттары кеңесінің іс‑әрекетіне ­деген жергілікті халықтың наразылығы арта түсіп, арыз‑шағым қардай борайды. Сондай арыздардың бірі Қазалы уезінің қазақтарынан түседі. Мұны тексеру Сырдария облыстық атқару комитеті төрағасының екі орынбасарының бірі Мұстафа Шоқайға тапсырылады. Тиісті мандатпен ол бүкіл жол бойы Ақмешіт арыздарын қатар тексеруге тиісті жергілікті халықтың елу шақты өкілімен қалаға келеді. Келісімен ­аудан комиссары Преображенский деген жас офицермен, Ақмешіт аудандық жұмысшы‑солдат ­депутаттары кеңесінің төрағасы, теміржол жұмысшыларынан шыққан В.Агаповқа жолығады. Бірақ соңғысымен түсіністік таба алмайды. Ертеңіне бұрыннан заң мекемесі болған үйдің ауласында 300-400 адам қатысқан митинг болады. Онда ресми адамдар, жер‑жерден келген өкілдер сөз сөйлеп, аудандағы жағдай, солдаттар мен жұмысшылардың тәртіпсіздігі мен жүгенсіздігі туралы айтады. Өз кезегінде Мұстафа Шоқай Түркістан ұлттық орталығының өкілі және Сырдария­ облыстық атқару комитеті тарапынан қатысып тұрғанын, өзінің міндеті жұмысшы‑солдат депутаттарының кеңестері мен жергілікті ұлттық ұйым­дарды біріктіретін ынтымақты табу үшін келгенін айтып, жұмысшы‑солдат депутаттарының кеңестері «мандат ­комиссиясы» (тексеруші ресми алқа) деген топтарын жіберіп халықты мазаламауын, қарулы солдаттарды ауылға жұмсап, тінту арқылы дүние‑мүлік пен салық жинауды мүлдем тоқтатуды, мұндай әрекеттерге тыйым салу ­туралы айтады. Мұны естіген В.Агапов бір топ тілмаштарымен мінбедегі Мұстафа Шоқайдың қасына келіп, алқынған қалпы француз революциясы туралы,­ патшалар мен байларды қуған орыс солдаттары мен жұмысшылары ­туралы сөз етеді. Сонан соң Мұстафа Шоқайға бұрылып, оның мәшһүр Петербург­ ­адвокаты болғанын, Түркістан мұсылман халықтары орталық бірлігін қолына түсіріп алып, өлке халықтарын орыс жұмысшылары мен солдаттарына қарсы қоймақшы екенін, оның Түркияның тыңшысы, түрікшіл, исламшыл, орыс дұшпаны екенін айтып, «егер мұсылмандар Мұстафа Шоқайұлы соңынан еретін болса, орыс жұмысшы‑солдаттары тұп‑тура қарсы шығатынын ұмытпасын!» деп зіл тастап, серіктестеріне өз айтқанын мақұлдата сөйлейді. Содан митингінің аяғы шиеленіске ұласады. Орыс жұмысшылары мен солдаттарының арасында да, түркістандықтар арасында да айқай‑шу шығады. Мұның барлығын мұқият бақылап отырған аудан комиссары Преображенский мінбеге жүгіріп шығып, бар даусымен қазақтар төңіректі қоршап алғанын, егер Мұстафа Шоқайұлына қарсылық көрсетілсе, бүкіл қалада дүрбелең туып, жағдай ушығып кететінін хабарлайды. Дереу Мұстафа Шоқайдың атын атап, өлтіруді талап еткен айқай басылады. Теміржолшылар кейін шегінеді. Сөйтіп, «жергілікті халықты революциялық демократияның шексіз билігіне қарсы қоюы мүмкін» деген «айыппен» 21 ­мамырда Перовскіде өткен солдаттар митингісінде М.Шоқайды өлім ­жазасына кескен шешім орындалмай қалады. Осылай­ Ақме­шіттегі шағымды тексеремін деп келіп, басбұзар орыс жұмысшылары мен солдаттарының құрбаны бола жаздағанын Мұстафа Шоқай жоғары­дағы естелігінде тағы да жазған еді.
1917 жылғы 28 қарашада Қоқан қаласында өткен аймақ мұсылман­да­рының IV Төтенше съезінде Түркістан автономиясының тарих сахнасына келгені белгілі. Бірақ ол барлығы 64 күн ғана өмір сүрді. 1918 жылғы 18-23 қаңтарда Ташкентте өткен Түркістан Кеңестерінің IV съезі «Қоқан автономия­сы үкіметін заңнан тыс деп жариялап, оның басшыларын тұтқындау және автономияны тарату» жөнінде қаулы қабылдады. Мұның аяғын большевиктер қанды қырғынға ұластырды. Автономия басшыларын тұтқынға алды. Осындай жайдан Қоқан қаласының маңында 5-10 күндей жасырынып, кейін қауіпсіздеу ғой деп, Ферғана маңындағы бір өзбек ауылынан екіншіге ауысып жүргенде Мұстафаны Құмбасты қыстағында большевиктерге қарсы құрылған, қазақтарды дінсіздер деп санайтын діншіл‑фанатик жиырма шақты қарулы өзбек жастары тұтқынға алады. Олар оның қазақ екенін білгеннен кейін, діни сауатын тексеріп көреді. Бірақ орынды жауаптарға қарамай, жан‑жақтан жиналған 70-80 адам Мұстафаны дінсіз деп өлтіруге шешім жасап, бір ағашқа жіп тартып, көзін байлап, дайындыққа кіріседі. Осы кезде жиналған топқа енді ғана келген бір өзбек «қазақтың да қазағы бар ғой» деп, Мұстафаның көзіндегі байлауды алып, танып, «бұл Мұстафа бей ғой» деп, оның Петербургтегі студенттік күндерінен бастап, Түркістан халқы үшін еткен еңбегін, Қоқан автономиясына қатысты жұмысын жан‑жақты түсіндіреді. Осыдан­ кейін топ өздерінің жасаған үлкен қателіктерін мойындарына алып, кешірім сұрап, сый‑сияпат жасайды. Бірақ бұл оқиға Мұстафаға аса ауыр тиеді, өзінің 1917 жылғы мамыр айының соңғы күндерінде болған оқиға кезінде орыс солдаттары мен жұмысшыларының қолынан өлмегеніне өкінген болатын. Ал өзіне араша түскен өзбек жігітінің атын ұмытқанмен, Мұстафа оның 1916 жылы армияға алынған жастардың бірі екенін және әскерден келе жатып Петербургте ақшасыз, аш жүргенінде көмектескенін есіне түсіреді. Адам баласына жасаған жақсылық еш зая кетпейді, ілгері‑кейін оның қайтарымы болмай қоймайды ­деген заңдылық іске осылай қосылып еді.
Мұстафа Шоқай Ферғана тау­лары арқылы бірнеше күн жүріп ­Ташкентке жетіп, өзіне қиын‑қыстау кезеңде сүйеніш болатын адам іздейді. Таңдау 1916 жылдан танитын Мария Яковлевна­ Горинаға түседі. 1916 жылғы 10 тамызда Мемлекеттік Дума және Үкіметтің тыңдауына Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысын патша үкіметінің қатыгездікпен басқаны туралы ­арнайы материал жинау мақсатымен Ташкент­­ке келгенде Думаның Мұсылман­ фрак­циясының өкілдерімен оның үйінде бірнеше рет болған еді. Бұл қадамға баруға сонда табиғатын таныған жанның кейінгі отбасылық жағдайы, он жыл отасқан, өзінен жиырма жас үлкен заңгер күйеуімен ажырасып жүргені де себеп болған сияқты. Мария Яковлевна­ Горина өзінің «Менің Мұстафам» атты естелігінде 1918 жылдың 18 сәуірі күні Мұстафамен мешітке барып, имамға мұсылманша некелерін қидырғанын және т.б. еске алған болатын. Алайда­ Мұстафаның Ташкентте қалуы да, теміржолмен жүру де қауіпті болды. «Заңнан тыс» деп жарияланғаннан кейін оны кез келген «пролетариат диктатурасын таратушы» деп атып ­тастауы мүмкін еді. Содан Мария Яковлевна­ жарына әскери киім кигізіп, ауыр жаралыға ұқсатып, бет‑аузын таңып, оны оңайлықпен адам танымайтындай етіп екеуі станцияға келіп, пойызға отырады. Бұл кезде жолаушылардың билеті мен рұқсат қағазын тексеріп жатқан еді. Мұны көріп бұлар қатты абыржуға түседі. Тиісті құжаттар дайын болғанымен, бет‑жүзіне қарап тексерсе, Мұстафаны танып қоюы мүмкін еді. Ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын. Бірақ кезек осыларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлеседі де, жаңылысып, келесі купеге өтіп кетеді. Осылай Мұстафа Шоқай тағы бір қатерден құтылады.
Мұстафа Шоқай елде жүріп, бірнеше рет ажалмен бетпе‑бет ашық айқасып, аман қалған еді. Оны халқының ыстық ықыласы, өлмес рухы қорғап қалып отырды. Алайда 1941 жылдың 19 желтоқсанында 40 градус температурамен Берлиннің «Виктория» ауруханасына түскенде, ол ажал құрығынан құтыла алмады. Өйткені неміс фашизмі отыз миллиондай жанға ажал құштырған адамзат баласына төнген тажал болатын.
Міне, содан бергі сексен жылдай уақытта Мұстафа Шоқайға ар­налған іргелі еңбектер мен мерзімді баспасөз беттерінде бұл жұмбақ өлім туралы аз айтылып, кем жазылған жоқ. Ажал ­неден, кімнен болды деген күдік осы кезге дейін сейілмей, талай болжам айтылды. Талантты журналист бауырым Нұртөре Жүсіп «Айқын» газетінің 15 қаңтардағы санында «Мұстафа Шоқайды өлтіруге кім тапсырыс берді?» атты мақаласында мәселеге басқа қырынан келеді. Мұны кеңес көсемі Сталиннің тапсырмасы деген ой тастайды. Осы мақала қозғау салып, бұрын‑соңды Мұстафа өліміне қатысты кітаптар мен басылым беттерінде жарияланған материалдардың көпшілігімен танысып, одан туған кейбір ойымызды білдіргіміз келеді.
Мұстафа Шоқай түркітілдес комиссия қызметкерлерінің басшысы ретінде 27-28 тамыз күндері Германиядағы Ганновер маңындағы екі лагерьде, 6-25 қыркүйек күндері Шығыс Пруссияда орналасқан жеті, 7-30 қазан күндері Польша мен Украинада орналасқан бес ла­герьде болады. Нацистік әсіре­нәсілшілдіктен туындаған түркі­стандық тұтқындардың жан түршігерлік жағдайын алғаш көр­геннен‑ақ Мұстафа көңілі құлазып сала береді. Мұны өзгертуге қолында билік жоқтығын біле отырып, ең болмаса қиындығын жеңілдетейін деген оймен немістердің басшылығынан тұтқындардың тағдырына араша түсіп, білімділерін темір тордан босатып, олардың ретіне қарай білімін ары қарай жалғастыруына не мамандықтарына лайықты жұмыс тауып беру үшін тыным таппайды. Қыркүйек айында алғаш рет Сувалки лагеріндегі түркістандықтар алдында­ «Сүйікті отандастарым! Сіздерге қарап жүрегім қан ­жылайды. Қалайша сіздер темір тордың арғы жағында тұруға лайықты еңбек еттіңіздер?» деп басталатын сөзінде өзінің негізгі мақсаты оларды келешек Отанымыз Түркістанды құруға қажетті болулары үшін әртүрлі арнайы мамандықтағы жұмыстарға орналастыру екенін айтқан болатын. Бұл бас-аяғы екі жарым айдай лагерьде болғанда жерлес тұтқындармен жалғыз кездесуі, тағы кездесуге жүрегі шыдамаған да болуы мүмкін.
Мария Шоқай «Менің Мұстафам» атты естелігінде жарының лагерлерді аралап болғаннан кейін жазған хатынан мынадай үзінді келтіреді: «Сіздер – немістер, өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті адамдармыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргенімдей болса, онда мен сендерге де тұтқындағылардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүре отырып, ХIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер». Бұл хатты қасындағы У.Каюмға аудартып, СС (неміс әскері, «Schutzstaffel» сөзінен қысқартылып алынған) офицерлерінің біріне табыс етеді. Офицер оқып шығып, Мұстафаға: «Пікірлеріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде, Мұстафа оған: «Осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де разымын. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық» деп жауап беріпті.
Түркиялық қандасымыз, белгілі мұстафатанушы Абдуақап Қара өзінің 2004 жылы қазақ тіліне ауда­рылған «Мұстафа Шоқай. Өмірі. Күресі. Шығармашылығы» атты моно­гра­фия­сының «Шоқай өлтірілді ме?» ­деген бөлімінде, тіпті сүзек ауруының ерекшеліктеріне байланысты ­мамандар пікіріне тоқтап, Мұстафа Шоқайдың сүзектен өлмегендігі туралы қорытындыға келген. Автор, сонымен бірге Мұстафаны улаудың шынайы жауапкері ретінде Шығыс министрі Розенбергті алға тартушылардың пікірімен келісушілерді қолдайды.
Белгілі мұстафатанушы Дархан Қыдырәлі де 2012 жылы «Мұстафа» атты еңбегінде «Түркістан легионы»­ және «Соңғы сөз орнына» атты бөлімдерінде бұл мәселені арнайы сөз еткен. Екі ­жарым ай лагерлерді аралап, енді Парижге қайтамын дегенде ­лагерь басшылығы комиссия мүшелеріне тұтқындар арасында сүзек ауруы қауіпті қарқын алып бара жатыр деп хабарлап, екі аптаға карантин жариялайды. Бірақ он шақты күн өткеннен соң, карантин уақыты біткенде комиссия мүшелерінің арасында ешқандай ауру жоқ деп, тиісті дәрігерлердің қарауынан кейін олардың Берлинге қайтуларына рұқсат беріледі. Алайда пойызға отырып, Берлинге бет алғанда Мұстафаның басы ауырып, ыстығы көтеріледі. Берлин­ге жеткенде ауруы күшейе түсіп, ыстығы 40 градус болады. Шақырылған ­Руднев деген дәрігер науқас диагнозын анықтай ­алмай, сүзекке күдік келтіріп, ауруханаға жатуға кеңес береді. Бірақ бұдан бұрын екі рет сүзекпен ауырғанда Мұстафаның іші ауырмай, басы қатты ауырған болатын.­
Мария Шоқай жарының қайтыс болғанын естігенде‑ақ өз ажалынан емес екеніне сенімді болды. Алғаш көңілге Мұстафа басқарған тұтқын комиссиясындағы көмекшісі болып, лагерлерді аралағанда қасында болған Уәли Каюм түсті. Өйткені арада жүрген сол, Мұстафаның нацистерге деген көзқарасын жақсы білетін де сол. Оның үстіне, жарының жаназасын шығармай жатып, Уәли Каюмның жаңа жылды үлкен мереке ретінде өткізгені де күдігін күшейте түсті. Оның кейінгі тірліктері де еш ұйқаспайды. Қам көңілді қайғыға батыра түседі. Бұл қазаға тек жары ғана емес, Мұстафа Шоқайды ұстаз тұтқан шәкірттері де, оған жаны жақындар да, жалпы атына қанықтар да күдікпен қарап, Уәли Каюмның қолынан болды деп ойлайды.
Лагерьді аралағанда Мұстафамен бірнеше күн бірге жүрген Қарес Қанатбай оның өлтірілгенін, оған у берген Уәли Каюм екеніне күмән келтірмеген. Ал белгілі ақын Хамза Абдуллин Мұстафаны улау жөнінде бұй­рықты доктор Герхард фон Менде бергенін, оны Уәли Каюм орындағанын айтады. Осы арада бір мәселені айта кеткен артық болмас. Ол кезде Империя министрлігінің шығыс территориясының кавказ бөлімінің жетекшісі лауазымындағы кісі тікелей мұндай тапсырма бере алмайды. Қатаң тәртіпке жүйеленген басшылықта субардинация да қатаң сақталады. Меніңше, бұйрықты тек Шығыс министрі А.Э.Розенберг қана бере алады.
Рас, Мұстафаға Уәли Каюм у берді дегенге оның кейін жазған мақа­лалары мен кездескен кісілермен сөйлескен сөздерінде қайшылықты күдік туғызатын мәселелер жоқ емес. Мұстафаның ­Парижде қырқы берілгенде Мемлекеттік думаның мүшесі болған, Грузия Ұлттық үкіметінің Сыртқы істер министрі А.Чхенкели, Украина Ұлттық үкіметінің Сыртқы істер министрі А.Шульгин, Әзербайжан Ұлттық үкіметінің басшысы М.Расулзаде сияқты марқұмның достары­ мен әріптестері Мұстафа Шоқайдың жарқын өмірі мен қызметі туралы төгіле сөйлегенде, Уәли Каюмның неміс тілінде әрі қатқыл үнімен жұртқа сес көрсете сөйлегенін жиынға қатысушылар күдікпен қабылдайды.
1991 жылы Германияның Дюссельдорф қаласында тұратын 86 жастағы Уәли Каюм ханнан алынған сыр‑сұхбат 1992 жылы «Мулохат» журналының №1 санында жарияланған екен. Содан қысқаша аударма «Мұстафа Шоқайды мен өлтірген жоқпын» деген атпен «Парасат» журналы (1994, №11) мен «Түркістан» (1997, 13тамыз) газетінде жарияланған. Әрине, бұл жағдайды оның әсте мойнына алуы мүмкін емес. Дегенмен, Уәли Каюмның Мұстафаға қатысты іс‑әрекеттерін логикалық сарапқа салғанда, ол атаққұмар, байлық пен билікті аңсаған психологиядағы адамдар қатарына ­жататынын, ондай әлеуметтік әлеуеті әлсіз, мансапқор, атақ‑даңққа әуес адамдардың көбінің қорқақ келетінін ескерген жөн. Ондай адамдар бәрін сатып жібереді. Жоғары жақтың тапсырмасы болғанымен, қасында жылға жақын бірге жүрген, достары ғана емес, дұшпандарын да мойындауға мәжбүр еткен аты аса белгілі кісіге ол өз қолымен тікелей у берген болса, Мұстафа қайтыс болғаннан кейінгі шараларға қатыса алмаған болар еді. У берілгеннің өзінен хабардарлығының өзі оны көп жағдайда ритмнен шығарып, біресе олай, біресе былай сөйлеткен.
Мұстафа Шоқайға у берілу оқиғасы кейін Берлиндегі «Түркістан Ұлттық Комитетіндегі» мүшелер арасында да жиі талқыланған көрінеді. Сонда Абылай хан туралы поэма жазған, Абылай бейнесін тұңғыш салған ақын, қызылордалық Мәжит Айтбаев: «Бұл әңгіменің шеті де, шегі де жоқ. Фото түгіл, жазылған жері де жоқ. …Бұл әңгіме, өсек болғанымен, тату отырған қандас екі тума халықтың арасына от салатын әңгіме екенін кез келген түсіне бермейді… Бұл қан деген, кек деген қауіпті нәрсе. Осыдан сақтануға тиіспіз» деген екен.
Мұстафа Шоқайдың өліміне НКВД-ның қатысы туралы да аз ­жазылмады. Тіпті Сталиннің кезінде жансыз ретінде Мұстафаны өлтіруге барған үш киллер болыпты дегенді де оқыдық. Біз мұны түгелдей теріске шығара алмаймыз. ­Дегенмен, қиюы келмейтін, өзіміз жақсы білетін бір мәселеге тоқтала кеткен жөн. Бұл «Мұстафа Шоқай» фильміндегі Мұстафаны өлтіру тапсырылған барлаушы Б.Садықов туралы бірер сөз. Біріншіден, соғысқа баруға оның жасы келмейтін еді. Екіншіден, барлаушының «ол (Мұстафаның) кісінің жанында бес‑алты күн жаттым. Сеніміне кірдім деп ойладым» дегеніне үлкен түгіл, баланы сендіру қиын. Сонан соң, ­арнайы шетелге кісі өлтіруге тапсырмамен жіберіліп, оны орындай алмаған адамның аман‑есен ауылға келуі мүмкін емес. Белгілі жазушының романына, кинофильмге жазған сценарийіне негізгі кейіпкер болған бұл кісі 1974 жылдан Қызылорданың психикалық науқастар ауруханасында шизофреник­ науқасымен есепте тұратын еді. Ол кезінде Арал қорына 100 мың сом аударамын деп, Сыр бойын да шулатқан болатын. Аруағы кешірсін…
Жоғарыда аталған Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа» атты еңбегінде көңіл ­аударатын бір жай бар. Берлинге қайтқанда пойыз купесінде бірге болған және Мұстафамен болған жағдайды жақсы білетін солтүстіккавказдық Алихан Қантемирдің кейін Уәли Каюм иелік еткен «Мілли Түркістан» журналында басылған мақаласында Мұстафаның өз ажалынан өлгенін, оған өзінің куә екенін жазған ­болатын. Ол неге бұлай етті? Және ол соғыс біткеннен кейін Сталинге хат жазып, аман‑есен еліне оралады. Ал соғыста тұтқында болып, еліне оралғандар жаппай қудаланып, пәлен жыл түрмеге айдалып жатқанда Алихан Қантемирдің аман‑есен қалуы да ойланатын мәселе… Осыларды айта келіп, автор Мұстафаның НКВД тарапынан да өлтірілуі мүмкін екенін есте ұстаған абзал дейді. Сондай‑ақ Мұстафа қазасын Екінші дүниежүзілік соғыстың басты әскери қылмыскерлерінің бірі Франц Фон Папен атымен байланыстыратындар да бар. Алайда ол 1939-1944 жылдары Түркияда елші болды.
Бүкіл түркі жұртының азат­тығын аңсаған Мұстафа Шоқайдың қан­дай жағдайда, қандай ­себептен дүниеден өткендігі күні бүгінге дейін жұмбақ күйде қалып келеді. ­Дегенмен, Мұстафа Шоқай ажалына­ неміс басшылығы кінәлі ­дегенге ой ойыса береді. Лагерлерді аралап шыққаннан кейін, 1941 жылғы қазан айында Мұстафа Шоқайдың аса құпия түрде «Аса сеніммен» деген ескертумен­ «Мен бұл жолдарды сіз үшін ғана ­жазып отырмын және мұны аса құпия ұстауыңызды сұраймын» деп басталатын неміс лагерлеріндегі көрген‑білгенін баяндаған хатты Уәли Каюм өзі ғана оқып, онымен неміс әкімшілігіне таныстырмауы мүмкін бе? Болмаса неміс армиясының группенфюрері С.С.Иоахимге: «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты ұлыларды тәрбиелеген ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отырып, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсыныстан және сіздермен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамын» деген мазмұндағы Мұстафа Шоқайдың хатын оқып отырып, неміс басшылығы хат иесінің көзін жоюдан басқа не ойлауы мүмкін? Ал ондай шешімді кім болса, сол емес, Розенберг қана бере алатын еді. Мұны кейін сол кездің куәгерлері де айтқан болатын.
Мұстафа Шоқай 1941 жылдың 19 желтоқсанында 40 градус температурамен Берлинге келеді. Ауруханада есін жия алмай, 7 күн жатады. Сол тұста оның ауруын басатын дәрілер берген көрінеді. 27 желтоқсан күні кешкі сағат 6.30‑да медбике бір ине салыпты да, одан не қалайтынын сұрапты. Мұстафа болса, бұл сауалға «ұйқы» деп жауап беріпті де, талықсып кетіпті, содан кейін қайтып оянбаған. Мұның барлығы Мұстафа Шоқайдың сүзек ауруынан қайтыс болмағанына толық дәлел бола алады.
Осының барлығын айта отырып, біздің түйіндейтініміз – Мұстафа Шоқайдың ажалы неміс фашистері ­тарапынан болды ма, болмаса сонау 1925 жылдары‑ақ сескенген кеңес көсемі Сталиннің тапсырмасы ма, әйтеуір қайсысы болса да дегендеріне жетті.
Меніңше, осынша уақыт шындықтың көзін аша алмағаннан кейін, тақырыпты жауып, аруақты ­тыныш жатқызсақ дұрыс болар еді. Одан да Мұстафа Шоқайдың мол мұрасын насихаттауға, мәңгі өлмес өсиеті мен аманатын тәуелсіз еліміздің бүгінгі ұрпақтарына жеткізуге жүйелі түрде көңіл бөлсек, ұтарымыз көп болар еді. Бұл фәни дүниеден ұлтына қарыз болмай өткен ұлы тұлғаға бұдан артық ықылас та, құрмет те бола қоймас.

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.