ОРНЫ БӨЛЕК ОТЫЗ ЖЫЛ

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы туған тіліміздің мәртебесін көтеріп, күнделікті қарым-қатынаста, экономиканың әртүрлі салаларына кеңінен енгізу бағытында көптеген жұмыстар атқарып келе жатқаны мәлім. Биыл бұл ұйымның құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл аз мерзім емес.

Ақтөбедегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында осы мерейлі сәтке арналған салтанатты жиын өтті.
Жиында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев қоғамның құрылуы, одан бергі отыз жылдық жүріп өткен жолы туралы жан-жақты баяндады. ­Сонымен бірге алға қойылып отырған мақсат-міндеттер жөнінде де жеткізе айтты.
– Бұдан отыз жыл бұрынғы ахуал­ды сіздердің көпшілігіңіз жақсы білесіздер, өйткені соған куә бол­дыңыздар. Мәселен, ол кезде облыс орталығында бір-екі ғана қазақ мектебі жұмыс істеді. Қаракөз бал­ғындарымыз орысша шүлдірлеп, аталарын танымайтын күйге жетті. Сондай жағдайда басталған шаруа бүгінде оңға басты. Тіл мәртебесі жолындағы күрестің бастауында тұрған азаматтардың бірқатары бүгінде өмірден өтті. Біз олардың рухына бас ие тұрып, еңбектерінің текке кетпей, бүгінгі ұрпақтың игілігіне айналғанын атап өткіміз келеді, ­сонымен бірге олардың орнын басқан, жақсы істерін жалғастырған кейінгі буын өкілдеріне де ризалығымызды айтсақ дейміз, — деді Жанғабыл Қабақбаев.
Алқалы жиында «Қазақ тілі» қоғамының құрылған күнінен бергі мүшесі, еңбек ардагері Камалхан Қуанов, «Қазақ тілі» қоғамы Мәртөк аудандық ұйымының төрайымы, ҚР білім беру ісінің үздігі Қымбат Сүйінғалиева, Мәртөк аудандық №1 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Артем Райзих құттықтау сөз сөйледі.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнес пен облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов құттықтау сөз сөйлеп, бір топ тіл ­жанашырларын марапаттады.
– Қазақ тілі біз үшін, ең алдымен,­ ата-бабаларымыздан қалған ең қымбат мұра. Оның мәртебесін көтеру жолындағы жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек, – деді Марат Тоқжанов.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе облыстық ұйымы 1989 жылдың екінші жартысында құрылды. Бүгінгі күні 641 бастауыш­ ұйымда 130 мыңнан астам мүше тіркелген.
Ақтөбеде тіл қозғалысын бастаушылар қатарында «Азат», «Алдаспан» және басқа да ұйымдардың бел шеше жүргенін жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Белсенді азаматтар үй-үйдің есігін қағып, қазақ ата-аналарының намысын оятты, қазақ тілінің келешегі болатындығына сендіруге тырысты. Сол кездегі педагогикалық институттың студенттері де бұл іске кеңінен тартылды.
1950-1970 жылдар аралығында осы өңірде 87 қазақ мектебі жабылып қалды. 1990-1991 оқу жылында облыс бойынша мектепке барған 88113 қазақ баласының 35455-і, яғни 40,2 пайызы орыс мектептерінде оқыды.
Қоғамның осы облыстағы ұйымы атқарған жұмыстар туралы баяндағанда көрнекті ғалымдар Мұхтар Арын, Ғалымжан Нұрышев, Амангелді Айталы, «Ақтөбе облы­сының Құрметті азаматы» атағының иегерлері Кемейдулла Төлеубай, Ниетжан Берікұлы, Нұқы Қартбайұлы, Өтеміс Әкімов, Идош Асқар, Ғалымжан Байдербес, партия-кеңес органдарының қайраткері Рамазан Нұржанов және басқа азаматтар есімі құрметпен аталады.
«Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының белсенді мүшелері облыс әкімінің, облыстық мәслихат пен Ақтөбе қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен, сондай-ақ халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапатталғандар қатарында еңбек ардагерлері — ­Ниетжан Беріков, Өтеміс Әкімов, Идош Асқар, Гүлжан Дулатбай, «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті» ЖМ қызметкері Зәуреш Басығараева, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық ұйымының төрағасы Роман Рахиев, Ырғыз аудандық ұйымының төрағасы Айтбай Бисенбайұлы, Ойыл аудандық ұйымының төрайымы Марал Еркінова, Мәртөк аудандық №1 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Артем Райзих, т.б. болды.
Мереке қарсаңында облыстық ұйым демеушілердің қаржылай қолдауы арқылы «Олжалы отыз жыл» деген атаумен кітап шығарып, тіл жанашырларына ұсынды. Бұл кітапта жүріп өткен жол, атқарылған шаралар жүйелі түрде баяндалды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.