АДАМ ТАҒДЫРЫ – ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

Дәуіржан Төлебаев
«Ана тілі»

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясына қатысты. Айта кетейік, бұл Мемлекет басшысының АҚШ-қа Президент лауазымындағы тұңғыш сапары болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы сапар аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, БҰҰ Бас Ассамблеясының мәртебелі мінберінен «Кедейлікті жою, сапалы білім беруді және климатты сақтау іс-қимылдары мен жан-жақты тәсілдерді ілгерілету үшін көпжақты күш-жігерді шоғырландыру» тақырыбында маңызды баяндама жасады. 

Президенттің баяндамасына әлемдік сарапшылардың қызығушылығы жоғары болғаны түсінікті. Өйткені ол саяси мансабының бір кезеңінде БҰҰ Бас Ассамблеясы Төрағасының орын­басары қызметін атқарғаны белгілі. Сонымен бірге жаһандық бас­та­маларға мұрындық болып келе жатқан Қазақстанның халықаралық қауым­дастықтағы беделі мен абыройы да бүгінде әлемге аян. Демек, осынау алқалы жиында еліміздің атынан сөз алатын тұлғаға әріптестерінің, саясаттану­шылар мен сарапшылардың да назары жоғарылай түсетіні, айтпаса да түсінікті.
Иә, Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық дәрежедегі рөлі ересен. Себебі оның алаңында әлем елдерін толғандырған көкейкесті де өзекті мәселелер қаралады. Ортақ мәмілелер қабылданып, келіссөздер жүргізіледі. Халықаралық саяси ахуалдарға баға беріледі. Бір сөзбен айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы – жаһандық саясаттың қайнап жатқан қазаны іспетті. Алқалы жиында БҰҰ-ның Бас хатшысы­ ­Антониу Гутерриш, сондай-ақ­ ­Бразилия, АҚШ, Египет, Түркия, ­Нигерия, Мальдива,­ Катар, Швейцария,­ Боливия, Иордания,­ Оңтүстік Корея, Буркино-Фасо, Франция,­ Чили мен Босния және Герцеговина елдерінің басшылары сөз алды. Жалпы айтқанда, Бас Ассамблеяның жұмысына 196 ­делегация, 100-ге жуық мемлекет басшы­лары, БҰҰ-ға мүше елдердің 80-нен­ аса Үкімет және сыртқы саясат­ ведомстволарының жетекшілері қатысты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы ­жа­саған баяндаманың тақырыбы: «Ке­дей­лікті жою, сапалы білім беруді және климатты сақтау іс-қимылдары мен жан-жақты тәсілдерді ілгері­лету үшін көпжақты күш-жігерді ­шо­ғыр­ландыру» деп аталды. Онда жа­һандық мәселелермен қатар, ­Қазақ­станның саяси бағыт-бағдары, мем­лекеттік саладағы ауқымды реформалар жайында айтылып, Президент өз ұстанымдарын да таныстырып өтті.
– Құрметті Төраға мырза!
Жоғары Мәртебелі делегация басшы­лары!
Қадірлі ханымдар мен мырзалар! – деп бастады өз сөзін Қасым-Жомарт Кемелұлы.
– Қазақстан Республикасының Президенті ретінде тұңғыш рет Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Бас Ассам­блеясының биік мінберінен үндеу жолдау­ – мен үшін зор мәртебе. Біріккен Ұлттар Ұйымы дүниежүзіндегі барша адамзаттың мұң-мұқтажын қор­ғайтын баламасы жоқ бірегей әрі әмбебап ұйым және әрдайым ­солай болып қала береді. Адамзатты­ ­талай сын-қатер мен қантөгістен сақтап келе жатқан Ұйымның негізі қаланғанына келесі жылы 75 жыл толады. Бүгінде Ұлттар ұйымы ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді. Бас хатшы Антониу­ Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп ­тауып, назардан тыс қалдырмау идея­сын Қазақстан толық қолдайды. Алайда қазіргі таңдағы геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге қатысты алаңдаушылығымызға толық негіз бар. Бұл жағдай 2030 Күн тәртібін жүзеге асыру мақсатындағы бірлескен іс-әрекеттеріміз үшін күрделі сынақ екені айқын, – деді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы баян­дамасында Қазақстанның бас­ты­ мақсаттарын атап өте отырып, өзінің саяси бағдарламасы жайында әңгіме өрбітті. Мемлекет басшысы: «Қазақстанның саяси жүйесіндегі менің формулам – күшті Прези­дент, ықпалды Парламент және жауап­кершілікті Үкімет. Бұл идея халқымыздың негізгі сұранысына толыққанды сәйкес келіп, бейбіт болашақтың кепілі болып табылатынына нық сенімдімін» деп атап өтті.
Елдің жаңа Президенті ретінде әл-ауқаты жоғары мемлекет құруға ең бірінші кезекте талпынатынын айтты. Миллиондаған отандастарын салиқалы экономика, сапалы білім мен озық медицина тәрізді ауқымды мемлекеттік реформалар мен инклюзивті қоғамның игіліктерін пайдалануды қамтамасыз етуді түпкі мақсаты ретінде алға тартты.

Қазақстандағы демократия жайын­да­ сөз қозғай келе, қазақстандық демократия­ белсенді қалыптасу кезеңінде келе жатқанын атап өтті. «Біз әрдайым оны нығайту жолдарын іздейміз. Оң бағыттарды қолдай отырып, негативті тәжірибеден сабақ аламыз» деді Президент. Бұл орайда Үкімет пен қоғам арасындағы диалогты кеңейту мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрғанын хабарлады. «Менің ­позициям – «әртүрлі пікірлер, бір халық» тұжырымдамасымен сәйкес келеді» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жаһандық мәселелерге байла­ныс­ты Президент БҰҰ-ның жалпыәлем­дік дамудағы бастамаларын және зор­лық-зомбылықты тоқтатуға байла­нысты атқарып отырған шараларын қолдайтынын жеткізді. Бұл орайда әлемдегі басты мәселе ретінде бүгінгі тоқтаусыз жүріп жатқан әскери шие­ле­ніс­терді, яғни конфликтілерді атап өтті.
«Екіншіден, баршамыз әлемдік көшбасшы державалардың арасын­дағы сенімнің жоқтығынан зардап шегудеміз. Бұл жалпы қауіпсіздіктің бұзылуына және қару-жарақты көбейту жарысына әкеліп соғады. Бұл сауда соғысын қоздырып, компьютерлік технологиялардағы, ғарыш пен жасанды интеллект саласындағы бәсекелестікке душар етеді» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Үшінші мәселе ретінде Президент әлеуметтік және экономикалық теңсіздікті, сондай-ақ ұлтшылтық саясат пен протекционизмнің өсуін атап көрсетті. Төртіншіден, қоршаған ортаның мәселелері әлемдегі тұрақтылық факторларына теріс әсерін тигізіп отырғанын, экологияның нашарлауы шөлге айналған аумақтардың көбеюіне, мұздықтардың еруіне, су тапшылығының артуына әкеп соғатынын тілге тиек етті.
Ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекеттің басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мінберден бұл мәселені де айналып өтпеді. Осы орайда Қазақстанның басты­ басымдығы – ядролық қарудан азат бейбіт әлемге қол жеткізу болып қала беретінін негіздей түсті.
Халықаралық жағдайларға байланысты ойларын әрі қарай сабақтай отырып, Президент Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты жалпы алаңдаушылықтың бар екенін жасырмады. Бұл орайда Қазақстан Сирияға қатысты келіссөздерге ортақ алаң ұсынғанын атады.
Президент Орталық Азиядағы саяси-экономикалық ахуалға да назар аударды. Орталық Азия елдерінің арасында ұзақ жылдар бойы экономикалық байланыстар әлсіз болғанын жасырмады. Нәтижесінде, бұл жалпы өсімге кері әсер еткенін, қазіргі таңда Орталық Азия аймағы өз дамуындағы жаңа кезеңге аяқ басқанын тұжырымдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ға қатысушы елдерді Бас төраға Антониу Гутерриштің бастамаларын қолдау­ға шақырды. Сондай-ақ Қазақстан БҰҰ өкілдігінің жаңа ғимаратын ашқанын, онда 16 агенттік орналасқанын мәлім етті.
Қорыта айтқанда, Президент өз баян­дамасында ортаға салынған ойлар­ жаһандық саясаттың маңызды түйткілдерімен астасып жатты. ­Қазақ­стан­ басшысы бұған дейінгі қалыптасқан дәстүр бойынша, әлемді бейбітшілік жолына үндеді. Маңызды бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
АҚШ-қа жасаған сапары аясында Қазақстан басшысы бірқатар маңызды кездесулер өткізгенін де айта кетуіміз керек. Сөз орайы келіп тұрғанда, осынау маңызды кездесулер жөнінде де хабарлай кетейік. Атап айтқанда, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ұйымның халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдаудағы, халықаралық қақтығыстардың алдын алу мен реттеудегі басшылық рөлін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның қазіргі заман талаптарына сай бейімделуінде Антониу Гутерриштің белсенді қызметін қолдайтынын білдірді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы­ АҚШ-тың ірі бизнес өкіл­дерімен де кездесу өткізді. Мемлекет­ басшысы Қазақстан-Америка бизнес-қауымдастығының өкілдерін Қауымдастықтың құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтай келе, амери­ка­лық серіктестерге Қазақстан ­Үкі­меті­нің инвестициялық ахуалды жақ­сарту мақсатында заң үстемдігін, келісім-шарттарға қол сұғылмауын және зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету бағытын­дағы жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді. Сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы аясында Мемлекет басшысы Иордания Королі ІІ Абдалламен, Украина Президенті Владимир ­Зеленскиймен, Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен, Польша Президенті Анджей Дудамен, Болгария Президенті Румен Радевпен, Швейцария Конфедерациясының Президенті Ули Маурермен, «Bloomberg» ақпарат агенттігінің негізін қалаушы әрі иесі Майкл Блумберг және т.б. мәртебелі меймандармен маңызды кездесулер өткізді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.