КОНСУЛ

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

« – Университетті бітіргеннен кейін мен Қазақ КСР Ғылым академиясының ядролық физика­ институтына инженер болып жұмысқа тұрдым. Одан кейін металлургия және байыту­ институтына ауыстым. 1983 жылы «Түсті және сирек­ металдар метал­лургиясы» мамандығы бойынша­ кандидаттық дис­сертация қорғадым. Менің ғылыми жетекшім техника ғылымының докторы, Қазақстан ­Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сұлтанбек Қожахметов болды. Кандидаттық диссертациям­ды­ қорғағаннан кейін мені Алматы қалалық партия комитетіне қызметке шақырды. Кеңес заманында қазір­гідей конкурстық іріктеулер болған жоқ, мүлде басқа жүйе жұмыс істейтін. Бұл жылдары біздің әулеттің үлкені Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болатын. Алдынан өтіп, рұқсат сұрау керек болды».

2014 жылдың 24 желтоқсаны еді. Омбы қаласына барған іссапарымыз аяқталуға жақын қалған-тын. Төрт күн ішінде алдымен А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың сирек қор бөлімінде отырып, мұндағы қандастарымыз туралы кітап, газет­-журнал мен анықтамалықтарға кірген ақпараттарды жинастырдық. Содан соң, «Омская правда» газетінің бас редакторы­ Андрей Мотовиловтан Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі тармағы – Қазақстан – ­Ресей біріккен кәсіпорындарының осы өңірдегі аяқ алысы туралы сұхбат алып, қаладағы «Қазақ салт-дәстүрлерін жаңғыртудағы «Шоқан жолы» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымының төрағасы Ермак Жұмабаевтың жетекшілігімен өткен дөңгелек үстелге қатыстық. Үшінші күннің кешінде «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының директоры Алтынай Жүнісова телефон соғып, Қазақстанның Омбы қаласындағы консулы Елдар Қонаевтың сәлемін жеткізді. Өкілдік басшысы «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының осында жүргенінен ­хабардар екенін айтып, мүмкіндік болып жатса консулдыққа да кіріп, жүздесуге уақыт бөлуімізді өтініпті. Біз шақыруды ризашылықпен қабыл алатынымызды айтып, көп кешікпей қаланың Кадет корпусы орналасқан орталық орамына бет алдық. Ал оның іргесінде Шоқан Уәлихановтың ескерткіші мен ұлы ғалым-саяхатшы атындағы көше тұр. Қазақстанның консулдығы үйі, міне, соның нақ қасында орналасқан. Кездесу өте әсерлі болды. Көп әңгімелер айтылды.­ Сондағы алған әсерден «Сібір» қонақүйіне келгеннен кейін де арыла алмай толқып отырдық. Онда төмендегідей жайттар баяндалған еді.

– Елдар Асқарұлы! Біз сіздің Алматы қаласында өмірге келіп, есімдерін ел сүйіспеншілікпен еске алатын текті әулет – Қоневтар отбасында өскеніңізді жақсы білеміз. Дей тұрсақ та, қай мектепте оқып, қандай жоғары оқу орнын бітіргеніңізден онша хабарымыз жоқ. Әңгімені алдымен, міне, осыдан бастасақ.
– Иә, мен байырғы алматылықпын. Әкем жағын жаңа өзіңіз еске салдыңыз. Ал анама келсем… Ол кісі қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туған қызы. 50-жылдары МГУ-де оқыды, тарих факультетін тамамдап, аспирантураға түскен. Кейіннен кандидаттығын, сонан соң докторлық диссертациясын қорғады. «Әуезовтің музей үйін» құрды және осы ғылыми-мәдени орталықта директор болып қызмет етті. Мен отбасындағы ұлдың үлкенімін. 1973 жылы 1-ші республикалық физика-математика мектебін бітірдім. Сол жылы Мәскеудің болат және қорытпалар институтының бірінші курсына түстім. 1975 жылы КазГУ-дың физика факультетіне ауысып, оны 1978 жылы тамамдап шықтым.
– Сіздің жас маман ретіндегі алғашқы жұмыс орныңыз? Қызметті қай мекемеден, қалай бастадыңыз? Қиналғанда көмектескен, ақыл-кеңес сұрағанда бағыт-бағдар берген адамдар болды ма? Болса, олар кімдер еді?
– Университетті бітір­геннен кейін мен Қазақ КСР Ғылым академиясының ядролық физика институ­тына инженер болып жұмысқа тұрдым. Одан кейін металлургия және байыту институтына ауыстым. 1983 жылы «Түсті және сирек металдар метал­лургиясы» мамандығы бойынша кандидаттық дис­сертация қорғадым. Менің ғылыми жетекшім сол кездегі техника ғылымының докторы, қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сұлтанбек Қожахметов болды. Кандидаттық диссертациямды қорғағаннан кейін мені Алматы қалалық партия комитетіне қызметке шақырды. Кеңес заманында қазір­гідей конкурстық іріктеулер болған жоқ, мүлде басқа жүйе жұмыс істейтін. Бұл жылдары біздің әулеттің үлкені Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болатын. Алдынан өтіп, рұқсат сұрау керек болды.
Сол кезде мен өмірімде бірінші рет республика басшысының каби­нетінде болдым. Ол кісі сонда маған өзінің жарты сағат уақытын қиып, партияның жас қызметкері қандай міндеттер мен талаптарды орындауы керектігін әңгімеледі. «Егер тапсырылған жұмыстарды мұқият орындап, жауапкершілік жүгін көтеретін болсаң, мен саған рұқсатымды беремін» деп, сөзін түйіндеді. Сол әңгіме барысында, әсіресе, мына бір сөз есімде сақталып қалды: «Ешқашан жеделдікті асығыстықпен, ал талап қоюды дөрекілікпен шатастырушы болма». Мен мұны өмір бойы ұмытпастай есте сақтап қалдым және де сол үдеден шығуға тырысып келемін. Жоғарыдағы әңгімеден кейін мен қалалық партия комитетінде жұмыс істей бастадым.
– 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы… Оның Қонаевтар әулетіне оңай соқпағанын біз жақсы білеміз. Қазір арада жылдар жылжып өткенде сондағы оқиғаларға байланысты есіңізде ұмытылмастай болып нендей жайттар сақталып қалды деп ойлайсыз? Содан соң… иә, содан соң, КОКП Орталық Комитетінің 1987 жылғы «Қазақ ұлтшылдығы туралы» солақай, біржақты қаулысы… Осы әміршіл-әкімшіл құжатқа байланысты өзіңіздің жеке көзқарасыңызды білуге бола ма?
– Барлығы да менің көз алдымда өтті. Әрине, ауыр болды. Қалалық комитет қаланың штабы ғой. Сен болсаң сол жерде қызмет істейсің, ал бұл кезде қалада түсініп болмайтын оқиғалар болып жатты. Басында ол жай ғана бейбіт шеру болған еді, бірақ кейіннен бәрі де басқа арнаға түсіп кетті: бүкіл қалада адамдар өте ашулы-тын және бұл кәдімгідей сезіліп те тұрды. Алаңдағы жастар көпке дейін тарқамаған соң, билік қала орталығына үгітшілерді апара бастады. Олар: «Ал енді, жетер, тараңдар!» деп өтінді. Бірақ та сол кезде қыс та аса суық болған еді және де республика бас прокуроры: «Керек болса, біз бәріңді де тұтқындаймыз» дегенінде, жұрттың ашу-ызасы одан әрі өрши түсті. Одан кейін Мәскеуден алдырған ішкі әскерлер құрамындағы арнайы бөлімшенің жауынгерлерін қаптатып жіберді. Операция «Метель-86» деп аталды. Мен сол кезде пластмасса қалқан, бетперде киіп, резеңке сойыл ұстаған адамдарды бірінші рет көрдім. Свердловск және Челябіден бірінші эшелонмен жеткізілген арнайы даярланған жауынгерлер қас пен көздің арасында алаңды қоршап алып, топтанған жұртты бөлшектей бастады. Әрине, бұл ұзаққа созылмады: өрт сөндірушілерді шақыртып, жастардың барлығын мұздай су шашып қуды. Олар сөйтіп өздерінің жұмысын қатыгез күшпен орындаған еді… Кейінірек КОКП Орталық Комитетінен Алматыға комиссия келді.
Әлі есімде, түнгі сағат бірде орталықтан келген шенеуніктердің қатысуымен қала активі өтіп, содан кейін барып тазарту жұмыстары басталып кетті. КОКП Орталық Комитетінің кейбір қызметкерлерінің институттарға қанша қазақ түскенін, басшылық қызметтерде қанша қазақ жүргенін, қаншасының депу­таттыққа, академик, докторлыққа жыл­жы­тылғанын салыстыра тіміскілей бастағаны есімде жақсы сақталып қалды… Осының бәріне 60-жылдардан бастап 80-жылдарға дейінгі кезең аралығында талдау жасалды. Түпкі мақсат – «қазақ ұлтшылдығы» деген дүрлікпе атаққа таңу еді.
Мені партия органынан шығара алмады. Мойнымда ешқандай кінәм жоқ-тын, түрмеге де тыға алмайтын. Мені жай ғана шақырып алды да: «Өз еркіңмен кеткенің жөн, партия орган­дарында жұмыс істеуге құқығың жоқ» деді. Бұдан кейін мен Қазақ кәсіподақтары кеңесінде жұмыс істедім. Бірақ Г.Колбиннің нұсқауы бойынша ол жерден де қуылдым. Біраз уақыт жұмыссыз жүрдім де, әрең дегенде Қазақ политехни­калық институтының металлургия факультетіне қызметкер болып жұмысқа алындым. Менің ғылыми жетекшім техника ғылым­ы­ның­ докторы, профессор В.А.Луганов болды.
…1988 жыл келді. Бұл деге­ніңіз, жариялылыққа жол ашқан Бүкілодақтық ХІХ партия конфе­рен­циясы еді. 1989 жыл да жылжып өтті. Ол бейресми бірлестіктер пайда болып, халық депутаттарының съездері өтіп, азаттық пен теңдікке үмітпен көз тіккен кез-тін. 1990 жыл да жетті. КОКП-ның ХХVII съезіне дайындық басталған. Көктемде, сол форумның алдында Алматыда партия конференциясы өтті. Политехникалық институттан мені бұл жиынға делегат етіп сайлады. Сол жерде төралқада отырған, бізді 1987 жылы бірнеше рет тексерген КОКП Орталық Комитетінің қызметкері Захарченконы көрдім. Сонда мен бір жапырақ қағазға: «КОКП Орталық Комитеті өзінің қателігін қашан мойындайды? Одан соң, қазақ ұлтшылдығы туралы қаулы қашан күшін жояды?» деген сұрақты жазып, төралқаға беріп жібердім.
Сол кезде республиканың жаңа басшысы Нұрсұлтан Назарбаев КСРО халық депутаттарының съезінде партиялық қаулының жөнсіздігі, қиянаты туралы ашына, ашық айтқан болатын. Арада үш ай өтісімен, газетте қазақ ұлтшылдығы туралы қаулының күші жойылғандығы жөнінде хабар шықты. Кешірім сұрау, ағаттықты халық алдында мойындау деген атымен болмады. Жай ғана «қаулы күшін жойды» деп жаза салды.
– Кейінгі кезде бір оқиға ойыма оралады да тұрады. Ол – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 90-жылдардың басындағы Өзбекстанға сапары. Бұл қадірменді ағамыздың Ташкентке жай, кездейсоқ барып қайтуы емес еді. Оның мәні басқада болатын. Өзіңіз басы-қасында жүрдіңіз ғой, кезінде баспасөзде онша көп айтылмаған, жазылмаған сол сапар туралы бізге баяндап берсеңіз.
– 1992 жылдың мамырында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев алты жылдан кейін алғаш рет ­Қазақ­станның­ облыстарын аралау, елі­міздің оңтүстігіндегі ауыл-аймақ­тардың тұрғындарымен әңгімелесу мүмкіндігіне ие болды. Шымкентте болғанында Ташкент қаласына барып, Өзбекстанның бірінші басшысы болған Шараф Рашидовтың жесіріне көңіл айтқысы келетінін білдірді. Өтініш қабыл алынды. Ташкентке ертелетіп жетіп, қала көшелеріне кіргенімізде ерекше жағдайға куә болдық. Жол шетіндегі, бұрылыстардағы күнделікті өз қызметін атқарып тұратын милиция қызметкерлері бар емес пе?! Міне, солар біз мінген көлікті көргеннен-ақ ізет білдіре бастады. Оны бұл тәртіп сақшыларының ала таяқшаларын жеңіл де сыпайы көтеріп, баратын жерімізді қас-қабақтарымен үнсіз меңзеген құрметінен анық байқадық. Демек, бұрынғы Қазақстан басшы­сы­ның,­ кейіннен зейнеткер Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мұнда келеті­нінен билік өкілдерінің хабардар болғаны-ау, шамасы. Әйтпесе, қарапайым қос автокөлікке мінген біздерді кім біліп, ескере қояр еді.
Шараф Рашидовтың зайыбы мен бала-шағасы тұрып жатқан үй Ташкенттің ең шетіндегі ықшамаудандардың бірінде екен. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін, 1986 жылдан бастап «өзі жоқтың көзі жоқ» дегендей, бұрынғы республика басшысына Мәскеу біраз ғайбат сөздер айтқан. Бұл орталықтың сол кездегі қолдан ұйымдастырылған «өзбек мақтасы» ісіне байланысты айыптаулар еді. Осыдан кейін Шараф Рашидовтың отбасы қиын жағдайда қалған. Сол кездегі биліктің пәрменімен олар отырған үйлерінен шығарылып, қаланың бір қиырына көшірілген. Балалары қызметтерінен алынып, жұмыссыз қалған. 90-жылға дейінгі жағдай, міне, осындай еді.
…Арада біраз уақыт өткенде өзіміз іздеп келе жатқан ықшамауданға да келіп жеттік. Сондағы көп қабатты тұрғын үйлердің біріндегі кіреберіс алдынан бізді Шараф Рашидовтың қызы Сайера қарсы алды. Ол Дінмұхамед Ахметұлын көрген бетте жылап жіберді. «Сізді мынадай жерде, мынадай жағдайда күтіп аламыз деген еш ойымызда жоқ еді. Бесінші қабатта тұрамыз. Лифт істемейді. Екі бөлмелі пәтер. Үйге мына келген бәріңіз бірдей сыя алар ма екенсіздер?.. Содан ыңғайсызданып тұрмын» деді көзінің жасын сүртіп. Аз-кем ақылдасқан соң біз – Дінмұхамед Ахметұлы, ол кісінің жеке дәрігері Ахат Мүліков және мен Сайераның бастауымен подъезге кірдік. Жоғарыға асықпай, үш-төрт рет тоқтап көтерілдік. Екі көзіміз Дінмұхамед Ахметұлында. Жоқ, ол кісі сыр бермеді. Ентігіп немесе алқынбаған, өңінен ешқандай өзгеріс байқалмаған күйі бесін­ші қабаттағы бөлмеге енді. Сөйтті де қазақы қалып, мұсылмандық дәстүрмен Шараф Рашидовтың зайыбы Хурсан Ғафурқызына көңіл айтты. Осы уақытқа дейін келе алмаған себебін соңғы жылдардағы өз басындағы болған оқиғалармен түсіндірді. Хурсан апай да өз кезегінде бәріне түсіністікпен қарайтынын, Дінмұхамед Ахметұлының зайы­бы Зухра Шәріпқызы сияқты заман­дасының өмірден өткеніне қамы­ғатынын сөз етіп, өздерінің қазіргі жағдайларын баяндады. Қайтар кезде Дінмұхамед Ахметұлы үй иелеріне екі елдің де егемендік алып үмітте­рін үкілеп отырғандығын, келер күн­дерден енді тек жақсылық күту керек екендігін, өзінің бұл отбасыға әйтеуір бір ретін тауып көмектесетінін айтты.
…Арада бес ай өтті. 1992 жылдың қарашасында Өзбекстан Республи­касының Жизақ қаласында Шараф Рашидовтың 75 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Мерейтойды өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті Дінмұхамед Ахметұлын да шақырған болатын. Ол кісі мұны өзінің серіктес, заманы бір болған адам алдындағы парызы санап, шараға қатысуға келі­сімін берді. Сол салтанатты жиын­да Өзбекстан Президенті Ислам ­Абду­ғаниұлы­ Кәрімовтен кейін іле-шала сөз сөйледі. Оның тебіреніске толы естелігін жұрт ұйып тыңдап, ду қол шапалақ арқылы қошемет көр­сетті. Бұл мерейтой үстіндегі ең бір көңіл тол­қытарлық, есте қаларлық сәт болған еді.
Салтанатты жиын аяқталған соң, Дінмұхамед Ахметұлы Самарқанд қаласына барғысы келетінін білдірді. Шығыс сәулет өнерінің бұл мақ­танышы Жизақ қаласынан 90 ­­­ша­қырым­ жерде болатын. Ол кісінің өтініші қабыл алынды. Бұл сапарда Дінмұхамед Ахметұлының жанында Сұлтан Жиенбаев, Төлеубек Назар­беков,­ мен және басқа да ресми адамдар еріп жүрдік. Самарқандтан Ташкент­ке қайтып келгенде Дінмұхамед Ахметұлы Өзбекстан Президенті Ислам Абдуғаниұлы Кәрімовпен кездесті. Әңгіме бір жарым сағаттан астам уақытқа созылды. Соңырақ Өзбекстан Республикасы Үкіметінің атынан Шараф Рашидовтың отбасына бар мүлкімен қоса үйі қайтары­лып, «Ш.Рашидов қоры» құрылды. Ұлы Ильхом мен қызы Сайера мамандық­тары бойынша жұмысқа орналасты. Бұл, әрине Дінмұхамед Қонаев пен Ислам Кәрімовтің арасында болған әңгіменің нәтижесі еді.
Сіздің Омбыға консул болып келуіңіздің себебі неде? Ресей Федера­ция­сындағы бұл қаланы, осындағы қызметті не үшін таңдадым деп ойлайсыз? Содан соң… иә, содан соң Қазақстан Республикасының мұн­дағы консулдығы осы жерде 2005 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқанынан хабардармыз. Содан бері бұл ресми өкілдік мекемесі екі ел арасындағы достық дәнекері ретінде не істеді? Қандай міндеттерді шешіп, жүзеге асыруда? Болашақтағы жоспарларыңыз?
– Мен үшін елшілік қызмет бөтен мамандық емес. Дипломатиялық дәрежем – бірінші санаттағы кеңесші. Омбыға келгенге дейін Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өкілдігі жетекшісінің орынбасары болып қызмет еткенмін. 2010 жылы мен жұмыс істеген ведомствоның шешімі бойынша осында жіберілдім. Басында Омбыда не істеймін деп көп ойландым. Қала таныс емес. Дегенмен, кейін, ХХ ғасырда қазақтан шыққан зиялы қауымның көбі осында болғанын есіме алдым. Олардың арасында менің нағашы атам Мұхтар Әуезов те болған еді. Ол Семейде оқыған, ал мұнда негізінен Алаш партиясы мен Алашорда қозғалысына байланысты жұмыстармен келіп-кетіп жүрген. Мұхтар Омарханұлы бұл жерде соншалықты көп бола қойған жоқ, бірақ оны мұндағы көп адам жақсы біледі. Қаланың аға буын өкілдері 1997 жылы ЮНЕСКО аясында Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығы аталып өткенде осы жерде де мерейтой шарасы ұйымдастырылғанын айтты. Омбы – өзіндік тарихы бар, жақсы қала. Бұл жерде маған бәрі ұнайды: көптеген қызықты адамдармен таныстым, қазіргі уақытта біз сыртқы қарым-қаты­насты ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Омбы облысының тұрғындары арасындағы мәдени байланыстарды да кеңейтуге тырысып жатырмыз.
Енді сіздің екінші сұрағыңызға жауап берейін. «Консулдық неліктен Омбыда орналасқан? Бүгінгі күнде өкілдік қандай мәселелерді шешеді?» деп сұрадыңыз ғой. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Омбыда қазақтың үлкен қауымы бар: бұл облыстың аумағында 80 мыңға тарта біздің қандас бауырларымыз тұрады. Онан соң, қала Астанадан алыс емес. Екіншіден, Омбы облысы – шекаралас өңір және де осы өңірмен Қазақстанның сыртқы сауда айналымы орасан зор: 150-ге­ тарта біріккен кәсіпорындар жұмыс істейді. Біз олармен тығыз қарым-қатынастамыз. Үшіншіден, біздің жұмысымыз Омбы облысында ғана емес, Үкімет белгілеп берген консулдық өңірге жататын Том, Новосібір, Челябі, Кемеров, Түмен және Қорған облыстарында, Алтай өлкесінде, Алтай Республикасында жүрген қазақстандық азаматтарға көмектесу. Бүгінде біз бір күннің өзінде түрлі мәселелермен келетін ең аз дегенде 20-30 адамды қабылдаймыз. Тіпті Омбыда сәби дүниеге келсе, туу туралы куәлікті де біз береміз. Қазақстаннан тысқары жерде тағы бір адамның, біздің елдің азаматының дүниеге келгенін сезінудің өзі бақыт. Ал біз болсақ оған оның тұңғыш құжатын тапсырамыз. Төртіншіден, консулдықтың бастамасымен түрлі мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мысалы, біздің өкілдіктің тікелей атсалысуымен Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы облыстарының арасында Абайдың «Достық шын һәм адал болсын» деген ұран сөзі бойынша мәдени фестивальдер өткізілді. Менің өзім Алматыда омбылық жазушы А.Сорокиннің қазақтар туралы «Голос степного края» деген кітабының тұсаукесерін ұйымдастырдым. Одан кейін Омбыда КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің қатысуымен қазақ киносының кеші өткізілді. Қарағанды, Көкшетау, Алматы қалалары қазақ театрларының гастрольдері, «Шым­кент­ шоу» эстрада әртістерінің концерті ұйымдастырылды. Сондай-ақ­ мұнда «Омбы облысы – халықтар достығының аумағы» деген атпен ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Бұл жиында мен құттықтау сөз сөйледім. Консулдықтың келе­шекте көздеген мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы байланыс­тарды кеңейте және нығайта беру.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.