ҚАУҚАРЫҢ ҚАЛАЙ, ҚАЗАҚ БОКСЫ?

Биылғы бокстан әлем чемпионатында Екатеринбург­ қаласынан сүйінші хабар жетті. Қазақ боксшысы Бекзат Нұрдәулетов 81 келіде алтын медаль иеленді деген жаңалық күллі Қазақ Елін қуантты. Бекзаттың жеңістен кейінгі мінберде тұрысы, көк туды желбіретіп, әнұран қойылғандағы жүзіндегі қуанышы осыдан 19 жыл бұрынғы Бекзат Саттархановтың жеңісін еске түсірді. Бекзаттар ғана осылай жұдырықтасып, Бекзаттар ғана ойламаған жерден елге алтын сыйлай алса керек-ті… Бекзат Саттарханов та 20 жасында топ жарып, бүкіл әлемнің назарын­ өзіне аударып еді-ау…
Бүгінгі Бекзат Нұрдәулетов те 21 жаста, тек тіл-көзден сақтасын дейміз. Жас спортшы әлем чемпионатында қырғызстандық Еркін Адилбекуулын, бразилиялық Кено Мачадоны, түркиялық Байрам Малканды ұтты. Финалда өзбекстандық Дилшодбек Рузметовті жеңіп, бес төрешінің де қолдауына ие болды. Ал жартылай финалда төрт дүркін әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының чемпионы кубалық Хулио Цезар Ла Крузды бір рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен ұтты.
Бекзат бұған дейін 91 келі салмақта өнер көрсеткен. Ішкі біріншілікте Василий Левиттен өте алмаған соң, 81 келіге ауысқан. Боксшы бұған дейін де әлем чемпионын, Олимпиада ойындарының финалистерін дайындаған Марат Жәкиевтің қолында жаттығады.
Ресейде өткен бокстан әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар олжасыз болған жоқ. Ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев +91 келіде өнер көрсетіп, финалда өзбекстандық Баходир Жалоловтан жеңілді. Спортшы күміс медальге ие болды. Ал Сәкен Бибосынов (52 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Тұрсынбай Құлахмет (75 кг) және Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит (91 кг) Ресейдегі әлем чемпионатында қола медальді қанағат тұтты. Көпшіліктің талқысына түсіп, бокстағы тағы бір дауды тудырған Левиттің мәселесі болды. Ол жартылай финалда эквадорлық Хулио Кастиллодан 2:3 есебімен жеңілген. «Левитті қолдан жығып берді» деген көзқарастар осы кезде пайда болды. Сол жекпе-жектен кейін Қазақстан бокс федерациясы төрешілер шешімімен келіспей, Бүкіләлемдік бокс федерациясының (AIBA) уақытша президенті Мухаммед Мустасанға шағым жазды. Бірақ ұйым Қазақстан шағымына жауап берген жоқ. Шешім өзгеріссіз қалды. Дегенмен­, Левиттің өзін айыптап, оның тәсілі өзгеріссіз келе жатқанын сынағандар да табылды.
Осылайша, бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс, төрт қоланы қанжығаға байлап, үшінші орынға табан тіреді. Дегенмен, бұл чемпионат қазақ боксының әлі де болса әлсіз екенін көрсетті. Біздің боксқа не жетіспейді, негізгі мәселелері не? Белгісіз Бекзаттың ойламаған жерден топ жаруының сыры неде? Василий Левитті төрешілер жықты ма, әлде өз қателіктері болды ма? Осы сұрақтардың төңірегінде спорт мамандарына сауал тастап, бокс кешіне қатысты пікірлерін алдық.

Амангелді Сейітхан, спорт журналисі: ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ – БОКС ФЕДЕРАЦИЯСЫНДА

– AIBA бокстың дамуына дұрыс жағдай ­жасай алмады. Еуропаның мықты елдері өздерінің бокс мектебін баяғыда қалыптастырған. Бокс Олимпиада ойындарынан түспеген көне спорт түрі. Өйткені бокс бойдағы жігерді, қолдағы күшті, бастағы ақылды сарапқа салатын шынайы жекпе-жек. Уақыт өте келе, соңғы 5-10 жылдың көлемі шығар, ол сауда-саттықтың алаңына айналып кетті. Кешегі Екатеринбуртегі әлем чемпионатының өзі бұл спорт беделінің кемігенін көрсетті.
Тағы бір мәселе, біз бокс деңгейін білмейміз. Жалпы бокс әлемінде шеберлік ақсап тұр. Оны әдемі пайдаланып жатқан мемлекеттер бар. ­Мысалы, Өзбекстанда боксты құрметті спорт түрі ретінде қабылдайды, солай санайды. Сол бокспен күнелтіп отырғандай осы спорт түріне ақша сала береді. Басқа күрестің түрлері де мықты. Сол үшін Өзбекстан боксқа, күреске, футболға ақша салады.
Рас, Бекзат жеңіске жетті. Керемет табыс, қуанамыз. Жеңіске жетті, медальді алдық, құтты болсын айттық. Енді шамалыдан кейін сараптауы­мыз керек. Өйткені қалай жұдырықтасты, тәсілі қандай деген сияқты сұрақтарды қоюымыз керек. Өйткені көптеген кемшіліктер көзге көрініп тұр. Боксшы көбіне төбелесті. Қорықпайды – жақсы қасиет. Қайтпайды – әдемі. Намыс – боксшыға қажет. Кәдімгі техника деген бар, тактика деген бар. Оны шыңдамай, оны жетілдірмей, басқа жарыстарда топ жарып шығуың қиынға соғады. Әлем чемпионы деген атақ, салмақ, иығынан басып тұрады. Бекзаттар соны түсінуі керек. ­Бекзаттар енді әлем чемпионы ретінде өмір кешуі керек. Балалықты тастау керек. Ол әлемдегі өз салмағындағы нөмірі бірінші спортшы. Бекзатқа қарсы шыққандар кәдімгідей қаймығып тұруы ­керек. Оған Бекзаттың өзі еңбек етуі тиіс. Бекзаттың бұған дейін дайындалғаны баланың ойыны сияқты болып қалады. Енді әлем чемпионы­ ретінде дайындықты одан сайын шыңдап, одан сайын нақтылау керек. Сонда ­Бекзаттан мықты спортшы шығады.
Қамшыбек Қоңқабай. Мұнда Қамшы­бектің де көңіліне келмесін, бүгінгі деңгейі осы. Ол жақсы деңгей. Дегенмен, Қамшыбек Жалоловтан үлгі алу керек. Жалолов осыдан 2-3 жыл бұрын мынандай ширақ, мынандай батыл, мынандай шебер емес еді. Неге? Өйткені өзін ұстаған, жағдайы жасалған, Америкаға барып дайындалады. Олар ұтпағанда! Өйткені жүйе бар. Одан да дәстүрін сақтап қалған азаматтық ұстаным бар. Спортшының алдын кеспейді, қайта жолын ашады. Міне, біз осы жағынан да ойлануымыз керек. Бізде қанша спортшы, қанша зал, қанша бапкер бар, олардың жағдайы қандай? Осы мәселелерді реттеуіміз керек.

Есей Жеңісұлы, спорт шолушысы: ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫ, ҮМІТСІЗ ЕМЕСПІЗ

– Екатеринбургтегі (Ресей) әлем чемпионаты екіұдай ойға қалдырды. Олимпиада қарсаңындағы әлемдік дода әдетте көп сұраққа жауап береді, көп мәселенің шешімін байқатады. Бұл жолы АІВА (Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) бұл сынды­ өліара кезеңде өткізді. Бір жағынан, Олимпиада жүлделері таратылған жоқ. Бұл АІВА-ның қазіргі позициясы өте әлсіз екенін көрсетеді. Келесі жылы Олимпиадаға іріктеу жарыстарын Халықаралық Олимпиадалық Комитет (ХОК) өзі өткізетін болса, АІВА-ның дербес ұйым ретінде беделі қалмауы да мүмкін. Сондықтан Өзбекстанның үш алтынмен көш бастауын заңдылық немесе көршілердің мықтылығы деуге асықпаған болар едім.
Екіншіден, Қазақстан құрамасының осындай өліара кезеңде жақсы өнер көрсеткені қуантты. Жүлдеге ілінгендер саны жағынан біздің команда бәрінен басым болды. Алты боксшымыз жүлдегер атанды. Дегенмен, Қамшыбек Қоңқабаев, Василий Левит, Қайрат Ералиев сияқты фавориттер емес, 81 келі салмақтағы көшбасшының (Бек Нұрмағамбет) жарақатынан кейін ғана әлемдік додаға жолы ашылған Бекзат Нұрдәулетовтің жеңісіне ойлануға тиіспіз. «Біздің ізбасарлардың өзі мықты» деп мақтануға болар еді, алайда жартылай финалда боксшыларымыздың кімдерге есе жібергеніне қарайықшы. Тұрсынбай Құлахмет (75 келі) – филиппиндік Еумир Марсьяльдан, Василий Левит (91 келі) эквадорлық Хулио Кастильодан жеңілді. Өзбектерді, орыстарды, куба­лықтарды былай қойғанда, шешуші сындарда осындай боксшылардан жер соғуымыз ойландыруға тиіс.
Ең бастысы, боксшылар 1999 жылы Болат Жұма­діловтен басталған жеңісті жолды лайықты жалғастырып келеді. Алдағы уақытта бұл спорттағы былық-шылыққа тосқауыл қойылып, тазаратын болса, көрсеткішіміз бұдан да жақсара түсуге тиіс. Токио Олимпиадасынан үмітсіз емес екенбіз, осы да дәтке қуат болып тұр.

Бақтияр ТАЙЖАН, спорт журналисі: АІВА ӘЛДЕКІМДЕРДІҢ  ҚОЛЖАУЛЫҒЫНА АЙНАЛДЫ

– Бұл әлем чемпионаты өз басыма Ташкентте өткен Азия чемпионатын еске түсірді. Онда 9 салмақтың 8-ін өзбек боксшылары алған болатын. Тек, даулы Рио Олимпиадасынан бері жеңіліс дәмін сезбеген Левитті жығып беруге дәттері бармады. Өз басын әлемдік санаттағы ең мықты боксшы ­санайтын өзбекстандық Бектемир Меликузиев Ерік Әлжановпен бокстасқан соң, ағынан жарылды. «Әлжанов – сөз жоқ, талантты боксшы. Екі раунд тең түстік. Тек, үшінші раундта ғана екі-үш тура соққыларым өтіп, жеңгенімді сездім» деді ол.
Ал маңғыстаулық Ерік Әлжанов Қазақстанда екінші құрамадағы боксшы. 75-81 келі салмақта бокстасты. Осы әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасы бірінші орын алды. Бауырлас ел ретінде құттықтаймын. Бірақ, ашығын айтайын, 52 келі салмақтағы Шахобиддин Зоиров пен 57 келі салмақтағы Миразизбек Мирзахалилов бірі ширек, екіншісі жартылай салмақта жеңіліп қалған болатын. Зоировты жеңген болгар боксшысының бапкері сары карточка көрсетіп, қарсылық білдіргенімен, қабылданбады. Ал Мирзахалилов моңғол Цэндбаатардың жаң­бырдай жауған соққысының астында қалса да, төрешілердің «әділ төрелігінің» арқасында финалға өтті. Біздің боксшыларымызға қатысты айтар болсақ, құраманың аға жаттық­тырушысы Мырзағали Айтжанов қазылар таза болғанда төрт қазақтың әлем чемпионы болуға мүмкіндігі болғанын тұспалдап айтқан.
Бірі – Василий Левит. Рио Олимпиада­сындағы жағдайды білесіздер. Үшінші раундта ресейлік Евгений­ Тищенко нокаутқа түсудің аз-ақ алдында тұрды. Амал не, жеңіс тағдыры шешіліп қойған. Төреші қабағы жарылғанын сылтауратып, дәрігер шақырып демалдырып алды. Ал бокс ережесінде кездесу бітуге бір минут қалғанда көзі шығып кетпесе, шамалы жарақатқа жарысты тоқтатпайды.
Кімдердің әлем чемпионы болатын­дығы алдын ала кесіліп-пішіліп қойған­дығына осы арпалыс дәлел. Левит үш раундта да таза жеңді. Ал Оңтүстік Корея төрешісі көзін жұмып отырып 30-27 есебімен эквадорлыққа ұпай жазған. Бұл қарсыласын нокаутқа жығудың аз алдында, айқын басымдылықпен ұтқан боксшыға берілетін баға. АІВА туралы айтсақ, әңгімеміз ұзаққа кетеді. Бұл құрылым әлдеқашан қылмыстық кландардың қолжаулығы болып кеткен.
Бекзат Нұрдәулетов – сөзсіз батыр. Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан алатын ердің сойы. Негізі, бұл салмақта Азия чемпионы, түркістандық Бек Нұрмағамбет баруға тиіс болатын. Ол жарақат алып қалды да, екінші құрамадағы Бекзатқа таңдау түсті. Бұл жас жігітте мінез деген жетерлік. Әйтпесе, Олимпиада ойындарының жеңімпазы, төрт дүркін әлем чемпионы, 81 келі салмақта ешкімге алтын ұстатпай жүрген кубалық Хулио Ла Круз сойқан жігіт еді ғой. Соның топалаңын шығарып жіберді Бекзат. Нокдаунға түспек түгілі, ауыр соққы алып көрмеген Ла Круз жігіт екен, Бекзаттың маңдайынан сүйіп, құттықтады. Қазақ бокс құрамасы, шын мамандар тұрғысынан емес, көрермен өкілі ретінде айтайын, техникалары сұрапыл. Әр боксшының өз стилі бар. Бір үйдің балалары, бір қолдың саласы секілді ұйымшыл. Тәртіпті. Тек, физикалық күш жағынан әлі де қосу керек. Куба, Өзбекстан боксшылары алға атойлап, жетпеген жерінде күшпен алғысы келеді. Бізге де физикалық жүктемені көбейту керек.
Бүгінгі бокс – Қонақбаевтың дәуіріндегі өнерлік деңгейден кеткен. Ұрда-жық бокс. Көрермендер де соған бейімделді. Ендеше, сол боксты көрсету керек. Өз басым қазақ боксына ешқайсысын теңгермеймін.

Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ, «Қазақ спорты» –  «Спорт» газеттерінің бас редакторы: ЛЕВИТТІҢ 
БОЙЫНДА АРТҚА КЕТУШІЛІК БАР

– Биылғы әлем чемпионаты бокс­тан өткен қатардағы әлем чемпионаты сияқты болып қалды. Халықаралық үлкен бір жарыс сияқты. Басты ­себеп – бұл Олимпиаданың лицензия тарататын құзіреті болмады. Бірақ біраз қызықтың куәсі болдық. Ең бастысы, өзбек құрамасы тағы да үш алтын алып, қазақты, Қубаны, Ресейді басып озды. Бұл өзбек боксының деңгейі күн сайын артқанын көрсетіп отыр.
Қазақстан құрамасы, әрине, бұл жолы жаман өнер көрсетті дей ­алмаймыз. Өйткені медаль жағынан біз алда тұрмыз, алты медаліміз бар. Бірақ бұл жерде медальдің саны емес, алтын медальдің санымен есептеледі. Сондықтан біз үшінші орында қалдық және бұрынғы деңгейімізге жете ­алмай тұрмыз. Абылайхан Жүсіпов, өткен жылғы әлем чемпионы Қайрат Ерғалиев, Василий Левит, Тұрсынбай Құлахмет те алтыннан үміткер еді. Бірақ ала алмады. Мұны біз үшін жетістік дей алмаймын. Бір ғана ­алтын – Бекзатта. Өзбек командасы да, орыс командасы да бізбен терезесі тең командалар еді.
Екінші, кез келген халықаралық жарыста, Олимпиадада, әлем чемпионаттарында міндетті түрде белгісіз, жұрт көп үміт күте қоймаған адамның жеңіс тұғырына көтерілуі кездейсоқтық емес. Мысалы, баяғы Ердос Жаңабергеннен де әлем чемпионатында ешкім алтын күткен жоқ еді. Афина Олимпиадасында бірде-бір жүлде болмай тұрған кезде, ешқандай алтын болмай тұрған кезде Бақтияр Артаев бізге алтын алып берді. Сол жарысқа Бақтияр әзер дегенде барған. Одан кейін Олимпиадада чемпион болған ­Бекзат Саттарханов­тан да ешкім үміт күткен жоқ еді. 20 жасында қазақ боксшыларының арасында тұңғыш Олимпиада чемпионы деген атаққа ие болды. Кешегі Бекзаттан да біз алтын күте қойған жоқпыз, тіпті мамандар да күтпеген шығар. Орыстарда «тёмная лошадка» дейді, білдірмей келіп, жалт етіп шыға келетін кейбір аттар болады. Тура сол сияқты ­Бекзат та жарқ етіп шыға келді. Жарыста ең көп жұдырықтасқанның біреуі, осы – Бекзат. Бұның әрбір жекпе-жегі шоуға айналды. Ақыры өмірі ешкім жеңе алмаған, тіпті ағасы Әділбек ­Ниязымбетов жеңе алмаған Ла Крузды тас-талқан етті. Өйткені Ла Круздың бетіне нокдаун бермек түгілі, соққы тигізудің өзі оңай емес. Бұл қазақ боксы үшін үлкен жетістік. Бесінші рет әлем чемпионы боламын деп келген Ла Круздың жолын кескен Бекзаттың болашағы өте зор. Егер жұлдыз ауруына шалдықпаса, өзінің мүмкіндігін төмендетіп алмаса, осылай іздене беретін болса, бұл әлемдегі нөмірі бірінші боксшы болады.
Енді Василий Левитке қатысты… Жолы болмағанның біреуі осы – ­Левит. Кездейсоқтық кездейсоқ болмайды ғой, мұның бәрі заңдылық. ­Мысалы, танымал емес, белгісіз біреуден нокаут­пен ұтылу ­деген сұмдық болды. Біз сол кезде біліп, Левиттің аяқ алысына бірден көңіл аударуымыз керек еді. Левит ізденбейтін және еріншек боксшы емес. Бұл талантты және жан-жақты ойлап істейтін спортшы. Бірақ бір шаршағандық па, әлде ептеген менменсоқтық па, бір нәрсенің барын байқап қалдық. Әйтеуір бұл жігіттің бойында бір артқа кетушіліктің бар екенін байқадық.
Меніңше, қазақ боксының проблемалары жетіп артылады. Біздің боксшылар Кеңес үкіметінен келе жатқан жүйемен жаттығып жүр. Ал қазір әлемде жүйе қатты өзгерді. Бокс өзгеруде. Көп жағдайда Украи­наның, өзбектің боксы алға шығып келе ­жатыр. Біз әлі күнге дейін тех­никалық шеберлікті алға ұстап келеміз. Бұдан айырылмауымыз керек, әрине. ­Дегенмен, қазір күштік және әлеуеттік бокс алға қадам басып жатыр. Біз жігіттерімізді осыған да тәрбиелеуіміз керек. Үшінші мәселе, біздің кемшілігіміз, ұлттық рух ­деген болу керек. Өзбектің бок­сы­на­ қараңыз, жеңіліп жатса да, тіпті ­ше­берлік жетпей жатса да, құлап жатса да, сол қарсыласының үстіне жығы­лып барып құлайды. Бұл ­деген ­жанын беретін жанкешті бокс. ­Артында Өзбекстан тұрғанын, өзбек деген ұлы халық тұрғанын бұлар ұмыт­пайды. Бізге де осындай бір ­керемет насихат керек сияқты. Әрине, Мыр­за­ғали ­бауырым бұл мәселені өте жақсы біледі, Ғалым Кенжебековке, мүм­кін, әлі де тәжірибе керек шығар, ең ­бас­тысы, жігіттерді жігерлендіру керек.
Біздің боксшыларымыз келер жылғы Токио Олимпиадасына өзінің шегінде барады-ау деп ойлаймын. Әрине, ол үшін осы әлем чемпионатынан алған сабақтарымызды БАҚ-тарда сараптап, талқылап-талдауымыз керек. Оны бапкерлер көруі керек. Өйткені біз сырттай бақылап отырған адамбыз, бізге көп нәрсе көрінеді. Сондықтан бапкерлер қажетін бізден де алуы керек.

Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ, спорт журналисі: БІЗ БІР АЛТЫНДЫ  ҚАНАҒАТ ТҰТУДЫ ҮЙРЕНДІК

– Әуесқой бокс деңгейі төмендеп барады. Екатеринбургте өткен әлем чемпионаты осындай ойға жетелейді. Төрешілердің көп шешімі күмән тудырып, біраз боксшының беті қайтты. Олардың арасында біздің Василий Левит те бар. Левит әлемдік сынның жартылай финалында эквадорлық ­Хулио Кастильоны таза жеңсе де, төрешілер қарсыластың қолын көтерді. Қазылардың мұндай қадамға неліктен барғанын да түсіну қиын емес. Олар 91 келіде финалға жолдама алып, кейін әлем чемпионы атанған ресейлік Мүслим Гаджимогамедовке жол ашып берді. Бокста айтарлықтай табысы жоқ, жұдырықтасу мәнері шоуға көбірек келетін Кастильо Левит секілді қиындық туғызбайтыны анық. Ал жарысты өткізіп жатқан Ресей үшін қандай жолмен де медаль алу маңызды. Васяның Риодағы жеңісін тартып алған төрешілер бұл жолы да баяғы әдетіне басты. Евгений Тищенкода кеткен есені әлі ұмыта қоймаған ек…
Халықаралық Олимпиада комитеті тап осы төрешілердің түсініксіз шешімі үшін АІВА-ға қайта-қайта доқ көрсетіп, тіпті боксты Олимпиада бағдарламасынан алып тастаймыз деп қорқытқан. Бүгінде ХОК АІВА-ны уақытша мүшеліктен шығарып, биылғы әлем чемпионатын өткізуді өзге ұйымдарға тапсырды. Бірақ мен айтарлықтай өзгеріс байқамадым. Баяғы жартас – бір жартас.
Мысалы, осы әлемдік сында басымен алға ентелеп, қарсыласының қабағын жаратын боксшыларды (әсіресе, Өзбекстан өкілдері) көп көрдім. Бір қызығы, қабағы жарылған спортшы қай кезде де жеңіліс табады. Ал қарсыластың көпе-көрнеу баспен соққы жасап, шынтақпен қағып жатқанына мән берген ешкім жоқ. Бұл әуесқой бокстың жанкүйер алдын­дағы беделін одан әрі төмендетері хақ. Көрерменнің ­басым бөлігі кәсіби бокс пен ММА жекпе-жектеріне ауған сәтте, әуесқой бокстағы функционерлер бар күшін салуы тиіс еді.
Қазақстан құрамасының нәтижесіне келер болсам, біз бір алтынды қанағат тұтуды үйрендік. Алматыдағы әлем біріншілігінде төрт чемпион шығарғанымыз біраз жылға азық болады деп ойлаймын. Осы әлемдік додада ел білмейтін боксшыдан жүлде күткем. Бұл ойымды Бекзат Нұрдәулетов орындады. Ол кубалық Хулио Сезар Ла Крузды жеңгенде замандасым Әділбек Ниязымбетовтің есесі қайтты деп қуандым. Төреші Бекзаттың қолын көтергенде Әділбектің Рио тұғырында жылап тұрған сәті көз алдыма келді. Егер осы бағытынан танбаса, Бекзат кәсіби бокста да зор табысқа жетуі мүмкін.
52 келідегі Сәкен Бибосыновтың бұл алғашқы ірі ­додасы. Сол себепті, қола ол үшін жаман көрсеткіш емес. 69 келідегі Абылайхан Жүсіпов тәжірибелі Андрей Замковойдан аса алмайтыны әу бастан белгілі болды. 75 келідегі Тұрсынбай Құлахметті финалдан көремін деп ойлағам. Алайда Тұрсынбай мұндай ірі жарыстардың дуын көп көрмегенін байқатты. Оның үстіне, филиппиндік қарсыласында тәжі­ри­бе мол. Левиттің жағдайы түсінікті, ал аса ауыр салмақтағы ­Қам­шыбек Қоңқабаев барын салды. Жалоловты ұрып құлат­паса, басқаша жеңу мүмкін еместігін бәрі көрді. Ал өзінен бойы әлдеқайда ұзын қарсыласты құлату оңай еместігі тағы бар.

Р.S

Келер жылы бокстан Токио ойындары жоспарланған. Ал 2020 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Азия және Мұхит елдері аймағында іріктеу сыны өтеді. Қазақстан осы аймаққа енеді. Токио Олимпиадасында ерлер 8, әйелдер 5 салмақ дәрежесінде бақ сынайды.  Ерлер арасындағы олимпиадалық салмақ дәрежелері: 52 келіге дейін, 57 келіге дейін, 63 келіге дейін, 69 келіге дейін, 75 келіге дейін, 81 келіге дейін, 91 келіге дейін, +91 келі. Әйелдер арасындағы олимпиадалық салмақ дәрежелері: 51 келіге дейін, 57 келіге дейін, 60 келіге дейін, 69 келіге дейін, 75 келі. Біздің спортшылар осы Токио ойындарында топ жарып, алтын санын арттырады деген үміт те жоқ емес. Тек жоғарыда аталған мәселелер оң шешімін тауып, спортшылардың жаттығуына жағдай жасалса, бәрі де мүмкін.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.