БАҚЫТ ҚҰПИЯСЫ

Ақылдылық пен ерлік – міне, бір ғана өлшем.
Кімде-кім ұлы өнеге көрсетсе, сол – ұлы…
(В.Гюго)

Дүниеде кездейсоқ ештеңе де болмайды. Бұл – өмір заңы. Барды өлтірмейтін, Нұрды сөндірмейтін Жаратушы оябын тауып, бірінің жоғын бірі түгендей­тін­дей, бірінің жетпегенін екіншісі толықты­ратындай етіп, адамдарды жұптастыра­тынға ұқсайды. Жазмыш жолын да қиян­нан қиыстырып, иіп әке­летін шебер­лігін айтсаңшы! Шындығында да, біздің кейіпкерлеріміздің Жігіт, Қыз боп кездесуінің, яғни тағдыр жолдарының тоғысуының өзі тосын һәм қызық…
Ұлы Отан соғысы басталардан екі жыл бұрын әскер қатарына алынған Жігіт ары қарай адамзат тарихындағы қанқұйлы майданға аттанады. Соғыстың сан түрлі қиындығында шыңдалып, жеті жылдан кейін еліне оралады. Әскерден келген бетте бала күнінен аңсаған оқуына құжат тапсырып, Қазақ мемлекеттік университетіне студент болып қабылданады. Білімге сусап келген оны жастықтың қызығынан гөрі ғылымның айдыны тарта түседі. Сөйтіп жүргенде ауылдасының баласы өзіне ұнайтын бір Қыз бар екенін, сол аруды «сынатқысы» келетінін айтып, Жігітке қолқа салады… Жігіт алғашқы сезімнің жетегінде жүрген бозбаланың көзсіз асық күйін көріп, көңілін қимай, Қыздың тұрып жатқан жатақханасына бірге баруға келісімін береді. «Сыншы­ жігіт» Абай атындағы Педагогикалық институттың озат студенті, драма үйірмесінде басты рөлдерді орындап жүрген ақылына көркі сай сымбатты Қыз бен ­можантопай ауылдасының арасынан ешбір үйлесімді байқай алмайды. Бозбала­ ынтық болғанымен, бойжеткеннің ойында дәнеме жоғын бірден аңғарады.

Сыртқа шыққан бетте-ақ өзінің бүкпесіз адал көңілімен: «Бауырым, ренжісең де айтайын, бұл қыздың сенде ешқандай ойы жоқ. Бос әуре болма» дейді. Бірақ дәл осы кездесуде ол өзінің де ішіне өзгеше бір шоқтың түскенін аңғарады. Әйтсе де, ойы терең, сөзі ширақ, тәкаппарлау көрінген Қыздың маңына жуу оңай соқпасын сезеді. Сондықтан бірден сөз айтуға батылы жетпей, әртүрлі сылтаумен Қыз жүрген ортаны торуылдап жүріп, арада бірталай уақыт өткен соң ғана оған сөз салады… Сол сәттерде Жігіт өз өмірін халқының ең бір асыл мұраларын зерделеуге арнайтынын, ғылым жолында азапты, мехнатты сындарды басынан өткеретінін, ал болмысы бөлекше сол Қыздың бірге ғұмыр кешкен жылдарында асыл Жарына, балаларының аяулы Анасына, өзі өмірден өткеннен кейін мұраларын көзінің қарашығындай сақтап, халқына жеткізетін аққанат Періштесіне, шығармашылығының Шырақшысына айналарын ғазиз жүрек сезді ме екен?! Бірге жүріп ұлтының ұлық дүниесі – Сөз өнеріне қатар қызмет атқаратынын білді ме екен?!
Иә, Тағдыр табыстырып, Құдай қосқан сол Жігіт пен Қыз бүгінде аты бүкіл қазақ халқына мәшһүр Тұлғаға айналған. Оның бірі – ақын, жазушы, қазақ сөз өнерінің інжу-маржандары – мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді зерделеген көрнекті ғалым, ұлт қайраткері Балтабай Адамбаев.­ Екіншісі – жас ұрпаққа қазақ тілін оқытудың әдістемелік жолдарын зерделеген білікті маман, көп жылдар бойы орыс тілді мектептерге арналған «Қазақ тілі» пәнінің оқу бағдарламаларын түзіп, ондаған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер жазған әдіскер-ғалым, ұлағатты Ұстаз Жаңылхан Досымбекқызы Адам­баева.­ Бір шаңырақта бас қосқан осы аяулы адамдардың екеуі де өз халқының аса бір құнды қазынасын дәріптеп, соған бүкіл саналы ғұмырын арнапты. Балтабай аға қазақтың ұлттық болмысы мен ділін қалыптастырған қасиетті сөз өнерінің – мақал-мәтелдер мен шешендік өнерінің сырын зерделесе, Жаңылхан апай жас толқынға мемлекеттік тілді меңгертуге қызмет етіпті.
Ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде ғана мерейі көтерілген бұл екі саланың кеңестік дәуірде көп теперіш көргені жасырын емес. Отаршыл саясат ұлтымыздың өзіне тән даралығын мансұқ ету үшін, ең алдымен, оның сөз өнері аталатын рухани қазынасына қол салыпты. Оны дәріптегендерді ұлтшыл деп кінәлап, қудалағаны да шындық. Өйткені қазақтың тал бесігінен жер бесігіне дейінгі ғұмырының алтын өзегі осы сөзбен тұтасып жатқанын жалаң саясатқа негізделген жасанды идеология дәл байқаған. Әйтсе де, кездескен сан түрлі кедергілерге қарамай олар өзі сүйген ісіне адалдық танытыпты. Халқының алтын қазынасы – туған тілі мен төл әдебиетін танытуға қос ғалым қатар жүріп, қанаттаса жүріп еңбек сіңіріпті.
Шын мәнінде, Балтабай Адамбаевтың зерттеу нысанын бір ғана әдебиеттану саласымен шектеу мүмкін емес. Оның қаламынан туған дүниелерге зер сала қараған жан тіл мен әдебиетке бірдей жүйрік әмбебап филолог ғалым бейнесін ғана емес, тарихшы, шежіреші, этнограф, философ тұлғасын танитыны сөзсіз. Өз қолымен жинақтаған сандаған шешендік сөздер мен мақал-мәтелдердің мәнін тану үшін ғалым әр сөздің түбінде жасырынған жұмбақты, бүгілген сырды, өрелі ойды, құпия кілтті іздеген. Мағынасы көнеленген сөздерді түсіну үшін тарихтың тұңғиығына бойлауға, ұлт болмысымен байланысты жайттарды айқындау үшін халықтың дүниетанымын, салты мен дәстүрін жіті саралауға мүдделі болған. Сол мүдде ғалымның тарих қой­науындағы қазыналарды ақтарып, соны деректерді жаңаша бағамдауына түрткі болған. Халықтың ескіден келе жатқан есті сөздерін жинақтау тарихтың тылсым сырларын ашуға қызығушылығын арттыра түскен. Өйткені сөз – тарихтың айнасы, халық даналығының көрсеткіші, өміртанымының кілті. Сондықтан ғалымның көне сөздердің, этнонимдер мен топонимдердің түп-төркініне қатысты тың ой байламдары мен пікірлері сонылығымен, дәйектілігімен, логикалық ұтымдылығымен көңілге сенім ұялатады.
Түйсіне білген адамға ежелден келе жатқан мақалдар мен шешендік сөз­дерде көңілді елең еткізер тосын ­деректер аз емес. Оны көкірегінде көзі бар сұңғыла жан ғана жіті аңғарып, өзі сезген, сезінген дүниені жете зерттеп, зерделеп, тағылымдық ой түйіп, ғылымға айнал­дырмақ. Ауызша айтылғандықтан, халық мұраларында шиеленісті оқиғалар жайлы­ тарихи мағлұматтар да әрқилы болып келеді. Ондай жағдайлар ғалымнан әділдікті, салыстырмалы зерттеулер жасап, тарихи дерек пен көркем шындықтың арасалмағын дөп басып, дәл пайымдап отыру қабілетін талап етеді. Осы тұрғыдан келгенде, Балтабай Адамбаевтың зерттеу еңбектерінің ұлт тарихын түгендеп, танымды қалыптастыруда, ұлттық кодты ашуда маңызы қаншалықты жоғары болса, автордың әмбебаптығын танытуда да орны соншалықты салмақты.
Талантты талант қана таниды… ­Балтабай ағаны биікке ұмтылдырған арманы мен аңсарынан бір сәтте айнытпаған бір ғаламат күш бар. Ол – сонау соғыс даласында қалың жаудың ортасында толарсақтан қан кешіп жүрген кездерінде де, одан кейінгі бейбіт кезеңдегі соңынан қалмаған әділетсіздікпен күрес жылдарында да барлық қиындықтардан алып шыққан, алған бетінен қайтартпаған қайраты. Сол қайрат құз шетіне барғанда қамықтырмады, мұз бетінде қалғанда тайқытпады. Сол қайрат майданда ауыр жарақаттан әлсіреген денесіне күш берсе, бейбіт кезде аяқтан шалған арсыздық пен аярлықтың кесірінен жараланған жүрегіне жігер құйды. Сол қайрат Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ берген Мұхтар Әуезов сынды Ұлы адамның өзіне деген сенімін қалыптастырып, үмітін жүктетті. Майданнан келіп, білімге құшырлана бас қойған сақа жігіттің ойындағы тереңдік пен бойындағы жігерді жазбай таныған Ұстаз оны жоғары оқу орнын тамамдағаннан кейін, Жамбыл өңірінде мектеп мұғалімі ­болып жүрген жерінен арнайы хат жазып, Әдебиет институтына шақыртып алады. Бұл хаттың жайдан-жай жазылмағанын, өзіне үлкен жауапкершілік жүктелетінін сезінгендіктен, ол шақыртуды құп алады.
Жер бетін мекендеген әрбір халықтың көзінің қарашығындай сақтап, қастерлейтін, сол ұлттың әлемде қайталанбас даралығын танытатын мәні терең, болмысы бөлек, құндылығы жоғары мұралары болатыны хақ. Ол бір халық үшін сыбызғыдан сызыла төгілген саз, біреулер үшін айшығы айқын ­кестеленген өрнек, енді біреулер үшін ұршықтай үйірілген би болуы мүмкін. Ал қазақ үшін сондай құндылықтық сипаты бөлек дүние – сөз өнері. Сөзді бүкіл өнердің алды санаған халқымыз өзінің шетсіз де шексіз ғалам жайлы, өзі ғұмыр кешкен ортадағы өмір заңдылықтары туралы толғамды тұжырымдарын тілмен түйіп, сөзбен бекітіп отырған. Айтарын салмақтап, сараптап барып саптайтын сарабдал бабаларымыз өмірдің әр жағдайын жіті қадағалап, көңілді елең еткізер сәттердің сырын қапысыз ­танып, одан тұғырлы ой түйіп, сол түйінді көркем сөзбен көмкеріп отырған. Ал ол сөздер алғыр да қабілетті қазақ баласы үшін өмірдің мектебінен алар тағылым көзіне айналған. Жас өскіннің құлағы түрік, жүрегі ашық, көкірегі ояу болуын қадағалаған алдыңғы буын орайы келген ұрымтал тұсты қалт жібермеген: даналық ойдан өрілген өмір қағидаларын орамды сөзбен зерделеген де, ұрпағының құлағына жағымды, көңіліне қонымды етіп жеткізуге тырысқан. Сөйтіп, естуге жеңіл, мәнерлі әрі бейнелі сөз дүниенің сырын тануға құштар жастың ұғымына тез сіңген. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» саналатын қысқа да нұсқа сөздердің – мақал-мәтелдердің, тапқыр да толайым шешендік сөздердің өміршеңдігінің сыры осынау жинақы да жұмыр, тиянақты да түйінді табиғатында жатыр. Өкінішке қарай, отаршыл саясат ұлтымыздың өзіне тән даралығын мансұқ ету үшін, ең алдымен, оның сөз өнері аталатын рухани қазынасына қол салыпты. Оны дәріптегендерді ұлтшыл деп кінәлап, қудалауға көшкені де жасырын емес.
Алғашқы қадамынан-ақ, өзінің өмір­лік таңдауы осындай сынақты мәсе­ле­мен ұштасып жатқанын анық аңғарған болашақ ғалым одан бас тартпады. Кеңестік идеология үстемдік құрған уақытта ұлттық шешендік өнер туралы көзқарас мүлде теріс сипат алып, оны ел жадынан өшіруге ұмтылыс өршіп тұрған-ды. Мақал-мәтелдерді «саясатқа лайықтап редакциялау», шешендік сөздерден таптық кілтипан іздеу үрдісіне тоқтам жасау үшін оны ғылыми тұрғыдан зерделеп, дәйектеп, дәлелдеу қажет еді. Осы бір күрмеулі мәселені тиянақты зерттеп, шеше алатын ізденуші ретінде ұстазының өзін таңдағаны бекер емесін, болашақтағы ғылым ­жолында кедергілердің де аз болмайтынын түйсінеді. Халық жадынан өткенін өшіруге мүдделі саясаттың шырмауына ілікпей, барды байыппен бағамдаудың жолын іздейді.
Әдебиет институтына ғылыми қыз­меткер болып қабылданған алғашқы жылдардан бастап-ақ ел ішін аралап, мыңдаған мақал-мәтелдер мен аңыз әңгімелерді, шешендік сөздерді жинайды. Осы жинақтаған сөз қорына сүйеніп, ғылыми пайымдауларын мақала, монография түрінде зерделейді. Онда зерттеу нысанына алынған мақал-мәтелдердің, шешендік сөздердің табиғатын тарата, тереңдете ашып отырады. Ғалым қазақ шешендік өнеріне тән ерекшеліктерді дәйектеп көрсетеді. Олардың тууына түрткі болған тарихи-әлеуметтік факторларды дәлелдейді. Қазақ шешендерінің қоғамдық ортадағы рөлін бағалайды, олардың ел басын біріктірудегі өлшеусіз еңбектерін саралайды. Осыған дейін «билер сөзі» деп аталып келгендіктен ғана зерттеу нысанынан жасанды түрде ысырылған бұл жанрдың халықтық мәнін таратып көрсетеді. Шешендік сөздердің әдеби көркем жанр ретіндегі ерекшелігін айқындайды. Ғалым өз еңбегінде шешендік сөздердің қазақ әдеби тілінің дамуы мен қалыптасуына тигізген ықпалы мен мәнін анықтайды. Оның алуан түрлі нұсқаларына талдау жасап, бұл жанрға жататын туындылардың әлеуметтік және әдеби-эстетикалық мәнін, жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін ашады. Шешендік сөздердің ұлттық құндылық ретіндегі маңызын сараптайды. Дана­лыққа суарылған тапқыр сөздерден халықтың ақыл-ойының, сана-сезімінің, қайрат-қабілетінің, өзгеше дәстүрлері мен салиқалы салттарының көрініс табатынын дәлелдейді. Бұл – ғалымның қазақ риторикасы ғылымының іргетасын бекітіп, шешендіктану арналарын одан әрі дамытып, тереңдеткенінің айқын белгісі.
Кез келген туынды, мейлі ол көркем шығарма немесе ғылыми зерттеу болсын, я өмірдің бір үзігін ғана бейнелейтін көркем сурет немесе сахнада ілкім сәтте ғана сомдалар драмалық кейіпкер образы болсын, бәрібір, ол өз иесінің бүкіл болмыс-бітімінің, ішкі жан дүниесінің көрсеткішіне айналады. Өйткені әрбір туындыгер өзінің өзегін жарып шыққан сол дүниеге бар ынтасы мен ықыласын, танымы мен талғамын, түйгені мен тұжырымын салары хақ. Сондықтан ақынның жыры, жазушының көркем прозасы, драматургтің сахналық шығармасы секілді зерттеу еңбегінің де бағын жағатын басты фактордың бірі – оның зерттеуші табиғатымен үндесім табуы. Зерттеу нысаны мен зерттеуші пайымының сәйкес келуі – сол ғылым саласының да дамуының, зерттеу деңгейінің көтерілуінің кепілі. Бұл орайда Балтабай Адамбаевтың мұраларының бағы зор. Ғалыммен Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқып, өмір бойы сырлас, дос болған академик Әбдуәлі Қайдаров былай деп жазады: «Балтекең екеуміз соғыстан кейінгі өртемде бірге жүргендіктен, бір мақсатты көздегендіктен, сырлас болдық, жақын араластық… Балтекеңнің бойындағы ерекше қасиеті – айрықша алғырлығы мен шешендігі еді. Ол өте шебер, өткір әрі тауып сөйлейтін. Сондықтан да ғылыми жұмысының тақырыбын шешендік өнермен байланысты алды…». Ғалым өз зерттеулерін ерекше шабытпен жазатыны бірден байқалады. Қуатты да тың ойларын жеткізу үшін ой-пікірлерін түйдек-түйдек ағытылған көркем сөзбен көмкере келіп, тұжырымды да тиянақты байламдармен бекітіп отыратыны – соның дәлелі. Зерттеушінің тумысынан ақын, болмысынан шешендік қасиеттері ғылыми жұмыстарының сапасын көтеріп, тартымды ете түскен.
Әдетте, шығармашылықпен айналыс­қан жандардың, ғалымдардың зерттеу еңбектерінің ішінде бір еңбекті оның Бас кітабы деп атап жататын жайттар кездеседі. Ол зерттеушінің жүргізген көп ізденістерінің түйіні тиянақталатын, ғылымда қол жеткен биігінде жазылатын, салмақты да салиқалы ой түйетін еңбектеріне қатысты айтылып жатады. Біздің ойымызша, Балтабай Адамбаев қаламынан туған әрбір еңбек сол Бас кітаптың жүгін жеке-дара көтеріп тұрғандай. Өйткені олардың қайсысын парақтап, парықтасаңыз да, бағалы байлам, соны пікір, тосын ой табарыңыз кәміл. Сондықтан да ғылымға адалдықтың, оған беріле қызмет етудің шынайы үлгісін танытқан ғалымның ісі мен соңына қалдырған асыл мұрасының мәні жылдар өткен сайын артып келеді. Әсіресе, егемен­ еліміз өзінің рухани құндылықтарын жаңаша зерделей бастаған тұста ғалым еңбектерінің маңызы тереңдей түсті. Мәселен, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап республикамыздағы ұлттық мектептердің, жоғары оқу орында­рының оқу жоспарына шешендік сөздерді енгізу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Осы тұста педагогтар мен әдіскер-ғалымдардың қажетін өтеген еңбектердің көш басында ғалым Балтабай Адамбаевтың зерттеулері тұрды.
Балтабай ағаның өмірі мен қаламынан туған шығармаларына зер сала қарағанда оның Азамат болып қалыптасуына өмір сыйлаған ардақты анасы Бибіштің орны қандай маңызды болса, ғылыми еңбектерінің кең танылуында аяулы жары Жаңылхан Досымбекқызының еңбегі де сондай мәнді. Қырық жасында жесір қалып, тағдырдың ауыр мехнатын кешкен абзал ананың өзі айтқандай, «төрт жетімін төредей етіп өсірген» еңбегінің арқасында ұлдарының бәрі де елінің елеулі азаматына айналды. Солардың ортасында Балтабай ағаның жөні бір басқа. Жазушы-ғалымның ашаршылық жылдарының ащы шындығын ашып көрсеткен «Нәубет» повесі Бибіш Ана мен қиямет күндердің ауыртпалығын арқалаған замандастарына қойылған рухани ескерткіш деуге болады.
Балтабай ағаның жары Жаңылхан Адамбаеваның да есімі республика жұрт­шы­лығына кеңінен танымал. Өзінің кандидаттық жұмысында қазақ жұмбақтарының стильдік ерекшелігін зерделеп, халық қазынасының осы ­саласын зерттеуге үлкен үлес қосты. Қазақ жұмбақтарының тарихын, түрлерін, оның ауыз әдебиетінің басқа да шағын жанрларынан өзгешелігі мен сабақтастығын саралады. Жұмбақтардың тақырыптары мен мазмұны, жасалу жолдары жөнінде және оның тілдік, стилистикалық ерекшеліктері жайлы құнды тұжырымдарын ұсынды. Жұмбақтың ежелгі кездегі халықтың сенім-нанымдарымен байланысты пайда болған табу және мен құпия сөздер­мен; ұлттық дәстүрдегі естірту, көңіл айту, елшілік, билік, құдалық сөздердегі тұспалдап, жұмбақтап, астарлап сөйлеумен; белгілі бір заттың немесе құбылыстың атын жасырып, ерекше қасиеттерін, белгілерін аңғартатын ұлттық дүниетаныммен сабақтастығын дәйектеді. Мақал-мәтелдермен ұқсастығы мен айырма­шылығына мазмұндық және тілдік тұрғыдан салыстырмалы талдау жасай отырып, жұмбақ тілінің поэтикасын зерделеді. Жұмбақтардың тағылымдық-тәрбиелік мәнімен қоса оның жас ұрпақтың танымын кеңейтудегі, тапқырлыққа үйретудегі, зейінді тұрақтандырудағы, тапқырлыққа тәрбиелеудегі, сөз шеберлігіне, сөздерді үйлестіріп қолдануға баулудағы рөлін ­саралап көрсетті. Жұмбақтардың жаңа ­заман дамуымен ұштасып, жаңаша өріс алып кеңейіп келе жатқанын да дәл бағамдады. Зерттеу еңбегін «Жұмбақ күні бүгінге дейін балалар үшін тәрбиелік, білім берерлік мәнін жойған жоқ. Оған ел арасында жаңа жұмбақтардың туып жататындығы және санамақ, сөзжұмбақ, ребус, анаграмма секілді жұмбақтың жаңа түрлерінің дамып келе жатқандығы дәлел бола алады» деп қорытындылайды зерттеуші өз еңбегін.
Жаңылхан апайдың 1961-1964 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспиранты болған уақытынан басқа еңбек өтілі мен шығармашылық өмірі қазақ педагогикасының дамуымен байла­нысты болды. Абай атындағы Қазақ педа­гогикалық институтын бітіргеннен кейін он жыл мектеп мұғалімі болып еңбек етті. 1964 жылдан 1997 жылға дейін Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың ­Педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтының (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Ұлттық Білім академия­сында) 33 жыл бойы табан аудармай қызмет етті. Орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқытудың өзекті мәселелері бойынша 200-ге жуық ғылыми-әдістемелік еңбектер жазды. Оның ішінде «Қазақ тілі» пәнінің бірнеше рет басылым көрген 4,5-сынып оқулықтары мен орыс, ұйғыр, өзбек тілді мектептердің қоғамдық-гуманитарлық және математика-жаратылыстану ба­ғыт­тарының 10-сыныбына арналған жаңа буын оқулықтары, ондаған оқу құралдары мен оқу-әдістемелік еңбектері, дидактикалық және көрнекі құралдары, диафильмдері бар. Өмірлік ұстанымына берік ғалым осылайша қасиетті ана тілінің туған жерінде, өз елінде туын тіктеп, кең қанат жаюына, мемлекеттік мәртебесіне сай қызмет етуіне бар саналы ғұмырын арнады. Осындай ғалымдық ғибратымен, кісілік қалыбымен өзінің ­айналасына ғылым жолындағы шәкірттерін шоғырландырып, тәрбиеледі. Соның бірі – осы жолдардың авторы.
Әр ісінен тектіліктің белгісі айқын көрініп тұратын Жаңылхан апайдың арғы атасы Нұрсейіт – ХІХ ғасырдың соңында оңтүстіктің Шаян аймағында өмір сүрген атақты бай, «алтын піспек» атанған Жылқыбайдың ұрпағы. Ал нағашысы – сол өңірдегі аламан бәйгеде алдына жүйрік салмаған жезқұйрық тұлпарларды баптаған Мәсүріп бай. Жаңылхан апай еліне беделді, аузы дуалы осы кісілердің Досымбек атты ұлы мен Анаркүл деген қызынан туған. «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған» дейді қазақ. Жаңылхан апаймен жақын араласа жүріп, ол кісінің бекзаттығы мен жомарттығына, биік талғамы мен өткір талабына тәнті болып келеміз. Апайдың жар ретіндегі орны, рөлі, атқарған ісі кез келген қазақ қызына үлгі болатындай тағылымды әрі зиятты. Осы ізгілікке толы істері ол кісілердің отбасындағы Бақыт пен Бақтың берік үйлесімін сезіндіреді, мойындатады…
Осы бір үндесімнің сырына бойлағанда Балтабай аға мен Жаңылхан апайдың арасындағы сыйласым мен бақыт құпия­сының кілті тағдырларының ұқсастығы мен адами құндылықтарға деген көзқарас ортақтығынан бастау алған деп ой тұжыруға болады. Себебі, біріншіден, олардың өмірге келуі мен есімдерінің ырымдап қойылуы да ұқсас. Алғашқы сәбилері шетіней берген соң, ата-аналары бірінің кіндігін балтамен кескізіп, «Балтабай» деп атаса, екіншісінің атын «Жаратушы баламызды ала беруден жаңылысса екен» деген тілекпен «Жаңылхан» деп атапты. Ат адамға Алладан бұйыратын, оның тағдыры мен болмысына ықпал ететін магиялық күшке ие екені даусыз. ­Балтабай ағаны білетіндер оның кез келген ұлттық мәселеде бой тасаламайтын ерен батылдығын, ойының ұшқырлығы мен тілінің өткірлігін аңыз етіп айтады. Жаңылхан апайдың анасы қазақтың ізгі дәстүрін ұстанып, тұңғышына «Төре» деген жанама ат та қойыпты. Оңтүстіктің салтында ұлды ғана «Төре» деп айтатыны белгілі. Шындығында да, Төре аты Жаңылхан апайдың қыздың қылығынан гөрі ұлдың ұлықтығына бейім болып қалыптасуына ықпал ­еткендей. Ойындағысын бүкпей айтатын ашық мінезі, жалтақсыз ақ сөйлейтіні, уәдесіне беріктігі, Алладан басқаға бас ұрмайтын әділдігі осыны аңғартады. Екіншіден, екеуі де отбасындағы тұңғыш бала болғандықтан, жасынан еңбекке үйренген, еркеліктен гөрі естілікке бейім болып есейген. Мысалы, буыны қатар-қатпастан ауыр еңбекпен шыңдалған балалық шағы мен жалындаған жастық шақтағы еңбекқорлықтарын айтпағанда, соңғы жылдары ауру азабын қанша тартып жатса да, соңғы демі біткенше ағаның қолынан қаламы түспеген. Ал апай бүгінге дейін ағаның мұраларын реттеп, жүйелеп, баспаға дайындаудан еш шаршамайды. Өзінің өткен күндерінен естелік-күнделіктерін жазып отырады. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарқ еткен жақсы дүниелер туралы өз ой-пікірін жазуды да әдетке айналдырған. Бұл сара сананың, парасатты пайымның белгісі болса керек. Үшіншіден, екі отбасында да ер азаматтың орны биік дәріптелген. Қазақтың дәстүрі мен салтына жетік Балтабай аға ешқашан пенделік ұсақтыққа бой алдырмаған, арда ерге лайық ірілігінен ауытқымаған. Ал Жаңылхан апай – ер азаматының қара басын хан тұтатын Анаркүл анасынан көрген тағылымын берік ұстанған кісі. Төртіншіден, екеуі де «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ұлттық ділге беріктігімен дара. Қандай сын сәттерде де өзіндік адами­ позициясынан танбаған, шенді деп, мансабы жоғарыға жалпақтаудан, кісінің сыртынан ғайбат сөз айтудан бойын аулақ ұстаған. Әрине, осы мінезінен турасын айтса, жат түгілі туғанына жақпайтын ортада несібесінен қағылған кездері де аз болмапты. Мысалы, Балтабай ағаның жазған докторлық диссертациясының институттың Ғылыми кеңесіне жетпей, бөлім басшысының тартпасында екі жылдан аса жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Бесіншіден, екеуі де шығармашылықпен тең айналысқан. Шығармашылыққа қажетті жан тазалығына, ар тазалығына беріктік олардың арасындағы кісілік қатынастың тұғырын биіктете түскен. Мәселен, Балтабай аға ауыр науқасқа шалдыққанда, апайдың баладай мәпелеп күткені, соңғы сапарына ақ жуып, арулап аттандырғаны – соның дәлелі.
Отағасы өмірден өткен жиырма тоғыз жыл ішінде біз Жаңылхан апайды аза­матының орнын жоқтатпайтын асыл жар ретінде ғана емес, бас иесінің артында қалған мұраларының елге жетуінің дәнекері, таратушысы, насихатшысы ретінде де таныдық. Жаңылхан Досымбекқызы аға қаламынан туған дүниелердің бір де бірін шашау шығармай жинақтап отыр. Мұраларын екшеп, топтап, ол кісі қызмет еткен Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорына тапсырды. Көзі тірісінде жазылған, бірақ сол тұста жарық көріп үлгермеген еңбектерін ағаның мерейтойлары аясында республикалық баспалардан үздіксіз жариялап келеді. Бүгінде Балтабай Адамбаевтың жиырмадан аса еңбектері жарық көрсе, оның басым бөлігі Жаңылхан апайдың қажырлылығының арқасында жарияланғаны шындық. Атап айтқанда, ағаның докторлық диссертация­сы негізінде жазылған «Шешендік өнер» атты монографиясы қазақ және орыс тілінде қатар жарық көрді. Жылдар бойы қазақ даласының түкпір-түкпірін аралай жүріп жинаған шешендік сөз үлгілері де бірнеше рет жинақ болып жарияланды. «Халық даналығы» атты зерттеу еңбегі қайта басылды. Замана кесірінен ­запыран боп іште жатқан ашаршылық жылдарының шындығы баяндалған «Нәубет» повесі мен Ұлы Отан соғысының көпке белгісіз болып келген өзгеше бір беттерін парақтайтын «Жауынгер» атты романы жазушы-ғалымның 95 жылдығы қарсаңында «Ана тілі» баспасынан жарық көрді.
Өздері тұрған үйге орнатылған ескерткіш-тақта мен қабір басындағы көрнекті ескерткішті орнатуда да, ғалым­ның туған жері Жамбыл облысының Байқадам ауданындағы орта мектепке, өзі өскен ауыл, аудан, Жамбыл қаласы көшелеріне Балтабай Адамбаев атының берілуінде де Жаңылхан апайдың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Мұның барлығы – зиятты­ тұлғаның зиялы болмысының айғағы, Азаматын пір тұтқан қазақ әйелінің үлгісі, кейінгіге берер тағылым-тәрбиесі.
Бүгінде Адамбаевтар әулеті мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге тартып, жапырағын кең жайып, өсіп, өніп келеді. Осы шаңырақтан өрбіген ұрпақтардың бақытты өмірі мен тағылымды үрдістерін көрген сайын, бәлкім, бұл ата-аналарының өз ана тілі мен туған әдебиетіне сіңірген еңбегінің өтеуі, сол қасиетті сөз өнерінің киесінің қолдауы болар деп ойлаймын. Гүлдәр, Қамар, Тұмар, Арманнан ­немере-шөбере сүйіп отырған, бүгінде екі қырық бестің белесіне көтерілген (Апай әрдайым адамның жасын осылай әдемі етіп келістіріп айтады, сондықтан апайдың дәстүрін сақтап отырмыз) Жан-Апамыз ұрпақтарымен бірге отағасының – Балтабай­ Адамбаевтың 100 жылдығына арнап, ғалымның құнды мұралары мен ол кісі туралы естеліктер жинақталған «Адамбаев әлемі» атты мерейтойлық кітапты халқына тарту етті.
Біз де мерейтой үстінде Адамбаевтар әлемінің халқына берер қазынасы толыға берсін деп тілейміз…

Жанат Дәулетбекова,
ҚБТУ профессоры,
педагогика ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.