Мамай АХЕТОВ, филология ғылымының кандидаты, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі: ӘР ӘДЕБИЕТШІНІҢ ӨЗ ӘУЕЗОВІ БАР

Әдебиеттанушы, ғалым Мамай Ахетов шешендік өнерді зерттеген, сол өнердің сарқытын ішіп, өнегесін білген маман. Мамай Қаниұлымен сөйлесе қалғанда әдебиеттен басталған әңгіме міндетті түрде қазақтың сөз мәдениетіне, тілді білудің сыны мен себебіне, Әуезовтей алыптың өнегесі мен өміріне жалғасады. Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, Рымғали Нұрғалиев сынды дәрісі кейінгі толқынға жеткен ұстаздардың жолымен жүріп, қазақ сөзінің мәйегін дәріс оқуда да, сұхбат құруда да сақтай алған азаматпен тілдескенде мемлекеттік қызмет туралы сұрауды да ұмытпадық. Әдебиет деп аталатын ауылда жүрген азаматтар үшін мемлекеттік қызмет – сірескен орта болып көрінетіні жасырын емес. Ендеше, осы екі бірдей саланың тұтқасын тең ұстаған жанның айтары мен түйгені де көп болуы керек…

– Мамай Қаниұлы, М.Әуезов шығар­машылығы мен шешендік өнерді байланыстыра зерттеген әдебиетшінің сөзімен әңгімемізді бастасақ дейміз. Әуезов әлеміне қай уақыттан жақындадыңыз?
– Әлі есімде, 1995 жылдың 22 қарашасы болатын. Ұстазым Бақытжан Майтанов екеуміз сол тұста Н.Шайкенов ашқан Заң уни­верситетінде қызметтеміз. Дәл сол күні Бақытжан аға мені ­Зейнолла Қабдоловқа ертіп апарды. Зекең ­Алматы маңындағы демалыс үйінде «Менің Әуезовім» шығармасын жазып жатқан кезі екен. Өзі Әуезовтің әлеміне сүңгіп кеткен, бар әңгімені қаламгер шығармашылығына апарып тірейді. Заңгерлерге «сот риторикасы» деген пәннен дәріс оқып жүргенімді естіген Зекең: «Әуезов драматургиясындағы шешендік өнер зерттелген жоқ. Осы тақырыпты алып, ғылыми деңгейде қорғап шықсаң» деген ақылын айтты. Бақытжан Майтанов та бірден мақұлдай кетті. Осылайша, «М.Әуезов драма­тур­гиясындағы шешендік дәстүр» деген тақырыпқа сол сәттен ден қойдым…
– Қазақ үшін аяулы қаламгер шығар­ма­ларының 50 томдығын шығаруға ­ат­салысқан топтың құрамында еңбек еттіңіз. Сол уақытты бір барлап қайтсақ…
– 1997 жылы Әуезовтің туғанына жүз жыл толу мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтті. Сол мереке қарсаңында «М.Әуезовтің 50 томдық академиялық басылымын дайындау керек» деген үлкен тарихи шешім қабылданды. Уақыт өте келе бүгінгі күннің биігінен салыстырып қарасам, ол дер уағында қабылданған шешім екен. Тура сол кезде Мұхаңның 50 томдығын қолға алмағанда, қазір оны жасау мүмкін емес сияқты. Себебі сол томдықты дайындағандардың көпшілігі қазір арамызда жоқ. Ол тұста Зейнолла Қабдолов сияқты ұстазымыздың көзі тірі. 1968 жылдан бері әуезовтанудың отымен кіріп, күлімен шыққан ­Талатбек Әкім деген ағамыз да ол кезде қуатты болатын. Ұстазымыз биыл, 83 жасында қайтыс болды. Бүкіл өмірін М.Әуезовті зерттеуге арнап, 1968 жылдан ғұмырының соңына дейін Мұхаңның қай қолжазбасының қайда жатқанын білетін ғазиз жан еді.
1961 жылы Мұхтар Омарханұлы қайтыс болғаннан кейін, оның шығарма­шылығын, өмірін халыққа насихаттау мақсатында үйін музей жасау жөнінде шешім қабылданады. Сол кезеңдерде Мәскеудегі атақты Өнер институтын бітіріп келген Андабек Қалибекұлы Қуанышбаев осы міндетті мойнына алды. Негізгі мамандығы хореограф еді. «Әуезов үйіне» Ләйла Мұхтарқызы шақырып, 1963 жылдан өмірінің соңына дейін осы жерде еңбек етті. Ол кісі де қазір арамызда жоқ. Қазақ әдебиеттануының үлкен бір бәйтерегі Бақытжан Майтанов­ та арғы жақтың кемесіне отырып кеткелі біраз жылдың жүзі болды. Үлкен ғалым, институтта жиырма жылдай қызмет еткен, «М.Әуезов энциклопедиясын» дайындаған Рафат Әбдіғұлов та дүниеден озды. М.Әуезовтің орыс тілінде жазылған шығармашылығына терең бойлаған ғажап ғалым Раушан Қайшыбаева да жүзін бақиға бұрды…
Міне, бұл осы жолға өмірін арнаған ғалымдардың көзі тірісінде қолға алын­ған көптомдық еді. Осы ретте М.Әуезов­тің көптомдық шығармаларын шығару ісі басталған сәттен еңбек етіп келе жатқан азаматтарды да атап өткім келеді.

Осы басылымның негізгі концепцияларын айқындап, жұмысты бастаған белгілі қаламгер-ғалым Тұрсын Жұртбаев болатын. Сондай-ақ институтты басқарып, жобаға жетекшілік жасаған академик­ С.А.Қасқабасовты да ерекше атар едім. Ол кісі жылына кемі төрт-бес том шығаруымыз керек деп міндет қоятын. Белгілі болғандай, сондай жанкештілікпен жасалмаса, түрлі себептермен жоба тоқырап қалуы әбден мүмкін екен. Дияр Қонаев, ­Ермек Қаныкей, Аманғайша Болсымбаева,­ Келіс Рахымжанұлы секілді ғалымдар көптомдықтың әрбір материалын аялап, оқырманға ұсыну жолында еңбек етті.
Осындай 50 томдық академиялық басылымға араласуым өмірімдегі ең бір бақытты әрі мағыналы кезең деп ойлаймын. Бұл біз үшін үлкен өмір мектебі, ғылым мектебі болды. Еліміздің барлық кітапханаларында тұрған осындай іргелі еңбектің ішінде өзіміздің есіміміздің тұрғанын мақтанышпен айтып жүреміз.
Ал осы елу томдықтың тарихи рөліне әлі толық бойлай алмай келеміз. Түркі халықтарының ішінде бір адамның академиялық басылымының 50 том болып жарық көруі – бұл тарихта тұңғыш рет. Марқұм Герольд Бельгер бір сұхбатында былай дейді: «Егер мен бұл дүниеден озып, арғы дүниеге барғанда Құдай менен: «Пендем, ол дүниеде не бітірдің?» деп сұраса, мен: «Мұхтар Әуезовтің 50 томдығын оқып шықтым!» десем, Құдай біледі, ол менің күнәларымды кешіреді»… Еш уақытта өтірік көлгірсуді білмейтін Герольд ­Карлович бұл сөзді шын көңілімен айтты деп ойлаймын.
Мұхаңның шығармалары 1920-30 жылдардағы газеттерде, әртүрлі басылымдарда шашылып жатты, оның бәрін тірнектеп жинау, жариялау қажет еді. Бұл біздің әдебиеттануымыз үшін де, біз үшін де ғылымның үлкен бір мектебі болды. Әрбір еңбекке ғылыми түсініктемелер ­жазылды. Айталық, мен М.Әуезовтің 1930-32 жылдар аралығындағы түрмедегі кезеңін қамтыған «Түрме материалдарын» дайындадым. Сырттағы адамдардың өзі аштықтан қырылып жатқан тұста бір жыл жеті ай түрмеде отырған жанның өмір үшін арпалысы, өз бойындағы ілімін кейінгіге аманаттау жолындағы күресі сол кездегі тарихи құжаттарда, тергеу материалдарында көрініс тапты. Осы орайда бүгінгі күнге дейін театр мамандары тарапынан еленбей келе жатқан, Мұхаңның өзі үлкен үміт күткен, ең соңғы драмасы «Дос – Бедел дос» туралы айта кету де орынды болар еді. Өз замандастарынан «түсініксіз, қисынсыз, қияли блеф» деген баға алған бұл туындыны да заман талабына сай қайта оқитын кез келді. Мұнда М.Әуезов қазақ халқын болуы мүмкін үш түрлі тарихи ортаға түсіреді. Егер біз башқұрт, татар сынды Ресей Федерациясының ішінде қалғанда қалай болар едік немесе ауған секілді Одақтың сыртында қалсақ, күйіміз нендей болар еді деген сауалға жауап іздейді. Соңында, «дербес Социалистік респбулика ретінде дұрыс жолды таңдадық» деген идеяны айтады. Әрбір шығарма туралы көп мәселе айтуға болады.
«Абай жолын» Қ.Сәтбаевтың «қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп атағаны белгілі. Ал енді сол М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінен» бастап, өмірінің соңына дейін жазған барлық шығармалары мен хаттарын, құжаттарын қамтыған және нұсқаларымен енген жинақ – бұл ұлы қазына. Уақыт өте келе бұл еңбек қазақ әдебиеті мен этнографиясының дереккөзіне айналады. Тек қаламгердің ғана емес, тұтастай ұлт мәдениетінің өсу деңгейін, эволюциясын көрсететін мұндай толыққанды еңбектің жарық көруі, шын мәнінде тарихи оқиға. Л.Толстойдың көптомдығын ХХ ғасырдың 20-50 жылдары аралығында, 300-ге жуық ғылыми қызметкер жасаған екен. Ал бізде санаулы ғана ғалымдар осы жұмысты күндіз-түні тынбай еңбек етіп және еліміздегі ең бір қиын кезеңде жүзеге асыруы, біріншіден, әдебиеттану ғылымындағы, екіншіден, жалпы руханиятымыздағы құбылыс. Оның маңызын біреуіміз сезінерміз, ендігі біріміз сезінбеспіз, бірақ шындығы осы.


– М.Әуезов көптомдығын жасауға қатысқан ғалым ретінде жазушының басты шығармашылық ерекшелігі не деп ойлайсыз?
– Әр әдебиетшінің өз Әуезові бар. Бұл қазаққа ортақ жазушыны әркім ­жырымдап бөліп алды деген сөз емес. Әр әдебиетшінің өз жүрегіне оралған жазушы келбеті, жазушы­ шығармашылығы бар дегенді білдіреді.
Бір жағынан, терең білімнің арқасы ­болуы керек, екінші жағынан, Құдай ерекше жаратқан жан ғой, Әуезовтің стратегиялық ойлауы өте ерекше. «Абай жолындағы» ­Барлас келіп жырлайтын тұстағы мәдениеттің рөлі туралы толғаныстары тура мемлекеттік концепция тәрізді. Өзі: «Абай – менің өмірлік тақырыбым болды»­ дейді. Бұл жай сөз емес еді. Көркем шығарма жазу ­барысында, ғылыми еңбек жазуда, ең арғысы Абайдың ескерткішін қою мен көшеге атын беруде де Әуезовтің жанын сала еңбектенгенін түсінесіз. Ол Абайға қатысты дүниенің барлығын ұлтты тұтастыратын, ұйыстыратын қазық деп есептеген.
– Ғылыми жұмысыңыз шешендік бастау­лар жайында. Қазір бұл тақырып тасада қалғандай көрінбей ме?
– Бүгінгі таңда, шешен десе көз алдымызға баяғы ұлы билер елестейді. Ол тек бір өткен дәуірлерге ғана тән құбылыс секілді. Сонда қалай, шешендер қазір таусылып бітті ме? Олай болуы мүмкін емес. Тіл болған жерде, жеріне жеткізе сөйлейтін адамдар барда – шешен де, шешендік өнер де бар.
Қазақ тілі КСРО дәуірінде өзінің нағыз жанды қызметінен айырылды. Оның жанды қызметі – күнделікті тіршілікте, мемлекеттік маңызы бар жиындарда, сотта көрінетін еді. Кеңес дәуірінде қазақ тілі осылардың бәрінен шеттетілді. Саналы түрде солай жасалды демес едім. Екінші, қазақ тілі мемлекетті басқарудың тілі болудан қалды. Қоғамдағы түрлі мәселелерді талқылайтын, көтеретін тіл ретінде жолы жабылды. Қаржы саласының тілі де қазақ тілі болған жоқ. Қазақтың тілі Кеңес дәуірінде ішінара ғылымда, халыққа білім беру саласында қолданылды, өнерде, тұрмыстық деңгейдегі той-томалақта, өлім-жітімде ғана пайдаланылды. Соның себебінен Кеңес дәуірінде қазақтың ауызекі сөйлеу дәстүрінен сәл ажыраңқырап қалдық.
Енді зерттеу тақырыбым жайлы айтсам…­ Шешендік өнер әуел бастан зерт­теліп, зерделеніп келе жатқан тақырып. Орыс­тардың отарлау саясаты үшін қазақтың заңдық негіздері керек болды да, олар шешендік өнердің сол қырына көбірек үңілді. Өзімізден шыққан қайраткерлеріміз, Шоқан, Ыбырай, Мәшһүр Жүсіп болсын, қазақтың би-шешендерінің сөздерін жинап, негізінен, ауыз әдебиеті үлгілерін жинастырумен айналысты.
Шешендік өнерді алғаш рет теориялық тұрғыдан зерттеген Ахмет Байтұрсынов еді. Ол қазақтың шешендік сөздерін беске бөліп қарастырды. Батыстың, грек-рим шешендерінің де риторикасында осы жүйелеу қалыптасқан. ХХ ғасырдың басында «әдебиеттің партиялығы, таптығы» деген қисындар пайда болып, қазақ би-шешендерінің мұралары қанаушы тап өкілдерінің сөзі болып қалды. «Халық жауы» атанған Ахаңның атын атауға мүмкіндік болмаған тұста шешендік өнерді зерттегенде, ол қалыптастырған бес түрге бөлу дәстүріне ешкім жолай алмады. Соғыс жылдары шешендік өнер тақырыбын Мәншүк Мәметованың анасы Әмина Мәметова зерттеді. Әдебиеттің таптығы, партиялығы секілді принциптермен аса келісе қоймаған ғалымның 1945 жылы қорғалған «Қазақ билерiнiң шешендiк сөздерi және оның әдебиеттегi тарихи орны» атты кандидаттық диссертациясы шешендік өнерді арнайы монографиялық деңгейде зерттеген алғашқы құнды еңбек болды.
Ол тақырыпқа Мұхтар Әуезов жетек­шілік жасады. Сол замана ауанына орай шешендік өнер халықтыкі деген бағыт ұстанды. М.Әуезовтiң жетекшілігімен жасалған «Қазақ әдебиетiнiң» фольклорға арналған I-томының алғашқы редакциясы бiткен бойда, 1947 жылы 21 қаңтарда ҚК(б)П Орталық Комитетiнiң «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тiл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателiктер» деп аталатын арнайы қаулысы шықты. Атынан-ақ белгiлi боп тұрғандай, бұл қаулы кейiнгi кезеңде шешендiк сөздердi зерттеудiң бағыт-бағдарын айқындап бердi. «Буржуазиялық ғалымдар әдiстерiнiң қателiктерi сыналмады. Фольклор тап тартысының құралы екендiгi, осы тұрғыдан ұғынып зерттеу – советтiк фольклортану ғылымының басты мiндетi екендiгi ашылмады» деп келетiн айыптаулар өз тiзесiн, әсiресе «Шешендiк сөздер» бөлiмiне батырды. Ә.Мәметова жазған бұл тараудан «осы салаға жататын халық мұрасын түгел дерлiк билер тудырды деген бiржақты қорытындыға келген», «билердi мақтау шектен шығып кеткен» деген секiлдi «өрескел саяси қателiктер» тапты. Шешендік сөздерге қатысты билер мен олардың шығармашылығын шектен тыс насихаттап отыр деп, Әуезов тағы да дауға қалады.
Кейінірек қазақтың үлкен ғалымдары­ның бірі Балтабай Адамбаев шешендік өнерді зерттеуге кіріскен. Мұхаң тағы да жетекшілік жасайды. «Шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деген үшеуін ғана ал» деп, Мұхаң бағдар берді деп кейін естелігінде жазады Б.Адамбаев. Адамбаевтың жұмысы өте нәтижелі болды. Қазақтың арғы-бергі тарихындағы аттарын атауға болмайтын тұлғалардың сөзін қолжазба қорынан суыртпақтап алып, бірнеше еңбек жазып қалдырды. Осылайша, шешендік өнерді Әуезовтің ықпалымен тәуелсіздік жылдарына дейін алып келдік. Екі ортада зерттеген жекелеген ғалымдар да көп болғанын айта кеткім келеді.
Жаңа дәуір туған кезде А.Байтұрсынов­тың шығармалары қайта жарық көрді. Демек, Ахаңның еңбегіне сүйеніп, қайта зерттеу керек болды. Әлемдік риторикада қалыптасқан, Ахаң енгізген бес түрді қайта қалпына келтіру қажеттілігі туды. Ол: «Саясат шешен сөзі», «соттағы шешен сөз» (А.Байтұрсыновта «билік шешен сөз), «білімір шешен сөз», той-томалақтағы, ас-жиындағы барлық тұрмыстық сипаттағы сөздерді «қошемет шешен сөзі» және «уағыз» деп келетін әлемдік риторикадағы жүйелеу. Осы төңіректе топтастырсақ, біз қателеспейтінімізді және арғы дәуіріміздегі ұлы шешендеріміз бастаған көшке М.Әуезов, З.Қабдолов, Ә.Кекілбаев, Ә.Сығай, Қ.Мырза-Әлілерді қосуға ­болатынын түсіндік. Саясат және соттағы шешен сөздер бізде біршама тоқырауға ұшырағанымен, қошемет шешен сөздері ешқашан үзілген емес. Мысалы, Әуезов қайтыс болған кездегі Ғабеңнің: «Өмір күнде той емес» деп келетін атақты сөзі бар. Сондай-ақ Әбіш Кекілбаевтың Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығында немесе Құрманғазы турасында жасаған баяндамалары. Шәмші Қалдаяқов қайтыс болғанда: «Жер астында нұрың, жер үстінде үнің бірдей шалқысын, Шәмші – сері, Шәмші – сал!» деп толғайды Әбіш Кекілбаев. Сол сияқты атақты күйші Қаршыға Ахмедияров өмірден өткенде И.Тасмағамбетов: «Қазақ деген халықтың өскен-өнген ерекше өнері болатын болса – ол күй өнері еді. Сол өнердің сонау Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап пен Динаның өмірдегі өзіндей, өнердегі көзіндей болған Қаршыға өмірден өтті. Ұлы домбырашы өмірден өтті. Бүгін қасиетті қара домбыра өзінің иесін жоғалтқандай. Ұлы өнер киесін жоғалтқандай. Күй құдірет, өнер қасиет – осы бір бақыт Қаршыға ағамыздың маңдайына жазылған еді» дейді. Мұны қалай ғана қошемет шешен сөзіне жатқызбайсыз? Біздің бір ұқыпсыздығымыз, осындай риторикалық шығармаларды жинақтауда әлі күнге салғыртпыз.
– Бүгінгі күні әдебиеттің өзекті мәселелері сізді қызықтыра ма? Кейінгі буындағы әдебиеттанушылардың, сыншылардың, жас ақын-жазушылардың шығармашылығын бақылайсыз ба?
– Әрине, бақылаймын. Тілдің, бояудың әлсіреуіне көңілім толмайды. Әдебиет деген, ең бірінші – тіл. Қазіргі жас қаламгерлерде азын-аулақ сөйлемге үлкен ойды сыйдырып жіберу жоқ. М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі қалай басталатыны есіңізде ме? «Қарадырдың қарағанды сайы елсіз…» дейді. Төрт-ақ сөз, көз алдыңызда панорама ашылды. Басқа біреу жазса, «Қарадыр деген жер бар еді, ол жерде қараған өсетін, қазір ел жоқ» деп келер еді.
Екінші, кейінгі жас қаламгерлер жар­намаға көбірек көңіл бөліп кеткен. Өзін-өзі жарнама жасау, насихаттау заман талабы шығар. Әдетте таза шығармашылықпен айналысатын адамда жарнамаға, басқаға да уақыт болмауы керек. Әлкей Марғұланның ескерткішін ашатын кезде Салық Зиманов жақсы естелік айтты. Сол кісі Марғұланмен әр кездескен сайын: «Салық, газетіңде не жаңалық бар?» деп сұрайтын көрінеді. «Әлкей аға ғылыммен шұғылданатын уақытын газет оқуға да, күнделікті жаңалық көруге де қимайтын» дейді С.Зиманов. Әдебиетші болсын, жазушы болсын, көркем шығарма жазатын, көркем шығарманы зерттейтін уақытты жарнамадан гөрі ізденуге, оқуға арнаса жөн болар еді деп ойлаймын. Маған қалам ұстаған жастар аз оқитын секілді көрінеді.
Ал аға буын туралы айтсам, оларды да үзбей оқып тұрамын. Қ.Түменбайдың шы­ғар­машылығы шыншылдығымен ұнай­ды. Әрқайсысынан мысал келтірмей-ақ қояйын. Бір ғана мысал. Өзіме Жанат Ахмади­ деген ағамыздың шығармашылығы өте қызық. Ол кісінің шығармаларының ­бояуы қою және әртарапты. Ең бастысы – тіл керемет. «Құн» деген әңгімесін оқып, қатты риза болдым.
Ал әдебиеттанушыларға келсек, бұл ғылымдағы сабақтастық дәстүрі үзіле қойған жоқ, бірақ үзілуге өте жақын қалды. Бір байқағаным, ғылым – сәл уақыт үзген соң, қайта жалғастырып кететін дүние емес. Спортшының күнделікті жаттыққаны секілді, ғалым да үнемі жаттығып отырмаса, ғылымнан алыстап кетеді екен. Біз сабақтастық жібін үзбеуіміз керек.
Бір әдебиеттанушы ғалымды дайындау үшін 15-20 жыл уақыт керек. Ғалым жылына екі сауатты мақала жазса, соны өте өнімді еңбек деп есептер едім. Қазір Әдебиеттану институтына белгілі фольклортанушы Кенжехан Матыжанов барды. Сол кісі институтқа барғалы бері қаржыландыру көздері, фольклорға деген көзқарастың түзелуіне байланысты игі бастамалар жалғасын тауып жатыр.
– Мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілде сөйлегені ғана емес, сауатты сөйлегені де маңызды ғой. Осы төңіректе атқарылып жатқан жұмыстар қандай?
– Қоғамдағы рухани жағдаймен, тілдің мәселесімен біраз жылдан бері айналысып жүрмін. Бірден айта кетейін, бізде тілді білудің критерийлері әлі анықталған жоқ. «Нан» деген сөзді білетін адам мен «Абай жолын» бастан-аяқ түсініп оқи алатын адамның арасындағы айырмашылық өте үлкен. Ал енді осының қайсысын тілді білетіндердің қатарына қосуымыз қажет? Аударма мәселесінде де солай. Термин, ұғымдарды қай жерге дейін аударуымыз керек? Тіпті мамандардың өзі бұл тұста мәмілеге келген жоқ. Латын графикасына қатысты да осыны айтуға болады. Қоғамдағы сұраныс жергілікті атқарушы органдарға өз қалауын жасатпай қоймайды. Жыл өткен сайын артып келе жатқан қазақтілді орта өзіне қажетті жауапты да мемлекеттік тілде сұрайтыны анық.
Тағы бір ойланатын мәселе. Ғаламтор­дағы ақпараттардың сексен пайыздан астамы ағылшын тілінде екен. Азуын айға білеген неміс-француз, испан-итальян, миллиардтаған үнді, қытай, біз үшін үлгі болып келген орыс тілі де қалған жиырмаға жетер-жетпес пайыздың ішінде. Бұл жағдайда түрік тілдері, оның ішінде қазақ тілі туралы айтудың өзі қорқынышты. Осындай күнделікті құлаққа құйылып жатқан деректерден соң, «Қазақ тілін білмеуім қорқынышты емес, ағылшын білуім маңызды» деген ой көп адамның, әсіресе жастардың көкейінде тұр. Ал «қазақ тілін біл» деген әңгіменің көбі уағыз сипатында ғана. Иә, фольклорымыз, дәстүріміз, тіліміз, мәдениетіміз – бәрі жақсы. Осыны өзімізге де, өзгеге де құндылық ретінде үйрету жағынан ақсап келеміз.
– Алматы секілді алып шаһарда ресми қызмет атқара жүріп, мемлекеттік тілдің бары мен жоғын қаузау өте қиын шаруа. Миллиондар мекендеген қала дәл осы тіл мәселесіне келгенде түрлі әуенмен ән салатыны бар. Мың бояулы қаланы қазақыландырудың қандай қиындықтары бар?
– Алматы о бастан тілі орысша шыққан азаматтары бар қала. Тарихи жағдай солай болды. Жыл өткен сайын қазақтілділер көбейіп келеді. Өзге ұлттың өкілдері ­тарапынан болсын, қаланың орыстілділері тарапынан болсын, тілімізге деген ашық қарсылық немесе теріс пиғыл жоқ.
Мәселе, қазір қазақ тілін сұлулықтың, мәдениеттің тіліне, жұрттың бәрін тәнті ететін өнердің тіліне айналдыру күн тәртібінде тұр. Димаш деген әнші баламыз туралы айту қазір сәнге айналып кетті ғой. Тағы да соның мысалынан әңгіме айтайын.­ Димаш айтқан қазақша әнге ғашық болғандар әлемнің түкпір-түкпірінен біздің елге, тілге, әнге таңдай қаға бастады. Жалпы кез келген адам ізгілікке, сұлулыққа ұмтылады. Демек, біздің тіл көзге шұқудың, өзгелердің кемшілігін бетке басудың, не болса соған өкпелей беретіндердің емес, парасаттың, сұлулықтың, көркем шығарманың және заманауи технологияның тілі болғанда жұрт өздігінен қазақша сөйлей түседі. Асқар Жұмаділдаев деген ағам бар. Жиі араласамыз, әңгімелесеміз. Қазақтың тілін ол кісіден артық білетін адам жоқ. Асекең бірнеше тілді, мәдениетті біледі. Сөйте тұра бар болмысымен қазақ, Шиелінің қазағы. Еліміздегі өзге ұлт болсын, өз қандастарымыз болсын, ол кісіге құрметпен қарайды. Не үшін? Ғылымдағы жетістіктері үшін! Математика – күллі білімнің атасы. Бізде ғылымды насихаттау жағы кемшін. Топырақтану, генетикаға қатысты Әуезовтің өзі кезінде «Асыл нәсілдер», «Алма бағында» атты екі драма жазды. Мұхаңның осы ғылымды насихаттаудағы еңбегі зор. Ал бүгінгі жастардың әдебиетінде, көркем дүниесінде ғылымның қандай да бір саласы көрініс тапқан ба? Көркем шығарманы былай қойғанда, бүгінгі журналистикада қазақ ғалымдарын неге насихаттамасқа? Қазақтың ғылым тілін жазу арқылы неге көрсетпеске?
Небір сұрыптаумен айналысатын ғалымдарымыз бар, қазақтың жылқысын, қойын сонау Кеңес Одағынан бастап, жарты ғасырға жуық уақыт бойы зерттеп, тұқымын асылдандырып, тер төгіп жүр. Солармен неге жүйелі сұхбат жүргізбеске!? Қазақстанда химия саласында Одақ бойын­ша өте мықты мектеп болған. Физикада да солай. Академик Фазылхан Бәйімбетов деген, физика саласынан әлем мойындаған ағамыз дүниеден озып кетті. Сол кісінің он жыл бұрынғы бір сұхбатын оқыдым. «Қазақстанда кемінде 4-5 атом электр стансасы салынуы керек» дейді. «Осы саладағы бірден-бір маман неліктен бұлай айтты?!» деп, күн тәртібіне қойып, талқылаған жоқпыз. Біз ғылымды насихаттаған сайын қазақтың ғылым тіліндегі аясы кеңейетін еді. Бізді сақтайтын, өзгемен тереземізді тең ететін – тек қана ғылым.
Демек, қазақ тілінің проблемалары сыртта емес, ішімізде. Ішіміздегі осы бір ­мә­се­ле­лерден арылып, озығымызды дәріп­теп, тозығымыздан ажырауға ұмтылсақ деймін.
– Әркімнің де жүрегінде әлдилеген өз Алматысы бар. Осы қаланың өсіп-өркендеуі жолындағы қызметте жүргеніңізге біршама уақыт болды ғой. Кім-кім де өз Алматысын аңсап келгенде жүрегін тербер сағынышымен қауышуы үшін бұл қаланың, яғни өзіңіздің Алматыңыздың қандай болғанын қалайсыз?
– Маған ұнайтын бір мақал бар, «Отбасы­ – шағын мемлекет» дейді. Ал мемлекет – үлкен отбасы. Алматы соның бір үлкен үйі. Қолайлылығын, жайлылығын, адамдарды магниттей тартуын сақтап қалған қалада өзгеріс көп. 2011-2014 жылдар аралығында қала аумағы екі есеге жуық көлемде өсті. 27 елді мекен қалаға қосылды. Қалада екі ­жарым мыңнан аса көше бар. Жердің астында мыңдаған шақырымға созылған кәріз желілері, су құбырлары айқыш-ұйқыш ­жатыр. Қаланың үстінде мыңдаған шақырым жол бар. Ең бастысы, Алматы қалыптасқан, өзіндік дәстүрі бар қазақ мәдениетінің қара шаңырағы. Әркімнің Алматысы өз жүрегінде ғой, біздің шынайы өміріміздегі шаһар жаңа заман ­талабына сай болуы керек. Біз сол үшін еңбек етіп жүрміз. Әлемдік тәжірибе бар, үлкен қалаларға қойылатын талап бар, қала сол бағытта дамып келеді…
– Түрлі әлеуметтік желілер арқылы-ақ «жылдам хабар алғызған» уақытта мемлекеттік қызметкердің сөзі ғана емес, жүрісі, тұрысы түгел бақылауда болатыны белгілі жайт. «Мемлекеттік қызметкердің әдебі» сөзін қалай түсінген жөн? Көпшілік ол әдепті қалай түсініп жүр?
– Мемлекеттің атынан сөз сөйлеу – үлкен бақыт әрі жауапкершілік. Мағжанның өлеңі бар:
Риялы ораза намазбен,
Өзіңді-өзің алдама.
Әдепті болсаң одан да,
Көп жақынсың Аллаға… – дейді. Әдеп ешқашан күн тәртібінен түспейді. Мемлекеттік қызметкерлердің атқаратын шаруасының ұшы-қиыры жоқ. Мемлекет өзгерген сайын, мемлекеттік қызмет­керлердің тұрмысы да, жұмысы да, жүйесі де өзгерген. Бұрынғы мемлекеттік қызметкерде «Ятрань» деген машинка болса, жарты бақыт еді. Одан бері қаншама технологиялық құралдар, мәселен, факс, пейджер келді де, жоқ болып кетті. ­Демек, мемлекеттік қызметкердің құралы өзгергенде, оның өзі, әдебі, қызметі неге өзгермесін? Қоғам талабының сұранысына лайық болмасаң, сен ол қызметке жарамайсың. Мемлекеттік қызметке жаңа технологиялар дендеп еніп, құжат алмасудың, мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа жүйелері қалыптасуда. Бұрын бір ­дипломды алып, сонымен өмір бойы қызмет ете беретін болсаң, қазір күнделікті дайындалып, ізденіп отыруға тура келеді. Қазір мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі қабылданды. Шығыстың да, Батыстың да мемлекеттік заңдарын, озық тәжірибелерін мұқият зерделеу нәтижесінде дүниеге келген бұл кодекс – уақыт талабы. Дамудың шегі жоқ, ал бүгінгідей дүниенің төрт бұрышымен ақпарат алмасу оңай ­заманда жақсы да, жаман да ел көзіне жылдам түседі. Оның үстіне, барлық азаматтардың қолдарында бір-бір камера…
– Зейнолла Қабдоловтың дәрісін тыңдағанда ұстазы М.Әуезовтің «сын – шын болсын» деген сөзін көп айтатын еді. Осы сынды әдебиеттен бұрып әкеліп, сіздердің қызметтеріңізге қатысты айтсақ, шын сынмен ғана емес, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деген сынмен де кезігіп қалып жатасыздар. Мұндай сәттерде не істемек керек?
– Сын кейде жекелеген адамның ғана сөзі болады. «Ар жағын білмегеннен кейін айтып отыр ғой» деп, кешіріммен қарауға тура келеді. Жеке кездесіп, бетпе-бет отырып сөйлесіп, түсіндірсе, олай айтпас еді ғой деген ой келеді. Сыннан шындық ­туады. Сынның басқа да жағы бар. Соңғы жылдары адамдар жақсылықтан гөрі қиын жағдайларды, теріс оқиғаларды көрсетуге, көруге дағдыланып, соны іздеп отыратын болып алды. Жақсылыққа қарай ден қоймай, қай жерде адам шошытарлық, селт еткізерлік оқиға болса, соған ұмтылатын болды. Журналистер де кейде қара бояу­ды қоюлатып жібереді. Шын мәнінде, жақсылық жердің бетінде өте көп. Егер жақсылық жер бетінде басым болмаса, дүние баяғыда төңкеріліп кетер еді. Баяғыда ел болудан қалар едік. Сондықтан қолда бар жақсылықты да бағалауды үйреніп, насихаттап отырған жөн. Басқарма басшы­лығына алғаш тағайындарда, мемлекеттік қызметтегі ұстазым Ахметжан Смағұлұлы Есімов: «Бармақтай бақты ұстап тұру үшін батпандай салмақ керек!» деген еді. Әсілі, кез келген нәрсенің қадір-қасиетіне жету үшін де бір сәт тоқтап, салыстырып, ойланып алу қажет-ау. Сондықтан сынды да қабылдау үшін адамға батпандай салмақ керек.
– «Мемлекетке қызмет ету – әрбір азаматтың абыройлы міндеті» десек те, осы жолға түскен соң, уақыт қолбайлау болып, басқа да себептермен «жазылмай қалған ойым, айтылмай қалған сөзім қалды-ау» деп өкінген сәттер болды ма? Ондай ой қажай қалған сәтте сізді не құтқарды?
– Мемлекеттік қызмет дегеніңіз – бұл тәртіп, күнделікті уақыт кестесін мүлтіксіз сақтау, сонымен санасу. Біздің алдыңғы буын ғалым ағаларымыздың барлығы дерлік мемлекеттік қызметтің мектебінен өткен. Ш.Елеукенов, М.Базарбаев, Ж.Ысмағұлов, С.Қирабаев, Ә.Кекілбаев, С.Қасқабасов, К.Матыжанов сынды әдебиетші ғалым­дар биік лауазымдарда жүріп те көп мұра қал­дырды. Біз де мүмкіндігіне қарай күнделікті оқуды, жазуды үрдіске айналдырдық.
Ал атқарылуы тиіс жұмыстарға келсек, «Өнегелі өмір» сериясымен М.Әуезов ­туралы үлкен еңбек жазар ма еді деп қоямын. Осы уақытқа дейін шығармашылығын насихаттағанымызбен, Мұхтар Әуезовтің өнегелі өмірін, адами, пендәуи қуаныш-қайғысын өз дәрежесінде көрсете алмай келеміз. Көшпелі өркениеттің киіз үйінде дүниеге келген соңғы данышпанның тағдыр-талайының қалай болғанын тереңірек көрсету – біздің парызымыз. Бір ғана мысал келтірейін. Тоғыз жасында әкесі Омарханнан айырылған М.Әуезов үш жыл сайын ең жақын адамдарын жоғалтып отырған. Анасы Нұржамал, ағасы Қаске, атасы Әуез – барлығы он сегіз жасына дейін бақилық болады. Өз кіндігінен өрген тоғыз перзентінің бесеуі аштықтан, жоқшылықтан шетінеп кетті. Перзентінен айырылып, өзі түрме көріп, аш-жалаңаш, қуғында жүріп, тынбай, талмай жаза берді. Жазушы ретінде ол өзіне жүктелген ­тарихи миссияны, жауапкершілікті, Алаш ардақтыларының аманатын жете сезінді. Ол кісі қорлық-зорлықтың небір түрін көрді, соған төзді, көтерді. Ал адам ретінде оны не ой қажады? Жүрегі не деп сыздады, жасы не үшін төгілді? Осының барлығын тәптіштеп баяндау қажет-ақ. Ұрпақ үшін керек. Бір ұшығы ретінде «Последний гений, рожденный в юрте» деген тақырыппен орыс тілінде мақала жазған едім, соны қазақ тілінде кеңейту қажет деп есептеймін.
Қазақтың шешендік дәстүрі үзілген жоқ дедім ғой. Соның дәлеліндей қылып шешендік өнердің жалғастығын айтқан кітап шығару да жоспарда бар. Көргеніміз, түйгеніміз үшін бізге дәріс оқыған ұстаздар алдында қарыздармыз. Сол қарызды өтегіміз келеді. Қазірдің өзінде ара-тұра магистранттарға шешендік өнер туралы, оның тарихы жайлы, кезеңдері туралы дәріс оқып жүрмін. Болашақта көбірек уақытымды дәріс оқуға арнасам ба деймін.
Мемлекеттік қызметші дегеніміз – Қазақстанның көп адамы секілді, арманына, мақсатына адал азаматтар. Тек жауапкершілікті барынша мойнына алған, өзіне берілген жауапкершіліктен жалтармайтын жандар. Мемлекеттік қызметкер деген, сіз сұрақ қойғандай, өзге саладан шектелу емес. Демек, осы салада жүріп те, жан азығы үшін сізге атап өткен дүниелерді жазып, дәріс оқуға мүмкіндік пен уақыт таба аламын деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.