ЕЛ ЕСІНДЕГІ ЕСІМДЕР

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналист-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткерi Кәкiмжан Қазыбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай, «Кәкімжан Қазыбаев – қайраткер, қаламгер, азамат» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараны ашқан ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов жиналған қауымға алғысын жеткізіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жіберген жеделхатын оқыды. Жеделхатта ­Мемлекет басшысы өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болған Кәкімжан Қазыбаевтың отбасына амандық, бақ-береке тіледі.
Шара барысында ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ақын Бауыржан Жақып «Кәкімжан Қазыбаевтың жазушылық қыры» тақырыбында баяндама жасап, К.Қазыбаевтың шығармашылығына кеңінен тоқталды.

«Кәкімжан Қазыбаев мемлекеттік қызметте жүргеніне қарамастан, қазақ публицистикасы мен көркем әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде педагогикалық қызметін қоса атқарды. Қазыбаевтың қаламынан «Кернеген кек», «Құпия», «Ызғар», «Сұрапыл», «Октябрь­ өрендері» сияқты туындылар дүниеге келді. Қазақтың жаужүрек ұлы Рақымжан Қошқарбаевтың ерен ерлігін Алты Алашқа алғаш танытқан Кәкімжан Қазыбаевтың журналистік зерттеуі дәл сол ерліктің өзімен пара-пар десек, артық айтқандық емес. Кәкімжан ағаның журналистік қызметі, редакторлық шеберлігі, публицистикасы терең зерттелді. Менің ғылыми жетекшілігіммен бұл тақырыпта Зухра Ермағанбетова 2007 жылы кандидаттық диссертация қорғады» деді Б.Жақып.
«Кәкімжан Қазыбаев – Қазақстан тарихында аты алтын әріппен жазылған ірі тұлға, көрнекті қайраткер, алып азамат» деген қоғам және мемлекет қайраткері, академик Көпжасар Нәрібаев «Кәкімжан Қазыбаевтың қайраткерлігі» тақырыбында баяндама жасады.­ Академик өз баяндамасында жазушымен 60 жыл бұрын танысқанын, он шақты жыл көрші болып, отбасымен араласқанын айтып өтті. Сонымен бірге, «Кәкең Орталық Комитеттің хатшысы кезінде одақтық маңызы бар, тіпті әлемдік мәні бар көптеген жиындар өткізді. Соның бірі – Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығы. Хатшы Қазыбаев бұл жиынды әлемдік деңгейде, ЮНЕСКО аясында өткізуге қол жеткізді. Нәтижесінде, көп ­сериялы көркем фильм түсірілді. Одақтық Ғылым академиясында Халықаралық ғылыми симпозиум өткізілді. Сөйтіп, өзіміздің мақтан тұтатын Шоқанымызды бүкіл әлемге танытуға үлкен үлес қосты» дей келе, жазушының жары Орынша­ Қарабалина-Қазыбаеваның да еңбегін атап өтті.
Сонымен бірге, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев,­ Қазақ тағамтану академиясының академигі, медицина ғылымының докторы Төрегелді Шарманов,­ жазушы, тележурналист Сұлтан Оразәлі естеліктерімен бөлісіп, халықтың жанашыры болған ірі тұлғаның азаматтығы, ізденіс жолдары жайында баяндап берді.
Ғылыми-практикалық конференция соңында Кәкімжан Қазыбаевтың жұбайы Орынша Қарабалина-Қазыбаева мен ұлы ­Батыр Қазыбаев сөз алып, барша қатысушылар мен қара шаңырақ ҚазҰУ ұжымына алғысын білдірді. Ұлы тұлғаның асыл тұяғы, Alash Media Group медиахолдингінің бас директоры Батыр Қазыбаев әкесімен замандас болған тұлғалардың ерлігіне тоқталып, ерекше ілтипатын жеткізді. Сондай-ақ шара барысында Кәкімжан Қазыбаевтың өмір жолына, шығармашылығына арналған сайтты да (kazybaev.kz) таныстыра кетті.


Ертеңіне, Алматыда белгілі хирург Нұртас Қазыбаевқа ескерткіш тақта орнатылды. Мемориал тақта Төлебаев және Қазыбек би көшелерінің қиылысында орналасқан Нұртас Кәкімжанұлының өзі тұрған үйде қойылған. Салтанатты шараға қала әкімшілігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары, ­туыстары, ет-жақын бауырлары және медицина саласында қызмет етіп жүрген білікті дәрігерлер қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімін Нұртас Қазыбаевтың жақын досы, ғалым Алмаз Шарманов ашып, жиын барысында: «Біздің Нұртас өз заманының үздік хирургтарының бірі болған. Оны «халық академигі» деп атаған. Оның өмірі өте қысқа болса да, артына тамаша­ із қалдырды. Әріптестеріміздің арасында біз оны дарынды хирург деп атайтынбыз, емделушілер арасында – «қолы алтын адам», ал достардың арасында – «ізгілік жаршысы» деп еске алды.
Белгілі дәрігер-хирург Н.Қазыбаев 53 жылдық ғұмырында 30 мың ота жасап, 5 мың ауыр хәлдегі науқастың өміріне араша болған.
Бұл әкелі-балалы ардақты азамат­тардың өмірі көпке үлгі-өнеге.

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.