Тіл – қымбат қазына

Тіл сарайында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Достық үйі – Қоғамдық кеңес орталығы, Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма және «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының бірлесе ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі – баршаға ортақ» тақырыбында практикалық семинар өтті.

Жиынға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары, Аналар кеңесі, ғылыми-сарапшы топ мүшелері, мұражай, кітапхана қызметкерлері қатысты.
Шараны облыстық ҚХА төрағасы­ның орынбасары, хатшылық меңге­ру­шісі Ғабит Тұрсынбай ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде практикалық семинарға келген қонақтарға алғысын білдіріп, қоғамда қызу талқыға ие латын әліп­биіне көшу мәселесінің оңтайлы тұстарына тоқталды.
Жиында алғашқылардың бірі ­болып баяндама жасаған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Айсәуле Аманбаева «Жазу арқылы халықтың ой-санасы дамып, өркениетке аяқ басады» дей келе, тілімізді компьютерге емес, компьютерді тілімізге икемдегеніміз дұрыс болатынын атап өтті.
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың оқытушысы, ф.ғ.д., профессор Мұратбек Иманғазинов халық көңіліне қонымды латын графикасындағы жаңа әліпби жобасының терең талдау мен қолдау тапқанын тілге тиек етіп: «Латын әліпбиіне көшсек: қазақ тілі­нің басты үш дыбыстық заңы: буын үндестік, дыбыс үндестік, ерін үндес­тігі бұзылудан сақталады, акцент пайда болып, дұрыс интонация нығая бастайды, кірме лексика, термин сөздер үндестік заңдарына бағынады, сайып келгенде, орфоэпиялық нормалар орфографиялық нормаларды ығыс­ты­рып, соның негізінде зияткерлік ұлттың негізі қалыптасады» деп түсінік берді.
Семинар барысында облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев «Латын әліпбиіне көшу, бір сөзбен айтқанда, тілдің тәуелсіздігі» деп, ғылымилық, ұйымдастырушылық, насихаттық сынды­ үш бағытты қамтитын жалпы­ұлттық кешенді жұмыстың жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығын айтты.
Ал философия ғылымының докторы Айна ­Рахимова тіліміздің ең ұсақ бөлшегі әрбір әріпке деген көзқарас қазақтың әр азаматының болашағы­на үңілгендей концептуалды пайымнан тууы міндет екенін, сондай-ақ жа­һан­дық ғаламның қазанында қайнап, ақпараттық ағымына ілесіп бара жатқан еліміздің ертеңі әлемдік аренадағы келбетімізге тікелей байланысы барын қаперге салды.

А.АСЫЛ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.