ҰЛТТЫҚ МҰРА – ҰЛЫ ҚАЗЫНА

Елордадағы Достық үйінде «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру мақсатымен «Қазақтың ұлттық мұрасы» атты байқау өткізілді. Байқауды ұйымдастырушы – Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Іс-шара мақсаты – мемлекеттік тілді үйрету арқылы төл мәдениетіміздің танымалдығын арттыру, Елорда­ этномәдени бірлестіктерін халқымыздың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрыптарымен етене таныс­тыру және оны көпшіліктің жетік білулеріне мүмкіндік жасау.

Сахна шымылдығы Нұр-Сұлтан қаласы ардагерлер хорының қазақтың ұлттық әндерін орындауымен ашылды. Одан кейін байқаудың бірінші кезеңіне сәйкес, қазақ халқының салт-дәстүрлерін көпшілікке ­таныстыру шартты талабына кезек берілді. Ол бойынша «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы көрермендерге көрсетілім арқылы қазақтың ертеден келе жатқан «Сырға салу» дәстүрін, ал «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы ұлттық құндылықтарының бірі – «Қыз ұзату» салтын таныстырды. «Радима» ­беларусь этномәдени орталығының қатысушылары «Беташар»­ дәстүрін жұртшылыққа ұсынса, ҚХА Аналар­ кеңесі «Қыз жасауы»­ дәстүрінің қыр-сырларын жақсы білетінін байқатты.

Шындығын айту керек, бұл байқаудың ерекше бір тұсы – ұмыт болып бара жатқан «Мойын­ ­тастар» дәстүрін жаңғыртуға ерекше­ мән берілді. Мұны «Акбузат» этномәдени орталығы көрермендер назарына ұсынды. Дәстүр бойын­ша қалыңдық жас жұбайларға арналған ақ отауға бірінші болып кірді. Табалдырықты аттаған соң, оң аяғын сол аяғының шетіне тигізді. Күйеу жігіт қалыңдығының соңынан дәл соны қайталады. Одан әрі жігіт құрметті орынға көтеріліп, отауды құруға көмектескен әйелдерге еттен дайындалған тағамнан дәм татуларына­ ишарат білдірді. Келесі бір сәтте омыртқаның мойын бөлігі ақ матаға оралып, киіз үйдің жоғары күмбезінің шеті арқылы сыртқа лақтырылады.
Қазақстан ұйғырлары республи­ка­лық мәдени орталығының астаналық филиалының қатысушылары жаңа қонысқа көшіп келгендерді үйге шақыру дәстүрі «Ерулікпен» байқауды одан әрі жалғастырды. «Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығы «Бесікке бөлеу» дәстүрін сахналады. «Нәрестені қыр­қынан шығару» дәстүрін елордалық өзбек этномәдени орталығы мен «Лад» республикалық славян қозғалысының астаналық ­филиалы көрсетті.


«Қазақ ақындары мен жазушы­ла­рының туындыларын мүдірмей оқып беру әрі оны шебер орындау»­ атты соңғы кезеңде Абайдың, Мұқағалидың, Мағжанның шығармаларын Әмірхан Евлаев,­ Светлана­ Тарасова,­ ­Закир Бикмухамбетов,­­ Анастасия Тарасова,­­ Айша Аимбетова, Зухра Саяпова, Юлия Лагуткина және тағы басқалар оқып берді. Бұл кезеңде қатысушылардың қазақ тілін қаншалықты меңгергеніне басымдық беріліп, соған сай бағаланды.
Байқаудың өне бойында күй шертіліп, әсем әндерге кезек беріліп отырды. Бұл кеш барша қауымға ерекше­ көңіл күй сыйлады. Табиғат-Ана­ның тылсым сырын ұғындық. Ана тіліміздің мәртебесін өсірдік. Ұлттық құндылықтарымызға терең бойладық. Төрт сағатқа созылған байқау осынысымен көпшілік есінде қалды.

Жансая ИГРАШИНА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.