Өзара сенім – татулық кепілі

Елордада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясына 25 жыл толуына орай «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбында Еуразия елдерінің парламенттері спикерлерінің IV кеңесі өтті. 

Алқалы жиынды Парламент­ ­Мә­жілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ашты. «Ең алдымен, ­Қаз­ақ­станымыздың төрі, Қазақ елінің Елордасы – Нұр-Сұлтан қаласына қош келдіңіздер! Сонымен бірге бүкіл Еуразия елдерінің Парламенттері үшін маңызы зор ерекше жиынға қатысып отырғандарыңызға шын жүректен алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Бүгінгі ­форум заң шығарушы органдар арасында жан-жақты диалог орнатуға, өзара сенімді нығайтуға, парламентаралық ын­тымақтастықты одан ары күшейтуге кең жол ашады деп сенеміз» деді ол.
Форумға Еуропа мен Азияның 65 елінен келген парламенттік делегация­лары, оның ішінде 41 спикер және 14 халықаралық ұйым өкілдері қатысты.
Еуразия елдері парламентарийлері басқосуында Елбасы тәуелсіздік алған жыл­дардағы ауыртпалық кезең, еліміздің негізгі даму басымдық­тары туралы айтып, бүкіл құрлықта пар­ла­ментаралық диалог пен ынты­мақтастық орнатудың маңыздылығына тоқталды.
«Біз экономикалық прогресс пен халықтың әл-ауқатын жақсартуға негізгі басымдық бердік. Нарық­тық экономиканы жаңадан құрған Қазақстан бүгінде әлемдегі ең да­мыған 50 елдің қатарына қосылды. Қазақстанның ЖІӨ 18 есе өсті. Ел экономикасының көлемі Орталық Азия елдерінің жалпы ішкі өнімінің деңгейінен 2 есе жоғары. Халықтың табысы доллармен есептегенде 9 есе өсті, кедейлік деңгейі 10 есе, 40-тан 4,6%-ға дейін төмендеді» дей келе, еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту және қолайлы бизнес ахуалын қалыптастыру саласын­дағы жетістіктердің, Қазақстанның халықаралық-құқықтық мойындалуы жөніндегі жұмыстардың нәтижелерін баяндады.
Еліміздің ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына қарсы бағытталған шара­лардың маңыздылығын, бел­сенді, көпвекторлы және бейбітшіл саясат­тың арқасында Қазақстан өзінің еге­мендігі мен ұлттық қауіпсіздігін едәуір нығайтқанын тілге тиек етті.
«Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған ядролық қарудан азат әлем құру туралы декларацияның бастамашысы және тең авторы болды. Өңірдегі көршілерімізбен бірге біз Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрдық. Мен «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» наградасын тағайындадым. Халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен мәдениетін сақтау маңызды басымдық ретінде айқындалды. Ұлы дала әлемге жылқы шаруашылығы мен атқа міну мәдениетін, ежелгі металлургияны, «аң стилін» және «Алтын адам» деп аталатын сақ жауынгерінің киімдерін берді. Біз қазір қалпына келтіріп жатқан Ұлы Жібек жолының керуендері Қазақстанның байтақ даласынан өтті. Түркі әлемі осы жерде дүниеге келді» деді Елбасы.
Бүгінгі басқосудың маңыздылы­ғына тоқталып, құрлық елдері ара­сындағы еуразиялық диалогты, сенім мен серіктестікті нығайту жөнінде бірқатар ұсыныс айтып, пар­ла­мен­тарийлерді әлемнің жетекші державалары арасындағы жаһандық сенім дағдарысын шешу үдерісіне белсенді қатысуға шақырды.
«Біз халықаралық құқық жүйесінің тығырыққа тірелгенін, оның еленбей, ескерілмей бұзылып отырғанын көріп отырмыз. Мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығы және бұрын қол жеткізілген келісімдер бұзылған жағдайлар баршаға белгілі. Санкцияларды өз еркімен қолдану оны қарсы бағыттаған елдерге ғана емес, сонымен бірге барлық басқа мемлекеттерге де, әлемдегі миллиондаған қарапайым адамдардың әл-ауқатына кері әсерін тигізеді» деді. Сонымен қатар әлемдік қауымдастық үшін маңызды халықаралық шарттарды ратификация­лау жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.
Форум аясында Елбасы Корея ­Республикасы Ұлттық Ассамблеясының спикері Мун Хи Сунмен, Абдуллах Әл-Шейхпен, Оман аш-Шура Меджлисінің Спикері Халид Әл-Мауалимен және т.б. делегация өкілдерімен кездесіп, Еуразия елдері спикерлерінің кеңесіне қатысқандары үшін алғыс білдірді. Өзара қарым-қатынастың достық ­сипатта, ын­тымақтаса өрбитінін жеткізді. Сондай-ақ Премьер-Министр Асқар ­Мамин Черногория, Словакия, Солтүстік Македония, Молдова, Оман, Катар және Непал парламенттерінің спикерлерімен екіжақты келіссөз жүргізді.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.