«МУЗЫКА БІЗДІҢ ЖАНАРЫМЫЗДА…»

Өмірде мүмкіндігі шектеулі жандардың мүкіндіктері мол екенін біле бермейміз. Біз оларды қоғамда өздерін тасада­ ұстайтын, қоғамдық орындардан көп көре бермейтін бейнеде ғана білеміз. Бірақ олардың мүмкіндіктері он екі мүшесі сау адамдардан да артық болатынына жуырда тағы да бір көз жеткіздік. Алматыда зағип жандар арасында «Екі жұлдыз»  атты республикалық ән байқауы өтеді дегенді естіп, белгіленген орынға жеттік. Бірін-бірі жетектеген қара көзілдірікті жандардың арасына келгенде денеңде бір тоқ жүріп өткендей болады. Ал олар өздерін мүлде олай сезінбейді, әрқайсысы әр бұрышта ән салып, байқауға дайындаған өнерлерін пысықтап жатты. Жанынан өтіп бара жатқан аяқ дыбысын естігенде дауыстап сәлемдесіп, сізді көріп тұрғандай жүздерінен мейірім шашады. 

Біз аталған байқаудың екінші кезеңіне үлгерген екенбіз. Жаңа ғана сахнада қол ұстасып «Апа» атты ескі де есті әнді орындаған ерлі-зайыптыларға жақындап, әңгімеге тарттым. Өзін «1985 жылдың 24 қарашасында бұрынғы Талдықорған облысы Жансүгіров ауданында дүниеге келгем» деп таныстырған Арнұр Әлімханұлы дені сау бала болып туған екен. «Негізі, ата-анам Қатон-Қарағайдыкі, малшылар еді. Кейін атамыздың денсаулығына байланысты, Жансүгіров ауданынан Қатон-Қарағайға қоныс аударды. Ол кезде мен бес жаста едім. Біз көшіп барған аймақта лаборатория бар болатын. Сондағы қызметкерлердің жауапсыздығы ғой, қышқылды сыртқа тастапты. Бала емеспін бе, мен оны тауып алып, суға қосып ойнағанмын. Содан әлгі қышқыл атылып, көзім мен бетіме тиді. Осы оқиғадан кейін маған Өскеменде, сосын Алматыда ота жасалды. Бірақ көзім оңалмады» дейді А.Әлімханов.
Осыдан кейін бала Арнұрды ата-анасы Алматы қаласындағы көзі көрмейтін және нашар көретін №4 Н.Островский атындағы мектеп-интернатына оқытады. Музыкалық бағыттағы бұл мектептен Арнұр даусын ашып, вокалдан сабақ алып, домбыра, гитара, баян аспаптарында ойнап шығады. «Көз жанарым жарқ етпеді» деп, өмірде сағын сындырмаған жігіт мектептен кейін Республикалық Медициналық колледжге оқуға түсіп, массаж факультетін тамамдайды. Ал бүгінде Қазақ спорт және туризм академиясының 4-курс студенті. Үйленген, бір ұл, бір қыздың әкесі. Екі рет инсульт алған анасы да қоларбада отырады, Арнұрдың өз қолында тұрады. Мүмкіндігі шектеулі үш жанның бір үйде өздерінің қоңыр тіршіліктерін кешіп жатқанына қайран қалып, Құдай қосқан қосағы Кристина Крамаренкомен қалай танысып-табысқанын сұрадым.


«Менің үлкен апайым Аягөз ауданына тұрмысқа шыққан. Мен Алматыда мектеп-интернатта оқып жүргенде, 90-жылдары барлық совхоздар тарай бастады. Менің де ауылға демалысқа баруым қиындады. Сол кезде апайымның ұсынысымен үйдегілер Аягөзге көшіп, сонда тұрақтады. Мен де демалысқа барып жүрдім. Кейін мектептен алған тәжірибем бар, сондағы мүгедектер қоғамында музыкант болып жұмыс істеп жүрдім. Келіншегім де келеді. Әртүрлі мерекелік шараларда бас қосып жүріп, әңгімеміз жарасты. Сосын бас құрап, бірге өмір сүріп келеміз» деді ол.
Олар сахнада ән айтқанда әлемі нұрға бөленіп, мүлде басқа жандарға айналады. Әңгімелесіп болған соң, жетектескен ерлі-зайыптыны шығарып салмаққа ниет білдіріп едім, «Жоқ, біз өзіміз жүре береміз» деп, сыртқа таза ауамен серуендеуге кетті. Арттарынан ұзақ ойланып қарап тұрғанымда, «Ал мен туғанымнан көрмеймін» деген қыз баланың дауысы жүрегімді дір еткізді. Жалт қарағанымда, басқа қабырғаға қарап жылы жымиып тұрған әдемі бойжеткенді көрдім. Оның әлгі айтқаны маған бағытталғанын бірден түсініп, қасына келдім.
Сыңғыр күлкісі еріксіз елітіп әкететін Назым Жұртбайқызы – 25 жаста. Ол мына жарық дүниені сыйлаған анасының жүзін өмірінде көрмеген. «Екі жұлдыз» байқауына Ақтөбе қаласынан келіп қатысып отыр. 2001-2011 жылдары Алматы қаласындағы көзі көрмейтін және нашар көретін №4 Н.Островский атындағы мектеп-интернатында, сосын Орал қаласындағы дәл осындай мектеп-интернатта білім алған. Содан кейін Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік өңірлік университетінде музыкалық білім алған. Жоғары оқу орнын қызыл дипломға тамамдаған Назым қазір Ақтөбе қаласындағы зағиптардың қалалық мәдениет үйінде вокал үйірмесінің жетекшісі болып жұмыс істейді. «Мен университетте ­Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Олжабайұлынан тәлім алдым, ол вокал сабағынан берді. Әртүрлі қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерімін. Тек мүгедектер арасында емес, кәдімгі адамдар арасындағы байқауларға да қатысып жүрмін. Себебі мен тәуекелшілмін. Құрбыларыммен қыдырып, клубтарға, би кештеріне, отырыс-тойларға бара беремін. Өзімді ешқашан ешнәрседен шектеген емеспін» дейді Назым.
Дегенмен, қарапайым адамдармен бірге мемлекеттік грантта жоғары оқу орнында оқудың өзіндік қиындықтары да болады. Назым, әсіресе, нота мен тақтадан бір нәрсені көрсетуде, кітап оқуда аздаған қиындықтарға тап болған. Бірақ онымен қалып қоймай, керісінше, барлық лекцияларда дәптеріне бәрін жазып алып, мүмкіндігінше білім алуға тырысқан.
Көз жанары көрмесе де жаны жайраңдап, барлық жақсылықты сезініп тұратын арудың арманы – болашақта телевизиялық байқау-жобаларға қатысу, түрлі бағдарламаларды жүргізіп көру. Өйткені ол өзін түрлі орындарда көрсету арқылы көзі көрмейтін өзі сияқты адамдардың қоғамдағы орнын көрсеткісі келеді.
Ақтөбе қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінің директоры Дәулетхан Жалғасова Назыммен бірге келген. «Біздің мәдениет үйінде штат қызметкерлері саны өте аз, төрт қана шығармашылық адамы қызмет етеді. Соның бірі – Назым. Жоғары білімді музыка маманы. Біздегі «Шаттық» вокалдық тобы, вокал үйірмесінің жетекшісі болып қызмет істейді. Ақтөбе облысы бойынша мыңға тарта зағип жандар бар, ал қалада 400-дей. Соның ішінде 200 зағип жан белсенді, мәдениет үйімен жақсы қарым-қатынаста жұмыс істейді. Бізде мәдениет үйінде әртүрлі ауқымды шаралар өтіп тұрады. Зағип жандармен жұмысты жандандыру мақсатында үйірмелер ашып қойғанбыз. «Шаттық» вокалдық үйірмесі, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмесі және «Отбасылық шаңырақ» деген клубымыз бар. Домбыра, гитара үйренемін деушілерге де есігіміз ашық. Біз әрқашан мәдени шаралар ұйымдастыру барысында олардың әрқайсысының қызығушылығын зерттеп, солардың талабы бойынша жұмыс істеуге тырысамыз. Осындай шараларды ұйымдастыруға Назымның еңбегі де сіңеді. Ол жұмыста өте талапшыл. Ең бірінші өзіне талап қоя біледі. Сондан кейін жан-жағындағы адамдардың да беріле жұмыс істеуін талап етеді. Шығармашылығы жоғары, барлық деңгейдегі мәдени шараға өзі белсене қатысады. Әсіресе, байқауларға деген қызығушылығы жоғары» деп, байқауға қатысушы туралы оң баға берді.
Айта кетейік, зағип жандар арасын­дағы «Екі жұлдыз» фестивалі биыл төртінші рет ұйым­дас­тырылып отыр. Жобаның идея авторлары әпкелі-інілі Батима Сағынғалиқызы мен Нұрбек Сағынғалиұлы.
Өзі зағип жан Батима Сағынғали­қызының жанары жарық сәуле мен күннің көзін сезеді, бірақ мүлде көрмейді. «Өзім зағип болған соң, біздей жандардың бас қосатын орны, танысып-білісетін, өмірлік жар, адал дос кезіктіретін жері болу керек деп көп ойланып жүрдім. Сосын інім Нұрбек екеуміз осы жоба туралы ақылдастық. Мен кішкентайымнан әнге құмармын. Туғаннан жарық дүниені көрмегендіктен, ең болмағанда кеудемдегі сәуле сөнбесінші деп, өнер жолын таңдадым. Кейін өзіміз сияқты жандардың үміт отын жаққымыз келді, бүгінгі шарадан байқасаңыз, біз ол мақсатымызға жеткен сияқтымыз» деді ол.
Биылғы «Екі жұлдыз» фестиваліне Ақтау, Атырау,­ Ақтөбе, Семей, Павлодар, Тараз, Шымкент және Алматы қаласынан 10 жұп, барлығы 20 адам қатысты. Сайыстың басты талабы – әндер тек қазақ тілінде орындалуы қажет. Одан бөлек, көше әндері, халық композиторларының әндері болып екі топқа бөлінген.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.