«Асыл сөздің» қонағы – Әбе!

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен Ұлттық мемлекеттік кітап ­палатасы игілікті іс бастап отыр. Еліміздің руханиятына­ еңбегі сіңген абыз ақын-жазушыла­рымызбен оқырман арасында алтын көпір болып, кездесулер ұйымдастыруды жоспарлады.

«Асыл сөз» жобасымен жүзеге асатын бұл шара жүйелі түрде жүргізіліп, сұхбаттар республи­ка­лық баспа бетіне жарияланады. Ал бейнежазба нұсқасы рес­пуб­ликалық арналардың бірінен көрсетіліп, дайын өнім кітап палатасының мұрағатында сақта­латын болады. Жобаның алғашқы қонағы майдангер-қаламгер Әбдіжәмил Кәрімұлы Нұрпейісов кітап палатасының шаңырағына келіп, сырлы сұхбат құрды. Алдымен оқырмандар жазушының 1948 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақалаларынан басталған, әр жылдары әдеби журналдарда шыққан әңгімелері және кітаптарынан құралған көрмені тамашалады. Одан соң, мәжіліс залында жазушымен кітап палатасы ұжымы және оқырмандардың кездесуін осы ұжым директоры Әділ Қойтанов ашып, қаламгерді мерейлі 95 жасқа толуымен құттықтады. Ары қарай қаламгердің шығармашылығына қысқаша тоқталып, «Соңғы парыз» романын ­Ресейдің «Художественная литература» баспасының Нобель сыйлығына ұсынып отырғанын айтып, халықаралық сыйлыққа ие болуына тілектестік білдірді.
Бұдан кейін сөз кезегін қалам­гердің өзіне беріп, оқырман­дармен ортада еркін әңгіме өрбіді. ­Жазушы оқырмандардың сауалы­на жауап­ бере отырып, өзінің балалық шағынан бүгінгі күніне дейін әсерлі әңгіме айтты. Сырлы сұхбат барысында алғашқы ашылған мектепке қалай барғаны, ашаршылықтың ауыр жылдары, соғысқа бір әулеттен аттанған 7 азаматтың арасында өзінің ғана тірі оралғаны тілге тиек болды. Соғыстан келген соң, алғашқы шығармаларына классик жазушылар М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтердің жақсы пікір айтып қолдағаны, І.Омаровтай қоғам қайраткерінің қамқорлық көрсеткені, бәрі-бәрі айтылды. Абыз ақсақалдың әсерлі әңгімесін оқырмандар тұщына тыңдады. Кездесу соңында кітап палатасының директоры Ә.Қойтанов жазушыға арнайы салдырған портретін тарту етті. Сондай-ақ Ә.Нұрпейісовтың өз атына сайт ашып, оған шығарма­ларын хронологиялық ретпен топтастырып, оның сертификатын ұсынды. Кездесу соңынан қаламгер өзіне көрсетілген құрметке риза­шы­лығын білдіріп, кітап палатасы ұжымымен естелік суретке түсті.
Айтпақшы, 95 жасқа толып отырған қарт қаламгердің әдебиет, қоғам туралы толғанысын Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының сайтынан да оқи аласыздар.

Нұрболат Абайұлы,
Кітап палатасының баспасөз хатшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.