Латын әліпбиі – өркениетке қадам

Дүниежүзінде 200-ден астам ел бар. Ал халықаралық энциклопедияларға сүйенетін болсақ, әлем тілдерінің саны 6 мыңнан 10 мыңға дейін барады. Оның ішінде, 15 күн сайын жоғалып отыратын тілдер де бар екен. Осы тілдердің ішінде әлем бойынша 400 млн халық пайдаланатыны ағылшын тілі. Десек те, осы ағылшындықтар латын әліпбиін пайдаланады. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру арқылы әлемдік деңгейге шығамыз деп жар салатынымыз да сондықтан. Бүгінде бағдарламаның алғашқы кезеңі нәтижелі жүзеге асты деуге болады. 

Жаңа ұлттық әліпбидің латын графикасы негізіндегі емле ережелері әзірленіп, Үкіметте мақұлданып, жұртшылыққа ұсынылған еді. Өз кезегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары және «Қазақ тілі» қоғамы мүшелері жаз бойы мемле­кеттік ­мекемелер, бөлімдер мен ұйымдардың қызметкерлеріне латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі екенін ­айтып, емле ережелері бойынша түсін­дірме жұмыстарын бастап кеткен болатын. Сондай кезекті шаралардың бірі өткен аптада аудандық орталық пошта және аудандық сот қызмет­керлерінің арасында өтті.
Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен болған бұл жолғы түсіндірме жұмыстары «Қазақстан халқы тілдері күні» қарсаңында тілдердің онкүндігі аясында өтті. «Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы» атты атау­мен ұйымдастырылған дөңгелек үстелге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас ­маманы Ұлбосын Ақжігітова, Алматы­ облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Талғар филиалының жетекшісі Камнұр Тәлімұлы, аталмыш орталықтың оқытушысы Гүлнәр Мамырбаева және Талғар экономикалық-гуманитарлық колледжінде латын графикасын мең­герту курсының оқытушысы Ләйлә Абызова қатысты.
Латыннегізді әліпбиді жақсы меңгерген Гүлнәр Мамырбаева­ ­­пошта қызметкерлерін жаңа алфавиттің қыр-сырымен таныс­тырды. Емле ережелерін түсіндірді. Жаһандану заманында бұл әліпбидің елімізге берері мол екеніне егжей-тегжейлі тоқталды. Сондай-ақ алфавитті үйрену бұрынғыдан оңайға түсетінін айтты. 42 әріптен тұратын әліпби 32-ге қысқарған. Орыс тілінен енген әріптер алынып тасталған. Тек төл тілімізге қатысты әріптер ғана қалған. Ерекшелігі сол, сөзді қалай естісеңіз солай жазасыз. Бұл кез келген қазақ тілінің латыннегізді әліпбиін үйренем деген адам үшін оңай. Дөңгелек үстелге қатысқан пошта қызметкерлері өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап ала алды.
«Тіл-оқу» әдістемелік орталы­ғы­ның директоры, Камнұр Тәлімұлы латыннегізді әліпбидің қазақ еліне жақын екенін баса айтты. Әр ­мекемеден 2 адамнан орталықтың алғашқы сабағына тізімделе беруіне болатынын да жеткізді. Орталық директорын мұқият тыңдаған ­пошташылар қуана-қуана оқыту курсына жазылатын болды. Шара соңында қызметкерлер латыннегізді әліпбимен «Жеке өмірбаян» атты жазба жұмысын жазды.
Дәл осы қарқынмен мамандар сол күні аудандық сотта болып қайтты. «Латын әліпбиі – өркениет жолы» атты семинарда кеңсе мең­герушісі Асқар Қалмақбаев бастамасымен соттың қызметкерлеріне емле ережелері түсіндірілді. Олар үшін латын қарпі еш қиындық ­туындатпайтынын, күнделікті өмірде жиі қолданатындарын жеткізді. Тек емле ережесін түсініп, оқып алсақ болды деп отыр. Қарқындарына қарап біздің де ішіміз жылып қалды. Сонымен қоса, кеңсе меңгерушісі Асқар Қалмақбаев және бірнеше қызметкерлер Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясынан «Латын графикасы негізіндегі ресми жазылым» тақырыбы бойын­ша мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру семинарының бағдарламасын 8 академиялық сағат көлемінде нәтижелі аяқтағаны жөнінде сертификат алғандарына куә болдық. Оқу Талдықорған қаласында өткен.
Еліміздегі түркі халықтары мәдени орталығының жетекшісі Ахмет Дағдуран «Латын әліпбиіне көшкен кезде бүкіл түркітілдес ағайындар Қорқытты, әл-Фарабиді, Мұстафа Шоқайды түпнұсқадан оқи алады. Менің ойымша, сол кезде­ он сегіз миллион қазақстандық қазақ тілін үйренеді» дейді. ­Ендеше, латыннегізді әліпбиіміз қазақ­стандықтарды бір арнаға тоғыстыратын, түбі бір туыстас түркі еліне жақындастыратын тікелей жол деп білейік.

Әйгерім ӘМІР
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Тіл жанашыры

    Қазақ тіліндегі у-дыбысының табиғатын көбісі әлі түсіне алмай жүрген сияқты. Қысқаша айта кетейін. Орыстың у-дыбысы мен қазақтың у-дыбысы мүлдем бөлек дыбыстар, шатастырмаңыз. Мысалы орысша «беру» мен қазақша «беру» сөздерін айтып көріңізші. Орысша [беру] де у дыбысы жуан айтылады да қазақшада жіңішке [беріў] айтылады. Бұл нені білдіреді? Қазақтың у дыбысы жартылай дауысты дыбыс екендігінде. Дауысты дыбыстан кейін таза дауыссыз дыбыс [w]: аўа[awa], таў[taw] ал дауыссыз дыбыстан кейін қос дыбысты дифтонгтар: ұў[uw], үў[úw], ыў[ıw], іў[iw]. Мысалы: су-сұў[suw], беру-беріў[beriw]. Бірақ әліпбиде у дыбысы жеке дара дауыссыз боп көрсетілуі тиіс. Және оның таңбасы Ww болу керек. Көбісі у-ды Uu-мен белгілену керек деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс емес. Латынның Uu таңбасы дүние жүзі тілдерінде дауысты дыбысты білдіреді ал біз айтқандай қазақ тілінде дауысты у дыбысы жоқ сондықтан Uu-ұ болу заңды, ал жіңішке сыңары Úú-ү. Сенбесеңіз өткен ғасырдың 40-жылдарына дейін қолданылған яналиф латын нұсқасын қараңыз онда ұ дыбысын u таңбасымен белгілеген.

  2. Ағылшын тілінің оқытушысы

    Латын әліпбиін алсақ, өркениетке қадам жасаймыз деу — нақұрыстың сандырағы.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.