Поэзия падишасы

Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: ­рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында көрнекті ақын және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың 80 жыл­дығы­ Атырауда кең ауқымда аталып өтуде.
Ұлтының біртуар перзенті, есімі қазақ поэзия­сында алтын әріппен жазылған ­Фариза Оңғарсыноваға арналған шара облыс орталығында орналасқан ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Оған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева мен еліміздің әр өңірінен келген ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма­сының төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет Атырау таланттарын ұлықтайтын, қайраткерлерін көкке көтере білген, қадірлеген қасиетті өңір екеніне тоқталып, Фариза ақын туралы естелігімен бөлісті:
– Фариза – қазақ поэзиясында ерекше ойымен, өзінің тұнық жырдың қайнарындай, ар-намыстың қай­ра­ғындай болған шығарма­шылы­ғымен миллиондардың жүрегін жаулаған ақын. Сондықтан ескерткішінің бой көтеруін ел-жұрттың, Алты Алаштың ақын қызына деген ерекше құрметі деп білуіміз ­керек. Өзінің «Махамбеттен қалған наркес­кен» деген өлеңі бар еді. Сол «наркескеннің» өзі – оның поэзиясы. Сонымен қоса, «Серігім жырым жебеммен, қағілез құйттай денеммен, дауылдарды құшып келем мен» дейді ол. Міне, бұл – оның қайсар ақын екендігінің белгісі. Фаризадай поэзияның перизаты ешқашан ұмытылмақ емес, – деді.
Шара одан әрі Фариза Оңғарсынова­ның білім алған ордасы – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жалғасты. Аталған университет студенттері ашық аспан астында поэ­зия кешін ұйымдастырды. Олар ­поэзия падишасының өлеңдерін тебірене оқып, жүректерді толқытты, рух берді.


Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мем­лекеттік университетінде өткен «Фариза Оңғарсынова – көр­некті ақын, қоғам және мемлекет қайраткері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға жан-жақтан арнайы меймандар келді. Олардың қатарында жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлы, ақын Светқали Нұржан, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке­ Құлкенов, ақын, филология ғылымының кандидаты Оңайгүл Тұржан, ақын, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Амантай Шәріп және басқалар бар.
Ең алдымен, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Мә­дениет, архивтер және құжаттама бас­қармасының тапсырысымен, бірегей қоғамдық қордың ұйым­дастыруымен түсіріл­ген «Ар мен ақын» атты деректі фильм көрсетілді. Фильмде Ф.Оңғар­сынованың өмір жолы өзінің өлең­дерімен баяндалды. Сонымен­ бірге, «Жыр – менің жалғыз тарланым»­ атты аудиодискінің таныстырылымы өтті.
Конференцияны облыс әкімі­нің орынбасары Айгүл Әжіғалиева ашып, сөз сөйледі. Одан әрі филология ғылымының докторы,­ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Қадыр Жүсіп ғылыми шараның осы шаңырақта өткізілуінің мәніне тоқталды.
– Фариза – осы уни­верситеттің түлегі. Ақынның оқы­тушылар мен студенттер ал­дын­дағы кездесулерде айтқан ұла­ғатты, қанатты сөздері мен ақыл-кеңестері, осы мінбеден сөйлегендегі дауысы әлі күнге дейін жадымызда сақталып келеді. Фаризаның курс­тастарының бірі – біз едік. Иә, соғыс зардабын көрген, қабақтарында мұң бар, Жеңістің он бір жылын атап өткеннен кейін бір топта, бір аудиторияда жиналған жастардың 1956 жылы кездесіп, жүзтаныс бола бастағандарына – 63 жыл, осы оқу орнын бітіргендеріне 58 жыл толыпты. Біз курстасымыз Ф.Оңғарсынованы мақтаныш етеміз. Ақын қызымыз Фаризаны бәріміз «Фәру» деп атайтынбыз. Ол бізбен жақсы қарым-қатынаста болды» деді ол.
Ғылыми-практикалық конференция­ға­ қатысушылардың бәрі де Фариза Оңғарсынова поэзиясының мәңгілік екенін, бола­шақ ұрпақпен бірге жасай беретінін атап айтты. Поэзия патшайымы ең алғаш әдебиет деген киелі әлемнің есігінен енгенде:
Дара күндерімнің,
Нала түндерімнің
Серігі болғаның үшін,
Сенімі болғаның үшін
Мен сені аялаймын, – деп, ғұмыр бойы жыр-тұмарын аялап өтетініне серт берген еді.
Менде бір тебіреніс бар,
Кейде өзім де түсінбеймін.
Біздің сонау қырдағы тұяқ тескен
Бәйге алаңы секілді дүсірлеймін.
Осы сезім алаулап бойда тұрса,
Асылы, кішірмеймін, – деп жырлады ақын. Шындығында, өмірін – өлеңге, өлеңін өміріне айналдырған қазақтың аяулы ақыны поэзияға адал болды. Елі ақынын алақанына салып аялады, төбесіне көтерді. Ақынның 80 жылдығына арналған шара да – ел махаббатының айқын куәсі.

Гүлдана ЖАМБОЗОВА

АТЫРАУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.