Нәтижелі әріптестікке жол

Кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуі мен ілгері қарай дамуы көршілес елдермен тиімді экономикалық байланыс орната­ білуіне байланысты. Әлемдік нарық, сауда-саттық салалары кең қанат жайған осынау заманда томаға-тұйық күн кешіп, өмір сүрудің уақыты да артта қалып бара жатқандай. Елдер арасындағы нәтижелі ынтымақтастық, жемісті әріптестік байланыс, іскерлік қарым-қатынас биік мақсатқа қол жеткізудің жолы іспетті. 

Мұны айтып отырған себебіміз, жуырда­ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения астанасы Ереван қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келелі отырысына­ қатысты. Көршілес елдер арасындағы өзара байланыстардың тиімділігін одан әрі арттыра­ түсу бағытында өткен алқалы басқосуға Белорусь, Қырғызстан, Ресей, Молдова мемлекеттерінің басшылары және өзге де лауазымды тұлғалар келді.
Жиында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлы Еуразиялық экономика­лық одақтың әлемдік сауда-саттықты дамытудың аса маңызды бөлігіне айналғанына сенімді екенін айтты. Нарықтың жылдам өзгеріп жатқан конъюктурасы, держава­лар арасындағы бәсекелестіктің артуы, сауда соғысы, протекционизмнің өсуін мысалға келтірген Мемлекет басшысы мұның барлығы әлем экономикасының тұрақсыздығына соқтыруы мүмкін екеніне де баса назар аударды.
– Ғаламдық күрделі жағдайда мемле­кеттеріміздің экономикалық орнықты дамуын қамтамасыз ету аса маңызды. Бұған шынайы әрі өзара ынтымақтастық, интеграция мен кооперацияның арқасында ғана қол жеткізуге болады. Біздің елдеріміз ортақ ішкі нарықтағы кедергілерді жою жұмыстарын жалғастыра беруі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттердің экономи­калық тұрғыдан орнықты дамуына ерекше­ назар аударуы жайдан-жай емес. Өйткен себебі бүгінгі таңда озық деген елдердің өзінде экономикалық әл-ауқаты шатқаяқтап қалып жатқан жағдайлар аз емес. Оның үстіне, арқауын босатпай келген әлемдік қаржы дағдарысының салқыны да өз салдарын тигізбей қойған жоқ. Осы орайда, әрбір мемлекет экономикалық тығырықтардан шығудың оңтайлы жолын іздеумен әлек болды. Ал мұндайда тұрақты дамудың қаншалықты маңызды екені, айтпаса да түсінікті.
Президент тағы бір маңызды мәселеге, атап айтқанда, сауда жасаудағы кедергілерді жою жөніндегі жұмысты жандандыруға шақырды. Еркін сауда-саттық жасап, тиімді экономикалық байланыстарды арттыруға кедергі келтіретін нәрселер байланыс ­жасап отырған екі елге де тиімді болмайтыны белгілі. Кедергілер негізінен заңдық-құқықтық тұрғыдан кездесіп жатады. Қасым-Жомарт Кемелұлы мәселенің мәнісіне терең бойлай келе: «Комиссия ұлттық заңнамаларға мониторинг тетіктерін күшейте алады және солай істеуге тиіс деп ойлаймын. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі қолданыстағы құқықтарды түсіндіру мен ақпараттандырудың тиімді тетіктерін әзірлеу қажет» деп түйді. Еуразиялық одақ аясындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықтың оң нәтижелерін айта келе, Еуразиялық экономикалық комиссияға және ел үкіметтеріне ЕАЭО-ның біртұтас транзиттік жүйесін дайындау жұмыстарын жеделдетуді, сонымен қатар озық технологияларды дамыту үшін қолайлы жағдай жасауды ұсынды. Сонымен қатар келешекте атқарылуы тиіс мәселе ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығымен, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы және басқа да ірі халықаралық ұйымдарымен байланыстарды арттыруға басымдық беру керектігін тілге тиек етті. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының күн тәртібіндегі басты сауал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Сингапур Республикасының арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою болды. Аталған келісім ЕАЭО елдері үшін 600 миллион халқы бар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығына мүше мемлекеттердің алып нарығына жол ашады. Айта кетейік, Қазақстан Президенті Арменияға сапары аясында бірқатар маңызды кездесулер де өткізді.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.