ӨМІР ӨРНЕКТЕРІ

Белгілі ғалым, педагогика ғылымының докторы, профессор, Педагогика ғылымдары академиясының құрметті академигі Серғазы Қалиұлы 1929 жылы бұрынғы Семей облысы­ (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Абай ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. Ол өзінің өмір жолын Семей педагогика институтын бітіргеннен кейін алғаш Сергиополь орта мектебінде мұғалім болудан бастайды да, келер оқу жылында Аягөз аудандық оқу бөлімінде мектеп инспекторы қызметін атқарады. 1952-1954 жылдары Аягөз аудандық жастар одағында 1-ші хатшы, 1955-57 жылдары Аягөз аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде болды. 1958 жылы Аягөз стансасындағы 1900 оқушысы, 200 орындық интернаты бар, 20 мұғалім еңбек ететін теміржол бойындағы №18 (кейіннен №244) қазақ орта мектебіне директорлыққа жіберіледі. Бұл мектепті басқарудың өзіндік ерекшеліктері бар еді. Себебі төрт-бес жыл мерзімде мұнда 2-3 директор ауысқан. Мұндай ұжымды басқару оңайға түспейтін. 

Аягөз аудандық партия комитеті Серғазы Қалиұлына бұған дейінгі тәжірибесін ескеріп, зор сенім артты. Нәтижесінде ол сенімді ақтай білді. Мектептің материалдық базасы жақсарды. Жаңадан шеберханалар, спорт жарыста озып шығып, жүлделі орынды жеңіп алды. КСРО Қатынас жолдары министрлігінің Құрмет грамотасымен, ақшалай сыйлығымен марапатталды.
1967 жылы Ы.Алтынсарин атындағы педа­гогикалық ғылыми-зерттеу институ­тының жанындағы аспирантура бөліміне сырттай оқуға түсуіне байланысты Алматы қаласына ауысады да, Қазақ теміржолының оқу бөлімінде мектеп инспекторы, кейін оқу бөлімі бастығының орынбасары, соңында оқу бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Оқу бөлімінің қарамағында 450 мектеп, 250 балабақша, 4 техникум, 5 техникалық мектеп, 3 мектептен тыс мекеме болды. Олар Қазақстан Республикасының 19 ­облысы мен Қырғызстан Республикасының аумағында, сондай-ақ Ресейдің Орынбор облысын қамтитын, 14000 шақырым қашықтықта орналасқан мекемелер еді. Бұл мекемелерді басқарудың тағы бір қиындығы, оқу бөлімінде небәрі 36 адамнан құралған штаттағы қызметкерлері болды. Оқу бөлімі әрі аудандық, әрі облыстық, әрі республикалық басқару орындарының рөлін атқаратын Мәскеудегі Қатынас жолдары министрлігіне бағынышты ­болатын. Соған қарамастан, оқу бөлімі қарамағындағы 800 мекеменің жұмысына күнделікті басшылық жасап, кездескен қиындықтарды жеңіп отырды. Мектептерде аз уақыт ішінде 800 оқу кабинеті жабдықталып, іске қосылды. Ал бұл мектептердің оқу сапасын жақсартуға айтарлықтай әсерін тигізді. Мектептерден жүздеген оқу озаттары шығып, олардың көбісі орта алтын, күміс медальдармен бітіріп, Омбы, Новосибирск, Барнаул, Алматы, Ташкент, Бішкек, Ленинград, Мәскеу, т.б. Ресейдің ірі қалаларындағы оқу орындарына түсті. Олардың бәрі бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде заңгер, байланысшы, экономист, машинист, т.б. мамандықтар бойынша қызмет етіп жүр. Қазақ теміржолында ондаған оқу озаттары аянбай еңбек етіп, орден-медальдармен марапатталды.
С.Қалиев 1988 жылдан бастап тікелей ғылым саласына араласып жүр. Қазақ КСР Оқу министрлігінің жанындағы Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, ­педагогика тарихы бөлімінің меңгерушісі, институт директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, ал зейнеткер­лік жасқа келуіне байланысты этнопедагогика зертханасының меңгерушісі, педагогикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметтерін атқарады. 1996 жылы өзінің ұзақ жылдық педагогикалық бай тәжірибесі негізінде «Қазақ этнопедагогикасының ғылыми әдістемелік негіздері» деген­ тақы­рыпта педагогика ғылымының докторы­ ғылыми дәрежесін ойындағыдай қорғап шықты. Сөйтіп, профессор атағына ие болды.­ Ал 2003 жылы педагогика ғылы­мы­ның құрметті академигі атағын алды.
Профессор С.Қалиевтің басшылығымен Қазақстан мектептері бойынша барлық пәндерге арнап жаңа бағдарлама жасалды. 6 жасар балаларды мектепке даярлау, оларға қажетті әдістемелік құралдар, кеңестік дәуірдегі Қазақстан мектептері тарихы мен педагогикалық ойлар жайлы шығарма, қазақтың тәлімдік ойларының антологиясын шығару секілді қыруар істерді тындырды. Этнопедагогиканың өзекті мәселелері бойынша аймақтық, облыстық конференциялар өткізуге ұйытқы болды.­ Сондай-ақ этнопедагогиканың мәселелері бойынша Мәскеу, Баку, Ташкент,­ Бішкек,­ Ұлан-Батор қалаларында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысты. Профессор­ С.Қалиевтің білім академиясында атқарған 25 жылдық еңбегі де елеусіз қалған емес. Осы жылдардағы еңбегі үшін Х бес жылдықтың қорытындысы бойынша Қазақ КСР жоғары Кеңесінің құрмет грамотасымен, тәуелсіздіктің 10 жылдығының медалімен марапатталды. 2005 жылы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетіне оқытушылық қызметке ауысып, сол университетте профессорлық қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде оның басшылығымен 24 ғылым кандидаты, 2 ғылым докторы дайындалды, олардың ішінде Қ.Қабдіразақұлы, Ә.Әшейұлы, Б.Абдеев сияқты моңғол, қырғыз елдерінің де азаматтары бар. Үлкенді-кішілі 62 оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтар жазып шығарды. Солардың ішінде «Қазақ тәлімінің тарихы» атты 12 томдық монография, «Қазақ тәлім-тәрбиесі» (профессор Қ.Жарықбаевпен бірге ), «Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері этнопедагогикасы» атты ЖОО-ның студенттеріне арналған оқу құралдары бар. Күні бүгінге дейін шығармашылық еңбектен қол үзген емес. Мәселен, ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген халық ақындары мен қоғам қайраткерлері Ақан Сері, Иман Жүсіп, Мәшһүр Жүсіп, Базар, Әсет, Сара, Абай, Шәкәрім, Көкбай, Сұлтанмахмұт, Т.Жүргенов, М.Әлімбаев, т.б. шығармашылық ерекшеліктерін зерттеуге арналған еңбектері республикалық газет-журналдарға жарияланды. Реті келгенде айта кетейік, С.Қалиевтің қоғамдағы еңбегі ескерусіз қалған емес. Ол «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің, көптеген Құрмет грамоталарының иегері.
Аман болыңыз, елінің құрметіне бөленген ардақты аға!

Төлеусерік САДЫҚБЕК,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің
профессоры, техника
ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.