«Ән айныса, шуға айналып кетеді»

Өз басым әнші де, күйші де емеспін. Әйтсе де халқымыздың ән-күйінің бүгінгі ахуалы жөнінде пікірімді білдірсем деймін. Бүгінгі айтылып жүрген әндердің сөзі мен әуенінің бәрі бірдей көңілден шыға бермейді. Әндердің басым көп бөлігі махаббатты арқау еткендіктен, осы тақырыпты хал-қадерімше қаузап көруді жөн көрдім. Мысалы:«Ауылың алыс кеткенде, қимас құрбым,
Орамал, шыт беріп кет жыламасқа…»
* * *
«Айналайын қарағым, алтыным-ай,
Ақ жүзіңді көргенде балқыдым-ай!
Көрмегелі көп айдың жүзі болды,
Есен-аман жүрмісің, жарқыным-ай?..»
***
«Шынар-ай, әркім бір сізге құмар-ай,
Қайткенде көңілім тынар-ай…»
***
«Екі жирен, жалын түйген,
Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген…»
Міне, біздің ата-бабамыз осылай жырлаған! Қандай тұнық сезім? Пәк махаббат, айнымас шындық!
Бұл өлеңдердің әуені де бір-бірінен дараланып, сараланып, «Құлақтан кіріп, бойды алып» жатады. Сондай-ақ:
«Қош бол, сәулем, көргенше,
Қайта айналып келгенше.
Уәдеңе берік бол,
Мен сендікпін өлгенше!» – деп, адамдар арасындағы махаббаттың пәни дүние­лік қана екенін пайымдап, «мәңгілік» деп әлінен аспаған.
Ал қазіргі өлеңдерге қарайтын болсақ, «Табынарым сен ғана…», «Сенсіз маған тірлік жоқ…», «Тағдырым сенің қолыңда…», «Мәңгі сені сүйемін…», «Басқаның бәрі бекер…», «Күйдім-сүйдім…», «Өлдім-өштім!..» деп келеді. Әндеріміздің сиқы осы.
Міне, осындай өлеңдерге жазылған әуендердің де келісіп тұрғаны шамалы. Бір-бірінің жаңғырығы сияқты бір сарындағы жеңіл музыкалар. Одан қалса, Батыстың музыкасына еліктеген шу-шырқан. Дәл осындай әндерді естігенде ақын Жәркен Бөдешұлының «Су айныса, буға айналып кетеді, ән айныса, шуға айналып кетеді…» дейтін өлеңі еріксіз еске түседі.
Заман тыныш, ел жағдайының жақ­саруына байланысты халық арасында әр­түрлі тойлар көбейіп келеді. Осыған орай саны бар, сапасы жоқ әншілер тобыры молая түсіп, жеңіл-желпі әндерді желдей естіріп, ақша табудың жолына айналдырып алғанын жасыра алмаймыз.
Айталық, «Ән мен әнші» бағдар­ламасына сай жазылған «Ән менен әнші» әні «айта қалсын» әндердің бірі болып қатарға қосылды. Алайда осы әннің қайырмасы қарныңды аштырады. «Ән менен әнші – қанатты құстардай». Бұдан қандай мағы­на білуге болады? Ән мен әнші – бір-бірін толықтырып тұратын екі фактор. Яғни жақсы әнші жақсы әндерді айту арқылы танылса, жақсы әндер мәресіне жеткізіп, келістіріп айтатын әншіні талап етеді. Қысқасы, ән мен әншіні қанатты құстарға теңеу – ешқандай орын таппаған теңеу. «Құс» деген атауды естіген адам оның қанаты бар екенін біледі. Құс – қанатты, қанатсыз болып бөлінбейді! Қос қанатының бірінен айырылған немесе зақымданған құстың не болатыны да белгілі. Сондықтан ән мен әншіні «қанатты құстардай» дегеннен гөрі «Ән менен әнші – құстың қос қанатындай» дегенге келтірсек, дәл тапқан теңеу болар еді.
Шындығы сол, қазіргі әндеріміздің көбісі – бір-бірінен парықтала бермейтін, тарақтың дүзі тәрізді бірсыдырғы әндер. Тіпті кейбіреулер – өзі ақын, өзі композитор, өзі әнші. Олар ән дейтін әсем дүниенің құндылығымен есептесіп те жатпайды. Кейбір жақсы әндердің музыкасын ұрлап, өз еншісіне айналдырғысы келетіндер де жоқ емес.

Қызырғазы ТОҚТАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Орал Байсенгиров

    канатты кустардай деген- ыргак пен нотага дал тусип тур, ал кустын кос канатындай десек нотаны озгерту керек, дурысы сонгысы, мен де эп дегеннен айтканмын осы пикирди, Ал енди Тіпті кейбіреулер – өзі ақын, өзі композитор, өзі әнші. Олар ән дейтін әсем дүниенің құндылығымен есептесіп те жатпайды- деген пикириниз дурыс емес, жалпы аннин созин, ауенин бир адам жазу керек, типти ози орындаса типти гажап болады, бурынгынын бари сондай, ал осы ушеуи катарынан колынан келмейтин адам, ретке келсе касиетти анге жоламаганы дурыс, Сосын болар болмас бирдеме таптым деп данышпансудын да кереги жок,Қызырғазы ТОҚТАР мырза, курметпен Орал Байсенгиров

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.