ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТҰЛҒАЛАРЫ

Әбдіжәмил НҰРПЕЙІСОВ,
Қазақстанның Халық жазушысы

«… я изложил как можно
ближе к истине все,
что смог и сумел вспомнить»
Филипп де Комми
«Мемуары». ХIV век.

(Исповедальные воспоминания)

Қай жылы екені дәл қазір есімде жоқ; біздің үйге келіп жүретін жас жерлесім кеп:
– Орталық комсомол комитетіне бірінші хатшы боп Гурьевтен бір жас жігіт келді. Үйіңе шақыр. Таныс. Талағында биті бар. Далеко пойдет, – деп еді.
Мен:
– Сүйдейсің бе, әй? Апыр-ай, биттің де жүрмейтін жері жоқ екен, – дедім күліп.
Комсомолдың «түу» десе түкірігі жерге түспей, аруағы аспандап тұрған кез ғой… Кеше Ғани Мұратбаевтан кейін бұл орынға кім келіп, кім кетпеді. «Е, несі бар, келсін» дедім. Күнде болып жатқан көп жаңалықтың бірі көрдім де, онша мән беріп, көңіл бөле қойғам жоқ. Көп ұзамай есімнен шығып та кеткен екен… Сол екі арада жастардың жаңа көсемі жөніндегі әңгіме әр жерден шаң беріп, біреулер:
– Өзі кессе қан тамбайтын сыптығыр қара көрінеді; тік мінез болар, – депті.
Енді біреулер:
– Шапшаң сөйлеп, шалт қимыл­дайды екен, – депті.
Кім қалай десе де, сол жігіт келмей жатып көзге түсті. Ауызға ілікті. Жұрт­тың ауыз ілһамы әзір дұрыс. Түбі қалай боларын, әрине, келешек көрсетеді.
Зейнулла біледі екен. Және жерлесім де «шақыр, шақыр» деп қоймағасын «бір білгені бар шығар» дедім де, өзара ақылдастық та, «талағында биті бар» жасты көрейік деп, үйге шақырдық. Үйде Жұбан, Зейнулла, Тахауи, Қалтайдан басқа әдебиетке өз үйіндей омыраулап, киіп-жарып келген Әбіш пен Асқар болды. Жас қонақ күттірмеді. Қасында өзімнің әлгі жерлесім. Сүйтсе, оның комсомол комитетінде бөлім бастығы боп істейтінін енді білдім де, «айналайын-ай, өз есебіңе түгелсің-ау. Видать ты тоже далеко пойдешь» деп, күлгем де қойғам.
Тасмағамбетов сарт етіп кіріп келді. Мынау, шынында да, жұрт десе ­дегендей, қаншырдай қатқан сыптығыр қара екен. Шалт қимылдап, шапшаң сөйлеп: өмір бойы өзімізбен бірге ­жатып, бірге тұрып біте қайнағандай әп-сәтте тіл табысты да кетті.
Ой, бәрекелді-ай! Бәрі де кеше болғандай еді-ау! Сонан бері дүние қалай өзгерді. Басқаны қойғанда, бір кезде шарасына сыймай, кенерінен асып-тасып ыңыранып жататын ­жа­рықтық кәрі Арал теңізі анау! Суы тартылып, қайсыбір жерлерде тіпті түбі көрініп, тұзды сор бетіне шығып жатыр. Сонау Македонский, Шыңғыс ханның заманында «Жойқын» деп аталып, қайық салса алды-артына қаратпай, шапқан аттай үйіріп ала жөнелетін Амудария болса, оны да құдіреті жүріп тұрғандар өзінің ежелгі арнасынан бұрып, құба далаға теріс ағызып жіберді. Сүйтіп, кеше дүниеден өткен «күн көсемнен» кейін ту-у ­сонау Кремльде ойына не келсе соны істеп отырған дарақы, можантопай, мұжық көсем Аралды да, Амударияны да адыра қалғыр ақ мақтаның жолына құрбандыққа шалды да жіберді. Иә, қайтеміз, қоң етін кесіп алып жатса да қыңқ етпейтін көнбіс халықпыз. Бұған да көндік…
Анада біздің үйде болатын қыршындай екі жас – Әбіш пен Асқар дем арасында ойқастап, аға буынның алдына түсіп бара жатқанын байқамай да қалып едік. Алла ісіне амал бар ма. Ол айналайындар да… әттең дүние бір күнгідей болмай көз жұмып, қойны суық қасиетті қара жердің құшағынан мәңгі бақи орын алды. Ал, сонда бәрімізбен бірге болған жастардың көсемі әрбір биік төбенің басынан бір-бір көрініп жүрді де, кейін қарасы көрінбей кетіп еді. Әне бірде көргенде самайын ақ шалып, қылаңдана бастаған сияқты еді. Енді бір көргенде, бәтір-ау, үйірге түсетін жас айғырдың жалындай басындағы тып-тығыз тас­тай қатты шаштың қарасынан гөрі ағы басымдап кеткен бе, қалай? Сүйтсе, о да алпысқа келіп қалыпты-ау!

Өзім, кәзір бар мен жоқтың арасындамын. Жиырма екі жыл және төрт ай басқарған ПЕН-клубты кассадағы бір миллион доллармен қосып Бигелді Ғабдуллинге тапсырғаннан кейін өмірім таңның атысы, күннің батысы­ қос уыс отбасында екі жапырақ ­немереммен бірге өтіп ­жатыр. Мына, ит жегір пәни жалғаннан ендігі көрер қызығым мен қуанышым – көзімнің қарашығындай сол екі ­немере. Ара-тұра зерігіп бара жатсам, сөреде тұрған арғы-бергі замандағы ұлы жазушылардың кітаптарына қол ­созам да – баяғыда дәмі таңдайымда қалған жерлерін қайталап оқимын. Бұл күнде кешегі өзіміздің ауылдың дүние салған шалдары еске жиі түседі. Онан замандас, құрбы-құрдас, қайдағы-жайдағылар еске түскенде ашқарақ, ызалы ойлар мен «әттең-айлар» жан-жағыңнан өре түрегеліп, иттей талап жанымды жейді. Ондайда, шарасыздық басқа түседі де, «өлмесе ата-бабаң қайда кетті?» деп, өзіңді-өзің жұбатасың. Ендігі жағдайымды білсе, түсінсе, басқа емес, дәл кәзіргі менің жасыма келгендер ғана түсінеді.
Апыр-ай, бағана столға отырғанда басымдағы ой басқа еді. Азаттық алған еліміз ана жақта құдайы беріп мәре-сәре боп, бөркін аспанға атып жатқанда, мен Қызылордада едім. Үкімет қаржысын қызғыштай қорғап, төкпей-шашпай сығымдап ұстайтын тәртібі қатты заман еді ғой, ол: Исатай Әбдікаримов басшылық қып тұрғанда үйтіп-бүйтіп ылаждап салған қоңторғайлау резиденцияда «Соңғы парыздың» екінші кітабының үстінде отырғам. Осы тұста, реті келіп тұрғасын, айта кеткенді жөн көрдім. Бізден басқа республиканың бәріне жерін, суын бөліп беріп, өз алдына дербес, жеке мемлекет болуға ерік берсе де, президент Горбачев жалғыз біздің елдің тізгінін тежеп тоқтатып қойды. Аржағындағы ой белгілі: татар, башқұрт бауырларымыз сияқты бізді де өздерінің құшағынан шығармай, бұрынғыдай үйреншікті әдіспен қан-сөлімізді сығып алып отырмақ еді. Бұл ел аузында жүрген құр қаңқу сөз емес. Ақиқат шындық. Демек, тарих.
Мынау, Қонаевтан кейін ел тізгінін ұстаған жас жігітке төтеден киліккен тағдырдың сын сағаты еді. Біз әлі күнге Қонаевты көксейміз. Димекеңді мен де бөтен көрмеймін. Литературный институтты бітіріп, Алматыға келгенде қабылдауында болғам. Алды кең. Иі жұмсақ. Инабатты интеллигент кісі екен. Ана замандағы шалдардай Қонаев та мақал-мәтелдетіп, қазақша таза сөйледі. Қонаевқа жүрегің жылып, жақсы көретін тағы бір себеп – Қазақстанды қанқұйлы Голощекиннен кейін де көзімізді көгертіп ұзақ жыл Скворцов, Беляев, Яковлев, Пономаренко, Брежневтер басқарып, халқымыздың намысына тиіп, зығырын қайнатып жүргенде, Алла Тағаланың рақымы бізге түсті де, әлгі көк соққыр келімсектерден кейін елімізді енді Қонаев басқарып, төбеміз көкке жеткендей болдық емес пе?!
Десе де, шыны керек, ағайын: Тәшенов болмағанда, Қонаев солтүстіктегі бес облысты («по солженицину под брющие Сибири») бір сөзге келмей бере салғаны қазір ел-жұртқа мәлім. Кім қалай ойласа – ерік өзінде. Бұл жөнінде менің өз ойым, өз пікірім бөлек. Тәшеновті өмірімде екі-ақ рет көріппін. Литературный институтты бітіріп, Алматыға келдім. Төртінші линияда пәтер жалдап төрт жыл тұрдым. Ілияс Омаров бұл кезде киностудияда директор. Мен білерде – өмір бойы аурудан шықпаған адам. Денсаулығын сұрағандарға – ой жарықтық-ай (өзінің әдетте қысқа қайыратын ұяң, жұмсақ күлкісі) – күлер еді де, кейде қазақша, кейде орысшалап «у меня старая болезнь. Она как охотничья собака преданная хозяину не отстает – пощенящий скуля все лезет ко мне» дейтін. Үй ішінің тірлігі шамалы. Оны бірақ аузына алмайды. Өзінің осы кезге дейін жанын сақтап, өмірін созып келген – дәрі-дәрмек.
Өзіне қол ұшын беретін қамқоршы керек. Соған қарамастан, жұртқа сыртынан қамқорлық жасап, қолынан келгенше шарапатын тигізіп жүруші еді. Бір күні маған телефон соғып: «сенің үйің жөнінде Тәшеновпен сөйлестім. Сұран. Қабылдайды» деді. Тәшенов қабылдады. Әңгіме қысқа болды. Оқып жүргенде туған кішкентай қыздарың бар – үш жан екенсіздер. «Карл Маркс пен Калининнің бұрышынан үлкен үй бітіп жатыр. Үш бөлмелі пәтер берем» деді. Берді.
Апыр-ай, сол өзі… апрель айы. Ұмытпасам, он бірі, әлде он екісі. Ажар жұмыста. Қызым мектепте. Үйде жалғыз өзім. Қолым ештеңеге бармай, көңіл құлазып отырғам. Телефон шылдырлады. Трубканы көтеріп едім:
– Әбдіжамил!…
Дереу бойымды жиып алдым. Әдебиетте Пір, не әлде Тәңірі болса, мен үшін ол – жалғыз бір адам. Мұқаң. Мұхтар Әуезов. Талантына тәнті боп қанша табынсам да, бірақ өзімен жеке кездесуге қашанда бетімнен отым шығып, қайбартамда қашқалақтап жүруші едім.
– Әбдіжамил! – деді Мұқаң. – Сен шал секілдісің, шақырмаса келмейсің. Мен бүгін түстегі пойызға шығам. Үйде кісілер болады. Сен де кел, – деді Мұқаң.
Мен барсам, жұрт жайғасып отырып апты. Зейнулладан естігем: Кім келсе де Мұқаң өз үйінің төріне өзі отыратын көрінеді. Кәзір де сол әдет. Оң жағында – академик, ­химик ­Усанович. Оған жалғас – атақты ­физик, вице-президент Тәкібаев. Ал, сол жағында – оқу министрі Әди Шәріпов. Тамада – Ысқақ Дүйсенбаев. Сөз алған кісілер Мұқаңа сәт-сапар тілеп, қошемет көрсетіп жатты. Үй іші толған ақын, жазушы, оқымыстылар. Бәріміз апыр-жапыр сыртқа шықтық. Вокзалға бардық. Көкшолақ пойыздың орта тұсындағы жайлы, жұмсақ вагонға Мұқаңның саквояжын апарып қойды. Өзіміз сыртта. Вагонның алдында тұрғанбыз. Көп арасынан біреу: «Тәшенов» деді дауысын көтермей ақырын, жай ғана. Бәріміз жалт қарап едік, шынында да, мынау Жұмабек Тәшенов. Екі жағында сырықтай, аққұба екі жас жігіт. Вокзалдан шықты да, еш жаққа бұрылмай, тура бізге келді. Мұқаңмен, сосын бізбен амандасты да, жаңағы Мұқаңның саквояжы жатқан вагонға мінді. Содан, енді қайтып сыртқа шыққан жоқ. Бұл, Ташеновтің Хрущевпен айқасқаннан кейін орнынан босап, Шымкентке бара жатқан беті екен.
Көп ұзаған жоқ, бір кезде пойыздың кейінгі жағынан келе жатқан Қонаевқа көзіміз түсті. Қасында көмекшісі. ­Сосын бір аяғын сылтып басатын­ бір кісі… Кейін білдім, қазақ теміржолын басқаратын орыс азаматы екен. Қонаев та бізге кеп, бәрімізбен амандасты. Іссапармен Жамбылға, ­сосын Шымкентке бара жатыр екен. Қонаев көмекшісіне «Мұқаңның саквояжын менің вагоныма апар» деді де, ­Валентина Николаевнаға бұрылып, «за Мухтаром Омархановичом сам буду ухаживать» деді. Бетінде жып-жылы жұмсақ күлкі.

***

Бұл, енді 1965 жыл еді. Май айының басы болатын. Юрий Казаков «Қан мен тердің» бірінші кітабын аударып бітірген еді де, өзіміз алдын ала келісіп алған уәде бойынша «Дружба народов» журналына апардық. Олар бірден баспаға жіберді. Жазушылар одағын Фадеевтен кейін ұзақ жыл басқарған Георгий Марковтың әдеби кеңесшісі қарт сыншы Дорофеев, кімнен есіткенін білмеймін, журналдың гранкасын сұрап алғызып оқып шығыпты да, үш миллион төрт жүз алпыс мың тиражбен шығатын «Роман-газетаның» бас редакторы Иленковқа «сендер басыңдар» депті. Дәл осы тұста «Молодая гвардия» баспасы да әлгілермен жарысқандай, қолжазбаны сұрап алды да, типографияға жөнелтіп жатты. Сүйтіп, «Құдай бергенге құлай береді» демекші, бір мезгілде бірден үш жерде басылып жатты. Бұл менің өңім түгіл, түсіме кірмеген оқиға еді. Мәскеуде ұзақ жатып қалғам. Үйге асықтым. Телефон соқсам, Ажар Шымкентте жүр екен. Самолетпен ұшып келсем, химиктердің жиналысы бітіпті. Ташкентті көргіміз келді. Әуелі обкомның идеолог хатшысы Задинге, сосын Тәшеновке кірдім. Бәрі де тап кәзіргідей көз алдымда: Жұмекеңнің кабинеті ұзыншалау, шағын бөлме екен. Оң жақ қабырғаға тақап қойған, ұзын дейтін ұзын, қысқа дейтін қысқа емес, қызыл-қоңыр сырмен боялған тақтай стол. Дәл сондай жеті, сегіз орындық. Тақтай еден болса да жалаңаш. Үкіметті басқарған сонау кездегі атшаптырым кабинеттің сәні мен салтанаты көз алдымда тұр. Ал, енді мына не диваны, не дорожкасы жоқ қос уыс жүдеу кабинет көңілімді құлазытып жіберді. Бір ғажабы, мен қомсынғанмен, өзінің миына кіріп-шықпайтын сияқты. Үстіндегі мол тігілген қара костюмді етжеңді толық денесімен лықылдата толтырып, қос шынтағын қарапайым столдың қу тақтайына тіреп, бар кеудесімен ілгері ұмтылып отыр екен. Жас кезім ғой. Жасаған Ие-ау! Мына түрі құдды көтеріліп ұшқалы қос қанатын қомдап алған тау бүркіті сияқтанып кетті.
Жұмекең тұрған жоқ. Қозғалып, сәл көтеріле түсті де, столдың ар­жағынан­ ұмтылып, қолымды қысты. Жайғасып отырғасын жағдайымды сұрады. Сөзінен әдебиет, мәдениеттің жанашыры екені байқалды.
– Бұнда қанша боласың? – деді.
– Ташкентті көрген жоқ едім. Ертең келініңізбен екі күнге Ташкентке жүрем, – деп едім.
– Ташкент үлкен қала. Екі күн аз ғой, – деді де, – Көлік бар ма? – деп сұрады.
– Задиннен жаңа көлік сұрап а-ал…
– Қой! Бейшараның мініп жүрген жалғыз машинасын қайтесің – деді де, кнопканы басып еді, ішке ұзын бойлы ашаң жүзді әйел кірді.
– Мына жігіт жазушы. Ташкентке барады. Бір жеті… естіп тұрсың ба, бір жетіге гараждан машина бер. Қанша дегенмен, басқа ел ғой. Жаңа машина болсын.
Әйел басын иіп, бұрыла берген-ді.
– Тоқта, – деді Жұмекең.
Әйел үнсіз, тосып тұр.
– Гараждағы шопырларыңның көбі орыс. Бастықтар болмаса, олар қазақтың ақын, жазушысын қайтсін. Шопырға қатты ескерт. Мінез шығарып, қиқаңдап жүрмесін. Енді кете бер!
Әйел шығып кетті. Оңаша қалдық. Жұмекең қос қолын айқастырып столға салды да, не ойлағаны белгісіз, көзін төмен салып, үн-түнсіз сазарып отырып қалды. Мен көзімнің астымен жасқаншақтап қарадым да, демімді ішіме тартып, қыбырсыз отырғам. Жұмекеңнің бойын тіктеп, басын көтеріп алғанын байқамай қаппын.
– Перед своим народом моя ­совесть чиста, – деп, сәл діріл енген зор даусы саңқ етті.
Тұла бойым түгел дір етті. Қалай қоштастым. Рақмет айттым ба, жоқ па есімде жоқ. Тек есіктен шығып бара жатып, қолыммен көзімді сүрткенімді білем.

***

Бұл Жұмекеңді екінші көргенім еді. Осы жолы да, осының алдындағы алғашқы кездескенім де әлдеқалай атүсті алым-берім әңгіменің о жақ, бұ жағы ғана. Демек, аз… тіпті аз, білем. Кәзір ойлап қарасам – бұл кісіні ақиқат анық білгенім – әне бір – еліміз, жеріміз әңгімелі болып, іргеміздің тұтастығы мен бүтіндігіне қатер төніп тұрғанда Қонаев та, басқа да емес, өзінің бар азаматтық бітім-болмысымен жарқ етіп көзге түскен жалғыз қазақ осы еді. Дәл сол тұста ойына не келсе, соны істеп жүрген Хрущев қабылдау кабинетіне әуелі Қонаевты, сосын Тәшеновті жеке қабылдап отырып, «Арқадағы бес облысты РСФСР-дың құрамына басыбайлы қосып беруді ұйғарып отырмыз. Жаңа Қонаевты көндірдім. Енді сен де келісіміңді бер» дегенде, Тәшенов «Жер – халықтікі ғой. Өз жерін халықтың өзі шешеді. Оны сыртынан билеп Қонаев та, мен де шеше алмаймыз» деп, тайсалмай, тура айтқан екен. Хрущев: «онда бұл мәселені сендерсіз политбюрода қарап, өзіміз шешеміз» депті. «Өздеріңізде шеше алмайсыздар. Үйткені Конституция­да­ «жер – халықтікі» деп жазылған» депті Тәшенов. Хрущев бұған не дерін білмей, тас-талқан боп ашуланыпты да, бас салып боқтапты.
Хрущев тақтан түсті. Брежнев таққа отырып, он сегіз жыл Совет одағын басқарды. Қонаев Қазақстанды отыз жыл басқарды. Осы екі арада елде де, қоғамда да үлкен өзгерістер болды. Тек Тәшеновтің қарайған қарабасында еш өзгеріс болған жоқ. Баяғыда мені қабылдаған сол қызметі. Көрген кісі көңілі жүдеп шығатын сол шағын ­кабинет. Бұндай кабинетті елге барғанда аудан әкімінен көретінмін.
Есіткен құлақта жазық жоқ. Қонаев пен Брежнев көңілі жақын жандар. Дос. Семьялары да тонның ішкі бауын­дай аралас-құралас. Е, бәрекелді! Жұмекеңді отырған орнынан қозғап, жоғарыға көтеру (плево)­ түкке тұрмайды. Үйде отырған кісінің басына не келіп, не кетпейді. Әр ойдың басын бір шалып отырып, Қонаев та өзіміздей «ет пен сүйектен жаралған адам. Пенде. Пенде ғой» дейсің. Пенделігі тіпті басынан асып жатады деп есітетінбіз. ­Былай қарағанда, Қонаевты да түсінуге ­болады. ­Толып жатқан сан-сапалақ аударыспақ, төңкеріспектің қайсысы есінде тұрсын деп ойлайсың. Көңілің соған ауып, енді өзіңді иландыра бастағанда ­кенет… «ау, Жұмабек Тәшенов көп емес, жалғыз еді ғой» деген ой келеді басыңа. Қай халықта да бөле-жармайтын біртуар ірі тұлғалар болады. Тәшенов те өз заманында Хрущевқа тайсалмай қарсы шыққан жалғыз қазақ. Оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Бір ғана мысал. Зұлымдық пен жауыздық үстемдік құрып тұрған сонау қарғыс атқыр заманда, естеріңде бар ма, елі, жері, суы үшін басын бәйгеге тіккен жалғыз адам еді. Керек­ десе, балаларының, тіпті анадай дәрежесі биік, мәртебелі ұлық орынға да қолды бір сілтеп, отқа түсіп еді ғой. Халық айтса, қалт айтпайды. Хрущевпен­ ­шиедей боп бет жыртысып шыққаннан кейін, Қонаев сол күні Жұмабек Тәшеновпен кездесіпті. «Хрущев меня к стене так прижал, мне ничего не осталось – дал согласия. Сен «Жер – халықтікі. Өз жерін халықтың өзі шешеді» депсің ғой. Сосын екеуің боқтасып қалғансыңдар ма, қалай?» депті Қонаев. «Жоқ, боқтаған ол. Мен тек оған «Никита Сергеевич, ругаться я тоже умею. Пожалуйста, не принуждайте меня обращаться к блатному жаргону паханов» дегенім рас. Сонда ырза боп кеткен Қонаев «жолбарыстай жүректісің-ау, Жұмабек!» депті.
Жә, өткен өтті. Оны кейінгі ұрпаққа қалдырайық. Адам пақыр пенде­ болғасын, жерде жүріп бәрін бірдей көре бере ме. Бірақ… біз көрмегенді көкте Құдай көреді. Осы біздің Құдайдан қорықпайтынымыз қалай? Осы арада қара қылды қақ жаратын әділ төрелікті өздеріңнен сұрағым келеді. Осы біз барымызды бар кезінде көрмей, ылғи да кеш қалатынымыз не? Есіткен құлақта – жазық жоқ. Жоғарғы жақтағылар тіпті Жұмабек Тәшеновтен есебін тауып, тезірек құтылғысы келген бе, қалай? Жасы алпысқа толған бойда жалпылама көпке істейтін қарапайым кәдені бұған да істепті де, ұмар-жұмар «құрметті демалысқа» жөнелтіп жіберіпті. Бұны қалай түсінуге болады? Әлде, өзіміз білетін қырық айлалы сайқал саясаттың бұ да найза бойламайтын бір қыры ма?..
Бұрынғы қазақтар: «жоққа – дауа жоқ» деген. Ал, бар болса ше? Абай «сүйер ұлың болса, сен сүй; сүйінерге жарар ол» демеп пе еді. Ондай ұл – әрине, азамат. Біртуар тұлға. Соның бірегейі жөнінде өзім білген ақиқатқа басы артық ештеңе қоспай да, алмай да адал шындықты айтқан сияқтымын. Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып қайтем. Сонда ар жағымдағы айтар ойым белгілі. Сол анау ит жегір заманда Жұмабек Тәшеновтің (өзі айтса айтқандай) «халқы алдында ары таза» жанның елі үшін ешкімнен, ештеңеден беті қайтпаған рухы биік ерлігін елеусіз қалдырмай, өзіне ылайық деңгейде көтеру әрбір ар-намысы бар елдің мойнындағы парыз емес пе? Тәңірі бізді де жарылқап, тәуелсіз ел боп, аз уақытта қаншама аруақтарымыздың рухын тірілттік. Ендігі кезек Жұмекеңе де жетіп, бір күнгідей болмай жұлдызы жарқырап шыға келетін күн туып еді, пенделігіміз ұстап, біз асығамыз. Бірақ кәрі тарих асықпайды. Сәтті тосады. Біз де үмітімізді үзбейміз. Сәтті сағатты тостық. Әлі де тосамыз. Ерлігі аңызға айналған осы абзал азаматты Елбасы мен жаңа сайланған Президент тікелей өздерінің қолына алып, ұлттық деңгейдегі мәртебесі биік жоғары дәрежеге көтерер деген үміт әлі үзілген жоқ, тірі.

***

Көріп отырсыңдар – бірді айтып, бірге кететін әдетім бар. Бұрынғылар «ауру қалса да әдет қалмайды» депті. Көзі тіріде дүниедегі бардың бәрін бір өзінің көкірегіне сыйғызған Абай да «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деген. Бұрынғы шалдарға да, Абайға да ден қоям. Көз ашқалы көрген, білгенің стол, сосын ақ қағаз, қалам болса, том-томдап кітап жазып қолың көкмүйіз болса, е, онда сен де бір, тоғыз жолдың торабына түскен ат үстіндегі жолаушы да бір. Ананы бір, мынаны бір жазып, онан құрып қалғыр баяғы әдет жалт беріп, келген жағыңа қайта бұрылып, көне сүрлеулерге түсіп, әбден зықың шығады…
Ойыма келіп тұрғанда бүгінгі ел тізгінін қолына алған Қасымжомарт туралы бірер сөз: жалпы ол жігіт туралы орысша үлкен мақала әзірлеп ­жатырмын, таяуда жариялаймын. Қазір қысқаша айтарым – өте мәдениетті, ары да, қолы да таза жігіт. Мейлінше әбден ысылған үлкен дипломат! Көлденең жұрт та қалыспай жақсы жазып жатыр. Әкесі біздің әріптесіміз. Ол кісімен көзі тіріде айта қалғандай терең аралас-құраластығымыз болған жоқ, бірақ баласын тым жақсы тәрбиелеген сияқты. Жас мемлекетімізді құруға ұйытқы болып, құйтырқысы көп сан салалы ішкі-сыртқы саясатқа араласып, әжептәуір жұмыс істегені анық байқалады. Нұрсұлтан Әбішұлынан кейін ел тізгіні де лайықты тұлғаға бұйырды. Бұны – халықтың сенімі деп бағалау керек. Бірде алыс, бірде жақын болған шығармыз, бірақ сырттай тілектеспін.
Сексен жасқа толғанда Мәскеуде болғам. Істің реті солай болды да Мәскеуден тура Астанаға ұштым. Мұнда мені сексен жасыммен арнайы құттықтаған жалғыз адам – Қасымжомарт болатын! Кеңсесіне шақырып, білегіме именной алтын сағат тағып, мерейімді асырып еді. Ол кезде Мемлекеттік хатшы және Сыртқы істер министрі қызметінде жүрген болатын. Елдің бірінші басшысы болу – үлкен мәртебе әрі салмағы зілбатпан жауапкершілік. Пайым-­парасаты, білімі, тәжірибесі ел тізгінін ұстауға жететін азамат қой, Құдай абырой берсін!
…Қонаевтан кейін ел тізгінін ұстаған жігерлі жас жігітке төтеден киліккен бірінші қиындық еді, бұл. Сүйтіп, ел тағдыры жат қолындағы жетім баладай не ары, не бері ­болары белгісіз, теңіздей толқып тұрған шақ. Тап осы бір шешуші сын сағатта Теміртаудың тайқазанында лапылдаған өрттей қызыл жалынға күйіп-пісіп, өзі де болаттай шыныққан жігерлі жастың табан астынан тәуекелге бел буған батыл қимылы болмағанда, қазіргі тағдырымыздың не боларын бір Алла білсін.
Орынды ма, орынсыз ба, о жағын ойлап жатпастан, бас салып Президентке телеграмма жібердім: «По природе я, вроде бы, человек сдержанный и уравновешанный, но сегодня не хочу и вовсе не желаю сдерживаться и быть уровновешанным, ибо душа моя ликует, радуется. И посему, и я радуясь, гордясь вместе со всеми, ­позвольте дорогой, многоуважаемый Нурсултан Абишевич, поздравить вас от души великой, величайшей победой нашего народа». Сол кезде бір мен емес, бәріміз де «тілек қабыл болды. Дегенімізге жеттік» деп ойладық…
Сонымен, азаттық алдық. Ендігі жерде бұрынғыдай, отырсақ та, тұрсақ та кісі қолындағы жетім баладай ана жаққа жалтақтап көз сүзбей, өз күнін өзі көретін, өз еркі өзіне тиген тәуелсіз ел болдық та, келешектегі өсуіміз бен дамуымыздың жаңа, сара жолына бет бұрдық. Сүйтіп, нарық күшіне мінген әнебір жылдарда бауырлас көрші ағайын қырғыздарда «іштешең – тіштейшің» деген қанатты сөз пайда болды. Басында, мен бұған онша мән бермегем. Алатаудың ар жағындағы көршіміздің «ш», «ш» деген шолжаң тіліне күлгем де қойғам. Енді ойласам, осында шындық бар. Бұл заманда, айлығы бар жұмыс – жасауы бар сұлу қыз емес пе?! Оған қолы жеткен қай қазақ, қай қырғыз өлмей айырыла ма? Себебі, «тіштейтіні» бар.
Адам шіркін, неге үйренбейді. Ширек ғасыр өтпей жатып, енді, міне, азаттыққа да бойымыз үйрене бастады. Өмір бақи бақыт құсы басымызда тұрғандай, дәл бір дарқан елдің нұрлы шуағына шомылып келген халық сияқтымыз.
Жоқ! Уа, жо-қ! Атадан балаға, онан үрім-бұтақ зәузатқа жалғасқан, сүйтіп басын бәйгеге тігіп үздіксіз арпалыс, үздіксіз күреспен, қан төгіспен көзіміз әбден көгергенде барып, қолымыз әрең жеткен бостандық еді ғой, бұл!
Иә, бәрі өзгерді. Өзгеріп жатыр. Әлі де өзгереді. Естеріңде бар ма, ­Маяковский сонау заманда «балағын түріп алып дамбалының, соңынан жүгіретін комсомолдың» деп жырлаған совет одағы, әне! Қара!
Көр!
Көріп бақ! Қас пен көздің арасындай уақытта күлі көкке ұшты да, тәуелсіздік алған еліміздің жас ұрпағына жаңа дәуір басталды. Жаңадан құрылған Жастар комитетінің басына кім отырады, кім басқарады дегенде, президенттің таңдауы тағы да Тасмағамбетовке түсті.
Осыдан кейін, Президент осы жігіттің аяғын жерге тигізбеді. Бір қызметтен екінші қызметке жіберді де отырды. О да әзір жауап. Президент қандай жұмысқа жіберсе де, біз ғой, мына жақта отырып сыртынан тон пішіп, бара сала шаңын бұрқылдатып апай-топайын шығарды деп ойлайтын. Жо-қ! Сырт көзге ыстық қанды ұрыншақ көрінуі мүмкін. Ал, бірақ шындығында ақылы алдында, ісі артында жүретін сияқты. Сыртынан көз салам ғой: қайда барса да өзін де, өзгелерді де бекерден-бекер, бостан-босқа арам тер қылмай, әуелі істелетін жұмыстың бас-аяғын барлап алып барып, істің көзін тапқасын ғана кіріскен болар-ау. Қол күшін ынталандыру бүгін емес, сонау-у арғы, ар-ғ-ы заманнан бері жыр боп келе жатыр ғой. Құдай біледі, Иманғали өмірдің өзі тудырған осы қағиданы есінен шығармай, жадында сақтаған жігіт. Ендеше, оның қатты ұстанған принципі – бара сала апысын-күпісін шығарып ыссылай ұрыну емес. Алдымен­ қол астында жұмыс істеп жүрген кісілердің екі қолына бір жұмыс тауып берді де отырды.
Литературный институтта оқып­ жүргенде менің басым онша қабыл ала қоймайтын экономика пәнін оқытқан қарт профессордың дәрісінен құлағымда қалған баяғы Адам Смит заманында өмір сүрген қаба сақалды данышпан қара шалдың «Капиталындағы» негізгі басты уәж осы еді ғой?!
Тасмағамбетовты суқаны сүймей­тін­дер бар. Өз басым да оның қайсы­бірде шараға сыймай кететін қылықтарын қабылдамаймын. Ал, қалған жұрттың оған бауыры бітіп үйіріле кететін себебі – шынына келгенде – оның өңі қаралығы немесе мінезі оңбаған сыйымсыздығы емес. Оның сыры басқа. Оны президент басқалардан бұрын байқады. Кадрдан ұтылса – бәрінен ұтылатынын білді.
Иманғали қол күшін ынталандырып, жұртты жаппай жұмысқа жұмылдырумен бірге, өзі де жұртпен бірге жанын салып, аянбай, құлшынып істеген жанкештіліктің арқасында болар-ау, небір қиюы қашып, қисыны кеткен жұмыстың ісі оңғарылып, аяғына тұрып кете берді. Бұны жалғыз мен емес, көзі бар, көңілі түзу жандардың бәрі көрді. Мен сырт адаммын. Бәрін білем деп айта алмаймын, тек өзім білетін үшеуіне тоқтайын:
Астана солтүстікке көшетін болып, айын, күнін, тіпті сағатына дейін алдын ала белгілеп, график жасап қойған кез. Жүк тиеген составтар «ә» десе жылжып жөнеле беретіндей, Алматы вокзалында иіріліп тұрып қапты. Бұны, мен болашақ астанада көппен бірге жұмыс істеген жазушы Төлен Әбдіковтің өз аузынан есіткем. Әбігері шығып сасқанда Президент әкімшілігінде бас жетекшінің орынбасары боп істейтін жас жігіт Иманғалиды тағайындаған көрінеді. Тағы да сол Төлен Әбдіков: Тасмағамбетов келген бойда әлдебір құйын соққандай, ұйқы-тұйқы қып үйірді де әкетті. Бітпей жатқан қыруар жұмыс дем арасында бітіпті де, ана жақта қаңтарулы тұрған пойыздар состав-составымен ағылып келе бас­тапты…
Келесі, мен білетін тағы бір жағдайға ат қойып, айдар тағып, бұны «түн баласында да тыным таппаған әкім» деуге болар еді. Атүсті бір-екі ауыз сөзбен айтқанда, Иманғали әкім боп, Атырауға барғасын бір жолы екеуміз театрға барып, Рахымжан Отарбаевтың ­«Бейбарысын» көрдік. Спектакль біткесін, әкім артистермен сөйлесті де, сыртқа шықтық (Жұмыс біткесін әкім күнде кешкісін өзінің жеке машинасына отырып, күндіз істелген жұмыстарды түнде аралап шығады екен деген әңгіменің әлде шын, әлде лақап екенін білмей жүргем).
Иә, міне, мынау өзінің машинасы. Рөлге өзі отырды. Мені жататын жеріме апарып тастамақ боп, түнгі көшемен ақырын келе жатқанбыз. Сөйлесіп отырып, байқамай қаппын. Өзен жағасында жұмысы аяқталып қалған зәулім үйдің жанына кеп тоқтады.
Мен:
– Қайда келдік? – деп едім.
Ол:
– Қайда болсын, университеттің ғимараты. Жігіттер бүгін жұмыс аяғында төңірегін асфальттап, тап-тұйнақтай қып кетуге тиіс еді, молодцы! – деді…
Келесі, мен білетін үшінші жағдай: Атырауға келе сала, Иманғали басқа қыруар шаруалардан бөлек, бір мезгілде істелетін үш нәрсені шұғыл қолға алыпты. Біріншісі – өзеннің екі жағасын қосатын үлкен көпір. Екіншісі – жаңадан салынатын алты жүз орындық мұсылман мешіті. Күмбезінің өзі ­жиырма алты метр көрінеді. Сосын – жаңадан салынатын қазақ, орыс театры және Дина Нұрпейісова атындағы ­филармония. Сосын сексен жылдан кейін азып-­тозып, құлаудың аз-ақ алдында тұрған Успенск соборына түбегейлі, күрделі өзгеріс жасап, өңдеп, жөндеп, бұрынғы қалпына келтіруді шұғыл қолға алған екен. Бұған мейлінше қатты қуанған жанашырлар, ешкім айтпаса да, өздері ықылас білдіріп, күнде-күнде түннің бір уағына дейін жұмыс істеген көрінеді. Әдетке айналған үйреншікті дағдымен Иманғали түнделете шіркеуге барыпты. Тастай қараңғыда ілгері ұмтылып жүре бастаған екен, аяғы аңдамай әлденені іліп кетіпті де, электр жүйесіне тіркелген желіні үзіп тастапты. Сонда шіркеудің сонау ұшар ­басында жұмыс істеп жатқан орыс жігіті «түн ішінде неғып жүрген адамсың» деп, тілдеп жіберіпті. Иманғали «бұл облыс әкімі Тасмағамбетов» депті де, жұмыстарыңды істей беріңдер деп, кешірім сұрап кетіп қапты. Ертеңіне архиепископ әкиматқа кеп, Иманғалидан кешірім сұраған екен. Әкім: «сендер емес, кінәлі мен. Баратынымды алдын ала ескертіп алуым керек еді» деп, архиепископты шығарып сапты.

***

Қадірлі оқушы, мына естелік көңіл жықпастың жан қиналтпай сүйкей салған дүниесі емес. Жоқтан – бар жасаған жоқпын. Барды бар дедім. Соны жөн көрдім. Сонау орта ғасырда өмір сүрген, бір ғана Франция­ емес, өз тұсында күллі Еуропа елдерінде сыйлы,­ аты мәшһүр ірі тұлға ­Филипп де Камминнің «Естелік» деген кітабында (ертеректе СССР ғылым академиясының баспасы шығарған) ұстанған принципі көңіліме қонды да, өз тарапымнан мен де шамам келгенше басы артық ештеңе қоспай да, алмай да, өзім байқаған, өзім біле­тін шындықтан не ары, не бері ауыт­қымай, дәл беруге тырысқам-ды…

***

– Әй, Әбе, бүгінгі жаңалықты есіттің бе? – деп, біздің үйге әр кездегідей өзімсініп еркелеп келетін Зейнулла дос есіктен сөйлеп кіріп келе жатты. Мен де мына жақтан:
– Ол қандай жаңалық? – деп, орнымнан түрегеле бердім.
– Сен, немене, газет оқымайсың ба? Атырау облысына Иманғали әкім боп тағайындалды ғой. Бұған қалай қарайсың? – деді Зейнулла.
Мен елп ете қойғам жоқ. Зейнулла жауап тосқандай, менен көзін алмай­ сәл іркіліп тұрды да, «лекциям бар еді» деп, бұрылып жөнеле берді. Жеке қалғасын, жаңағы Зейнулла досымның сауалына қайта оралып, «менің қалай қарағанымда не тұр. Бәрінен бұрын, бастық боп барған балаға қалай ­болар екен?» дедім ішімнен (Көңілі құрғырдың бүйтіп тынышсызданғаны тегін емес, оның себебі барын алда болатын әңгімеден өздерің байқарсыңдар).
Міне, осыдан кейін, бір ай өтті ме, жоқ па, тапа-талтүсте Иманғали төбеден түскендей сарт етіп жетіп келді. Ажар ас қояйын деп еді.
– Жоқ, асығыспын, бұнда бір ­шаруамен келіп едім. Мына шалды көптен көрмеп едім. Дидарласып, амандық-саулығын білгелі бұрылғам… шай ішем де кетем, – деді.
– Ал, туған жеріңе бардың. Не істеп жатырсың? – дедім мен.
– Не істейін. Уборшікпін, – деді ол.
– Қызық екен, – дедім мен күліп – ал, уборшік бала, не істедің?
– Бір айда екі мың бес жүз машина мусорды қаладан сыртқа шығардым.
– Енді, сонымен, мусор бітті ме?
– Жоқ, тағы да сондай бар.
Көз қиығымды салып, байқап қарасам, көңілге болмаса, бұрында бойына артық ет жимайтын жұқалтаң қара қоңыр бет қуқылдау ма, қалай?..
Шыны керек, өз өмірімде сол ­Гурьевте бір-ақ рет болыппын. Онда да, әр нәрсенің сәті біледі ғой. Сон-ау-у бір заманда Әбу Сәрсенбаев алпысқа келіп, академик Қажым Жұмалиев бастаған бір топ ақын, жазушы Әбекеңді қолпаштап ортамызға алып, туған жеріне апармадық па. Көк шолақ пойыздың қашанда соңына тіркелетін Гурьев вагонына жайғастық.
Көңілдес, сырлас жандар емес пе; бір-бірімізді жаңа ғана көргендей, апақ-шапақ, мәре-сәре қылған, шіркін-ай, сол бір жастық шақта пойыз үстінде өткен екі күн, онан ел аралап, халықпен кездескен сегіз күн кәзір де көз алдымда!
Ләзиза апай өз заманында бет біткеннің ажарлысы бопты. Һәм Әбу ағамыздың дәл өзіндей жаны жалбыраған, айтудай-ақ ақжарқын абзал жан еді. Әбу ағамыз да кешегі соғыста қан майданда жүріп сүйген ­жарына арнаған атақты өлеңі «Ақша бұлт» өз заманында талай адамның ­жанын толқытқан еді!
Ақша бұлтым, айтшы маған,
Келдің қайдан?
…Мүмкін, жарым сәлем түйіп,
Ұшырған ба орамалын? – деп, Әбу ақын жүрегін қолына ұстап тұрып жазғандай еді-ау!..
Ләзиза апайдың қолы ашық. Үйіндегі бар, бар дәмді, жылы-жұмсақтың бәрін жолға алып шығыпты. Пойыз жылжи бастағанда жайылған Ләзиза апайдың дастарқаны сонан ­баратын жерімізге жеткенше жиналмады.
Обалына не керек, сол кездегі обкомның бірінші хатшысы мен облисполкомның төрағасы Сағидулла Құбашов пойызға өздері шығып, жас қыздар гүлдерін құшақтап, қызыл-ала киінген қыруар жұрт әндерін шырқап, керней-сырнайлатып, вокзалдың ­басын әп-сәтте сахнаға айналдырды да жіберді…
Кеш жатқанымызға қарамастан, сол күннің ертеңіне біз тым ерте тұрдық та, апыл-ғұпыл киініп сыртқа шықсақ, жаңбыр аралас қар жапалақтап ­жауып тұр екен. Өздері «резиденция» деп қанша дабырайтса да, шынына баққанда, біз түнеп шыққан жұпыны, жүдеу үйдің айнала төңірегінен ­бастап бүтіл қала, дала миы шыққан балшық. Кирзі етік киіп, толарсақтан балшық кешкен кісілер бүрсеңдеп жұмыстарына кетіп бара жатты.
Біз он шақты машинамен Әбекең­нің Ганюшкиніне бет түзедік. Хамит Ерғалиев ағасына арнаған өлеңінде:
«Әбу ақ қой шағала,
Желкеннен де» деп, бекер ағынан жарылмаған.
Ой, жарықтық-ай, жас бала секілді қулық-сұмдықты білмейтін өзі аңқау, өзі елгезек жан еді-ау! Ал, оның аңқаулығы ел аузында аңызға айналған еді. Бір мысал. Сол өзі елуінші жылдардың басы еді. Баяғы қарғыс атқыр отыз алты, отыз жетінші жылғы сойқан басын қайта көтерді. Сүйтіп, халық жауларын, ұлтшылдарды түн түгіл, күндіз шам алып іздеді де, халқымыздың бетке ұстап жүрген ат төбеліндей азғантай ірі тұлғаларға тағы да қырғидай тиді. Еліміздің сол кездегі басты идеологы Ілияс Омаровты, Қаныш Сәтбаевты, Сәбит Мұқановты орнынан алды. Тарихқа түбегейлі өзгертулер енгізілді. Оқулықтар қайта жазылды. Баспалар бір қолын екі ете алмай, мұрнынан шаншылып жатқан кез-тұғын. Әбу Сәрсенбаев учпедчиздің директоры болатын. Оқулықтар сонда шығатын. Аяқ астынан телефон шар етті. Әбекең көтерген екен, ар жақтан сол кездегі ЦК-ның бірінші хатшысы:
– Мен Шаяхметовпін. Сен кімсің? – деген екен. Аты аузына түспей сасқалақтап қалған Әбу қасында тұрған оқулықтың редакторына:
– Әй, Ға-зиз мен кіммін? – депті.
Сонда Ғазиз:
– Әбеке-ау, сіз Әбу Сәрсен­баев­сыз… – депті…
Міне, бұл біз білетін нағыз Әбу Сәрсенбаев.
Біз Алматыдан шығарда:
– Әбеке, ауылыңызға баратын жол қалай еді, асфальтталған ба? – деп сұрап едік. «Жаман» деген сөз өмірі аузынан шығып көрмеген Әбу «жол ­тамаша, жақсы» деді. Кім білсін, бір кезде асфальт төсесе төсеген шығар, бірақ біз жолға шыққанда миы шыққан былшымай батпақтан алақандай да асфальт көре алмадық.
Бірінің бірі құйрығын тістеп тырнадай тізілген машиналар қаладан шықпай жатып, бауыры балшыққа батты да калды. Газды қаттырақ басса болды «маған кәйт дейсіңдер» дегендей, бұл бейшаралардың да жан даусы шығып қыр, дыр етіп, төбеге ұрғандай тұрып алады. Біз машинадан абыр-­сабыр түсіп, бәріміз жабылып итереміз.
Жылы жаққа барамыз деп, жеңіл киініппіз. Арамызда осы өңірден шыққан атақты әнші Ғарифулла Құрманғалиев бар-ды. Ол отырған ескілеу «Волганың» пеші істемейді екен. Әнші ағаға салқын тиді. Тамағы жұтындырмады. Қарасұр қапсағай кісі ғой, түсі қашып, танауы қусырылып кеткен. Дәрігер қыз қызуын өлшеп, температурасы жоғары деді. Аты такси демесе, Зейнулла екеуміз мінген су жаңа сары «Волга»-тұғын. Пеші де гүрілдеп жанып тұрған. Ғарекеңді қолтығынан демеп әкеп, біздің машинаға мінгізді. Шофер баланың қасындағы орынға жайғасқан Ғарекең салған жерден «аһылап, үһілеп» зәремізді ұшырды. Ара-арасында: «Ой, жаным-ай, денем күйіп жанып, тұла-бойым сынып барады» дегенде, біз, Зейнулла екеуміз тым-тырыс бола қалғанбыз. Әнші ағамыз бір кезде ойламаған жерден арт жақта отырған бізге мойынын бұрып:
– Әй, осы сендер, Иса Байұзақты көріп пе едіңдер? – деді.
Біз көрмегенімізді айтып едік.
Ғарекең:
– Сөзіміз ауыр болмасын. Көзі тіріде жарықтықтың қасында бес минут шыдап тұра алмаушы едік, – деді де, ­сосын сәл кідіріп барып, – бірақ сахнаға шығып домбырасын сабалап айқайға басқанда оның адам екенін, әлде жын-шайтан екенін білмей қалатынбыз. Сосын қайтейік, ол жарықтықтың өзге емес, өзіне жарасатын адамның ақылына сыймайтын әлгіндей қылығының бәрін кешіретінбіз.
Оның «Ақбөпесін» не бұрынғы, не бүгінгі әншілердің бірде-бірі дәл өзіндей қып айта алмады. Өз тұсында Манарбек те айта алмаған, – деді.
– Солай ма, Ғареке? – деді Зейнулла,­ – апыр-ай, Ғареке-е… сонда қалай еді? Мәсе-лен, с-сіз…
– Жоқ, жоқ. Айта көрме, мен де айта алмаймын.
– Дегенмен, Ғаре-е-ке – деп, енді екеуміз екі жақтан қосарлана жабысып едік.
Ғарекең:
– Әй, қу балалар-ай! Жарайды, қоймадыңдар ғой… Бірақ, Исаның өзіндей қай-да-а!..
Сүйдеді де, тап жаңа ғана зәремізді ұшырып «аһылап, үһілеп» келе жатқан әнші ағамыз машинаның ішін жаңғырықтыра шырқап айқайға басты, басты да, қалт тоқтады.
Зейнулла мен екеуміз бір-бірімізге таңдана, тамсана қарап, басымызды шайқап, күле беріппіз.
Ғарекең, әшиінде өз-өзінен ойнақшып тұратын алақандай ала көзін жұмды да орындықтың арқалығына шалқалап жатты да, тағы да қайтадан ыңқылға басты. Сыртта қар саябырлап басылып, енді тиген жерін қарып алып тұрған мұздай жаңбыр бір тыйылып, бір жауып зықымызды алып тұрған. Бір кезде Ғарекең тағы да бізге мойын бұрып:
– Әй, сендер ғой, Әміре Қашау­баевты көрген жоқсыңдар? – деп еді, біз тағы да қосарланып көрмегенімізді айтып едік,
Ғарекең:
– Ой, қайран Әміре! Адамның төресі еді ғой! Ондай әнші қайда-а-а! Елімізде колхоздасудың науқаны қызу қолға алынып жатқан кез. Оңтүстікте егін орағы басталып кетіпті. Бастық бала Әміре екеумізді шақырып алды да, концерт беріп қайтыңдар деді. Біз жолға шықтық. Кешқұрым болатын. Бір үлкен ауылға кеп, басқарманың үйіне түстік. Жұрт егін басынан үйлеріне қайтып келе жатыр екен.
Әміре:
– Біз асығыспыз, сендерге концерт береміз де, көрші ауылға барып жатамыз. Кісілеріңді жиып бер, – деп еді.
Басқарма:
– Әр жерде екі-үш үйден шашырап отырған кісілерді әп-сәтте қалай жиям. Әзір тұрған ат та жоқ, – деп қиналды.
Әміре:
– Жеңгей, шайыңды тездет. Құманыңда беті-қол жуатын су бар ма? – деді де, есік алдында тұрған орындыққа қарғып шықты. Күндізгі ыстықтың беті қайтып, көлеңке басы ұзарған кешкі қоңыр самалда Алла Тағаланың жүде бір өзінің ықыласы түсіп сүйген құлына көңілі құлағанда ағыл-тегіл бере салған шырқау ­дауыспен «Ағаш аяққа» басқанда, біз бір-екі кесе шай ішіп үлгердік пе, жоқ па, халықтың өзі жиналып қалды. Біз концерт бердік те, жүріп кеттік.
– Ғареке, бұл Әміренің әлгі Парижге барғанда айтатын әні ғой, солай ма?
– Иә, сол.
– Бұл әнді сіз де айтатын көрінесіз ғой.
– Шырағым Зейнулла, айтудың айтуы бар. Әміредей айту қай-да-а?!
– Дегенмен, Ғареке, айналайын… Жол үсті ғой…
– Тамағым ауырып… Дәрігер қыз әнгение дей ме… Мазам болмай тұрғаны, – деп, қиналғандай сыңай танытып еді.
Әруағыңнан айналайын, қайран сол кездегі өнер адамдары-ай!.. Біз қалай болғанын байқамай қалдық. Ғарекең тамағын кенеп, «Ағаш аяқты» енді айқайға баса берген-де-е… ту сыртымыздан:
– Тоқтат! – деді біреу ақырып.
Жалт қарасақ, академик Қажым Жұмалиев. Бұл кісінің сырын білмейтіндер оның жайшылықтағы алды кең, жайбарақат, жайдарылығына қарап алданып қала беретін. Ал, ­шынында, қарасұр бетінен оты шығып тұратын, қаһары қатты кісі еді ғой. Жамбыл марқұм Сәбит Мұқановты өле-өлгенінше өзінің атымен атамай, ылғи да «Палуан Шолақ» деп атап кеткен-ді. Палуан Шолақ атанған Сәбең аңқылдаған кісі еді, бір жолы:
– Соғыс алдындағы кез ғой, – деп бастады әңгімесін. – Ол кезде Медеуде үлкен бастықтардың әр жерде төбе көрсетіп тұратын азын-аулақ дачалары болмаса, кәзіргідей санаторий, дом отдых жоқ болатын. Ақын, жазушы, артистерге жазда киіз үй тігіп беретін. Бір жолы Қажым екеуміздің киіз үйіміз іргелес бола қапты. Өзен жағасындағы аттың тұсарлығынан келетін көгалға көрпе жайып, әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Өзімнің қарап жүрмейтін әдетім, шайтан түрткендей:
– Әй, Қажым, сен палуан көрінесің ғой. Күресесің бе? – деп едім,
Қажым:
– Кел, күреселік, – деп, орнынан атып тұрды. Бел ұстаса кеттік. Байқамай қаппын. Өзі киіктің асығындай шып-шымыр боп алып, қайратты, әдісқой пәле ме, қалай… – деп күліп, сөзінің ар жағын айтпай, күмілжітіп бітіріп еді, шамасы, сірә, Сәбең жығылған болу керек…
Сол, Қажекең кешегі соғыстан кейін «ұлтшыл» деген айыппен халқымыздың бетке ұстаған бір топ азаматымен бірге Карлагқа қамалып еді. Карлагта Қажекеңмен бірге болған Абайтану мектебінің негізін салған профессор Қайым Мұқаметқанов кейін түрмеден босанып, елге келді. Бір топ ақын, ­жазушы бас қосқан жиында күліп отырып айтқан бір әңгіме есімде:
– Түйе қорадай тым үлкен аңғал-саңғал барақта екі жүз кісі жатамыз, – деді Қайым, – ішімізде түрінен адам қорқатын ақсары, селеу шаш еңгезердей біреу бар. Орыс па десек, ұлты латыш көрінеді. Біздің арамыздағы «пахан» осы екен. Алдымызға ас келгенде әлгі пахан орнынан тұрады. Сүргілеген тақтайдан жасаған ұзын столда иық тіресіп отырған кісілерді жағалап жүріп, темір табақтағы капуста көжені бір ұрттайды да, қасығымызды өзімізге қайтарып береді. Міне, ендігі кезек маған келді. Мен қыбыр етпей, дымым құрып, қол-аяғым дірілдеп отырмын. Көзімнің қиығы Қажекеңе түсіп еді. Не ойлап отырғаны білгісіз, қарасұр беті қанын ішіне тартып тістеніп алыпты. Алдындағы капуста көже құйған темір табақты екі жағынан тас қып ұстап апты. Пахан енді оған барды. Қасығын алғалы енді иіліп еңкейе бергені сол еді, біз байқамай қалдық, Қажым орнынан атып тұрды. Қолындағы темір табақпен қақ бастан сарт еткізіп тартып жіберді. Пахан шайқалақтап кетті. Қажым құлаштап қайта ұрғанда пахан гүрс етіп құлады. Қажым енді құтырынып алған. Ойнақтап ырғып басып жүріп, ой, несін айтасың, аяғындағы кірзі етікпен итін шығарып тепкіледі-ау кеп! Басы жарылды. Көзі шықты. Сеспей сұлап жатқан қан-қан денені мелитсалар кеп, аяғынан сүйреп алып кетті де, Қажекең табан астынан пахан боп шыға келді…
Сүйтіп, Карлагты дүрліктірген академик Қажым Жұмалиев қасында дәрігер қыз. Бізге жетіп келді. Түрі жаман. Түсі бұзылып, түтігіп кеткен. Бұрын тілін тістеп сөйлесе, енді бізді түтіп жейтіндей, тілін шайнап, тістеніп:
– Әй, ес-стерің дұрыс-с па? Арамыздағы жалғыз әнші. Жасы келген кісі. Ертең халық алдына шығады. Ән салады. Температурасы отыз сегізге көтерілген. Қой, сендерге сенім жоқ екен. Адамды аямайды екенсіздер. Дәрігер қыз бен Ғарифолла осы ­машинада қалады. Сен екеуің жүріңдер, менің қасымда боласыңдар, – деді.
Бізде үн жоқ. Көкжал бөрінің алдында әлгі бір құлағын жымып алатын сұр көжектей бүгежектеп, Қажекеңнің соңына ердік.
Бұл менің Астраханмен шектес жатқан Гурьевке бірінші келуім еді. Бұнан бұрын естіп-білгендерім, тәңірі табиғат жағынан тарлық етсе де, шүкір, бұл өңірдің балығы бар. Қара уылдырығы бар. Қарамайы бар. Арағырақ қазбаласаң, бұл өңірдің аруағын көтеріп, рухын аспандатып тұрған батыр бабалар, арқыраған адуын әнші, күйшілер тағы бар. Осыларды білсем де, мен бірақ ана жақтағы өзім туып-өскен Аралым сияқты, бұлардың да жері ақ шаңдақ сордың астында тұншығып жатқанын, сосын көктен не қар, не жаңбыр жауса былшымай батпақты толарсақтан кешетінін білмеппін.
Мінекей, күн батып барады. Ғаре­кең ана машинада. Дәрігер қыз қасында. О жаққа біздің аяғымызды басқызбай қойды. О жаққа өзі барып, Ғарекеңнің жағдайын біліп қайтады. Машинамыздың да, өзіміздің де адам көретін сиқы жоқ. Үсті-басымыз сарала балшық. Ана жақта біздің жолымызға қарап, екі көзі төрт боп отырған ­Ганюшкин қайда, біз қайда. Оларға бүгін жететін түріміз жоқ. Есіл-дертіміз… шаршап-шалдығып келе жатқанда бір отар қойды ши қораға қамап тастап, жапан түзде төбесі шошайып жалғыз үй отыратын шабанның қалқиған киіз жаппасы…

***

Осы сапарымыз маған қатты әсер етті. Бір жетіден астам ел араладық. Халықпен кездестік. Қай ауылға, қай ауданның орталығына барсақ та үкілі домбыра құшақтаған жас қыз, жас жігіттердің бес-алтауы бізбен шалғайласа ішке кіреді. Біз сұрайық, сұрамайық төрден төменірек жерге­ жүгініп отыра қап, қос ішектен күмбірлетіп не күй, не әуелетіп ән шырқайды. Өзгелерде жоқ, тек өздерінде бар осы бір теңдесі жоқ ­тамаша дәстүр қанына сіңіп, көкірегіне ұялап орнығып алған. Бұл өздеріне тән мінезге айналған. Есім шықты. Қайран қалдым. Алматыға келгеннен кейін Әбу ағамыздың туған жеріндегі – әлгі үкілі домбыра құшақтаған жас қыз, жас жігіттер жатсам да, тұрсам да ойыма оралып, есіме түсе берді. Сонан… Иә, сонан столға отырдым да, мақала жаздым. Қазақшасы «Лениншіл жаста», орысшасы немелтай ортақол аудармамен «Песня в долине степи» деген атпен «Правда» газетінде жарық көрді.
Ол кезде Алматыда қазақ мектебі атымен жоқ. Ғарекеңнің қызы орысшасын оқыған болу керек, маған телефон соғып рақметін айтты. Бұл 1965 жылдың қазан айының бас кезі еді ғой. Ал, осыдан аттай он жыл өткесін, енді 1975 жылдың қазан айында Әбу ағамыз жетпіске толды. Дәстүрге айналған кәделі салт. Өткендегідей осы жолы да Әбекеңді елі шақырды. Бұл ретте Әбу ағаны туған жеріне мен бастап апардым. Осыдан кейін Гурьевке жиі баратын болдым. Қанша барсам да, қашан барсам да Әбу аға мен Зейнулла достың жерлестері қосылып «әу» десе болды, құдай қылса кәйтесің, менің де көкірегіме жел бітіп «кө-рін-ген со-на-дайдан Гурьевім» деп – даусым келсін, келмесін – бір бүйірден қосыла кететін болдым.
Ол заманда да жұмыс жүрмей қойғанда бастықтарды бірінен кейін бірін орнынан алып, жаңадан бастық жіберіп жататын әдетке айналған. Сол әдет бойынша өткен он жылда бұл жақта талай бастық жіберіліпті. Талай жіберген бастықтар талай рет бара сала ақ тер, көк тер боп, өліп-тіріліп жұмыс істесе де, бірақ, бұрынғысынан күттай да өзгермей, құрсақ көтермеген бедеу қатындай тұзды сор бетіне шығып, бедірейетін де жататын болған. Баяғыда белбуарынан жерге кіріп жатқан қамкесек там үйлер. Сол баяғы миы шыққан батпақ, балшық. Күрзі етік киіп, балшық кешкен жұрт. Алла Тағаланың рақымы түсіп бір лажын таппаса, қаншама бастық өзгерсе де, жер бетіндегілерден қайыр жоқ.
Соның үстіне мына бала барды. Біз, Зейнулла екеуміз «апыр-ай, бұл қайтер екен?» деп ойладық. Кім біледі?! ­Заман өзгерді. Қоғам өзгерді. Адамдар да өзгерді. Амал да өзгеріп жатыр. Иә, әліптің артын бағайық дедік. Зейнулла­ еліне жиі барып жүреді. Таяуда кездесіп сұрағанымда, «Қара баламен кездестім, жүдеп кетіпті. Асығып тұр екен, «Зеке, кешір. Уақытым жоқ» деп, атүсті сөйлесті де, қолын ұсынды. Ұсынған қолын қыстым да, мен де кабинетінен шыққанша асықтым» деді.
Ел құлағы елу. Осы бала барғалы менің де сол жаққа құлағым түрік жүреді. Ұзынқұлақтан о жақтың хабары бізге де естіліп жатады. Бір жолы, Иманғали Тасмағамбетов Атырау қаласына төтенше жағдай жариялапты деген хабар дүңк етті. «Төтенше», орысшасы «Чрезвычайный». Менің ұғымымда бұл адамның үрейін ұшыратын, не өрт, не апатта ғана айтылатын сөз. «Абырой беріп, аяғы жақсылықпен біткей» деп ойладық. Бір ай өтті ме, жоқ па, мәслихаттың кезекті сессиясында жасаған баяндаманың піссімілласын «төтенше жағдай жариялап, жұмысты шұғыл қолға алғанымыз дұрыс болды» депті Иманғали. «Соның арқасында бір жүз елудей кәсіпорын қамтылды. Сегіз мыңнан астам адамды қатыстырып, күн сайын екі жүзден астам арнаулы техникаға жұмыс істеттік те, осы кезге дейін қаламыздың сиқын бұзып анда да, бұнда да қобарсып жатқан үш мың тонна лас-қоқыс қаладан сыртқа шығарылды» депті. «Сүйтіп, үйінді кір-қоқыстан тазарған қала кәзір кісілерге ұялмай көрсететіндей тап-тұйнақтай болды да шықты». Енді халықтың алдына шығып, алғыс айтуымыз керек» депті әкім.
Сенер-сенбесімді білмедім. «Шын болғай» деп тіледім.
«Апыр-ай, қалай десек те, әлгі итжеккеннің елінде жарты өмірі түрмеде өткен тентек нағашы атасының аузынан түскендей, жаман жиеннің тап бір кісінің кісілігі сыналатын жерде тегіне тартқан өркөкірек өжеттігі мен қайсарлықтың бір пайдасы тиген болды-ау» деп ойладым! Жайшылықта қанша жыныңа тиіп, жек көрейін десең де, оның қайсыбір кезде осындайлығын көресің де, ақи-тақи шідеріңді үзіп кете алмай, шырғаласың да жүресің.

Иә, шаруа жайын білетін адамдардың айтуына қарағанда, қазына көзі – қаражат көрінеді. Бұл, ақиқат болса керек. Ендеше,­ кәне ақиқатқа жүгінейік. Бұл өңірде пәленбай жылдан бері өмір сүріп келе жатқан халықтың хал-жағдайы ауыз толтырып айтарлықтай емес, ол Аллаға аян.
Енді мынаған қараңыздар. Жаңа бастық келгенде жергілікті бюджет небәрі төрт миллиард теңгенің аз-ақ үстінде екен. Бұдан да гөрі дәлірек айтсақ – үстіңе жамылған көрпені басыңа тартсаң аяғыңа жетпейтін мүшкіл, мүсәпір хал. Айлық төленбегелі қай заман. Ана жақта ұядағы сары ауыз ­балапандай, аузын ашып отырған балалар мен қарттарға, мүгедектерге қолма-қол төлейтін болар-болмас көмек тоқтап қалған. Ортақол бизнес пен шағын бизнестің көрген күні – күн емес. Олар да бір, ене бауырындағы емшекті іздеп қыңсылаған соқыр күшік те бір. Ол кездегі Атырауда қайбір күндіз-түні сартылдап, мігерсіз жұмыс істеп тұрған өндіріс бар. Ал, қаржы… Иә, ол бар болғырды қайдан іздеу керек? Оның көзі қайда? Қайдан, кімнен сұрайды? Апыр-ай, енді қайтпек керек?
Әкім үй іргесінде мұнай өндіріп, белше­сінен байлыққа батып жатқан шетелдік алпауыттарды шақырып алыпты да, Гурьев қаласы мен осы өңірде өмір сүріп жатқан халықтың ауыр жағдайын айтып, «қол ұшын беріңдер, көмектесіңдер» деп өтініш айтқан. Бірақ… не пайда, өзіміз айта беретін әлгі «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген бар еді ғой; «біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді» дейтін де бар еді. Ал, мыналар кессе – қан тамбайтын безбүйрек боп шығыпты. Ой, заңғарлар-ай. Салғырт. Самарқау.
– Бұған біздің қандай қатысымыз бар? Бұл өзіңнің шаруаң, – деп, беттері бүлк ­етпестен шіреніп, сыздап отырып апты.
Осы жағдайды мен Алматыға өзінің бір шаруасымен келген, баяғы студент кездегі дос Берік Қорқытовтан есіттім. Ана жақтағы Иманғали Нұрғалиұлының әлгілерден кейін қандай жағдайда болғанын қайдам, ал, мына жақтағы біздің қанымыз қайнап, басымызға қан шапты. «Ойпырым-ай! Мынау, байлығыңның басында отырған безбүйректерге жағаласа кететін-ақ жер екен!» дедік біз.
«Апыр-ай!» дедім. – Бізге не болды? – дедік. Біз, сондай-ақ ел болудан қалдық па, – дедік. Арың аяқасты болғанда баяғының батыр шалдарындай ақырып теңдік сұрап, айқайлап шықпасаң да, тым құрыса, мыналарға кімнің жерінде, кімнің асын ішіп, байлығына керелеп, кекірігі азып отырғанын тайсалмай, бетіне тура қарап тұрып, құдайын естеріне салатын жүрек жұтқан бір азулы ұлды, шынымен де бүгінгі қазақтың бір қатыны тумағаны ма?
Біз, осы… Иә, рас-ау, біз қайсыбірде басымыз қосыла қалғанда көйлегімізге сыймай, күпсіп көкірегімізді көтергенде «жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» дейтініміз қайда?
Бала кезіміз ғой. Біздің ауылда… біз дегенде сонау адайлармен іргелес жатқан Құланды жарты аралы мен Бел-Аранды жайлаған елдің шалдары үй іргесіндегі көлеңкеде бас қосатын еді. Сонда олар әр әңгіменің басын бір шалып отырар еді-ау. Бір кезде сол жарықтықтар бойын тіктеп алар еді де, қолын алысқа сілтеп, түу, түу-у сон-а-у тескен таудың ар жағында, ит жеккеннің елінде орманнан ағаш кесіп айдауда жүрген бір ұзын бойлы, қырсық қара шалды еске алар еді. Өзі Бұхарда ­медресе бітірген бе? Бір кезде мешіт ұстаған пірәдар молда болған ба? Оу, қай заманда да қой-ешкі текесіз, ел тентексіз болған ба? Біздің ауылдан да Шақа деген… кейін күндіз ар жағынан күн көрінетін мыршай сарылығына қарап «Сары Шая» деп атап кеткен бір тентек шықты. Пішту!.. ­Ондай пәлеқорлар сенің прәдарлығыңды, молдалығыңды қайтсін. Жама ағайын, туыс еді дей ме, әй? Е-е, туыс болса ше? Туыстығына түкіргені бар!
Қолы боста ерігіп бара жатқанда балықшы ауылдың жас жігіттерімен карта ойнаған ба? Жастың аты – жас. Бірі болмаса бірі қағау істесе пірәдар басымен орысша боқтап, жағынан тартып жіберетін болған ба. Ол кезде түктің мәнісін білмеген баламыз. Біздің ауылдың шалдары да қызық. Тақуа басымен әлгі қара шалдың өрескел қылығына қынжылып, ренжудің орнына біздің ауылдың шалдары әлденеге мәз ­болып, рақаттанып қарқ-қарқ күлетін себебін ол кезде біз қайдан білейік. Тек, солардың сөз іләмінен байқайтынымыз – көкте Құдай, жерде өздері бірде – Матай, бірде – Мәтей деп, әлдеқандай көретін қиқар қара молданың Иманғалиға туыстық жағынан бір қатысы бар деуші еді? Ана жылы Алматыға кеп комсомолға көсем боп жүргенде, біз де өзін әлдеқандай көруші едік. «Жалғыз қазыққа сүрінбей, бәле-жаладан аман жүрсе әлгі тентек қара шалдың осы жиені («талағында биті бар ма», жоқ па – оны Құдай, сонан соң әлгі менің жерлесім білер) түбі тоғаға тиек болар еді» деп үміттенген дәмеміздің алда­ғаны ма? Байлығымыздың басында отыр­ған­дарға еліміздің есесін қалай жіберіп отыр? Ұлтымыздың арын қалайша аяқасты қылды?
Менің даусым қатты шығып кетті ме, Берік жұлып алғандай қып:
– Жоқ, – деді.
– Әй, не дедің, жоқ дедің бе? Шын ба? – дедім мен.
– Әрине, шын. Шынның нағыз көкесі, – деді Берік.
Бұл өзі КазГУ-да журналистикада оқып жүргенде Қанапия Ахметов, Тауман Амандосовпен­ дос болатын. Үшеуі Калинин көшесіндегі жатақханада бір бөлмеде бірге жатқан еді. Кәзір облыстық газетте істейтін көрінеді. Аузын ашса – ар жағынан көмейі көрінетін аңқылдаған ақжарқын жігіт-ті. Туған жер дегенде қасық қанын беруге даяр еді-ау!
– Ал, кәне, не болды. Көрген-білгеніңді айтшы, – дедім мен.
– Әбе, біздің жақта да намысын қолдан бермейтін жігіттер жетеді. Ілім, білім мен кәзіргі супер техникаңның түбін түсіреді. Иманғали соларды табан астынан дереу жиып алды да, комиссия құрды. Көктен аяғы салбырап түскендей шіреніп сөйлеп, шекесімен тыңдайтын шетелдіктердің бір сәтте астаң-кестеңін шығарып түгел тексертті. Масқара қылықтары мен былықтары ашылды. Табиғаты континенталды – қысы қатты, жазы ыстық, жері сор, балшық, батпақ, тұрмыс жағдайы ауыр елдің ауасын, ауызсуын улап адам төзбейтін жағдайға жеткізгендерін көрсетті. Сосын, ана жақта мұнай өндіріп жатқан күрделі, ауыр техникалардың күнде ертеңгісін жұмысқа шығар алдында тексерілмейтінін, ескіргенін айтып, дарылдап, арылдап тракторлар қарақошқыл түтіндерін бұрқылдатып, жерді, суды, ауаны бүлдіріп жатқанын, сүйтіп о баста өздері қол қойған келісімшартты тәрік етіп белден басқан бейбастақтарын бетіне басты да, мұнай өндіріп жатқан құбырларды тоқтатып жапты да тастады. Сол, сол екен, бұрын Иманғали көмек сұрап алдына баратын шетелдік алпауыттар – дүние кезек – енді «не істейік», «қандай көмек көрсетейік» деп, бұның алдына өздері келетін болды, – деді Берік. – Соның арқасында аз ғана уақытта Атырау қаласына қарасты бірнеше ықшам шағын аудан, вокзал маңы мен қаланың орталығы тұтас газбен қамтылды. Алғашқы бір айдың ішінде көгілдір отын қанатын кең жайып, қаланың сыртында жатқан бірі – жақын, бірі – алыс шет аймақтағы елді мекендер, ауылдар, құс фабрикасы, «Қызыл балық» деп аталатын өндірістік кооператив һәм «Мұнай базасы», «Геолог», «Томарлы» сияқты поселке тұрғындары садағаң кетейін көгілдір отынның қызығын көріп үлгерді.
– Біздің жағдайымыз осы. Осылай болып жатыр, бауырым, – деп, Берік рақаттанып қарқ-қарқ күлді де, алпамсадай етжеңді жігіт бар денесімен менің иығыма асыла кетіп еді-ау!..
Оңаша қалғасын мен де мәз боп күлдім де, бас салып Зейнулла досқа телефон соқсам, ол унберістетте жүр екен. «Апыр-ай, – дедім ішімнен – қазекемнің баяғы шалдары оқу-тоқусыз құрық сүйретіп, қауға тартып жүріп те соқыр түйсікпен біраз нәрсені топшылаған екен-ау! Сол жарықтықтар еді ғой: баласын үйлендіріп, қызын құтты жеріне қондырарда екі жағынан да жеті атаға дейін тұқ-тұқиянын қазбалап – ел тізгінін ұстаған кімі бар деп, аузымен құс тістеген кімі бар? – деп, «егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған» текті дегдарлылардан кімі бар деп нәсіл қуалап, бекерден-бекер бас қатырмаған болды-ау!
Өзімнен бұрынғы шалдарға таңғалам. Соларды ойласам, қайдағы есіме түседі. Иә, тіпті кешегі ХХ ғасыр еді ғой. Мына жағымыздағы үлкен елдің атағы дардай ірі генетик, биологтары академик Вавилов пен басқаны қойғанда, «күн көсемнің» өзі қолдаған халық академигі нәсіл, тек жөнінде пікірлері бір жерден шықпай, қызыл кеңірдек боп айтысып жатқанда, аруағыңнан айналайын біздің шалдар құрым киіз үйде насыбайын атып, шайын­ ішіп отырып та қолының астынан жұлдыз санап, айға қарап сол әлгі нәсіл, тек жөнінде өздері байламын баяғыда жасап алған еді-ау! Ойбай, Құдай-ау олар сенің большевик балаларыңның әлгі бір әлеуметтік дей ме, психологиялық дей ме, тағы бір генезиялық дегеніңе бас ауыртып қайтсін. Ол байғұстар өзінен кейінгі ұрпақтың қамын жеп, дегдар, тектілікті көздеді. Балағынан жел ызғып көшіп-қонып жүріп ат төбеліндей азғантай қазақтың ендігі ұрпағы тепсе темір үзетін, тығыл-таяңда сен тұр, мен атайын деп жұлқынып шыға келетін жүрек жұтқан жігерлі жастарды армандап еді ғой. Нәсілі асыл тектілікті ойлағанда баланы тудырған әкенің белінен бұрын, көбіне-көп, бала көтерген ананың жатырына назар аударатын еді-ау! Ой, садағаң кетейіндер-ай!..
Балалардың бәрі бірдей бола бере ме, соғыстың алды еді-ау. Күзгі қара суық еді ғой. Мұз қата қоймаған – абыржы еді. Біздің бір туысымыз бастауыш мектепте оқитын Әби деген жалғыз ұлына көңілі толмай, күйіп кеткенде «жатырыңды с… сен туғанда сәби едің, өскесін Әби болатыныңды қайдан білейін» деп еді. Сол есіме түссе, әлі күлем. Бәрі мөлдіреп көз алдымда тұратынын кәйтерсің.

***

Берік кеткен күннің ертеңі еді. Мен ПЕН-клубтың исполком мүшелері Дулат­ Исабеков, Төлен Әбдіков, Морис ­Симашко, Виктор Бадиков, Қажығали Мұхамбетқалиев, Зейнолла Қабдолов, Тахауи Ахтанов, Шериаздан Елеукенов, Герольд Бельгер, Қалтай Мұхамеджанов, Смағұл Елубаевты өзіміздің Күләш Байсейітова көшесіндегі офиске жиып алдым да, өз арамызда көптен қалыптасқан дәстүр бойынша асықпай, шай-суымызды ішіп отырып, әңгімені арыдан бастап: «Жасыратын несі бар – дедім. Жазушылар арасында біздің ПЕН-клубты әркім әр саққа жүгіртіп, сыртымыздан тіл безейтін көрінеді. Қайтеміз, десе дей берсін. Кімнің аузына қақпақ боламыз. Шындығында, биік мәртебелі халықаралық Лондон ПЕН-клубын 1921 жылы ағылшынның ұлы жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты­ Голсуорси­ құрған-ды. Сонан бері бұл ұйымға қазір 147 елдің жазушылары мүше болды. Ал, бізді 1993 жылдың 6 қыркүйегінде Мадридте өткен конгресте мүшелікке қабылдап еді.
Біз творчестволық ұйымбыз. Демек, бізде не газет, не журнал болуы керек. Бұл арада естеріңе салатын нәрсе: жиырма ал­тыдағы Мұхтар Әуезов Семейден журнал­ ашты. Сүйтіп, жоқтан бар жасады да, дүниеге жарқ етіп «Таң» келді. Он сегіз нөмір жарық көрді. Көп ұзамай сол Семейде, өзі қуғында жүргеніне қарамастан, жап-жас Мағжан Жұмабаев журнал ашты. Бұл, тіпті таңмен таласа туатын дәл бір жарық жұл­дыздай жарқ етіп дүниеге «Шолпан» келді.
Ол замандағы қыр адамы малшылық психологиядан әлі де ақи-тақи арыла қоймай, құлдық сана үстемдік құрып тұрған кез еді ғой. Хат танитын көзі қарақты қазақ саусақпен санағандай еді.
Кәзір ғой, журнал шығарудың оңай боп кеткені. Әр облыс, әрбір аудан журнал шығара алады. Тіпті қолда ұстап отырған тауықтың қорада қыт-қыттап жүріп күлге бір аунап тұрып жұмыртқа туа салатындай, кәзір, әрбір үй өзіне лайық отбасылық журнал шығарып алатын заман туды.
Ал, сонау заманда Семейден журнал шығарған өзіміздің әлгі қыршындай екі жас жігітке қайран қалам. Олар қоғамнан да, адамнан да демеуші, қолдаушы іздеп ешкімге көз сүзген жоқ. Олар, не күтсе Алладан күтті. Сосын өздеріне, өздерінің алдына қойған көкейкесті мақсаты мен рухани қайсарлығына сеніп еді.
Олар шығарған екі журнал, шын мәнінде, Міржақып Дулатовтың өз ­заманында ұлттық ұранға айналған «Оян, қазағына» мына жақтан үн қосқандай болып еді. Ендеше,­ біз де күні ертең жарық дүниеге келгелі тұрған журналымызды «Таң-Шолпан» деп атасақ қалай қарайсыңдар?» деп едім. Ұсынысым бірауыздан қабылданды.
Бізде типография жоқ. Журналды­ ­бас­тырып шығару әңгіме болғанда, бәріміз­дің есімізге жазушы Құлкенов ­Мереке түсті. Оны арамызға алып отырып – бізде идея, сенде типография – бірлесіп журнал шығарайық деп едік. Ол келісті. Сол арада біз оны ПЕН-клубқа мүше қып қабыл­дап, бірден исполкомның санатына ен­гіздік. Мереке біздей емес, істің ретін білетін, шаруаға икемі бар жігіт көрінді. Көп күттірмей, договорды дайындап әкеп менің алдыма тастады. Қол қойып жатып, көз қиығым 65-35-ке түсті. «Бұл не?» деп сұрап едім, «жәй, әншиін формальный нәрсе ғой» деп еді. Мен де оның сөзіне сеніп, илана қойғам. Сүйтсе, оның әлгі «формальный» деген­нің түп астарында жатқан қитұрқының сырын сегіз жыл, төрт айдан асқасын бір-ақ білдім.
Осыдан кейін бәрімізді қаржы жағдайы ойландырды. Кім сөйлесе де «қаржыны қайдан іздейміз», «кімнен аламыз?» деген сұрақ алдымызды тоса берді. Бір дегеннен ме­нің есіме мұнайлы, газды өлкеге әкім боп барған жас жігіт түскен-ді; бірақ, әзір оны тісімнен шығармай, ішімде сақтап үйге келдім. Сонан, неше күн өткені есімде жоқ, сағат кешкі бес-алтының шамасы еді. Теле­фон шар етті. Иманғали екен. Қуанып кеттім.
– Шал, қалайсың? – деді ол салған жерден.
– Сен қайдасың, өзіңдесің бе? – деп едім.
– Жоқ, Алматыға келгем. Енді елге қайтып бара жатырмын.
– Әй, бала, сенде шаруам бар еді. Қалай кездесеміз?
– Уақыт жоқ. Кәзір ұшам, аэропортқа бара жатырмын.
– Маған соға алмайсың ба?
– Жоқ, соға алмаймын. Үйіңнің алдына кеп тоқтайын. Асығыспын, көшеге шыға бер!
Асыққанда сірісі жоқ, арты ашық ескілеу шүберек тапочканы аяғыма сұға салдым. Үстімде де иығыма іле салған үйде киетін алқам-салқам бірдеңе. Сыртқа жүгіріп шықсам, Төлебаев көшесінде ақ джип күтіп тұр екен. Өзі алдында. Арт жақтағы орында­ Досқан мен Талғат. Олардың көзінше шаруамды­ айта алмадым да:
– Сыртқа шықшы, – деп едім.
– Шықпаймын. Самолеттен қалып ­барам, – деді жұлып алғандай ғып.
Амал жоқ, жол-жөнекей айтармын деп ойладым да машинаға отырдым. Бұнда да ыңғайы келмеді. Құдай оңдағанда самолет жарты сағатқа шегеріліпті. Бастықтарға арнап қызыл кірпіштен салған кіп-кішкентай VIP-тің екінші қабатына көтерілдік. Алдымызға бір-бір стақан шай келді. Осы арада мен жаңағы екі жігітке оңаша сөйлесетін шаруам барын айттым. Олар шығып кеткен бойда Иманғалиға қарап едім, маған істеген қыры ма, қабағын тастай қып түйіп апты. Жуық маңда жібитін түрі жоқ. Әңгімені қалай бастасам деп қипақтай бастағанымды ұнатпады ма, мен ауыз ашам дегенше өзі сөйлеп:
– Сенікі не шаруа? – деді.
– Журнал шығарғалы жатыр едік. ­Со-ған…
– Онда менің қандай қатысым бар.
– Қаржы…
– Қанша?
– Сендерге түк те емес.
– Қанша? Тоқ етерін айт.
Есіме қазақтың «құдаңнан түйе сұра, қорыққанынан бие бередісі» түсті. Ойымда екі миллион теңге тұрған. Нем кетіпті дедім де, қағаз салфеткаға төрт миллионды жаздым да алдына тастап едім. Көзінің қиығын тастады да, бүктеп қалтасына салып алды.
– Жолда жатқан ақша жоқ. Жұмыс орным, кабинетім бар. Бұндай мәселе сонда шешіледі, – деді ол.
– Қалай, кабинетіңе барсам шешесің бе? – деп едім,
– Оны сонда көреміз, – деді ол.
– Онда кеттім, – дедім.
Билет алынды. Бірге ұштық. Үсті-басым алқам-салқам. Адамға көрінетін сиқым жоқ. Евангелия заманындағы антұрған «Блудный сын» бар емес пе. Құдай біледі, менің де дәл осы кәзіргі ебіл-себіл түріммен, әсіресе аяғымдағы арты ашық ескі шүберек тапочкадан күс-күс, кір-кір өкшем жылтырап тұрған болу керек. Самолеттегі жолаушылардың бәрі маған қарап, менен көздерін алмай сықсыңдап күліп отырған сияқтанды да, жерге кіре жаздадым. Басымды көтермей, бұғып отырмын. Оның үстіне Иманғали да жыныма тиіп болды. Тізесін тіземе тақап қасыма отырып алды. Көзінің қиығын менен айырмай, әлденеге мәз боп мырс-мырс күледі кеп. Құрсын, итшілеп қас қарая Атырауға жеттім-ау. Мен бұл облысқа Иманғалидан бұрынғы бастықтардың тұсында талай келгем. Соның бәрінде де резиденцияға тоқтайтынмын. Келесі күні ертеңгі шайды резиденцияда бірге отырып іштік те, сыртқа шықтық.
– Дүкенге соғайық, – дедім мен.
– Онда не бар? – деді ол.
– Көріп отырсың ғой, мына түріммен, – дедім мен.
– Ақшаң бар ма? – деді ол.
– Жоқ, – дедім мен.
– Менде де жоқ, – деді ол.
– Жұрттан ұят қой. Тым құрыса, аяқ киім…
– Әпермеймін. Саған осы лайық. Қазақтың қарт жазушысының сиқын халық көрсін, – деді де, шопырға иек қағып – Акиматқа! – деді.
Түріне қарап ем, қанын ішіне тартып апты. Қарасұр бет қатқыл. Әшиінде әзілдескенде жылт ететін иі жұмсақ күлкінің ізі жоқ. Айтқанынан қайтпайтын түрін байқадым да, үндемедім.
Кабинетке кірген бойда хатшы қызға біреуді шақыр деп еді. Сол бойда құдды есіктің ар жағында әмір күтіп әзір тұрғандай ішке сып етіп шағын денелі қара костюмді кәріс жігіт кіріп келді.
– Көріп тұрсың ба – деді әкім әлгі кәріске иегімен мені нұсқап – осы кісіге төрт миллион теңге бер.
Кәріс жігіт маған бұрылды. Сенер-сенбесін білмей, әуелі сығырайған кәріс көзімен тінткілеп үсті-басыма қарады. Сосын аяғымдағы ескі шүберек тапочкаға сүзіле қарап, түктің мәнісіне түсіне алмай тұрып қалды.
Соны байқаған әкім:
– Иә, осы кісіге бер, – деп, бұл жолы немқұрайды кескінде мұрнының ұшымен тағы да мені нұсқады.
– Қолға ма, әлде?.. – деді кәріс.
Мен Алматыға телефон соғып, Мере­кеден­ есепшоттың нөмірін алдым да кәріс жігітке бердім. Ол шығып кетті. Оңаша қалғасын бастықтардың өздері сөйлесетін көкірегінде алтын гербі бар телефон арқылы сол кездегі Ақтаудың әкімі Ләззат Қиыновтан бір миллион сұрап едім, о да әзір жауап екен, салған жерден счет сұрады. Оған да Мереке Құлкеновтың счетін бердім.
– Тағы қандай шаруаң бар? – деді бастық.
– Басқа шаруа жоқ.
– Көмекшім шығарып салады – деді. Сосын: – Сау бол! – деп, екеуміздің арамызды бөліп тұрған жалпақ столдың ар жағында кекірейіп тұрып, сұқ саусағын шошаң еткізіп жоғары көтерді. Әйтеуір, құдай оңдағанда «шао!» деген жоқ.
Қайтем, бастықтың аты – бастық. Бұрынғыларда «күлсең кәріге күл» деген. Жұрттың алдында масқара қып абыройымды төкті екен деп ренжиін бе. Келген шаруам­ бітті. Рақметімді айттым. Мына түріммен Берік пен Рахымжанға да көрінгім келмеді де, сол күні самолетпен Алматыға ұштым. ПЕН-клубтың мүшелерін, ­сосын өзінің жекеменшік типографиясы бар, болашақ серіктесіміз Құлкеновты шақырып алдым. Осы жолғы отырыста өзара ақылдасып редколлегия­ны белгіледік. Проза мен публицис­тиканы қосып, бөлім бастығына Қуаныш Жиенбайды,­ сын және поэзия бөліміне Мырзан Кенжебайды­ тағайындадық. Сол отырыста тағы бір шешілген мәселе – ­гонорар. Демек, қаламақы.­ О заман да, бұ заман көңіл көншитіндей қомақты қаламақы төленбеген жағдайда жөні түзу жақсы шығарма тумайды. Үкімет бір жылдан кейін республикада шығып жатқан басқа журналдар секілді «Таң-Шолпанға» да жыл сайын он миллион теңге беріп отырды. Құлкеновтың айтуы – бұл ақша журналда істейтіндерге айлық, қағаз бен типография­дан ауыспайды. Ал, гонорар, қаламақы қайда? Менің есіл-дертім қайткенде де ақын, жазушыларды ынталандыратын қаламақы. Жаңа екі айда бір шығатын «Таң-Шолпанның» әр санына жарты миллион теңге тауып берем деген сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін байқамай қаппын. Мен уәдемде тұрдым. Көбіне-көп ақшаны облыс әкімдері, бизнесмендер мен ара-тұра министрлерден алдым. Бір жолы Құлкенов екеуміз оңаша отырғанбыз.
Мереке:
– Сіз, кейде бастықтардан ақшаны ­телефонмен сұрап аласыз. Соның реті қалай, олар сізден қорқа ма? – десін.
– Шырағым-ау, ол балалардың маған күні қарап тұрған жоқ қой. Олар әлдеқандай қарт жазушыны қайтсін. Қайдан білейін, мүмкін, басқа реті бар шығар, – дедім.

***

Астана солтүстікке көшкелі біраз болған. Тасмағамбетов премьер-министр. Күз айы-тұғын. Түс ауа бергенде журнал­дың редакциясына келіп ем, Құлкенов:
– Жыл аяғында шығатын журналдың екі нөміріне төлеп жүрген гонорарға ақша жоқ. Не істейміз? – деді.
– Типографияң бар ғой, бастыра бер. Ертең астанаға жүрем, ақша табармын, – дедім.
Айту оңай, айтқанды орындау оңай­лыққа түспейтіні белгілі. Масимов­ премьер-министрдің өндіріс жағын басқаратын орынбасары. Әлдеқалай ­коридорда кездесе қалғанда бас изескеніміз болмаса, тілдесіп көрмеген адам. Орыстың «была, не была» дейтіні есіме түсті де, кабинетіне кірсем, ешкім жоқ, бір өзі жалғыз отыр екен. Екі нөмірге жиырма мың доллар жетпей қиналып тұрғанымды айтып едім.
Ол:
– Үкіметте ондай ақша жоқ қой, – деді.
– Оны мен де білем, бірақ сенде ақшалы жігіттер бар ғой, потресите их карманы, – деп едім, көзін көтермей төмен қарап отырып, май жаққандай жылтыр қара мұртының астынан жымиып күлді де, сәлден кейін, – Бәрін бірден емес, он мыңнан бөліп тауып берермін, – деді.
Сыртқа шықтым. Арқаның күзгі қара суығы ызғырып тұр. Онсыз да суық тиіп, мазам кетіп жүргем. Бөлмеме кірдім де, жалма-жан шешініп көрпенің астына кіре бергенім сол еді, телефон шылдыр етті. Хатшы қыз Масимовке қосты.
Ол:
– Міне, бір кісі жиырма мыңды берем деп тұр, – деді.
Мен, әрине, тез табылғанына қуансам да, әлденеге сәл іркіліп барып, ол кісінің аты-жөнін сұрап ем, ол: «Ерлан Атамқұлов» деді.
Мен:
– Онан алмаймын. Басқадан, – деп едім.
Ол:
– Неге? – деді.
Мен ол жігітті жақсы көретінімді айтқанымша болмады, трубканың ар жағынан басқа дауыс:
– Аға, Аққу қонақүйінде екенсіз. Кәзір… кәзір барам, – деді.
Мен тұрып киінем дегенше, есікті қағып Ерлан кіріп келді. Құшаққа құшақ айқасты.
– Аға, мынау маған түк те емес. Еліміз егемендік алған күннен бастап бизнеспен айналысам. Басқасын айтпағанда, Алматыда бірінші салынған бес жұлдызды қонақүй менікі. Сол қонақүйдің қасындағы қырық этажды екі үй де менікі. Ақшаны сізге, өзіңізге, әлде-е…
– Жоқ, Құлкеновке, – дедім де, бас салып Құлкеновке телефон соғып счетын сұрай бастап едім, Ерлан Атамқұлов қолым­нан телефонды жұлып алып, Құлкенов­тен ертең нешеде жұмысқа келетінін сұрап білді де:
– Сағат онда менің бір жігітім барып ақшаны қолыңа тапсырады, – деді…
Ерланды шынында да жақсы көретінмін. Оның себебі бар. Жасы үлкенді сыйлайтын көргенді, тәрбиелілігі өз алдына. Әр нәрсенің сәті біледі демекші, онымен алғаш танысқанымыз қызық болды. Осыдан, шамасы, екі, әлде үш ай бұрын Амангелді Селбаев алпысқа толды да, дос-жарандарын шақырды. Отыз жылдан астам Батыс Қазақстан теміржолын басқарған кісі. Мен сияқты әдебиет, мәдениетпен айналысып жүргендерді көрсе құдды нағашысын сағынып көрген жиен сияқты үйіріле кетеді. Жүзі жылы. Тілі майда. Сырбаз. Қайсыбірде уақыт тауып асықпай, кең отырып сөйлесе қалсам, құдды Чеховтың әлгі тірі жанның бетіне жел боп тимейтін сыпайы, инабатты интеллигент геройы болады да шығады.
Самолеттің ыңғайы солай болды, мен сәл кештеу келгем. Жұрт жайғасып отырып апты. Қақ төрдегі үлкен дөңгелек столдың төрінде Мұнай-Газдың сол кездегі бастығы Ләззат Қиынов отыр екен. Маған, әрқашанда осы кісінің анадайдан айқайлап тұратын адайлығы ұнайды. Ана қарашы, кәзірде көпшіктей кеудесін «мені көр» дегендей, барынша ілгері ұсындырып, ақ көйлектің омырауын айқара ашып тас­тапты. Ал, оның ар жағында бұрын-соң мен көрмеген қара мұртты, қара торы жас жігіт отыр. «Кім болды екен» деп ойладым да, назарымды ірікпей тартып алдым. Ләззаттың мына жағындағы бос орынға мені отырғызды. Менен кейінгі келесі орында Иманғалидың анасы Ділдә отыр екен. Ауырып жүргенін, үлкен астан кейін кететінін айтты. Менен бір жас кіші. Ата қоныс, жер-суымыз бір болғасын әрқашан кездескенде менің іші-бауырымды ­жылытып аға тұтады. Карим үйленген тойда «ауырып жатыр едім» деп, бастаған сөзін сонан ары жалғастырып – сексеннен асқанда өмірінде бірінші рет келін түсіріп, той жасап жатқан жалғыз ағамның қуанышын бөліспей, мен қалайша үйде шыдап жатайын» деп, Ділдә қарындастың сондағы дүйім жұрттың алдында шалқақтап тұрып, саңқылдап сөйлеген даусы әлі құлағымда.
Ділдә, маған мойын бұрып «кеттім» деді де, өрттей ыстық алақанымен білегімнен ақырын қысып, жөнеле берді. Байқамай қаппын, әлгінде Ләззат Қиыновтың арғы жағында отырған қара мұртты жас жігіт жетіп кеп, жалма-жан менің жанымдағы босаған орынға отырып жатыр екен. Қолындағы екі саусағының ұшымен қысып алған тілдей қиынды қағазды:
– Аға, – деп маған ұсынды.
Әлгі қиындыда «Аға! Басыңыз ауырған­да, балтырыңыз сыздағанда өтінішім – звандаңыз». Атамқұлов Ерлан. 83007101111. Каз. темір. жол. ұлт. комп.» деп жазылған.
(Сол қиынды кәзір менің ескі қойын дәптерімнің ішкі бетінде жапсырулы).
– Аға, өз жағдайым өзіме жетеді. Осы жұмысқа президент шақырғасын бардым, – деді Ерлан.
Сонан кейін қатар отырып сөйлескенде айтқаны: Жамбылдан екен. Анасы оқытушы болған екен. Қазақ орта мектебінде әдебиет пәнінен сабақ берген екен. Қайтыс болға­нына үш жыл бопты.
– Біз жас баламыз, – деді Ерлан, – отбасында, өз арамызда, кейде үйге кісі-қара келгенде сөз арасында анам: «кімде-кімнің үйінде «Қан мен тер» болмаса – ол семьяны мәдениетті деуге болмайды» деп отыратын. Анамның сол сөзі құлағымда қалған-ды. Сізді көргенде қуанып кеттім, – деді.
Шыны керек: Ерлан Атамқұловтың анасы мені қатты таңғалдырды. Әрине, оқу-тоқу өз алдына. Ізденімпаз талапкер кісіге халықтың даналысы қосылғанда көптің арасынан қалайда әдебиетті сүйетін һәм терең түсінетін дәл осындай өзіндік пікірі бар ұстаз шығады. Олар онша көп те болмас. Бірақ шығады.
Осы арада басын ашып алатын бір жағдай: «Қан мен тер» мақтағанға зәру емес. Ең алғаш жарық көргеннен бастап бірден жұлдызы жарқырап, айы оңынан туған шығарма. Қазақтар мен орыстарды айтпағанда, өз тұсында Еуропа елдерінде Луи Арогоннан бастап талай сыншылар мен әдебиетшілерден жоғары бағасын алды.
Ертеректе жазған бір мақаласында марқұм Герольд Бельгер: «Об этой книге написана порядочно. Если собрать все вместе получится не один том. Но – до подлено знаю – многое из того, что в ней написано автор всерьез не принимает. Может помнит мудрый завет Абая: «не верь хвале людей». Может иные диферам бы коллег кажутся­ ему излишне елейными, слащавыми, ­поверхностными».
Ал, Тараз қаласындағы мына оқытушы әйелдің жөні басқа. «Қан мен тер» жөнін­дегі оның әлгіндей адам ойламаған оқшау пікірін өзге емес, өз баласы Ерлан­ның аузынан есіткенде көңілім қатты толқып, біртүрлі боп кеткенім Аллаға аян! Оның себебі бар: бұл кісі сыншы емес. Әдебиетші емес. Бар болғаны мектепте – балаларға әдебиет пәнінен сабақ берген, үйде, отбасында бауырынан өрген балаларын тәрбиелеген – ана. Рас, тумысынан тәңірі зерделі жаратқан адамдар болады. Олар не нәрсенің бәріне де өзгелерше емес, өзінше, өзінің патша көкірегіндегі төрелікке ден қояды. Олар бұл дүниеде менен де басқа біліктілер болар-ау деп ойлап басын ауырта қоймауы мүмкін. Адасса – өзінше адасады. Қателессе де өзінше қателеседі. Тұла бойындағы (таланты демей-ақ қояйын) өзіне тән әлгіндей ерекше қабілеттің түп астарын осы тұрғыдан іздеген дұрыс сияқты.

***

Иә, Жабайхан Әбділдин! Бұл кісімен көңілім жақын. Сыйласпын. Кешегі Абайдың жүз елу жылдық тойы алдында республиканың вице-президенті Ерік Асанбаев­ бастаған үлкен делегация Мәскеуге бардық. Дом Советовте болған салтанатты жиында мен баяндама жасадым. Келесі күні Петербургте болған салтанатты жиында академик Әбділдин баяндама жасады. Шағын денелі кісі ғой. Талғамы қатты тәкаппар петербургтіктер емес пе. Алғашқыда біздің жігіт көзге қораштау көрінді ме, қалай.
Жабайхан да тегін емес. Талай институт, университетте тілін безеп, лекция оқыған, тіл-жағы сайрап тұрған профессор. Көріп отырмыз. Қолында, тым құрыса, тілдей қағазға түртіп алғаны да жоқ. Екі қолы қалтада. Екі көзі аспанда. Иегін көтеріп, тамағын кенеді. Сонан Аллам берсін!.. Атақты Маринск опера театрының көгі мен жері арасында жезтаңдай Жабайханның өзімізге таныс майда қоңыр даусы жарты сағат бойы құлаққа ұрған танадай жым-жырт тыныштықта қалықтады да тұрды. Жұрт дүрілдетіп қол соқты…
Иә, сүйтіп, менменсіген тәкаппар Петербургті таңғалдырған атақты философ. Есітуім – Кантист. Өткен жылы маған бес томдық таңдамалы жинағын сыйлаған. Бұл көркем шығарма емес. Әдепкіде бата алмай, жүрексініп біраз жүрдім. Оқып қарасам, шынында да Кантқа бауыр басып алған философ екен. Үйде Канттың бір томдығы болатын. Бір жолы ауруханада жатқанда әр жерінен тиіп-қашып байқап көріп едім. Тісім батпады. Осындай оңай оқылмайтын кітаптарға Иманғали әуес болатын. Бұл кәйтер екен деп, Кантты Иманғалиға бердім. Осының алдында ол менен Леонид Леоновтың бір томдығын сұрап алған. Орыстың толғамы терең осы жазушысының Большой театрда Лев Толстой,­ Максим Горький, Антон Чехов, Александр Грибоедов жөнінде жасаған (кезінде мәскеуліктерді таңғалдырған) атақты баяндамалары болатын.
Ілгеріде Кантқа тісім батпады дедім ғой. Ол рас. Бірақ… осы философтың қарапайым пендеге оңайлықпен сырын аша қоймайтын қатпары қалың ойларының арасынан бір сөйлемді оқығанда, денем құдды токқа тигендей дір еткен-ді. Ол ­мынау: «Меня постоянно потрясает звездное небо над головой и нравственные ­законы внутри меня»… Байқайсыздар ма, мынау былай қарағанда көңіл тоқтатып сәл ойлансаң болды, тас төбеңдегі жұлдызды аспан бәріміздің де жанымызды дір еткізер еді. Сосын, сен тіліңді кәлимаға келтіріп, жалма-жан аспанға қарап «апыр-ай, ә?!» деп, басыңды шайқар едің де, шаруаңды істеп жөніңе кете берер едің.
Жә, бізді қойшы. Бізге әлгіндей таңдан­ғаның да жетіп жатыр. Ал, анадай данышпанды қайран қалдырған әлгі «нравственные законы внутри меня»… Жасаған Ие-ау! Бұл, енді бала көтерген анадай, адамзаттың санасында ұзақ толғатқан, небәрі төрт сөзге сыйғызған данышпанның ойына үңіліп, шұқылай бастасаң ар жағында күллі адамзат пен әрбір адамның жеке басындағы адамгершілігі де, иттігі де жатыр-ау. Егер, Кенигсбергтің дана, данышпан шалы осынау жаһаннамның тұңғиық тылсымынан олжалап әкеп бізге тарту етпегенде, өзіміз өмір сүріп жатқан осынау дүниеде санаң да, шама-шарқың да өздігінен жете қоймайтын қандай да бір құдірет күштің бар екенін мына бетімен лағып бара жатқан адам деген пенденің есіне салып тәубеге келтіру қиын болар еді-ау!..

***

Алланың қарасқаны болар, қаламым әлі де қолымда. Көңілге болмаса, қашаннан жүрекке дерт боп жабысқан кәрі серігім столға отырсам болды, әзір кетәрі емес, кәдеге жарап тұр. Сосын, мен де оны жас баладай мәпелеймін де, анда-санда Астанаға барып, Серік Ақшолақовтың нейрохирургиясына қаратып, үшкіртіп-түшкіртіп алам. Сондайда көңілімді сұрап іні-достар Төлен Әбдіков, Қажығали Мұқаметқалиев, Исламбек Селбаев, Нұржан Әлібаев келеді. Сосын, қай кезден бері іш тартып жүретін көңілі жақын Ерлан Қарин, Мәулен Әшімбаев, Қайрат Мәми, Владимир Жұмаханов келеді. Ем-домды аяқтап, енді шыққалы жатқанда Иманғали Тасмағамбетов келді.
Жаңа орынға барғалы аяғы жерге­ ­тимей кеткен. Кездеспегелі қанша ­заман. Өзі іздемегесін, енді оны өзім іздеп қабылдауына сұрансам көмекшілердің жайы белгілі, бастықтарын қызғыштай қорғап, Мәскеуде жүр дейді. Бірде Сарыөзекте, енді бірде Отарда қару-жарақтың күш-қуатын байқап сынақ өткізіп жатыр деуші еді; енді, міне, Корольдің шақыруымен Иорданияға іссапармен жүріп кетті ­деген. Бүгін Иорданиядан келген беті екен. Бұл жігітпен сөйлесе кетсек, бұрын оп-оңай тіл табысып сөзіміз жараса кететін. Асығыс екен. Сөз арасында ауық-ауық сағатына қарап орнынан тұрып кете берді. Мен оны етегінен басып жібермеуге тырыстым да, қашаннан ойымда жүрген бір сауалдың шетін шығарып «ғылым ­дамып, қоғам есейген сайын адам баласының бойындағы қасиетсіздіктер белең алып бара жатқан жоқ па? Кешегі Ауған, Ирак, Ливия аз болғандай, енді бүгінгі Сирия­да болып жатқан мына жағдайға қалай қарайсың? Бағдат, Дамаск, бәтір-ау «Мың бір түнді» тудырған ел еді ғой. Ресейдің бомбылары түгін қалдырмаған шығар» деп едім, Иманғали салғырт. Тағы да сағатына қарады. Сарыжамбас боп ауруханада жатқан кісінің жағдайы белгілі. Мен оны әңгімеге тартып, жібермей, ірке түскім кеп:
– Қорғаныс министрісің. Генералсың. Байқайсың ба, дүние не боп барады? Мен, баяғы заманның соғысына қатысып жүрегі шайлығып қалған қарт солдатпын, – деп едім, Иманғали жақтырмай, тыжырынып бетін ары бұрып мырс етті:
– Оны маған айтпа. Сенің қалай соғысқаныңды білеміз, – деді ол.
– Күлме. Жұрттың бәрі Бауыржан емес. Соғысқа да мен сияқты қара көбейтетіндер керек, – деп едім.
Ой, заңғар-ай, ол енді мұрнын көтеріп тағы да мырс етті.
– Қара көбейткішім-ай! Сен, сірә, төрт жылғы соғыста неміс осы жақта деп, ауаға бір оқ аттың ба?
– Оу, оқ атып кәйтем? Менсіз де – Арал мен Шалқардың балалары жауды қырып, оқ атып жатты ғой.
– Саған дауа болмас. Ал, шал, мен кеттім.
– Жоқ, тоқта. Сұрағым бар.
– Ол қандай сұрақ? Бұрын журнал шығарам деп, ПЕН-клуб деп, мазамды алушы едің. Енді не, дәрі ме? Сендей шалдарға больницада дәрі тегін.
– Жоқ, сен тыңда. Бұнда жатқан шалдарды да дүниенің тыныштығы…
– Оны қайтесіңдер, жандарыңды бағып, емделіңдер.
– Жанды бағу үшін де дүниең тыныш болу керек қой. Байқайсың ба, ХХІ ғасыр өзімен бірге бүліншілігін ала келді. Кеше космосқа ұшқан өзіміздің баланың журналиспен сұхбаты есіңде ме?
– Жарайды, айта бер.
– Менің бір байқағаным – у этого военного мальчика поэтическая, нежная душа. «Во вселенском темном мраке – говорил он – наша планета была такая маленькая, одинокая и беззащитная. Мне стала жалко ее и страшно». Когда слышали это, нас, стариков прикованную больничную кровать сотрясла дрожь.
– Жарайды, мен кеттім.
– Жоқ, тоқта. Мына ғасыр дүниені қайда апара жатыр? Басқасы басқа, кешегі атом, сутегі мен нейтрон бомбылары аз болғандай, енді дүниенің күлін көкке ұшырып, тас-талқанын шығаратын жойпар қаруларды шығару айдай әлемде кәзір ұлы елдерді билеп отырған кішкентай бастықтардың бәсекеге айналып, таласқа, тартысқа айналып кетті ғой? Бұған, сен қалай қарайсың?
– Шал, басымды қатырма. Бұны өзім де кімнен сұрарымды білмей жүрмін, – деді де, Иманғали бұрылып жөнеле берді.

***

Кешегі совет үкіметі кезінде көзім анық жеткен бір шындық – әдебиет те, өнер де әлемдік әдебиетпен тығыз қарым-қатынаста болмаған жағдайда ұлттық әдебиет те, мәдениет те өрісі кеңіп, өресі өспей отбасылық болып қалуы мүмкін. Осы жағдай ойымнан кетпеді де, өзіммен пікір­лес жігіттермен ақылдастым. Сүйтіп, Совет одағы ыдыраған бойда әуелі отыз, кейін қырық, елу ақын-жазушының басын қосып, Ресей жазушыларының ПЕН-клубы арқылы жолын тауып, 1993 жылы 6 қыр­күйекте Мадридте өткен конгрес­те халықаралық Лондон ПЕН-клубына мүше боп қабылдандық. Соның арқасында ­Еуропа, әсіресе, орыс әдебиеті мен кешегі совет заманында қалыптасқан тамаша дәстүрді сақтап, өзара қарым-қатынаста болдық. Бұрынғыдай Мәскеуге жиі баратын болдым. Біздің елдің бұндағы елшілігінің көмегінсіз аяқ аттап басу мүмкін емес. Абырой болғанда, Мәскеуде тоғыз жылдан астам елші болған Тайыр Мансұровпен көңіліміз жақын, доспыз. Жас кезін білмеймін. Ал, мен білетін Тайыр тік мінез. Бірақ, сонысына қарамастан, жұртпен тіл табыса біледі. Үлкен орындарда отырған орыс интел­лигенттерімен жақсы қарым-қатынаста. Қайсыбірімен дос, жақын екенін білем. Әдебиет пен мәдениетке жүрегі бұрып тұратын жанашырлығы мол. Қазақтан шыққан алғашқы дипломат Нәзір Төреқұлов жөнінде деректі һәм күрделі кітап жазып, атақты ЖЗЛ-да бастырып шығарған адам.
Тайыр Мансұровтан кейін Мәскеудегі елшілікті Нұртай Абықаев басқарды. Бұны да ширек ғасырдан астам білем. Қашан кездессең де жатсынбай ішіне тартып тұратын ұяң, жұмсақ күлкісі бетіне жылы шырай беріп тұратын сыпайы, сырбаз.
Осы екі елшінің тұсында Мәскеуге қанша барсам да елшіліктің жігіттері күтіп алады. Шығарып салады. Қала ішіндегі жүріс-тұрысқа көлік әзір. Орыс жазушыларымен бас қосқан ресми жағдайлардың қайсыбірі елшілікте өтетін болды.
Сөзім жарасатын кісінің бірі – Нұртай Абықаев. Міне, диванда тізе түйістіріп қатар отырмыз. Алдымызда бір-бір шыныаяқ шай. Ұрттасақ ұрттап, ұрттамасақ ырымын жасап, ернімізді тигізіп әңгімелесіп отырғанбыз. Ойламаған жерден Иманғали есіме түсті. Қолым қалт етсе осы жігіт жөнінде түбі бір естелікке отырам ­деген ой болатын. Соның орайы келгесін Нұртайдан:
– Бұрын Иманғали екеуің жақсы едіңдер, қазір қалайсыңдар? – деп едім, Нұртай ақырын қозғалып орнынан тұрды. Сырықтай бойы тіп-тік. Гольфпен әуес дейтін. Доп ұрғанда, бәлкім, иілсе иілетін шығар.
– Ол жау жоқ болса, өзі іздеп тауып алып жүреді, – деді Нұртай.
Ат жақты ашаң жүзінде өзім білетін ұяң, жұмсақ күлкісі. Езу тартып күлімсіреп тұр. Ойымыз бір жерден шықты да екеуміз қосылып рақаттанып күлдік-ау. Тентек қара молда есіме түсті. «Пәруардігер-ау! Ана дүниеде жатып та артында қалған ұрпағына ит мінез тентектікті қалдырып кеткен болды ғой, жарықтық» деп ойладым.
Сол күні Нұртай екеуміз Иманғалидың құлағын біраз шулаттық. Әңгімеміздің соңында онан:
– Иманғали екеуің көптен бері Прези­денттің қасында бірге қызметтес бол­дыңдар. Сол өзі жұмыста қалай? – дедім.
Нұртайды білем. Бүкпесіз шынын айтады. Тумысынан табиғаты солай. Мейлінше ұстамды. Дініне берік. Арыға бармайды. Аз сөзді. Жауабы да қысқа болды:
– Он взрывной.
Ничего не скажешь. В этих его скупых словах весь Тасмагамбетов. И это его черта характера. И это особенность его натуры. Да, он взрывной! Да, он как заряженный аккумулятор подключенный к электричес­кому току высокого напряжения. Вот уже в четвертьвековой истории нашей респуб­лики мы видели и были свидетелями. И не раз, и не два, когда Президент дав ему поручения посылал его на трудный участок, он всегда находил в себе резерв неуемной силы и энергии. И в исключительно решительных случаях, бывало, сколько раз он мгновенно зажигался, загорался вдруг.
Вот это способность взрываться и эта подкупающая безудержность его натуры­ особенно ярко проявилось во время ­недолгого пребывание в Атырауской области. И не потому ли у жителей этой области поныне остались пронзительные благодарные воспоминания о нем!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.