Сындарлы қоғамдық келісім – кемел келешек кепілі

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауының ең басты алтын өзегі – аты айтып тұрғандай, еліміздегі қоғамдық келісімді барынша нығайту. Қазіргі дүрбелеңге толы дүниеде әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы түсіністік қандай мемлекеттің болмасын мызғымас берік тұғыры болып саналады. Cондықтан да Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруге» ерекше көңіл аударған.

Адамзатты қоғам болып бірігуге, тату-тәтті, бейбіт өмір сүруге ұйыстыратын теңдессіз құрал тіл екендігі белгілі. Ал бүгінгі қазақстандық қоғамда тіл мәселесі, әсіресе мемлекеттік тіл ахуалы аса көкейкесті мәселе қатарында тұр. Президенттің «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүр­гізуіміз керек» деген сөзінің астарында үлкен стратегиялық мән жатыр. Қай кезеңде, қай елде болмасын «тілдің үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн». Ашық азаматтық қоғам құру үшін де, үкіметтік емес ұйымдармен ортақ ымыраға келу үшін де түсінікті тілдесу, сындарлы сұхбат керек. Оған ұйытқы болатын – баршаға ортақ мемлекеттік тіл. Біз бүкіл қоғам болып сол тілдік тұстас­тыққа, мемлекет мәңгілігіне ұм­тылуға тиістіміз. Бұл орайда, жан-жақты ойластырылған, нақты межелері белгі­ленген, тілдік сұраныс ортасының ­қа­лауына қарай үнемі жетілдіріліп отыратын мемлекеттік тіл саясаты қажет. Мемлекет басшысы бұл мәселені өз назарында ұстап отырғандығын анық байқатты.
Қоғамдық келісімнің алғышарты ­ре­тінде Президент жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауды ұсынып отыр. Бұл тұжырымдаманың да табан тірер тұғыры барша жұртты ынтымаққа ұйытатын рухани келісім болуы тиіс.
Мемлекет басшысының тағы бір баса айтқан мәселесі – халықтың жанай­қайына, көтеріп отырған өзекті ұсыныс­тарына ықылас қойып, жедел жүзеге асыратын «Құлағы түрік мемлекет» («Слышащего государства») тұжырымдамасын жүзеге асыру. Ондай үйлесімді мемлекетті тек қана билік пен қоғам арасындағы тілдесу мен сұхбаттастық арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Сондықтан да азаматтық қоғамды үнемі қолдап, нығайтып отыру қажет, оларды аса маңызды мемлекеттік міндеттерді талқылап, шешуге араластырып отыру шарт. Күні кеше ғана алғашқы мәжілісін өткізген Қоғамдық сенім жөніндегі Ұлттық Кеңес осы мақсатқа жұмыс істейтін орган болмақ. Біздің қоғамды толғандырып отырған қандай мәселе болмасын көшеде емес, дәл осындай кеңестерде, Парламент қабырғасында, депутаттармен сұхбаттастықта, партия платформаларында кеңінен талқыланып барып шешімін табуы тиіс. Осындай түрлі алаңдардағы ашық диалогқа Үкімет те даяр болуы керек. Бұл орайда, жұртшылықпен тиімді кері байланыс орнатудың маңызы өте зор. Азаматтардың күнделікті тіршілігіндегі түйткілді мәселелерге ­жанын сала араласу, қамқорлықпен қарау мемлекеттік ұйымдардың басым бағыт­тары қатарында. Соған орай, Президент жанында мемлекеттік органдардың халықтың арыз-шағымдарымен сапалы жұмыс істеуін қадағалап отыратын арнайы бөлімнің құрылғандығы да халықты үміттендіріп отыр. Әдетте, жер­гілікті органдардың «тас кереңдігі» мен немқұрайдылығынан төзімдері таусылған жұртшылық еріксіз ереуілге шығып, Президентке шағына бастайды. Міне, осындай оралымсыздықтардың алдын алудың ең төте жолы – халықпен жатсынбай жылы сөйлесіп, емен-жарқын араласу, олардың талап-тілегін саралап, түйткілді мәселелерді шешуге азаматтардың өздерін белсенді араластыру.
Халықтың талап-тілектері тек тұрмыс тауқыметімен, экономикалық мәселелермен ғана шектелмейтінін, олардың рухани сұраныстарына да баса мән беру қажет екендігін Президент атап көрсетті. Мәселен, келесі жылы атап өтілуге тиісті Абай Құнанбайұлының 175, әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойлары нағыз халықтық мереке болуы керек. Мерейтой барысында ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеу, олардың ақыл-ой даналығын жас ұрпақ жүрегіне жеткізу – әрбір зиялы қауым өкілінің азаматтық парызы. Олардың парасат биігін бүкіл елдің рухани кеңістігіне кең тарата отырып, халықаралық деңгейдегі ұлт мерейін асқақтатудың құралына айналдыру – басты мақсат. Президент әкімшілігінен бастап, жергілікті ұйымдар осы мақсатқа жұмыла атсалысатын болады.
Демократиялық азаматтық ­қо­ғамға жетудің баспалдақтары мен бұл­жымайтын биік белестері – дамыған білім мен мәдениет. Өз Жолдауында Президент қоғамдағы сындарлы рухани келісімнің ұйытқысы ретінде білімнің ­сапасы мен өркенді мәдениетке баса ­назар аудару қажеттігін айтты. Барлық деңгейдегі білім берудің сапасын арттыру. Бүгінгі қоғамның сұранысына орай жас мамандар даярлаудың отандық жүйесін қалыптастыру. Оқушыларға кәсіби бағдар берудің жаңа жүйесін жасақтау. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасын бір ізге түсіру сияқты өзекті мәселелерді жөнге келтіруге назар аударылды. Жолдауда жоғары білім сапасы да кеңінен сөз болды. Білім беру ісін қаржыландырудағы әркелкілікті жою мәселесі де көтерілді. «Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру. Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет» екендігі айтылды. Президент оқулық сапасына да арнайы тоқталды. Мұғалімдер мен оқытушылар­дың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақ­сатында «Алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз» деп, алдында Білім және ғылым министрлігінің республикалық Тамыз кеңесінде берген тапсырмасын нықтап қайталады. Біліммен қанаттас жүретін ғылым проблемаларына да жете назар аударды.
Президенттің мәдениет саласына осы уақытқа дейін жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келгенін атап көрсете келіп: «Келесі жылдан бастап Үкімет мәде­ниет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек» деп нақты тапсырма беруі осы саладағы мамандарды ерекше қанаттандырғанын атап айтқан жөн.
Тұтастай алғанда, Жолдауда Мемлеке­ті­міздегі көкейкесті мәселелер кеңінен қозғалды. Елді жаңа жағдайға байланыс­ты дамытудың әлеуметтік мәселелерден ­бастап, мемлекеттік басқаруға дейінгі сан-саласында атқарылатын істердің межелері белгіленді. Осылардың барлығының басын қосып ұйыстырып, ортақ мақсат, ұлттық мүддеге жұмылдыратын құдіретті күш – ынтымақ пен бірлік, түсіністік пен татулық. Соған ұйытқы болатын «сындарлы қоғамдық диалогтың» бастау-бұлағы – тіл мен діл, білім мен мәдениет. Бұлар халықты рухани тұтастыққа, татулық пен ынтымаққа бастайды. Президент сөзімен айтқанда: «Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді». Демек, «Сындарлы қоғамдық келісім» – кемел келешек кепілі.

Кенжехан Матыжанов,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.