Жадымыздағы ұлы есімдер

Қазақ даласында ұлы есім көп. Сонау алмағайып заманда да топ жарып, ілімі мен білімі арқылы қазақтың көзін ашуға тырысып, сол жолда тер төккен ғұламалар жетерлік. Одан бұрынғы жаугершілік заманда қол бастаған тұлғалардың өзі әр іс-қимылын ақылға ­салып шешіп отырған. Бұл тарихта «Ұлы даланың ұлы есімдері» деген атты қалдырды. 

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала­сында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың Ұлы есімдері» жобасына бастамашылық ­жасады. Бұл жоба Қазақстан халқының мақта­нышына айналған ұлы тарихи қайраткер­лердің мұрасын зерттеуге және танымал етуге бағытталған. Яғни тарихта ізін қалдырған ұлы есімдерді үлгі етіп, халықтың рухани сезімін жаңғырту қажет.
Мәселен, әр қазақ әр сөзін мысалға алып, әділ төрелігін бағалайтын үш би – Төле, Қазыбек, Әйтеке бидің, ойшылдар – әл-Фараби, Ясауи, Абай, Шәкәрімнің артына қалдырған мұрасын дұрыс игердік пе? Елбасы айтқандай, «Мысалы, өткен дәуірлердегі ­Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүниежүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр». Ал тұлғалар шоғырын дүниеге әкелген қазақтың ұлы даласының ойшылдарын қалай дәріптеп жүрміз?
Бүгінде қазақтың маңдайына туған ғұлама­­лар­дың еңбектерін жан-жақты зерт­теушілер жетерлік. Елімізде ескерткіштері орнатылып, ұрпақ жадында қалдыру ісінде ілгерілеушілік бар. Ол – ол ма, Франция, Түркия мемлекет­терінде Абайға, Мағжанға, күйші Динаға, Сүйінбайға қойылған ескерт­кіштер де ұлы даланың қасиетті тұлғаларын әйгілеп тұр. Тіпті ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойын ел болып кең ауқымда атап өту мәселесі бүгіннен басталып кетті. Ал келер жылы ұлы ғұламалардың бірегейі, екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы. Осы шараға әзірлік барысында қазақстандық арнайы­ делегация Сирияның Дамаск қаласына іссапармен барып, ұлы бабамызды­ зиярат етіп, жатқан жеріне Қазақстан тарапының қаржыландыруымен салынған «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» құрылысының жай-күйімен таныс­ты.­ Сапар­ аясында қазақстандық делегация­ Дамаск қаласы әкімінің қабылдауында болып, құрылысы аяқталған «Әл-Фараби мәдени ­тарихы орталығы және кесенесі» ғимаратының болашағы туралы пікір алмасып, дөңгелек үстел өткізді.
Жиын соңында халықаралық академия­ның дөңгелек үстел өтіп отырған үлкен залы бұдан былай «әл-Фараби» атындағы үлкен зал деп аталуына шешім шығарылды. Делегация құрамындағы түсірілім тобы Дамаск қаласындағы «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» ғимаратында, Сұлтан Бейбарыс бабамыздың басында және тағы басқа көне Дамаск көріністерін, тарихи-мәдени орындарды таспаға түсіріп, әл-Фараби бабамыз бен Сұлтан Бейбарыс бабамызға қатысты фильмге қажетті мол видеоматериал­дар жинақтады.
Міне, осындай шаралар нәтижесінде қазақстандық ғалымдармен қатар, шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шетелдегілер де білетін болады.

Жадыра Нармаханова

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.