ҰЛТЖАНДЫ ТҰЛҒА

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті белгілі қоғам кайраткері, философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Әбдірахманұлы Айталының  80 жылдық мерейтойын­ өткізді. Амангелді Әбдірахманұлы – ­саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған 100-ден астам ғылыми мақала мен бір­­қатар монографиялардың авторы. 

1999-2007 жылдар аралығында ҚР Пар­ламенті Мәжілісінің депутаты болды. Тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі, діни сенім бостандығы, білім беру жүйе­сінің дербестігі туралы талай мәрте халық­ара­лық жиындарда мәселе көтерді. Бірқатар елдермен парламентаралық байланыстарға өз үлесін қосты. 2010 жылдан бері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универси­тетінің «Әлеуметтік зерттеулер» ғылыми орталығында директор қызметін атқарады.
Еліміздің бірнеше өңірінен келген­ меймандар «Кітап, ұстаз, ғалым» атты кітап көрмесін, мерейтой иесі туралы «Хабар» агенттігі дайындаған деректі фильмді тамашалады. Сондай-ақ­ мерекелік шара барысында, ғалым­ның «Рухани кемелдік» кітабының тұсаукесері өтті.
Ғалымның мерейтойына арналған шаралар университеттің кеңейтілген ғылыми отырысымен жалғасты. Ғылыми кеңесте Амангелді Айталының ел мен қоғамға сіңірген еңбегі кеңінен айтылды. Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Бауыржан ­Ердембеков мерейтой иесінің білім және ғылым саласындағы айрықша ­ең­бегіне тоқталып, ұстаз-ғалымның ізгі қа­сиеттері мен жемісті еңбектері отбасы үшін ғана емес, өзімен қанаттас жүрген әріптестері мен тілектес дос-жарандары, шәкірттері үшін зор мақтаныш, үлгі-өнеге екенін ерекше атап өтті.
Айтулы шараға арнайы қатысқан Амангелді Әбдірахманұлының шәкірті, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мерейтой иесінің ғылыми-педагогикалық қызметіне шолу ­жасап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
Мінберден сөз алған Халық ­жазушысы Мұхтар Шаханов Амангелді Айталыға арнап өлеңін оқып, ұлттың болашағы үшін атқарған еңбегін сөз етті. Ал Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов өзінің құттықтау сөзінде мерейтой иесінің ғалым ретіндегі биігін, туған еліне адал перзент ретіндегі еңбегін айрықша жоғары бағалайтынын тілге тиек етті. Ғылыми кеңес отырысы барысында ақын Ханбибі Есенқарақызы, мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Елекеев,­ мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер Бекет Тұрғараев, Қазақстан ­Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асылбек Смағұлов, «Нұр-Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби қажы Оспан, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры Телеуов­ және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті Ахан ­Бекежан сөз сөйлеп, мерейтой иесінің ғылымда жеткен жемісті табыстары мен өнегелі істеріне тоқталды. Мерейтой иесі өз кезегінде жиналғандарға алғысын білдірді. «Өмірдің менен алғаны да, бергені де көп. Мен бүгін, 80-ге келген күнімде бақыттымын. Бірақ француздың философы Вольтер айтады: «Әр уақытта да мен бүгін бақыттымын деңіз, ертеңгі күн тағдырдың қолында!» деп. Бүгін елдің құрметіне бөленіп отырмын, ризамын!» деді Амангелді Әбдірахманұлы.
Мерейтойлық жиын соңында Амангелді Әбдірахманұлы Ғылыми Кеңес шешімімен Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік уни­верситетінің «Құрметті профессоры» ме­далімен марапатталып, ерекше сый-құрметке бөленді.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университетінің
баспасөз хатшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.