БАСТЫ ҰСТАНЫМ – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА АДАЛДЫҚ

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуәлиевтің жылдық есеп беру кездесуі өтті.

Кездесуде Академияда өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берілді. Білім беру үдерісі және оқу орнының әлемдік жаңа білім беру жүйесіне көшірілуі, оқу ордасының жетістіктері мен проблемалары, халықаралық әріптестік байланыстар да осы кездесу барысында сөз болды. Кездесу басталмас бұрын қатысушылар филармонияның вестибюлінде Өнер академиясы студенттерінің туындыларынан құралған көрмені және концерттік бағдарламаны тамашалады.
Ректор Ақан Жылқышыбайұлы: «Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының білім беру мен тәрбиедегі, болашақ өнер тарландарын баптап шығарудағы басты ұстанымы – білім мен ғылымдағы адалдық принциптері, ұлттық дәстүр­лер, шығармашылық мектептер, мем­ле­кеттік маңызды бағдарламалар, халық­аралық байланыстар аясынан тыс шыққан емес. Алдағы уақытта да бұл салада оң өзгерістер орнатып, жетіс­тіктерге жету үшін академияның білім мен ғылымдағы әлеуетін арттыра береміз деп сенемін» деп, оқу ордасының білім беру үдерісіндегі жетістіктеріне жекелей тоқталды. Атап айтқанда, академия аккредиттеу және рейтингтік тәуелсіз агенттігінің бағалауы бойынша Қазақстан Республикасының ТОП-20 жоғары оқу орындарының жалпы рейтингінде 8-орынды иеленіп, өнер саласындағы жоғары оқу орындары арасында 1-орын алыпты.
Академияда кейбір жеке мәселелер әлі де өзекті екеніне осы кездесуде куә болдық. Ол мәселелерді шешу жолында Академияны дамытудың алдағы 5 жылға арналған перспективалық бағдарламасы жасалыпты. Ақан Әбдуәлиев: «Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ұлы тұлғаларды дайындайтын орталық. Сондықтан біз санға емес, сапаға мән беруіміз керек» дей келе, білім беру қызметін дамыту және сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді. Студенттерді көптілді біліммен қамту үшін ағылшын тілінде және бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеп, оларды оқу үдерісіне енгізу жоспарланыпты. Оқытушылық құрамның ағылшын тілін тиісті деңгейде меңгеруі назарға алынған. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сай, шығармашылық қабілетті дамыту және дарынды ­жастарды қолдау мақсатында Академияда талантты жастар орталығы ашылып, студенттердің продюсерлік орталығы да құрылмақ. Отандық және шетелдік ұйымдардың ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу, мәдениет пен өнер салалары бойынша білім берудің кәсіби стандарттарын әзірлеу, студенттік бизнес-инкубаторлар және стартаптар құру да академияның алдыңғы қатардағы жоспарының бірі екен. Ақан Жылқышыбайұлы есеп беру сөзінде Академиядағы оқытушылардың әлеуметтік ахуалы жақсартылатынын да айтты. Одан бөлек, жаңа оқу корпус­тары мен жатақханалар салынатынын тілге тиек етіп, ең алдымен, шәкірттердің алаңсыз білім алуына жағдай жасау ­керек екеніне назар аударды.

Қ.Серікқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.