АНА ҚАДІРІ – ҰЛТ ҚАДІРІ

Заманының заңғар жазушысы М.Әуезов: «Қазақ мешел болып қалмасын десең, бесігіңді түзе, әйелдің хәлін түзе» деп өсиет еткен. Қазақы қалыбымызға қанмен сіңген осы бір құнды сөз – әлі күнге өміршеңдігін жоғалтпақ емес. Расымен де, әйелдің құны – қашан да биік болған.

Ұлт көшбасшысы, Елбасы Н.Назарбаев: «Қоғам­ның даму барысын, өмірде – нәзік, ал істе – мығым әйелдерсіз елестету мүмкін емес» деген болатын. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың құтты мекені саналатын Қазақстанда әйелдер қауымы қоғамның кез келген саласында ер азаматтармен қатар еңбек етіп, өздерінің біліктілігі мен іскерлігін дәлелдеп жүр.
Осыған орай Алматы облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларының аясында «Қоғамның дамуы мен рухани жаңғыруындағы әйелдердің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының, облыстық департаменттер және басқарма басшылары, діни бірлестік жетекшілері, ҚМДБ-ның Алматы, Талдықорған өңірлері бойынша имамдары, белгілі дінтанушылар, теолог мамандар, құқық қорғау органдары мен БАҚ өкілдері қатысып, қоғамның дамуы мен рухани жаңғыруындағы әйел-ананың рөлі және де қазіргі таңдағы діндар әйелдердің келбеті, діни фанатизмнен сақтану жолдары мен адамгершілік құндылықтар тақырыптарына тоқталып өтті.
Сондай-ақ осы жиында «Дәстүрлі ислам және қазақ әйелінің киім үлгісі, діни атрибутика» мәселелері де қозғалды. Одан бөлек, Аналар кеңесінің төрағалары, Кәсіпкерлер палатасы мамандары жас ұрпақтың, соның ішінде қыз баланың тұлғалық қалыптасуы мен оның тәрбиесі тақырыптарында пікір алмасты. Келелі кездесудің соңында көрермен тарапынан туындаған сұрақтар легіне тұшымды ­жауап берілді.

А.ОРАЗАЛЫ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.